13-тақырып. Дүниежүзілік шаруашылықтың қалыптасуы және оның құрылымы



Дүниежүзілік шаруашылықтың қалыптасу кезеңдері. Әрбір елдің ұзақ тарихи уақыт аралығында қалыптасқан, өзіндік сипаты бар ұлттық шаруашылығы болатыны белгілі. Жалпы алғанда, дүниежүзіндегі елдердің бір-бірімен күрделі экономикалық қарым-қатынастар жүйесі арқылы байланысқан ұлттық шаруашылықтарының жүйесін дүниежүзілік шаруашылық деп атайды.

Дүниежүзілік шаруашылықтың қалыптасуы үш кезеңге бөлінеді:


1. Индустрияландыруға дейінгі кезең;

2. Индустриялану кезеңі;

3. Қазіргі кезең (кестені қараңдар)

Халықаралық экономикалық қатынастардың дамуын XVIII ғасырдың соңында машиналық өндірістің пайда болуына байланысты Батыс Еуропаның бірқатар елдерін қамтыған өнеркәсіпті революция күшейтті. Ұлттық шаруашылықтардың маманданған салаларының пайда болуы елдер арасындағы еңбек бөлінісін қалыптастырды. Алдыңғы қатарлы елдердің индустриялық даму кезеңіне өтуі өнеркәсіп құрылымының өзгеруіне, көлік қатынасының жетілуіне және халықаралық экономикалық қатынастардың күрделенуіне, халықаралық нарықтың құрылуына алғышарт болды.

Кесте

Дүниежүзілік шаруашылықтың даму кезеңдері

XIX ғасырда Еуропа, Солтүстік Америка елдері және Жапонияда бірінші өнеркәсіптік революция болды. Бұл кезеңнің экономикалық негізін таскөмір, болат және теміржолдар қалады. Соның нәтижесінде жеке ел аумағынан шығып, дүниежүзілік маңызға ие болған алғашқы ірі өнеркәсіптік аудандар - "Қара Англия", Рур, Лотарингия, Пенсильвания қалыптасты. Бұл аудандарда өндірістін, және қаржының шоғырлануы жүріп, шетке қаржы шығарудың алғашқы қадамы жасалды. Қазіргі ұлтаралық корпорациялардың негізі осы кезеңде қалана бастады.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында болған екінші өнеркәсіптік революцияға электр энергетикасы, машина жасау және химия өнеркәсібінің пайда болуы әсер етті. Мысалы, 1870 жылы дүниежүзінде электр энергиясын өндіретін бірде-бір кәсіпорын болмаған. Ал XX ғасырдың басында электрстансыларының жалпы қуаты 3 млн кВт болды. Ең алғашқы су электрстансылары XIX ғасырдың соңында Германияда (Неккар өзенінде) және Солтүстік Америкада (Ниагара өзенінде) салынды. Сонымен қатар осы кезеңде іштен жанатын және дизельді двигательдердің жасалуы машина жасау саласына негіз болған басты жаңалық болды. Минералды тыңайтқыштар, жасанды бояулар жасаудың, дәрі-дәрмек және қағаз өндірісінің негізі қаланды. Көлік және байланыс құралдары жетілдірілді. 1863 жылы Лондонда алғашқы метро пайдалануға берілді, ал 1869 жылы Суэц, 1914 жылы Панама каналдары іске қосылды. Автомобиль жасау саласында өндірістің конвейерлік тесілі қолданыла бастады. Шаруашылықтын, салалық құрылымының күрделенуі монополиялардың құрылуына негіз болды. Мұның барлығы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында дүниежүзілік шаруашылықтың түбегейлі қалыптасуына алып келді.

XX ғасырдың ортасына қарай ғылыми-техникалық революция ықпалымен дәстүрлі өндіріс құрылымы мен экономиканы басқару саласында түбегейлі қайта құрулар жүрді. Адам факторының күшеюі өндірістік емес саланың қарқынды дамуына алғышарт болды. Осының нәтижесінде көптеген елдерде және дүниежүзінде шаруашылық кұрылымының күрделі өзгерістері жүріп, дамудың постиндустриялық кезеңі басталды.

Қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылық. Қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылық - халықаралық еңбек бөлінісіне негізделген экономикалык, саяси-әлеуметтік қатынастар арқылы өзара тығыз байланысқан сан салалы ұлттық шаруашылықтардың жүйесі. Бүкіл дүниежүзінің экономикалық даму деңгейі түрліше елдерін толық қамтуы бұл жүйенің ішкі қарама-қайшылығын тудырады. Бұл ұлттық шаруашылықтар арасындағы экономикалық теңсіздіктен айқын көрінеді. Қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылықтың ерекшеліктері мен даму бағыттары XX ғасырдың соңында түбегейлі айқындалды (сызбанұсқаға қараңдар).

