12-тақырып. Қоныстану түрлері. Урбандалу



Урбандалу деген не? Жеке елдердің урбандалу деңгейіне қандай факторлар себепші болады? Урбандалу деңгейіне қарап, елдің даму дәрежесін бағалауға бола ма?

Қоныстану түрлері. Халықтың белгілі бір аумақта таралып, орналасуын және елді мекендер жүйесінің қалыптасуын қоныстану деп атайтынын білесіңдер. Өткен тақырыпта халықтың орналасуына әртүрлі факторлар әсер ететінімен таныстыңдар. Қоғамның дамуы барысында бұл факторлардың ықпал ету дәрежесі өзгеріп отырады.

Өндіргіш күштердің дамуы өте төмен дәрежеде болған алғашқы қауымдық құрылыс кезінде адамдар шашырай орналасты және көшпенділік басым болды. Адамдардың алғашқы қоныстары өзендер мен көлдердің жағасында орналасты. "Үйлер" ұзақ уақыт тұруға бейімделіп, жануарлардың сүйектері мен терілерінен жасалды.

Кейінгі кезеңдерде адамның қоныстануы өндірістің дамуына тікелей тәуелді бола бастады. Ғалымдар осыдан 10 мың жылдай бұрын адамдардың ауыл шаруашылығымен айналыса бастауын адамзат тарихындағы төңкеріс деп бағалады. Егіншіліктің өркендеуі шаруашылық қажетіне байланысты бір аумақты тұрақты қоныстануға, ал ол өз кезегінде бекінген қоныстар жүйесінің пайда болуына апарып соқты. Алғашқы отырықшы қоныс ретінде Оңтүстік-Батыс Азия жерінде б.з.д. VII мыңжылдықта пайда болған Джармо тұрағын атайды. Кейіннен мұндай тұрақтар Қытай, Мексика және Перу жерінде де пайда болды. Отырықшылық басым болған ежелгі мемлекеттерде алғашқы қалалар қалыптасты. Мұнда тағамдық емес өнімдер (киім, аяқкиім, ыдыс-аяқ жасау және т.б.) өндіріліп, қарапайым нарық пайда болды. Осылайша өндіргіш күштердің дамуы қоныстанудың жаңа түрлерін қалыптастырды.

Индустриялық қоғамда қалалық қоныстану басым болды; мұның өзі шаруашылықтың басты саласы — өнеркәсіптің қалаларда шоғырлануымен байланысты еді. Қалалар тез арада жол торабына және сауданың, мәдениет пен өнердің орталыктарына айналды. Сонымен қалалар географиясы халықтың орналасуын ғана емес, жалпы экономиканың дамуын анықтайтын болды.

Қазіргі кезде дүниежүзі бойынша қоныстардың негізгі екі түрі (қалалар мен ауылдар) бар. Соған қарамастан елдер арасында қала және ауыл ұғымдарын анықтауда ала-құлалық байқалады. Көбінесе қоныстану түрін анықтағанда тұрғындар саны ескеріледі, бірақ бұл көрсеткіш барлық елдерде бірдей емес. Солтүстік Кавказ бен Венгрия жеріндегі тұрғындарының саны 10—20 мың адамнан асатын аса ірі елді мекендер де ауыл болып есептеледі, өйткені ондағы халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Жалпы алғанда, қалалар қатарына ауыл шаруашылыгынан басқа салалар басым болатын, көбінесе әкімшілік орталығы қызметін атқаратын салыстырмалы түрде ірі елді мекендер жатады.

Қала дәрежесі берілмеген елді мекендердің барлығы ауылдық қоныстар деп аталады. Олардың 90%-дан астамы дамушы елдерде орналасқан. Ауыл халкының саны жағынан дүниежүзінде Қытай (838 млн адам), Үндістан (720 млн адам), Индонезия (127 млн адам) алдыңғы орын алады.

Жер шары халқының басым бөлігі (51%) ауылдарда тұрады. Бірақ қала халқының саны ауыл халқына қарағанда қарқыңды өсуде, сондықтан болашақта олардың арасалмағы өзгеруі мүмкін. Кейбір ғалымдар бұлардан басқа, қоныстанудың көшпенді түрін ажыратады. Қоныстану түріне қарай адамдардың шаруашылық әрекеті мен тұрмыс жағдайы ғана емес, мінез-құлқы да айырмашылық жасайтыны анықталған. Көшпенділер мал бағумен немесе аң аулаумен айналысады. Қазіргі кезде көшпенділік өмір салты Америка мен Еуразияның солтүстігінде, Африка мен Азияның шөл-шөлейтті аудандарында сақталып қалған.

