6-тақырып. Дүниежүзінің табиғат ресурстары



Ресурстарға шаруашылық баға беру. Дүниежүзіндегі елдердің табиғат ресурстарымен қамтамасыз етілу дәрежесі әркелкі. Табиғат ресурстарымен қамтамасыз етілу көрсеткіші алуан түрлі ресурстардың қор мөлшерінің арақатынасымен және оның пайдаланылу ауқымымен байланысты.

Дүниежүзілік шаруашылықтың күрделі жүйесінде және еңбектің халық-аралық үлестірілуінде экономикасы дамыған елдер, негізінен, тұтынушы болса, ал дамушы елдер — шикізат ресурстарын өндіруші әрі экспорттаушы болып табылады. Дегенмен көптеген жоғары дәрежеде дамыған елдер де ресурстардың ірі қорына ие, олар кейбір ресурс түрлерін өндіруден әлемдік жетекші болуы да мүмкін. Жалпы алғанда, осы айтылғандай дүниежүзілік экономикада мамандану бір жағынан, дүниежүзіндегі елдердің тарихи және әлеуметтік-экономикалық даму денгейімен, екінші жағынан, жекелеген ресурс түрлерінің Жер шарындағы таралу ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Ресурстардың көпшілігі дамушы елдердің аумақтарында орналасқан.

Дүниежүзіндегі табиғат ресурстарының тендестігі, олардың қорлары, жағдайы және пайлалану болашағы қосымшадағы кестеде көрсетілген. Осы кестеде теңдестіктің маңызды құрамына жеке-жеке тоқталамыз.

Энергетикалық ресурстар. XIX ғасырдың басына дейін негізгі энергетикалық ресурс түрі - ағаш болып келді. Содан соң оның маңызы біртіндеп төмендей бастады да, көмірді кеңінен пайдалану байқалды. Дегенмен көмірдің басымдылығы ұзаққа созылмады, себебі оның орнына мұнай мен табиғи газ игеріліп пайдаланылды.

Қазіргі замандағы жалпы дүниежүзілік отын қорлары бірінші кезекте көмір қорынан (жылу өндіру мүмкіндігінің 60%-ына дейін), мұнай мен газдан (шамамен 217») тұрады (косарбеттегі картаны қарандар). Жалпы әлемдік өндірісте сұраныс басқадай: көмірге шамамен 30%, ал мұнай мен газға 67%-дан артық. 2000 жылы дүниежүзіндегі шынайы мұнай қоры 140 млрд т (жалпы барланғаны 250-300 млрд т) деп анықталған. Оныц ішінде ОПЕК (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) елдерінін үлесіне өндірілген мұнай қорының 77%-ы тиесілі болды. Қосымшадағы кестеде дүниежүзі аймақтары мен жеке елдері бойынша мұнай қоры көрсетілген.

Дүниежүзілік табиғи газ қоры 146 млрд м3 деңгейінде анықталған. Оның ішінде ОПЕК елдерінің үлесіне табиғи газ қорының 41 %-ы тиесілі (қосымшадағы кестені қараңдар).

Егер артық айтсақ дүниежүзілік мұнай қоры 200-300 жылға жетеді, ал шындығында қолда бар мұнай қоры тек бірнеше жылға ғана жетуі мүмкін. Өйткені мұнай өндіру көлемі жыл сайын артып отыр. Мысалы, 1960 жылдары мұнай мен газ конденсатын өндіру мөлшері шамамен 1 млрд т, ал табиғи газ өндірісі 5 трлн м3 болған. Ал 2000 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 3,5 млрд т және 23 трлн м3-ге жеткен (қосымшаны қараңдар).

Мұнай өндірудің анықталған қоры казіргі кезде дүниежүзі денгейінде жалпы 40 жылға жетеді деп болжам жасалуда. Бұл көрсеткіш ОПЕК елдері бойынша орташа есеппен 77 жылды құрайды. Сонымен қатар аса ірі өндіргіш елдерде көрсеткіш қорлардын қамтамасыз етілуіндегі орташа деңгейінен жоғары.

