20-тақырып. Ауыл шаруашылығының жалпы сипаты



Ауыл шаруашылығының қандай басты салаларын білесіңдер? "Қазақстанның эконо¬микалық және әлеуметтік географиясы" курсынан ауыл шаруашылығының интенсивті және экстенсивті даму жолдарына не тән екенін еске түсіріңдер. Егер ауылды жерде тұрсаңдар өздерің тұрған жерде ауыл шаруашылығының қандай салаларымен айналысатындарыңды атаңдар.

Ауыл шаруашылығы екі үлкен саладан, яғни өсімдік шаруашылығынан және мал шаруашылығынан тұрады. Сонымен қатар оның құрамына балық аулау, аңшылық және омарта шаруашылығы да кіреді.

Ауыл шаруашылығының маңызы. Ауыл шаруашылығы - шаруашылық салаларының ішіндегі ең ежелгі және табиғат жағдайларына тікелей тәуелді саласы. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы - неғұрлым көп тараған caлa. Шындығында, дүниежүзінде халқы ауыл шаруашылығының түрлі салаларымен айналыспайтын бірде-бір ел жоқ. Ауыл шаруашылығының барлық жерге таралуы оның алуантүрлілігіне байланысты. Ғалымдар шамамен оның 50-ге жуық түрін бөліп көрсетеді. Қазіргі мәлімет бойынша дүниежүзінде бұл салада шамамен 1,3 млрд-тан астам адам еңбек етеді, оған ауыл шаруашылығындағы шаруа отбасыларын қосатын болса, онда ол көрсеткіш 2,6 млрд адамға жетеді. Еңбекке жарамды ер адамдардың ауыл шаруашылығындағы үлесіне сәйкес елдер индустриялы, постиндустриялы және аграрлы болып жіктеледі. Дүниежүзінде экономикалық белсенді халықтың (ЭБХ) 46%-ы осы салада еңбек етеді (кестені қараңдар).

Кесте

Ауыл шаруашылығында еңбек ететіндер үлесі

Жеке елдер бойынша ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер саны үлкен айырма жасайды. Мысалы, Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш - 8%, АҚШ-та - 3%, Канадада - 4%, Ресейде - 14%, Қазақстанда 40%-ға жуық болса, ал дамушы елдерде ол өте жоғары (сызбанұсқаға қараңдар).

Ауылшаруашылық географиясы климаттық, әлеуметтік және өндірістік факторлары әсерінен ұзақ тарихн уақыт аралығында қалыптасып, дамып отырды. Соңғы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы климаттық факторларға тікелей тәуелді болып келді. Олар: вегетациялық мерзімнің ұзақтығы; өсімдіктердің өсуіне мүмкіндік туғызатын 10°С-тан жоғары температуралар жиынтығы; жылдық жауын-шашынның мөлшері мен түсу мерзімі; топырақтың механикалық құрамы мен құнарлылығы сияқты мәселелер. Жер шарындағы ең құнарлы топырақ қатарына кұрамында қарашірігі мол қара топырақ, минералды заттары мол жанартаулық топырақ және тұнба жыныстардан түзілген өзен аңғарлары бойындағы топырақтар жатады. Қазіргі кезде ғылым мен техниканың озық жетістіктері ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылып отырған елдерде климаттық жағдайға тәуелділік әлдеқайда төмендейді. Мысалы, Сауд Арабиясы көпшілік бөлігін шөлдер алып жатқанына қарамастан, соңғы жылдары бидаймен өзін толық қамтамасыз етіп, тіпті оны экспортқа шығара бастады.

