7-тақырып. Дүниежүзі халқының саны және ұдайы өсуі



Адамзаттың шығу тегі мен Жер шарында таралуы. Жер шарында адамзаттың пайда болған орны мен мерзімі жөніндегі мәселе ғалымдар арасында әлі күнге дейін талас тудырып келеді. Адамның шығу тегі мен даму ерекшеліктерін зерттейтін антропология, ғылымында адамзаттың тегі туралы қарама-қайшы көзқарас қалыптасқан. Осыған сәйкес, антропологияда бүкіл адамзаттың ататегі ортақ деп есептейтін "моногенизм" бағыты және керісінше, әр нәсіл дербес ататектен тарағандығы туралы пікірді ұстанатын "полигенизм" бағыты бар. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, алғашқы адамдар Шығыс Африкадағы Ұлы жарықтар маңында пайда болған.

XX ғасырдың 70-жылдарында Кения азаматтары болып есептелетін әйгілі ғалымдар Луис және Мэри Лики Танзанияның солтүстігіндегі Олдувай шатқалынан өздері зинджантроп деп атаған ежелгі адамның қаңқасын тапты. Оның жасы, шамамен, 1,7 млн жыл деп анықталды. Кейінгі археологиялық қазба жұмыстары барысында Рудольф көлінің шығыс жағалауынан табылған қаңқалар адамның ата-тегінің одан да ерте (шамамен 5 млн жыл бұрын) пайда болғанын дәлелдеді. Осы зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар адамзаттың пайда болған орны Шығыс Африка болған деген қорытындыға келді. Дегенмен полигенизм бағытын ұстанған ғалымдар адамзаттың әр нәсілдің жеке дүние бөлігінде дербес пайда болып, дамығаны туралы болжамдар келтіреді. Саналы адам (Homo sapiens) осыдан, шамамен, 50-100 мың жылдай бұрын пайда болған. (Адамның ататегінің даму сатылары туралы биология сабақтарынан алған білімдеріңді еске түсіріңдер).

Ғалымдардың көпшілігі алғашқы адамдар палеолиттің соңында Африкадан алдымен Еуропа мен Азияға, кейіннен Азиядан Америка мен Аустралияға, одан соң Мұхит аралдарына таралған деп есептейді (суретті қараңдар).

Уақыт өте келе, қоршаған орта жағдайларына бейімделу нәтижесінде дүние бөліктерінде тіршілік ететін адамдар өзіндік антропологиялық ерекшеліктерге ие болды (олармен кейінгі тақырыптарда танысатын боласыңдар).

Халық санағы. Халық саны туралы нақты ақпарат ұйымдаскан түрде жүргізілетін халық санақтары нәтижесінде ғана белгілі болатындықтан, ерте кезеңдердегі ғана емес, тіпті орта ғасырлардағы адам саны жөніндегі мәліметтер де тек шамамен алынады. Ғалымдар 15 мың жыл бұрын ғаламшарымыздың түрғындарынын саны 3 млн адамнан аспаған деп шамалайды.

Мемлекеттің әскери және салық саясатына орай, алғашқы халық санақтары б.з.д. ІІІ мыңжылдықта Ежелгі Қытайда және Египетте жүргізілген. Жан-жақты сипат алған халық санақтары XVIII ғасырдан бастап жекелеген мемлекеттерде (Австрия-Венгрия, Скандинавия елдері, АҚШ) жүргізіле бастады. Ал XIX ғасырда еуропалық елдер мен Ресей империясының, Үндістан мен Латын Америкасындағы кейбір елдердің халық саны жөнінде ресми мәліметтер алынды.

XX ғасырда барлық елдерде дерлік халық санағы жүргізілді: көптеген Азия елдерінде алғашқы санақтар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өткізілді. 1950 жылы дүниежүзі халқының шамамен 80%-ы халық санағына қамтылды. Африка елдерінде халық санағы 1950 жылдарда халыөаралық ұйымдар арнайы бөлген қаржының көмегімен жүзеге асты. Қаржы тапшылығынан мешөу елдердің кейбірінде сол кезеңнен бері санақ жүргізілмеген. Мысалы, алғашқы халық санағы Ауғанстанда 1979 жылы, Оманда 1993 жылы өткізілген. Соның нәтижесінде XX ғасырдың соңына қарай Жер шары халқы түгелімен дерлік ресми халық санағына қамтылған. БҰҰ ел ішінде халық санағын әрбір он жыл сайын өткізіп тұруды ұсынды, бірақ бұл шараны аталған мерзімде қаржы қоры жеткілікті елдер ғана жүзеге асыра алады.