Мысалы, бұл көрсеткіш Сауд Арабиясында шамамен 80 жыл, Кувейт пен Біріккен Араб Әмірлігінде 100 жылдан астам және т.б.

Бағалаулар өзге де қазба отын түрлері бойынша беріледі. Табиғи газдын дүниежүзілік қоры шамамен 60 жылға, ал көмір 200 жылдан аса уақытқа жетуі тиіс.

Қазба байлықтардың ішінде отын және энергия көздері аса маңызды рөлге ие. Отын түрлерінің ішінде әлемде қоры өте молы - көмір. Қолда бар деректер бойынша көмірдің жалпы геологиялық ресурсы 9-11 трлн т шартты отынға тең.

Әлемдік энергетикалық кеңесте (ӘЭК) көмірдің барлық түрінін қоры 1,5 трлн т деп анықталған. Оның ішінде техникалық-экономикалық тұрғыдан тиімді деп анықталғаны негізгі қордың тек 2/3-сін ғана (оның ішінде: таскөмір - 52%, ал қоңыр көмір - 48%) құрайды. Алынатын таскөмірдің негізгі қоры бірнеше елдерде (АҚШ-та - 1/4; ТМД елдерінде - 1/5-ден астамы; Қытайда 1/5 бөлігі, сондай-ақ Үндістан, ОАР және Аустралияда) шоғырланған.

Көмірдің сапалық құрамы айтарлықтай маңызға ие, оның ішінде кокстелетін көмір ерекше бағаланады. Мұндай көмірдің үлесі Аустралияда, Германияда, Қытайда және АҚШ-та аса мол. Көптеген елдердегі экологиялық проблема-лардың шиеленісуіне және табиғат қорғау шараларының катаңдануына байланысты көмірдің күкірттілігіне басты назар аударылуда.

Дүииежүзіндегі таскөмір өндіру, шамамен, 3,5 млрд т деңгейінде. Соңғы жылдары бірқатар өндіріс жағдайы нашар және өндірілетін көмірдің айтарлықтай бөлігінің күкірттілігі жоғары елдерде таскөмір өндірісі күшті дағдарысқа ұшырады, соның нәтижесінде бұл елдер көмірді сырттан сатып алуға көшті. Көмір экспорттаушы аса ірі елдер қатарына Аустралия, Канада, ОАР, Колумбия сияқты мемлекеттер кіреді.

Қоңыр көмірдің барланған қорының басым бөлігі және оны өндіретін өнеркәсіптің көпшілігі дамыған елдерде шоғырланған. Қоңыр көмір қоры жөнінен АҚШ, Германия және Аустралия алдыңғы орында. Қоңыр көмір өндірудің арзандығы (тек қана ашық әдіспен), оның калориясының төмендігіне қарамастан, салыстырмалы түрде арзан электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Таскөмір өндірісімен салыстырғанда қоңыр көмір өндіруде дағдарыс байқалған жоқ.

Дамушы елдердің көпшілігінде не мұнайдың, не көмірдің ірі қорлары жоқ, ол елдер сондықтан өндірістік-энергетикалық ресурстардың импортына тәуелді. Ал аса дамымаған елдерде отынға деген сұраныстың айтарлықтай бөлігі ағаш отын және биомассанын өзге түрлері (сабан, көң) есебінен қамтамасыз етіледі.

Энергетикалық ресурстардың шектеулілігі және өндіріске бақылаудың монополиялық сипат алуы XX ғасырдың 70-жылдарында энергетикалық ресурстардың жетіспеушілігіне, әсіресе мұнайдың, оған деген бағаның шұғыл көтерілуіне, соның салдарынан әлемдік энергетикалық дағдарысқа алып келді. Дүниежүзілік экономика дамуының қарқынды факторлары айтарлықтай дәрежеде өзін-өзі жоғалтты. Энергетикалық шикізатты пайдалану олардың барланған қорларының өсімінен асып түсті, яғни ресурспен қамтамасыз етілу көрсеткіші төмендей бастады.