Аграрлық қатынастар. Дүниежүзінің кез келген елінің ауыл шаруашылығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі саладан - өсімдік және мал шаруашылығынан құралады. Олардың арасалмағы әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен еңбек ресурстарының көрсеткіштеріне және табиғат жағдайларының ерекшелігіне сәйкес өзгеріп отырады. Экономикалық деңгейі жоғары елдерде (АҚШ, ГФР, Франция және т.б.) ғылым жетістіктері мен агротехникалық шаралар кеңінен қолданылуы нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі жоғары. Мұндай жағдай кейбір жекелеген дамушы елдерде де байқалуда, бірақ оның басты себебі климаттын қолайсыз әсерінен өсімдік шаруашылығының өркен жаюына мүмкіндіктің болмауы. Бұл көрініс Таяу Шығыстың кейбір елдеріне тән. Өсімдік және мал шаруашылығы тек қана өзара байланысып қоймай, олар¬дың өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп салаларымен де тығыз байланысты. Бұл салалар арасындағы өзара байланыс агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) арқылы жүзеге асады. Мұндай кешендер құрылымы мен қуатына қарай алуан түрлі болып келеді және дамыған елдерде кең қанат жайған. Ал дамушы елдерде олар жаңа-жаңа белең алып келеді.

Бүгінгі таңда жерге иелік етудің бірнеше түрі қатар кездеседі. Олар: жекеменшіктік, мемлекеттік меншік және кооперативтік меншік. Ең көп таралғаны жерге жекеменшік иелігі, олар дүниежүзіндегі тауарлық ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін өндіреді.

Жоғары дамыған елдердің көпшілігінде жер қорының біраз бөлігі ірі жер иеленушілердің - фермерлердің қолында шоғырланған. Оларға берілген орташа жер мөлшері – 40-50 га. Бірақ жердің басты қожасы - мемлекет. Мысалы, АҚШ-та жер қорының 1/4-і мемлекет меншігінде. Дамушы елдерде аграрлық қатынастар түрліше сипатты болып келеді. Азия мен Африканың бірқатар елдерінде жергілікті және сырттан әкелінген күрделі қаржыға негізделген ірі капиталистік шаруашылықтармен қатар феодалдық, тіпті ру-тайпалық катынастары әлі сақталып қалған шаруашылықтар да көптеп кездеседі. Ал Латын Америкасы елдерінде жер қорының көпшілігін помещиктік шаруашылықтың негізін құрайтын ірі жер иеліктері - латифундиялар меншіктейді, оларға берілген орташа жер мөлшері – 2-3 мың га. Бұрынғы ТМД мен Шығыс Еуропа елдерінде меншіктің жаңа түрлері енгізілуде. Жер қорының біраз бөлігі фермерлерге, кооперативтер мен жалгерлерге ұзақ мерзімге беріліп, олар өз қалаулары бойынша оны қажеттеріне жаратады. Бірақ мемлекет тарапынан жерді пайдалану мен күтіп-баптау шараларына тұрақты бақылау жүргізіліп отырады. Сонымен қатар жерді жекеменшікке беру мәселелері де басты назарда тұр. Қазақстан да жер меншігіне қатысты осы бағытты ұстануда.

Ауыл шаруашылығының даму бағыттары. Ауыл шаруашылығы өзінің дамуы мен өркендеу сипатына қарай үш топқа ажыратылады.

1.Дәстүрлі (тұтынушы) ауыл шаруашылығында қауымдық және ру-тайпалық қатынастар әлі де сақталган. Бұл топ ауыл шаруашылығының екі түрінен тұрады. Біріншісі - Африка, Оңтүстік Америка және Азияның ылғалды тропиктік ормандарына тән аңшылық, балық аулау және өсімдіктерді жинаумен қатар жер өңдеуді ұштастыру. Негізгі өсіретін дақылдары - тамыр және түйнек жемістілер, астық, бұршақ тұқымдастары, май пальмасы. Жер өңдеуде дәстүрлі көне тәсілдер (кетпен, соқа) қолданылады. Бұл шаруашылық өртеп-кесу шаруашылығы деп те аталады. Ал екіншісі - көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Әсіресе Африка мен Азияның тропиктік, қоңыржай белдеулерінің құрғақ аудандарында (түйе, қой, ірі қара, жылқы өсіру) және Солтүстік Еуропа мен Азияның тундра зонасында (бұғы өсіру) кең тараған. Бұл шаруашылық дамушы елдерге тән, өте ұсақ шаруашылық жиынтықтарынан құралады. Олардағы еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда 25 есе төмен. Кейде егіншілік мал шаруашылығымен ұштаспай, одан бөлек дамиды және көп жағдайда бір ғана дақыл өсіруге бағытталған. Мысалы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері - күріш, Африка елдері - кофе мен жержаңғақ, ал Латын Америкасы елдері - қант құрағы мен какао өсіруге маманданған.