Қазақстанда халық санағы Кеңес дәуірінде әрбір он жыл сайын өткізіліп түрған, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі халық санағы 1999 жылы өтті. Кезекті халық санағы 2009 жылы өткізілді. 2009 жылғы халық санағы бойынша еліміздегі халық саны 16 млн 196 мың 180 адамға жетті. сызбанұсқада Қазақстанда XX ғасырдың екінші жартысында өткізілген халық санақтарының қорытындысы берілген.

Жалпы алғанда, дамушы елдерде қаржының жетіспеуі, елдің ішкері аудан-дарында жол қатынасының қиындығы, жергілікті халықтың сауатсыздығы бұл елдердегі халық саны жөнінде нақты мәліметтер жинақтауга бөгет болад. Сонымен қатар дамушы елдерде ресми мәліметтердің іс жүзіндегі халық санынан үлкен ауытқушылық жасауы да жиі ұшырасады.

Дүниежүзі халқының саны. Демографиялық көрсеткіштер. Жер шары халқы алғашында өте баяу өскен. Мұны адамның табиғат апаттарына тәуелділігімен, жиі болған соғыстармен және жұқпалы аурулардың кең таралуымен түсін¬діруге болады. Мысалы, XIV ғасырда Еуропаны жайлаған оба дертінен халыктың шамамен 20%-ға жуығы қырылған. Өндірістің жетілуі, адамдардың тұрмыс жағдайының жақсаруы және медицинаның алға басуы нәтижесінде дүниежүзі халқы жылдам қарқынмен өсе бастады (сызбанұсқаны қараңдар).

Әсіресе XX ғасырда халық санының айрықша жылдам артуы байқалды. Мысалы, 1930 жылы Жер шары халқы 2 млрд адам болса, 1962 жылы - 3 млрд, 1976 жылы - 4 млрд, 1987 жылы - 5 млрд, ал 1999 жылы 6 млрд адамға жетті. Халық санының мұндай күрт өсуі демографиялық жарылыс деп аталады. Бұл құбылысты адамның өмір жасының ұзаруы, сәбилер өлімінің азаюы жағдайында туу көрсеткішінің өзгеріссіз қалуымен түсіндіруге болады. Дегенмен 1980 жылдардың ортасына қарай халық санының өсуі баяулай бастады. Бұл туу көрсеткішінің күрт кемуімен байланысты болды. Дамыған елдердің көпшілігінде халық санының өсуі тұрақтанып, кейбір елдерде табиғи өсу мүлде тоқтады. Дүниежүзіндегі халық саны көп елдер қосымшадағы 3-кестеде көрсетілген.

Дүниежүзі аймақтарындағы, жеке елдердегі демографиялық жағдайды сипаттау үшін абсолюттік және салыстырмалы демографиялық көрсеткіштер пайдаланылады.

Абсолютті көрсеткіштер қатарына табиғи өсу (туу мен өлудің арақатынасы) мен механикалық өсу (иммигранттар мен эмигранттар саны арасындағы айырма) жатады. Туу мен өлім көрсеткіштері әлеуметтік-экономикалық жағдайларға, мемлекеттің демографиялық саясатына тікелей байланысты болса, халықтың көшіп-қонуына экономикалық және саяси алғышарттар, экологиялық ахуал себепші болады. Туу мен иммиграция көрсеткішінің жоғарылауы халық санын арттырса, өлім мен эмиграция халық санын кемітеді.

Дегенмен елдер мен аймақтарды абсолютті көрсеткіштер бойынша салыстыру мүмкін емес. Сондықтан салыстырмалы демографиялық көрсеткіштер, яғни 1000 адамға шакқандағы промилле (‰) есебімен өлшенетін жалпы коэффициенттер пайдаланылады. Олардың ең жиі қолданылатындары - туу коэффициенті (елдегі бір жыл ішінде туғандар санының халықтың жалпы санына қатынасы); өлу коэф¬фициенті (елдегі бір жыл ішінде қайтыс болғандар санының халықтың жалпы санына қатынасы); табиғи осу коэффициенті (елде бір жыл ішінде туғандар мен қайтыс болғандар айырмасынын халықтың жалпы санына қатынасы); сәбилер өлімінің коэффициенті (жыл ішіндегі бір жасқа толмағандар өлімінің үлесі); адамның өмір жасының орташа ұзақтығы. Демографиялық көрсеткіштер дүниежүзінің аймақтарында айырмашылық жасайды (16-сызбанұсқаны қараңдар).