Экологиялық проблемалардың шиеленісуі де айтарлықтай деңгейге жетті. Дәл осы кезде алғашқы әлемдік ресурстардың сарқылуы жөнінде қоркынышты болжамдар өмірге келді. "Ресурстық жомарттық" дәуірінен энергияны тиімді пайдалану дәуіріне өту басталды.

Минералдық ресурстар. Минералдық ресурстарға металдар, металл емес, пайдалы қазбалар, техникалық, құрылыс материалдары жатады (сызба-нұсқаны және қосымшаны қараңдар).

Пайдалы қазбалардың ішінде темір кені үлкен маңызға ие. Оның жер қыртысындаңы қоры 600 млрд т мөлшерінде бағаланып отыр. Дамыған елдерде соңғы жылдары темір кенін өндіру қысқарған. Бұл болат балқытудың азаюына және металл сынықтарын қайта өңдеуге байланысты. Сонымен қатар болатты өзге материалдармен алмастыруға да болады. Темір кені дүниежүзінің көптеген аймақтарында өндіріледі (олар қартадан анықтаңдар). Марганец кенін өндіруден ТМД өзге елдерден айтарлықтай алдыңғы орында (Аустралиядан 1 млн т, Бразилиядан 990 мың т, Үндістаннан 400 мың т артық).

Қазақстанның жер қойнауынан пайдалы қазбалардың көптеген түрлері табылған. Еліміз вольфрамның барланған қоры бойынша дүниежүзінде 1-орында, уран, фосфор және хромит кендерінен 2-орында, ал молибден мен қорғасыннан 4-орында. Батыс аймақтарда мұнай мен газдың мол қоры шоғырланған.

Кен орындары өзге де пайдалы қазбаларға бай. Алайда кеннен пайдалы өнім алу дәрежесі төмен (темір 25 – 50%, мыс 0,3 – 0,6, никель 1,3%, селен 0,1 – 0,2%). Өнім өндіру барысында аса көп мөлшерде үйіндіге айналатын қалдықтар пайда болады. Сондықтан табиғат ресурстарын тиімді пайдаланудың негізгі принциптері мынадай болуға тиіс:


- толық алу;

- кешенді өндіру;

- қайта пайдалану;

- үнемді пайдалану.

Жер ресурстары. Жер - табиғаттың ең басты ресурстарының бірі, тіршілік-тің негізі. Жер ресурстары адамдардын өмірі және шаруашылықтың барлық салалары үшін қажет.

Адамзаттың жер ресурстарымен қамтамасыз етілуі әлемдік жер қорымен анықталады. Әлемдік жер қоры 13,1 млрд га-ға тең (сызбанұсқаға назар аударыңдар).

Адамзатқа қажетті тамақ өнімдерінің 88%-ын өңделетін (егістік, бау-бақша, плантация) жер береді және ол сонысымен де бағалы. Өңделетін жер ғаламшарымыздың орманды, орманды дала және дала зоналарында шоғырланған (қосымшадағы "Дүниежүзінің жер қоры" картасын қараңдар).

Жерге түсетін "жүктеме" күн сайын өсу үстінде, ал жер ресурстарымен қамтамасыз етілу азаюда. Әлемдегі құрлык ауданы жер ресурстары 149 млн км2-ді құрайды (сызбанұсқаны қараңдар).

Жекелеген елдерде ауылшаруашылық жерінің меншікті үлес салмағы үлкен айырмашылық жасайды. Мысалы, бұл көрсеткіш Аргентинада 65%, Канадада 7%-ды құрайды.

Қазақстан аса зор жер қорына ие. Егістікке жарамды жердің жалпы ауданы 36 млн га болды. Жайылымдық және шабындық жерлер 190 млн га. Республикамыздағы жайылымдық жерлердің негізгі бөлігі шөл және шөлейт зоналарында жатыр. Қазақстан аумағындағы топырақ жамылғысы күрделілігімен және әртүрлілігімен сипатталады ("Қазақстанның физикалык географиясы" курсынан топырақ жамылғысы туралы алған білімдеріңді естеріне түсіріңдер). Олардың таралуы географиялық заңдылыққа сәйкес келеді: жазық бөлігінде ендік зоналық заңдылық айқын байқалса, таулы бөлігінде биіктік белдеулікке негізделген.