Урбандалудың аумақтық айырмашылықтары. Қалалардың өсуі мен қалалық өмір салтының кеңінен таралуын, экономикалық қуаттың қалаларда шоғырлануын урбандалу (урбанизация; латын. urbanus — қалалық) деп атайды.

Әдетте, урбандалуды сипаттау үшін салыстырмалы көрсеткіштер (халықтың жалпы санындағы қала тұрғындарының үлесі) алынады. Мысалы, Германияда қала халқының үлесі 73%-ды, ал Үндістанда бар болғаны 28%-ды құрайды. Соған қарамастан абсолютті көрсеткіштер, қала халқының жалпы саны мүлде басқаша жағдайды көрсетеді: Германияда қалалықтардың жалпы саны 60 млн адам болса, Үндістанда 321 млн адам. Сонымен салыстырмалы көрсеткіштер урбандалудың деңгейін, ал абсолютті көрсеткіштер ауқымын нақты көрсетеді.

XXI ғ. басына қарай урбандалудың деңгейі мен ауқымы кеңейе түсті, 2008 ж. Жер шары халқының 49%-ы, яғни 3 млрд 234 млн адам қалада тұрады. Жеке аймақтар бойынша бұл көрсеткіштер айырмашылықтар жасайды (сызбанұсқаға караңдар).

Дүниежүзі бойынша урбандалудың ең жоғары деңгейі Солтүстік Америка, Еуропа және Аустралияда байқалады. Мұнда қала санының өсуі мен дамуы өнеркәсіптің өркендеуімен тығыз байланысты болды. XX ғасырдың басында бұл аймақтарда қала халқының саны күрт өсіп, дүниежүзіндегі қала халқы санының жартысын құрады.

Азияда урбандалу деңгейі төмен (42%) болғанымен, оның ауқымы өте кең; қалада тұратын азиялықтардың жалпы саны (1 млрд 701 млн адам) бүкіл Америка, Еуропа және Аустралиядағы қала халқын қоса есептегеннен асып түседі. Азия аумағында урбандалу жөнінен ішкі айырмашылықтар айқын байқалады. Бұл, ең алдымен, елдердің экономикалық даму денгейінің әртүрлілігімен түсіндіріледі. Парсы шығанағы елдерінде мұнай экспортынан түскен пайда қазіргі заманғы қалаларды салуға мүмкіндік берген. Жергілікті халыққа өте жайлы жағдай жасалған мұндай қалаларда Кувейт халқының 98%-дан астамы тұратын болса, мешеу елдер қатарындағы Непалда бұл көрсеткіш бар болғаны 17%-ды құрайды. Азияның жетекші елдерінің бірі — Қытайда урбандалу 45% шамасында жүргізілсе, оған үкімет тарапынан жүргізілген ішкі көші-қонды шектеу, ауылшаруашылықты аудандарды дамытуға бағытталған шаралар себепші болган. Африка қала халқының үлесі жөнінен ең соңғы орынды иеленеді. Бурунди халқының 10%-ы ғана қалада тұрады, бұл — дүниежүзі бойынша ең төменгі көрсеткіш.

Урбандалудың даму кезеңдері. "Урбандалу деңгейі мен ауқымы жағынан ғана емес, даму дәрежесі жөнінен де айырмашылық жасайды. Урбандалу даму барысында бірнеше кезеңдерден өтеді (сызбанұсқаға қараңдар).

Урбандалудың алғашқы кезеңінде қала халқының үлесі онша жоғары болмайды; қалалар арасынан ең ірісі (әдетте, ел астанасы) басқаларын барлық көрсеткіштер бойынша басып озады. Дамыған урбандалу кезеңінде қала халқының үлесі арта түседі. Миллионер қалалардың көршілес елді мекендерді қосып алуынан қала агломерациялары, ал жақын орналасқан агломерациялардың бірігуінен мегалополистер қалыптасады (жеке еддердегі аса ірі мегалополистермен келесі сыныпта танысатын боласыңдар).

