24-тақырып. Қазіргі заманғы шаруашылық байланыстары. Сыртқы сауда.



Халықаралық экономикалық байланыстардың түрлері. Дүниежүзілік экономиканы құрайтын ұлттық шаруашылықтар бір-бірімен халықаралық экономикалық байланыстар (ХЭБ) жүйесімен тығыз байланысқан. Бұл байланыстар халықаралық географиялық еңбек бөлінісі негізінде дамиды.

Алғашқы мемлекеттер арасында халықаралық экономикалық қарым-қатынастардың ең байырғы түрі - сыртқы сауда қатынастары орнай бастады. Дамыған елдер жаппай өнім өндіре бастаған индустриялық кезеңде сыртқы сауданың маңызы күрт артты. Қазіргі заманда кез келген ел экономикасының ажырамас бөлігіне айналған сыртқы экономикалық байланыстардың құрылымы күрделеніп, аясы кеңейе түсті. Соған қарамастан, сыртқы сауда халықаралық экономикалық байланыстардың негізгі түрі болып табылады. Халықаралық экономикалық байланыс жүйесі сыртқы саудадан басқа несие-қаржылық қатынастар. жұмыс күшімен алмасу, халықаралық, туризм, экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қамтиды.

Сыртқы тауар саудасы. Елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынас-тардың сипаты мен құрылымдық озгерістері, ең алдымен, сыртқы тауар саудасынан көрінеді. Ұлы географиялық ашылулар кезеңіне дейін халықаралық тауар саудасына санаулы елдер ғана қатысты, тіпті қазіргі кезде дүниежүзіндегі басты сауда орталықтарының біріне айналған Еуропа елдерінің де сауда жасау аумағы шектеулі сипат алды. Бұған елдер мен дүние бөліктері арасындағы көлік қатынасының нашарлығы, саяси жағдайдың тұрақсыздығы, басқа елдер жөнінде нақты ақпардың жетіспеуі себепші болды. Көбінесе басқа елдерден өте қымбат және сирек кездесетін тауар түрлері әкелініп, саудаға салынатын. Құрлықтағы негізгі халықаралық сауда жолдары қатарына Азия мен Еуропаны жалғастырған Ұлы Жібек жолы мен Еуропаның солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырған сауда жолы жатады. Орта ғасырларда арабтар Сахара арқылы ететін сауда маршрутын жасады; бұл жол Арабияны Солтүстік Африкамен, одан әрі Оңтүстік Еуропамен жалғастырды.

Көлік құралдарының жетілуі, Еуропада өнеркәсіптің өркендеуі, жаңа жерлердің ашылуы дүниежүзілік сауда қатынастарының ауқымын кеңейтті. Көп жүк көтеретін ірі кемелер легі Жаңа Дүниеден Еуропаға шикізат пен алтын тасымалдады. Соның нәтижесінде XVIII ғасырда сауда көлемі бес есе артты. XX ғасырдың басына қарай дүниежүзілік сыртқы сауда айналымындағы Еуропа елдерінін үлесі 50%-ға жетсе, Солтүстік Америка елдерінің үлесі 20%-ды құрады. XX ғасырдың соңына қарай дүниежүзілік сыртқы сауда көлемі ғасыр басындағымен салыстырғанда 14 еседей өсті.

Қазіргі кезде ұлттық шаруашылықтардың халықаралық сауда жүйесіне неғұрлым жедел тартылуына қарамастан, дүниежүзілік тауар айналымының шоғырлану дәрежесі жоғары. Мұны дүниежүзілік экспорт пен импорттың географиялық құрылымынан айқын көруге болады. XX ғасырдың соңына қарай дүниежүзілік тауар айналымының 72%-ы Батыс Еуропа мен Азия елдеріне, ал Солтүстік Америка үлесіне 17%-ы тиесілі болды. Өтпелі экономика тән бұрыңғы социалистік елдердің үлесі бар болғаны 4%-ды құрайды. Дүниежүзілік тауар айналымында Азияның жаңа индустриялық елдерінің үлесі артып келеді, оларға әлемдік экспорттың 10%-ға жуығы тиесілі. Корея Республикасының әлемдік экспорттағы үлесі 2008 жылы 2,9% болса, импорты – 2,6%; Сингапурдың үлесі тиісінше 2,3 және 2,2%-ға тең. Жеке елдердің тауар айналымындағы үлесі сызбанұсқада көрсетілген.

ХХ ғасырдың соңына қарай дүниежүзілік сыртқы саудада дамыған 25 ел жетекші орын алады. Оларға әлемдік экспорттың 84%-ы, импорттың 82%-ы тиесілі болды. Дамыған елдер өзара тауар айналымы жөнінен де жетекші орынға ие; АҚШ пен Канада арасындағы тауар ағыны дүниежүзілік көрсеткіштің 3,2%-ын құрады (сызбанұсқаға қараңдар). Сызбанұсқада елдердің өзара тауар айналымы көлемінің дүниежүзілік тауар айналымындағы үлесі % есебімен берілген.

Сыртқы сауданың тауарлық құрылымы халықаралық географиялық еңбек бөлінісіне, өндірістік және тұтыну тауарларына деген сұраныстың артуына тікелей байланысты. Тауар айналымының құрылымы ҒТР әсерінен үлкен өзгеріске түсті (сызбанұсқаға қараңдар).