 

Рет саны

Түрлері

Ауданы млн км2

Үлесі %

1.

Ормандар мен тоғайлар

40,3

27,03

2.

Табиғи шалғындар мен шөптесін-бұталы жайылымдар

28,5

19,13

3.

Егістік алқаптары

19,0

12,75

4.

Құргақ шөлдер, жартастар, жағалау құмдары

18,2

12,21

5.

Мұздықтар

16,3

10,94

6.

Тундра және орманды тундра

7,0

4,70

7.

Полярлық және биік таулы шөлдер

5,0

3,36

8.

Антропогендік жарамсыз жерлер

4,5

3,02

9.

Батпақтар (тундрадан тыс)

4,0

2,68

10.

Көлдер, өзендер, бөгендер

3,2

2,15

11.

Өнеркәсіптік және қалалық жерлер

3,0

2,01

Барлығы

149,0

100

 

1-сызбанұсқа.Дүниежүзіндегі құрлық ауданы

Сонымен қатар жеке зоналар мен биіктік белдеулерде топырақ қабатының айтарлыққтай өзгеруі де байқалады. Орманды дала мен дала зоналарында, негізінен, қара топырақ таралса, құрғак дала мен шөлдерде сүр және қоңыр сүр топырақ басым. Оңтүстік Қазақстанның таулы және тау етектерінде өзіндік ерекшеліктері бар биіктік белдеулік байқалады.

Су ресурстары.Осыдан ондаған жылдар бұрын су мен ауа табиғаттың тегін сыйындай есептеліп келген болатын. Соңғы кездерде су ресурсына деген көзқарас күрт өзгерді. Бұл жағдай тұщы судың көлемі гидросфераның 2%-дан сәл жоғарысын ғана құрайтындығына. Абсолюттік деңгейде бұл адамзаттың қазіргі сұраныстарынан 10 мың есе көп. Алайда осы тұщы судың басым бөлігі Антарктида, Гренландия, Арктика мұздарында шоғырланған. Бұл әзірге пайдалануға қол жетпес қор (қосымшадағы "Дүниежүзінің өзен ағынымен қамтамасыз етілуі" деген картаны қараңдар).

Дүниежүзі халқының 70%-ы өмір сүретін Еуропа мен Азияда өзен желісінің 39%-ы орналасқан (2-кестені қараңдар).

Дүниежүзілік мұхитқа келетін жылдық өзен ағыны

Қазақстан аумағында 85 мыңнан астам өзендер болса, оның 8 мыңға жуығының ұзындығы 10 км-ден асады. Климатының құрғақтығына қарамастан өзендердің шаруашылық маңызы зор. Олардың көпшілігі, әсіресе Ертіс, Сырдария, Іле өзендері электр энергиясын алуға кеңінен пайдаланылады.

Қазақстанда 48 мыңнан астам, жалпы ауданы 45 мың км2 болатын тұйық көлдер бар. Олардағы су деңгейі маусымдық және көпжылдық құбылмалылыққа ие. Көлдер сумен қамтамасыз етудің маңызды көздері болып табылады. Көлдердің кейбірі тұзды болса, енді бірі емдік сазбалшықтарымен әйгілі.

Республикада жерасты сулары кеңінен таралған, алайда олар климаттың құрғақтығына және дала өзендерінің ағысының тұрақсыздығына байланысты жерүсті сулары көлемінің 10%-ын ғана құрайды. Қазақстанның өзен суларының ресурсы 102,26 км3 болса, оның тек 57,56 км3-і ғана республика аумағында қалыптасады, ал қалған бөлігі (44,7 км3) көрші мемлекеттер аумағынан ағып келеді. Қазақстанның жекелеген аудандарын сумен қамтамасыз етудің әркелкілігі су тапшылығың тудырып отыр.

