23-тақырып. Көлік және байланыс географиясы



Көліктің қандай түрлерін білесіңдер? Көлік жүйесінің дамуына ғылыми-техникалық революцияның қандай әсері бар? Байланыс құралдарының ең жаңа түрлерін атаңдар.

Көлік географиясы. Көлік мемлекеттік және халықаралық еңбек бөлінісінің материалдық негізін құрайды. Барлық байланые жолдары, көлік кәсіпорындары мен көлік құралдары дүниежүзілік көлік жүйесіне бірігеді. Көлік жүйесін дамытудың, әсіресе аумағы өте үлкен елдер үшін маңызы ерекше. Сондықтан көлік жүйесінің салаларын дамытуға бұл елдер көп қаржы жұмсайды.

Ғылыми-техникалық революция көліктің барлық түрлерінің қарқынды дамуына негіз болды. Бұл көліктер жылдамдығының артуынан, олардың жүк көтеру және тасымалдау мүмкіншіліктерінің кеңеюінен айқын көрінеді.

Көлік қатынасы жоғары дамыған елдерде жақсы жолға қойылған. Шығыс Еуропа елдері мен Ресейдің көлік жүйесі жолдардың жиілігі мен сапасы, жүк айналымының мөлшері жөнінен Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-тан әлдеқайда төмен дәрежеде. Дамушы елдер бойынша осы заманғы көлік жүйелері тек жекелеген елдерде ғана жоғары дамыған, ал көпшілік елдерде ат-арба, адам күшімен жүк тасу әлі де болса, кен орын алып келеді. Ауғанстан, Непал сияқты елдерде теміржол мүлдем жоқ. Сол сияқты Парсы шығанғы жағалауындағы мұнай өндіруші елдер мен Мүхит аралдары, Кариб теңізі алабындағы кейбір елдерде де теміржол жоқ.

Құрлық көлігінің құрамына теміржол, автомобиль және құбыр жолы кіретінін білесіңдер. Автомобиль көлігініц үлес салмағы жыл сайын арта түсуде. Оған дәлел - тасжолдардың ұзындығының күрт өсуі; қазіргі кезде дүниежүзі бойынша олардың жалпы ұзындығы 25 млн км-ге жуықтады (сызбанұсға қараңдар).

Бұл көрcеткіш жөнінен әсіресе АҚШ айрықша және көзге түседі: мұнда 1000 адамға шаққанда 600 автомобильден келеді. Автомобиль жолдарының ұзындығы жөнінен де (5 млн км) АҚШ жетекші орын алады. Ал жолдардың жиілігі жөнінен Батыс Еуропа мен Жапония алға шығады (кестені қараңдар).

Автомобиль көлігінің өте қарқынды дамуы көліктің жылдамдығына әрі жүкті шалғай аудандарға жедел жеткізуіне байланысты. Жалпы алғанда, дүниежүзілік жүк айналымының 10%-ы, жолаушы тасымалының 80%-ы автомобиль көлігінің үлесіне тиеді.

Дүниежүзіндегі теміржолдың жалпы ұзындығы 1 млн 250 мың км-ге жуық. Теміржолдың ұзындығы жөнінен де АҚШ алда келеді. Бірақ жолдардың жиілігі Батыс Еуропа да өте жоғары, онда 100 км2 жерге 10 км теміржол тиесілі болады. Жүк айналымындағы теміржол үлесі 15% шамасында.

Кесте

Кейбір елдердегі теміржол мен автомобиль жолдарының ұзындығы, мың км

Құбыр көлігі соңғы жылдары мұнай өндірудің артуына байланысты жедел қарқынмен дамуда. Ұзындығы 4,5-5 мың км болатын мұнай және газ тасымалдайтын құбырлар Ресей, Канада, АҚШ жерінде орналаскан. Құбыр көлігінің үлесіне жүк айналымының 10%-ы тиесілі.

Теңіз көлігінің үлесіне елдер арасындағы жүк тасымалының 80%-ы, дүниежүзілік жалпы жүк айналымының 60%-ы тиеді. Ірі теңіз державалары арасындағы өзара бәсеке салдарынан көптеген ірі кемелер салық тұрғысынан ұтымды болатын дамушы елдердің туы астында жүзеді. Сондықтан теңіз жүк тасымалындағы жетекші елдер қатарынан Панама, Либерия, Грекия, Кипрді көруге болады. Ірі сауда кемелерінің үлесі Ұлыбритания, Жапония, Норвегия, АҚШ, Ресей, Қытай елдерінде де жоғары.