Кемелденген урбандалу тән елдерде қала маңына қалалык өмір салты қарқынды түрде ене бастаған, яғни субурбандалу (латын. sub — маңында және urbanux — қалалық) жүруде. Біртіндеп осы процесс агломерация аумағынан тыс жерлердегі елді мекендерді де қамти бастайды; урбандалудың бұл түрін рурбан-далу (агыл. rural — ауылдық және урбанизация) дейді. Субурбандалу барысында экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ауқатты адамдар қала орталығынан қала маңына қоныс аудара бастайды. АҚШ-та агломерация халқының 60%-ы қала маңында тұрады.

Қазіргі заманғы урбандалу тән елдерде қалалар жүйесі қалыптасып біткен; мұнда қала халқының саны баяу өседі; жаңа қалалар мүлде пайда болмайды. 2008 жылы дүниежүзінде 422 миллионер қала болды, мұнда Жер шары халкының 18%-ы, қала халқының 37%-ы тұрады. Алып қалалардың l/3-i Шығыс және Оңтүстік Азия аумағында орналасқан. Әлемдегі аса ірі 10 агло-мерация қатарына Солтүстік Америкадан Нью-Йорк пен Лос-Анджелес қана енсе, бұл тізімде Еуронаның бірде-бір өкілі жок. АҚШ пен Канадада контрурбандалу, яғни қалада жұмыс істейтіндердің қала агломерациясынан тыс елді мекендерге қоныс аударуы жүруде, бұл ауыл халқы санының артуына әсер етеді.

Дамушы елдердің кейбірінде урбандалу бақылаудан шығып кетті; күнкөрісі қиындаған миллиондаған адамдар ауылдан ірі қалаларға ағылуда. Олардың қала маңдарындағы өз бетімен басып алған жерлерінде кедейлер қоныстары пайда болған. Мұндай қосалқы қалашықтарда электр жүйесі мен орталықтандырылған ауыз су құбыры мүлде жоқ; санитариялық-эпидемиологиялық жағдай өте нашар. Кедей қоныстарында тұратындар кездейсоқ табыс есебінен күнелтеді; көп жағдайда бұл жерлер қылмыс ошағына айналған.

Қалалар және қоршаған орта. Қалаларда халықтың, өнеркәсіп пен көлік жүйелерінің шамадан тыс шоғырлануы табиғат ресурстарын неғұрлым қарқынды пайдалануға алып келеді. Қала аумағының артуы ауылшаруашылық жерлері ауданының қыскаруына, үй және жол кұрылысы жер бедерінің адам танымастай өзгеруіне; халык пен өндіріс орындарын сумен қамтамасыз ету қарқынының артуы су қорының азайып, табиғи су режімінің бұзылуына, көлік пен өнеркәсіптің қоршаған ортаға зиянды заттарды бөліп шығаруы ауа мен топырақтың шамадан тыс ластануына себепші болуда. Үлкен қалалар жағдайында шайынды сулар, күл-қоқыстар мен қалдыктарды жинап, зaлaлcыздaндыpy мәселе болып отыр.

Сызбанұсқа. Урбандалу кезеңдері

Қалаларға өзіндік микроклимат тән, яғни оның аумағында жасанды орта факторлары әсерімен климаттын айрықша сипаты қалыптасады:

— көп қабатты тұрғын үйлер жел өткізбейді, ал үлкен қалалардың орталығында жел мүлде байқалмайды. Бұл ауаның алмаспауына, оның құрамында ластаушы зиянды заттардың коптеп шоғырлануына себепші болады;

— ауада түтін мен шаңның жиналуы күн сәулесінің түсуіне бөгет жасап, адам денсаулығына зиян келтіреді;

— автокөліктер әсерінен, жылу шашатын объектілердің көп шоғырлануынан қалаларда қала сыртындағы аумақтармен салыстырғанда ауа температурасы жоғарырақ болады.

Қазіргі заманғы қалаларда адамға жайлы жағдайлар (суық және ыстық сумен, жылумен қамтамасыз ету; жолдар және т. б.) жасалғанымен, бұл өз кезегінде жасанды жүйелердің қоршаған ортаға зиянды ықпалын күшейте түседі.