Су тапшылығы оның сапасының нашарлауына байланысты артып отыр. Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында және тұрмыста пайдаланылған сулар су қоймаларына нашар тазаланған немесе мүлде тазаланбаған түрінде ағызылады. Өндірістің кейбір салаларында айрықша мол су қоры пайдаланылады (сызбанұсқаны қараңдар).

Дүниежүзінде тұщы судың тапшылығы күннен-күнге артып, ауыз суға деген сұраныс су ресурстары жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілген елдерге де қатер төндіруде. Бүл тұщы су қорының азаюымен қатар, гидросфераның ластануына да байланысты болып отыр. Өкінішке орай бірқатар елдерде (бірінші кезекте дамушы елдерде, оның ішінде Қазақстан да бар) су көздерінің ластануы экономикалық шығынды арттыруда. Бұл ақаба суды тазарту технологиясын жетілдіруді қажет етеді.

Ғаламшардың барлық су ресурстары өзара тығыз байланысты - жер қыртысын, атмосфераны, гидросфераны қамтитын су айналымы арқылы бізге жетеді. Сондықтан адамның ойланбай істеген іс-әрекеттері су ресурсының шығынына ұшыратуы мүмкін.

Яғни, тұщы су ресурстары жер бетіндегі тіршілікті сақтап қалу үшін өте маңызды. Олардың шектеулілігі, жер бетіндегі үлесінің әркелкілігі қазіргі замандагы көкейкесті проблема болып отыр.

Биологиялық ресурстар. Жердің биомассасы өсімдіктер мен жануарлар организмдерінен құралады.

Өсімдіктектес ресурстар мәдени және табиғи өсімдіктерден тұрады. Мәдени өсімдіктер түрі шамамен 6 мыңдай. Алайда жер бетіндегі көп тараған ауылшаруашылық дақылдары түрлерінің саны 80-90-ға жуық, соның ішінде аса кең таралған түрлері бар-жоғы 15 -20-дай: бидай, күріш, жүгері, арпа, тәтті картоп (батат), қытайбұршақ, т.б.

Табиғи өсімдіктердің басым түрі орман ресурстарын құрайтын орман өсімдіктері. Жер ресурстары секілді, бұл сарқылатын, бірақ қалпына келетін ресурс түрлеріне жатады. Әлемдік орман ресурстары басты екі көрсеткішпен сипатталады: орман ауданының көлемімен (4,1 млрд га) және өсіп тұрған ағаш қорымен (330 млрд м3). Олар тұракты өсу есебінен жыл сайын 5,5 млрд м3 көбейіп отырады.

Ағаш материалдары ежелден құрылыс және қолданбалы материал ретінде кеңінен пайдаланылып келеді. Қазіргі кезде ағашқа отын ретіндегі сұраныс өсуде және әлемдегі дайындалатын ағаштың 1/2 бөлігі осы мақсатқа жұмсалады екен.

Тағы да мыңдаған жылдар бойы - егін шаруашылығы пайда болған неолиттен бастап ормандар егістіктер мен плантациялар үшін кесілді, өртелді. Соңғы 200 жылда Жер шарының ормандылығы екі есеге кеміді және ормандардың жойылуы аса зор ауқымға жетті. Топырақ эрозиясының өсуі, атмосферадағы оттектің азаюы осыған тікелей байланысты.

Дүниежүзіндегі орман көлемі аса зор екі белдеуді - солтүстік және оңтүстік орман белдеулерін алып жатыр.

Солтүстік орман белдеуі қоңыржай және субтропиктік климат белдеуінде орналасқан. Ол әлемдегі орман массивтерінің 1/2 бөлігін құрайды, Мұнда ерекше бағалы қылқанжапырақты ағаш түрлері өседі. Қарқынды түрде жүргізілетін ағаш дайындауға қарамастан, дамыған орман шаруашылығының есебінен (АҚШ, Канада, Финляндия, Швецияның) отырғызылатын ағаш көшеттері орман ауданын толықтырып отырады.