2.Тауарлы және жартылай тауарлы дәстүрлі шаруашылық пен помещиктік-латифундиялық шаруашылқ - ауыл шаруашылығында үш түрлі бағытта жүргізіледі:


а) егіншілік шаруашылығы (көп еңбек күшін қажет ететін Азиядағы күріш өсіру;

ә) егіншілік және егіншілік пен мал шаруашылығы - Африка мен Азияға және Латын Америкасына тән. Сұранысқа ие дәнді дақылдар мен жемістер, сергітпе және техникалық дақылдар (банан, кофе, какао, шай, каучук және талшық алынатын өсімдіктер) күш-көлік ретінде және өнім алу үшін өсірілетін мал шаруашылығымен ұштасады;

б) көпсалалы тауарлы егіншілік пен мал шаруашылығы - Еуропаның кейбір елдері мен Азия және Латын Америкасы елдеріне тән. Егіншілік пен мал шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан шаруашылықта сансалалы, сұранысқа ие дақылдар басым өсіріледі.

3.Жоғары маманданған тауарлы ауыл шаруашылығы - ол ауыспалы егістіктері бар өсімдік шаруашылығы мен мал азығын дайындауды қоса жүргізетін интенсивті мал шаруашылықтарынан және оларды байланыстырушы агроөнеркәсіптік кешендер (АӨК) жиынтығынан тұрады. Мұнда FTP нәтижесінде механикаландыру мен химияландыру өзінің шарықтау шегіне жеткен.Тіпті автоматтандыру, селекция мен генетика, биотехнологияның соны жетістіктері кеңінен пайдаланылуда. Шаруашылық өнімдерін өндірумен қатар, оны ұқсату, сақтау,тасымалдау және өткізу, сондай-ақ тыңайткыш сияқты заттарды шығаруды да қамтиды. Бұл өз тарапынан ауыл шаруашылығына индустриялық сипат береді. Мұндай шаруашылықтар жақсы жерлерге орналасып, жалдамалы жұмысшылар күшін және агротехникалық шараларды кеңінен пайдаланады. Олардың өндірісі ішкі, әсіресе сыртқы нарық сұранысына бағдар ұстайды, сөйтіп, олар "мемлекет ішіндегі мемлекет" рөлін де орындайды. Жоғары механикаландырылған алты шаруашылық түріне бөлінеді:


а) дәнді дақылдар шаруашылығы (бидай, жүгері). Солтүстік Америка, Аустралия, Еуропа (Ресей, Украина), Азия (Қытай, Қазақстан) аумақтары;

ә) интенсивті егіншілік (дәнді дақылдар, техникалық дақылдар, жеміс және бау-бақша). Еуропа мен Солтүстік Америка елдері, Азия (Қытай, Жапония) аумақтары;

б) плантациялық шаруашылық (жеміс, сергітпе және техникалық дақылдар). Латын Америкасы, Азия мен Африканың тропиктік, субтропиктік аймақтарындағы дамушы елдер;

в) экстенсивті жайылымдық мал шаруашылығы (етті бағыттағы ірі қара, қой). Солтүстік Америка (АҚШ), Оңтүстік Америка (Аргентина, Уругвай), Еуропа (Ресей), Азия (Қазакстан), Аустралия аумақтары;

г) интенсивті мал шаруашылығы (сүтті және сүтті-етті ірі қара, ет бағытындағы ірі кара бордақылау, шошқа және құс қcipy). Батыс Еуропа (Ұлыбритания,Германия), Шығыс Еуропа (Украина, Ресей), Солтүстік Америка (АҚШ), Жаңа Зеландия аумақтары;

ғ) интенсивті егіншілік пен мал шаруашылығы (бау-бақша, жем дайындау, сүтті-етті ірі қара, шошқа және құс өсіру). Еуропа, Солтүстік Америка елдері мен Жапонияға тән.