Сыртқы саудадағы тауар құрылымы аймақтар бойынша айырмашылықтар жасайды. Отын Таяу және Орта Шығыс елдері (3/4 бөлігі) мен Африка (45%) экспортында басым болса, Латын Америкасы елдерінде минералды шикізат пен ауылшаруашылық өнімдері экспорттың 2/3 бөлігін құрайды. Жалпы алғанда, дүниежүзі бойынша тауар айналымында дайын өнімнің үлесі артуда.

Ел экономикасына ықпал ететін маңызды көрсеткіштің бірі - сыртқы сауда сальдосы, оны экспорт пен импорт көлемінің айырмасы құрайды. Қытайдың сыртқы саудасына тұрақты оң сальдо (экспорт көлемі импорттан артық) тән болса, АҚШ-тың сыртқы сауда айналымы теріс мәнге ие (кестені қараңдар).

Кесте

Жеке елдердің сыртқы сауда айналымы, 2009 жыл (млрд АҚШ доллары есебімен)

Дамушы елдердің сыртқы саудасының сипатын отарлық кезеңде негізі қаланған бір типтес шаруашылық анықтайды. Көбінесе бұл елдер экспортқа отын мен шикізат, ауылшаруашылық өнімдерін шығарып, дайын өнімдер мен құрал-жабдықтарды сатын алады. Дүниежүзінде сатылатын мұнайдың 4/5 бөлігі, табиғи каучуктың барлығы дерлік және кофенің 9/10 бөлігі, шайдың 80%-дан астамы дамушы елдер үлесіне тиеді. Әлемдік нарықта шикізат бағасының ұдайы төмендеуі дамушы елдерді экспортқа шығарылатын шикізат түрлерін барынша көп өндіруге мәжбүр етеді. Бұл өз кезегінде бағаның одан әрі төмендеуіне, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғады. Дамушы елдер экономикасының жай-күйі экспорттық шикізаттың әлемдік нарықтағы бағасының өзгерістеріне тікелей тәуелді болады.

Сыртқы сауданы халықаралық дәрежеде реттеу бағытында 1947 жылы Тарифтер мен сауда жөніндегі Бас келісім деп аталатын халықаралық ұйым пайда болды. Бұл құрылым негізінде 1995 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымы құрылды. Қазіргі кезде құрамында 132 ел бар бұл ұйым халықаралық сауда қатынастарын реттеумен қатар қызмет көрсету, инвестиция және ақыл-ой меншігін қорғау саласында белсенді әрекет ететін үйлестіруші құрылым болып табылады. Бұл ұйым құрамына кіруге Қазақстанда ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. БҰҰ жанындағы сауда мен даму жөніндегі Комиссия да (UNCTAD) өз жұмысын елімізде белсенді жалғастыруда.

Қазақстанның сыртқы саудасы. 2008 жылы Қазақстанныц сыртқы сауда көлемі 109,1 млрд АҚШ долларын құрады. Оның 65%-ы экспортқа тиесілі болды. Еліміздің сыртқы саудасының географиялық құрылымы соңғы оңжылдықта едәуір өзгеріске түсті. Кейінгі жылдары Қазақстан импортында ТМД елдерінің үлесі артты, экспортта Еуропа елдері жетекші орын алады (сызбанұсқаны қараңдар).

Экспорттың географиялық құрылымында салықтық жеңілдіктерге ие офф-шорлық зоналардың (олармен келесі такырыпта танысасыңдар) үлесі артуда. Өйткені Қазақстаннан мұнай мен түсті металдар сатып алатын ірі компаниялардың кейбіреулері осындай аумақтарда тіркелген. Еліміздің сыртқы сауда айналымындағы жеке елдердің үлесі кестеде көрсетілген.

Кесте

Жекеленген елдердің Қазақстан саудасындағы үлесі, 2009 жыл (ҚР электрондық Үкіметтің мәліметтері бойынша)

Қазақстанның сыртқы саудасының тауарлық құрылымы соңғы жылдары экспорт пен импорттағы жеке тауарлар үлесінің артуына немесе кемуіне байланысты едәуір озгеріске түсті. Басты экспорттық өнім — мұнай және газ конденсаты 1995 жылы 793 млн АҚШ доллар көлемінде сыртқа сатылса, 2004 жылы бұл көрсеткіш 11417 млн АҚШ долларына жетті. Керісінше осы уақыт аралығында көмірді сыртқа сату көлемі екі еседей қысқарды. Соңғы бес жылда машиналар мен жабдықтар, көлік құралдарын сатып алуга жұмсалған қаржы екі есе артты; табиғи газ бен электр энергиясын сатып алу көлемі бірнеше есеге қысқарды. Қазақстанның сыртқы саудасының тауарлық құрылымы сызбанұсқада көрсетілген.

Сонымен, дүниежүзілік сыртқы сауда — халықаралық географиялық, еңбек бөлінісі негізінде ұлттық шаруашылықтарды өзара байланыстыратын маңызды сала: Қазақстанның сыртқы саудасы осы күрделі жүйенің құрамдас бөлігі болып табылады.