Оңтүстік орман белдеуі тропиктік және экваторлық климат белдеуінде орналасқан. Оған әлемдік орман массивтерінің 1/2 бөлігі тиесілі. Бұрын оны отынға пайдаланса, соңғы уақыттарда Жапонияға, Батыс Еуропаға, АҚШ-қа экспорттау артты. Оңтүстік белдеудегі ормандардың көлемі жолдардың, егіншіліктің, жайылымның есебінен қысқаруда.

Ылғалды мәңгі жасыл тропиктік ормандар 1 млрд га-дан астам ауданды алып жатса, олардың жартысынан астамы Латын Америкасында. Алайда Латын Америкасы мен Азия қазірдің өзінде осы ормандардың 40%-ын, ал Африка 50%-ын жоғалтып отыр.

Жануар тектес ресурс биосфераның құрамдас бөлігі ретінде маңызды ресурс түрі болып табылады. Ол қалпына келетін ресурсқа жатады. Жер бетінде жануарлардың миллиондаған түрі бар. Олар өсімдіктерге қарағанда көбірек әрі бірқатарының кәсіпшілік маңызы бар. Ал өсімдіктер мен жануарлар ғаламшардың генетикалық қорын құрайды. Оларды жойылудан қорғау қажет. Мысалы, 1600 жылдан 1995 жылға дейін жер бетінен жануарлардың 600-ден астам түрлері жойылып кетті, ал тағы да 35 мың түрдің жойылып кету қаупі бар. Әсіресе Еуропаның жануарлар дүниесі күшті қысым көруде. Қазірдің өзінде 30-50% құс түрлері жойылып кету қаупінде.

Дүниежүзілік мұхит ресурсы.Мұхит тек қана биологиялық, энергетикалық және минералдық ресурстар қоймасы емес, сонымен бірге өнеркәсіптің химиялык, фармацевтикалық және өзге де салаларының шикізат қоймасы болып табылады.

XX ғасырдың екінші жартысында мұхит шегінде және "мұхит - құрлық" аралығында өндіруші және өңдеуші өнеркәсіп, энергетика, көлік, сауда, туризм және рекреациялық салалары бар әлемдік теңіз шаруашылығы қалыптасты.

Мұхиттың биологиялық ресурстары. Дүниежүзілік мұхит - адамзат үшін өмірлік маңызы бар ресурс көзі. Онда көптеген жануарлар мен өсімдіктер түрі тіршілік етеді. Ал оның суында адамзатқа кажетті аса мол элементтер мен минералдар бар.

Биологиялық ресурстар - мұхиттар мен теңіздерде тіршілік етуші өсімдіктер мен жануарлардың жиынтығы. Ғалымдардың есебі бойынша мұхиттың биологиялық ресурстары ең кемінде 20 млрд адамды асырауға жетеді.

Адам пайдаланатын теңіз биомассасынын, 85%-ын балықтар құрайды. Өзге бөлігі былқылдақденелілерге (кальмар, мидия, устрица, т.б.), шаянтерізділерге (теңіз шаяны, омар, қысқышсыз шаян, асшаян) және кейбір теңіз сүтқоректілеріне тиесілі және де пайдаланылатын биомассаның өте шағын мөлшері балдырлардын үлесінде.

Жыл сайын 85-90 млн т балықтар, былқылдақденелілер, балдырларды аулау арқылы адамзат шамамен өзінің жануар нәруызына (белок) деген қажеттілігінің 20%-ын қамтамасыз етеді.

Дүниежүзілік мұхиттың, құрлықтар секілді ресурсқа бай және ресурсы аз аумақтары болады. Ауланған балықтың 90%-ы, былқылдақденелілер мен шаянтәрізділердің көп бөлігі қайраңдардан алынады. Күн сәулесі жақсы түсетін сулы ортада органикалық заттар - тіршіліктің негізгі ошақтары шоғырланған. Мұхиттың 2/3 бөлігін органикалық тіршілігі кедей аудандар алып жатыр.

Соңғы онжылдықта бірқатар теңіз организмдерін плантациялар мен ферма-ларда қолдан күтіп өсіру кеңінен таралуда.