Теңіз жолының ежелден белгілі ауданы - Атлант мұхиты. Ірі порттары: Роттердам (Нидерланд), Жаңа Орлеан (АҚШ), Марсель (Франция), Гамбург (ГФР). Соңғы кезде Азияның жаңа индустриялық елдерінің қарқынды дамуы Тынық және Үнді мұхиттарындағы теңіз жолдарын игеруге мүмкіндік беруде. Бұл аймақтағы халықаралық маңызы бар ірі порттар қатарына Кобе, Нагоя, Иокогама (Жапония) және Сингапур жатады. Теңіз жолдарының түйіскен жері жіңішке бұғаздар мен теңіз каналдары болып табылады. Ла-Манш бұғазы арқылы тәулігіне 500, Зонд бұғазы арқылы 175, Гибралтар бұғазы арқылы 140 кеме өтеді. Сонымен қатар Ормуз, Малакка, Босфор бұғаздарының (картадан табыңдар) маңызы зор. Адамзаттың акыл-ойы мен еңбегінің нәтижесінде пайда болған жасанды бұғаздар - Суэц, Панама және Киль каналдары экономикалық жағынан аса тиімді теңіз қақпасы болып табылады (кестені қараңдар).

Кесте

Кеме жүзетін ірі каналдар

Жүк айналымында мұнай мен мұнай өнімдері алдыңғы орынды алып, сол сияқты құрғак жүк деп аталатын темір кені, көмір, астық, ағаш және т.б. жүктер де көбеюле. Мамандандырылған кемелердін, әсіресе танкерлердің үлесі артуда.

Өзен-көл көлігі көбінесе жеке елдердің, сондай-ақ халықаралық жүк тасымалының да бір бөлігін қамтиды. Еуропада Рейн, Дунай, Эльба, Одер, Америкада Әулие Лаврентий, Парана өзендері мен Ұлы көлдер ірі халықаралық су жолдары болып саналады. Біздің еліміздегі Каспий теңізінің де осындай маңызы бар.

Әуе көлігі - көліктің ең жаңа және қарқынды дамып келе жатқан түрі. Әуе көлігі көбінесе жолаушы тасымалы мен тез бұзылатын (жемістер мен көкөністер) жүктерді тасымалдауда үлкен маңыз алуда. Соңғы жылдары турбовинтті және реактивті ұшақтардың енгізілуі әуе көлігінің тиімділігін арттыруда. Олардың қатарында көбінесе халықаралық әуе тасымалын қамтамасыз ететін "Боинг- 747" (АҚШ), "Ил-86" (Ресей), "Аэробус" (ГФР- Франция - Ұлыбритания), жылдамдығы 2-3 мың км/саг-қа жететін "Конкорд" (Франция - Ұлыбритания) ұшақтары бар.

Әуе көлігі ең күшті дамыған ел - АҚШ, ол дүниежүзіндегі жолаушылардың 50%-ын тасымалдайды. Дүниежүзіндегі ең ірі әуежайлар: "О' Хара" (Чикаго), Даллас, Лос-Анджелес, Атланта, "Хитроу" (Лондон), "Ханеда" (Токио) және т.б.

Өркениетті елдердегі тәрізді Қазақстан да көлік жүйелері мен желілерін жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Оған 1998-2005 жылдар аралығында көлік инфрақұрылымы мен көлік түрлерін жетілдіруге бағыттайтын үкімет жобасы дәлел болады. Бұл жоба халықаралық көлік жүйесіне кіру мақсатын көздейді. Жылма-жыл бұл салаға 320 млн АҚШ доллары есебінде инвестиция тартылады. Қазақстандағы жолаушы және жүк тасымалының үлесі аса қарқынды өсіп отырған саласы - теміржол көлігі болып табылады.

Байланыс құралдары. Байланыс құралдары қазіргі кездегі ең басты қажеттіліктердің бірі болып табылады. Ол өте маңызды экономикалық және әлеуметтік қызмет атқарады. Осы заманғы байланыс құралдарынын көмегімен Жер шарының ең шалғай орналасқан аудандарымен, тіпті ғарышпен де байланыс жасалады. Бірақ дүниежүзінде байланыс жүйесі біркелкі таралмаған, тіпті адамзаттың тең жартысына жуығы "телефон" дегеннің не екенін де білмейді (кестені қараңдар).

Кесте

Елдердің телефонмен қамтамасыз етілуі (1000 адамға шаққанда)

Байланыс жүйесі өте күшті дамыған ел - АҚШ. Оның үлесіне дүниежүзіндегі телефон жүйелерінің 2/5-сі, ең жаңа байланыс жүйелерінің 9/10-ы тиесілі. Оған нақты мысал ретінде мынаны айтуға болады: Нью-Йорктің Манхаттен ауданындағы телефон желіснің саны бүкіл Африка материгіндегі желілер санымен бірдей.

Қазақстанда қазіргі кезде байланыс құралдарының ең жаңа үлгілері іске қосылуда. Республикамыздың байланыс жүйесінде сандық телефон стансылары, ұялы телефон, арнайы карточка көмегімен байланысқа шығуға мүмкіндік беретін таксофондар, факс және пейджинг, Жердің жасанды серіктері арқылы байланысу елеулі орын ала бастады. 1994 жылдан бері Қазақстан әлемдік интернет жүйесіне тұрақты қосылды.

Көлік пен байланыс жүйелері дүниежүзі елдері арасындағы экономикалық және әлеуметтік байланыстарды жүзеге асырудағы негізгі көмекші құрал болып табылады. Сондықтан олардың қалыптасуы, дамуы және таралу ерекшеліктерін білудің де қажеттілігі туындайды.