Соңғы жылдары экономикасы дамыған елдердің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі біртіндеп дамушы елдерге де ауысуда. Осы заманғы агротехникалық шараларды кеңінен пайдалану негізінде ауыл шаруашылығын қайта түлету XX ғасырдың 60-жылдарынан басталған "жасыл революция" арқылы жүзеге асуда. Жасыл революцияның негізі болып табылатын басты мәселелерге - мәдени өсімдіктердің өнімділігін арттыратын және егістік жерлерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтетін дақылдардың тез пісетін сорттарын шығару, суландыру шараларын ұлғайту жатады. Өйткені жаңа сорттар қолдан суарған жағдайда ғана өзінін жақсы қасиеттерін көрсетіп сапалы өнім береді. Сонымен қатар осы заманғы техниканы, тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы улы химикаттарды кеңінен пайдалану шаралары жатады. Жасыл революция нәтижесінде кейбір дамушы елдер өздерінің астыққа мүқтаждығын өтеді, дәнді дақылдар шығымдылығы екі-үш есеге артып, аштықты жоюға мүмкіндік туды. Әсіресе бұл құбылыс халық саны қарқынды өсіп жатқан Мексика, Үндістан және Қытай елдерінде белең алды. Қалай болғанда да жасыл революция дамушы елдердің артта қалған ауыл шаруашылығына аса үлкен өзгеріс әкеле қойган жоқ. Негізінен, шетелдік компаниялар мен ірі қожайындарға тиесілі жерлерге ғана ыкпал етті. Сонымен бұл революция дамушы елдер ауыл шаруашылығының артта қалуы табиғи себептерге ғана емес, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты болатынын тағы да көрсетті. XX ғасырдың 80-жылдары басым түрде дамыған елдер аясында екішні "жасыл революция" немесе биотехнология¬лық революция (нанотехнология) жүрді. Гендік инженерия нәтижесінде үсік пен түрлі ауруларға төзімді томат, картоп, мақта, қытайбұршақ (соя) сияқты өсімдіктердің жаңа сорттары будандастырылса, сүтті сиырлардың, етті шошқа мен ірі қараның жаңа түрлері шығарылды. Мұндай жетістіктерді өндіріске енгізу өте қымбатқа түсетіндіктен, қазірше батыстың жоғары дамыған елдерінде ғана қолданылуда. Ауыл шаруашылығы даму бағыттарына қарай интенсивті және экстенсивті болып бөлінетіні сендерге таныс.

Қандай жағдайда ауыл шаруашылығы интенсивті, қандай жағдайда экстенсивті жолмен дамиды? Сұраққа жекелегеи елдер мысалында жауап беріңдер.

Қазіргі ауыл шаруашылығына тән басты белгі - бір немесе бірнеше өнім түрлерін өндіруге мамандану. Жалпы өнімнің құрамы мен мөлшері сұранысқа, табиғи және әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, көлікпен жабдықталуына, әр елдің экономикалық, географиялық жағдайына тәуелді.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығында жоғары маманданған кәсіпорындар мен ауылшаруашылық аудандары көбеюде. Географиялық еңбек бөлінісі нәтижесінде тауарлық қатынастардың кең етек алуы, өндірістің көлік және жоғары технологиялық жетістіктерімен қамтамасыз етілуі,ауыл шаруашылығының жекелеген ел шеңберінен шығып, ғаламдық деңгейге көтерілуіне себепші болып отыр.