Мұхиттың минералдық ресурстары. Теңіз суында Д. И. Менделеевтін периодтык жүйесіндегі химиялық элементтер түгелге жуық кездеседі. Бұл ресурстар мұхит табанында, жағалауында төсеніш ретінде кездеседі. Мысалы, мұхиттан титан, цирконий, қалайы, алтын, платина, күміс, мырыш, гауһар, фосфорит өндіріледі. Жағалаудан шахтылық әдіспен таскөмір, темір, мыс, никель, сынап кендері өндіріледі. Әсіресе мұхит табанында 3 км тереңдікте жатқан темір-марганец конкрецияларының құндылығы жоғары. Олардың қоры шамамен 2-1013 т деп есептеледі.

Мұнай, газ кендері теңіз табанында едәуір кең тараған. Қазіргі кезде олардың 350-дейі жұмыс істейді. Олар, негізінде, қайраңдарда орналасқан. Ең ірі кен орындары Парсы шығанағында, Кариб теңізінде (Венесуэла шығанағы) және Мексика шығанағында орналаскан. Бүгінгі күнге дейін жер бетіндегі барлық өндірілетін мұнайдың 20%-дан астам бөлігі теңіз түбінен өндірілуде.

Мұхиттың энергиялық ресурсына: толқындар қуаты, судың түрлі қабаттарындағы температура айырмашылығы, тұщы және ащы сулар араласатын аудандардағы осмостык қысым және теңіздердің қайту энергиялары жатады. Мұндай электрстансысының бірі - 1967 жылы Францияда Ла-Манш бұғазына құятын Ранс өзенінің сағасында тұрғызылды. Оның қуаты - 240 мың кВт.

Дүниежүзілік мұхиттың энергиясын пайдалану, өзірше ғылыми-зерттеу институттары мен инженерлік-тәжірибелік зерттеулер көлемінде қалып отыр.

Рекреациялык ресурстар. Қазіргі кезде әлемде рекреациялық ресурстар немесе демалу, емдеу-сауықтыру, туризм дамыған аумақтардың ресурстары аса зор маңызға ие болуда. Әрине, бұл ресурстарды таза табиғи ресурс деуге болмас, оларға антропогендік жолмен жасалған ресурстар, бірінші кезекте тарихи-сәулет ескерткіштері (мысалы, Түркістандағы Ахмет Йассауи кесенесі, Рим Колизейі, Афиныдағы Акрополь, т.б.) жатады. Дегенмен рекреациялық ресурстардын негізін табиғат элементтері құрайды: теңіз жағалаулары, өзен жағалары, ормандар, таулы аймақтар, т.б.

Рекреациялық ресурстар мынадай 4 негізгі топка жіктеледі: 1) рекреациялық емделу (мысалы, минералды сумен емделу: Сарыағаш); 2) рекреациялық денсаулық түзеу (мысалы, жағажайда шомылу: Қапшағай, Жасыбай, Бурабай, т.б.); 3) рекреациялық-спорттық (мысалы, Шымбұлақ тауындағы шаңғы базасы); 4) рекреапиялық-іздену (мысалы, тарихи ескерткіштер).

Табиғи рекреациялы ресурстарға: теңіз, көл және өзен жағалаулары, таулар, орман массивтері, минералды бұлақ көздері және емдік сазбалшықтар жатады. Ол жерлерде демалушылар мен туристер табиғат ландшафтыларын қызықтап, өсімдіктердің байлығын, таза ауамен демалуға деген жақсы мүмкіндіктерді сезініп, спортпен, аңшылықпен, балық аулаумен айналысуға мүмкіндік алады.

Табиғи-рекреациялық аумақтардың басты формалары - үлкен қалалардың айналасындағы жасыл белдеулер, қорықтар. ұлттық саябақтар.

Мәдени-тарихи орындар - тарихи, сәулет, археологиялық, мәдениет ескерткіштері. Мысалы, Отырар, Түркістан, Мәскеу кремлі, Лондондағы Вест-министер, Афина Акрополі, Рим Колизейі, Аградағы Теж-Махал кесенесі, Египет пирамидалары.