Демографиялық көрсеткіштер алшақтығы әсіресе әлеуметтік-экономикалық даму денгейі әртүрлі елдерде айқын байқалады. Мысалы, Нигерде туу көрсеткіші 54°/00-ге, өлім коэффициента 24°/00-ге, ал сәбилер өлімі 123 °/00-ге жетті. Салыстырмалы түрде Канадада туу 11 °/00-ге, өлім 7 °/00-ге, сәбилер өлімі 5,5°/00-ге тең. Қазақстанда 2007 жылы бұл көрсеткіштердің сандық қатынасы тиісінше 18°/00; 10°/00 және 14,5 °/00-ге тең болды.

БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, Жер шары тұрғындарының 1/4 бөлігінің тіпті қарапайым медициналық көмек алатындай мүмкіндігі жоқ, ал халықтың 75%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Адамзаттың 1/3 бөлігі ғана жеткілікті мөлшерде тамақтану мүмкіндігіне ие, ал шамамен 850 млн адам көбінесе аш жүруге мәжбүр.

Адамның өмір жасының орташа ұзақтығынаелдегі экономикалық көрсеткіш, әлеуметтік тұрақтылық, экологиялық жағдай және денсаулық сақтау жүйесінің қызметі тікелей әсер етеді. Бұл көрсеткіш тарихи кезеңдерде үлкен өзгерістерге ұшырап отырған. Мысалы, Ежелгі Рим мен Грекия тұрғындары орташа есеппен 25-30 жыл өмір сүрсе, XX ғасырдың орта шенінде дүниежүзі бойынша бұл көрсеткіш 46 жасқа, ал 2008 жылы 68 жасқа жетті. Қазакстан Республикасында адамның өмір жасының орташа ұзактығы 67 жасқа тең: әйелдерде - 72, ер адамдар үшін 61 жасты құрайды. Қазіргі кезде өмір жасының орташа ұзақтыгы жөнінен андорралықтар алдыңғы орында болса, Африканың мешеу елдерінде бүл көрсеткіш өте төмен (сызбанұсқаны қараңдар).

Халық санының ұдайы өсуі. Демографиялық саясат. Адамзаттың үздіксіз жаңарып, ауысып отыруын қамтамасыз ететін туу мен өлу және табиғи өсу көрсеткіштерінің жиынтығын халықтың ұдайы өсуі деп атайды. Әдетте, халықтың ұдайы өсуінің үш типін ажыратады (кестені қараңдар).

Ұдайы өсудің дәстүрлі типі тән болатын мешеу елдерде өлім көрсеткішінің жоғары болуы халықтын тұрмыс жағдайының нашарлығымен, жұкпалы аурулардың кең тарауымен түсіндіріледі. Бұл елдерде табиғат апаттары мен аштық нәтижесінде халық санының күрт қысқаруы да байқалады. Мысалы, 1984-1985 жылдарда болған құрғакшылық нәтижесінде Эфиопияда аштықтан миллиондаған адам қайтыс болды. Өтпелі тип тән болатын елдерде соңғы жылдары халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына байланысты өлім азайған, бірақ туу жоғары деңгейде қалып отыр. Ұдайы өсудің үшінші - қазіргі типі демографиялық көрсеткіштердің төмендігімен сипатталады. Германия мен Швецияда өлгендер саны туғандар санынан артық, халық санының аздап өсуі тек сырттан келгендер есебінен өсуде.

Халыктың ұдайы өсуін реттеу мақсатында мемлекеттік деңгейде демогра-фиялық, саясат жүргізіледі. Демографиялық, саясат - елдің демографиялық, проблемаларын шешу мақсатында мемлекет тарапынан табиғи өсуді реттеуге бағытталып, жүргізетін шараларының жиынтыгы. Елдегі нақты демографиялық жағдайға байланысты бұл саясат түрліше сипат алуы мүмкін. Мысалы, Қытай мен Үндістан, Бангладеш сияқты халық саны жылдам өсетін елдерде мемлекет тарапынан тууды тежеу бағытында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Керісінше туу төмен Еуропа елдерінің көпшілігінде тууды қолдауға бағытталған шаралар (көпбалалы отбасыларға ақшалай көмек және басқа да жеңілдіктер) жүзеге асырылуда.