XX ғасырдың 90-жылдарында социалистік шаруашылық жүйесінің жойылуы айкқын екі бағытқа бөлініп келген дүниежүзілік шаруашылықты экономикалық дамудың бірыңғай бағытына тоғыстырды. Қазіргі дүниежүзілік шаруашылықтың түпқазығын құрайтын үш ірі орталық (Еуропа, АҚШ және Жапония) сақталып қалды. Өздерін сызбанұсқадан көріп отырғандай, дүниежүзілік шаруашылықтың дамуына ғылыми-техникалык революция, дамудың ғаламдық ауқымды қамтуы, адамзаттың әлеуметтік рөлінің артуы және елдер арасындағы интеграция әсер етті. Әсіресе дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымына ғылыми-техникалық революция күшті ықпал жасауда. Оған дәлел - көптеген жетекші елдердің шаруашылығының негізі болып саналған дәстүрлі өнеркәсіп салаларының орнына ғылымды көп қажет ететін жоғары технологиялық өндіріс салаларының өркендеуі. Бұл салалардың өнімдері жоғары дамыған елдердің сыртқы сауда үлесінің басым бөлігін құрайды. Мысалы, халықаралық нарықтағы мұндай өнімдердің 90%-ы АҚШ, Жапония, ГФР, Франция, Италия және Ұлыбритания елдеріне тиесілі. Ғылым мен техника жетістіктері өндірістің жабдықталу дәрежесін де түбегейлі өзгертті.

Қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылыққа дамудың ғаламдық ауқымды қамтуы да тән. Ол жеке елдер аумағымен шектелмейтін ұлтаралық бірлестіктер мен ірі банктердің құрылуынан, ақпараттық және байланыс құралдарының біртұтас жүйелерінің қалыптасуынан көрінеді.

Дүниежүзілік шаруашылық - өзінің құрылымдық ерекшелігіне байланысты ынтымақтастыққа негізделген жүйе. Әсіресе XX ғасырдың екінші жартысына қарай бір-бірімен өте тығыз байланысқан ұлттық шаруашылықтар дүниежүзілік шаруашылықтың өркендеуіне, жалпы әлемдік даму процесіне күшті ықпалын тигізді. Экономикалық интеграция бірнеше даму кезеңдерін бастан кешіріп, дамудың бірнеше үлгілерін алмастырды және оған қатысушы елдердің қатары да көбейді. Әрбір экономикалық одақ өзіне мүше елдердің экономикалық деңгейін көтеруге қолайлы ықпал жасағанымен, бұл одақ аумағына басқа елдердің тауарлары мен қаржысы ене алмайтын тұйык шеңберге айналдырады. Соған қарамастан эконо¬микалық интеграция белгілі бір аймақтағы елдердің даму бағыттарын анықтап, деңгейін теңестіреді. Экономикалық интеграцияның тиімділігі Еуропаның 27 елін біріктіретін Еуропалық Одақтың мысалында айқын көрінеді. Бұл Одақ құрамына кіретін елдер арасында тауарлар, қаржы және еңбек ресурстарының ортақ нарығын қалыптастыру мақсатын кездейді. Бұдан басқа АҚШ, Канада және Мексика арасындағы, Латын Америкасы елдері арасындағы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері Ассоциациясы, Азияның сыртқа мұнай шығаратын елдерінің ұйымы және ТМД елдерінің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты да айтуға болады.

Халықаралық географиялық еңбек бөлінісі. Дүниежүзілік шаруашылыкпен бірге халықаралық географиялық еңбек бөлінісі де қалыптасып келеді. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісі деп жеке елдердің өнімнің белгілі бір түрлерін, шикізат пен даяр бұйымдарды өндіруге және олармен айырбас жасауға мамандануын атайды. Халықаралық географиялық еңбек бөлінісі дүниежүзілік шаруашылық аясында дами отырып, жекелеген елдердің ұлттық шаруашылығын өзара байланыстырады.

Географиялық еңбек бөлінісі жеке елдердің арасындағы экономикалық-географиялық және әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтардың болуынан туындайды. Сонымен қатар ол елдердің шаруашылық құрылымы мен тарихи дәстүрлерімен тығыз байланысты. Өйткені әрбір елге тарихи кезең аралығында қалыптасқан өзіндік дәстүрлі өнеркәсіп салалары мен ауыл шаруашылығының маманданған бағыттары тән. Әдетте, маманданған салалар өнімдері сапалылығымен ерекшеленеді, сондықтан дүниежүзілік нарықта оларға сұраныс өте жоғары. Әр елдің өнімнің белгілі бір түрлерін өндіруге және қызмет көрсетудің жекелеген салаларына мамандануы себепті ішкі нарық сұранысынан асып кеткен жағдайда ол өнімдерді сыртқа шығару қажеттілігі туындайды. Мысалы, Жапония автомобиль жасау жөнінен дүниежүзінде 1-орын алады. Елде шығарылатын автомобильдердің тең жартысы басқа елдерге экспортқа шығарылады. Демек, автомобиль жасау - Жапонияның халықаралық дәрежеде маманданған саласы.

Сонымен қатар соңғы жылдары Жапония кеме жасау (супертанкерлер), радиоэлектроника және роботтар жасауға мамандану жөнінен халықаралық денгейге көтерілді.

Парсы шығанағы жағалауындағы елдер мұнай өндіруге мамандануы нәтижесінде әлемдегі әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары елдер қатарына қосылды. Бұдан белгілі бір шаруашылық саласына маманданган елдердін барлығы бірдей даму деңгейін көтереді деген ұғым тумауы керек. Мысалы, плантациялық шаруашылық өнімдерін сыртқа шығаруга маманданған Африка мен Латын Америкасының дамушы елдерінің экономикасы осы өнім түрлерінің әлемдік нарықтағы бағаларына тікелей тәуелді болады. XX ғасырдың 70-жылдарынан бастап көптеген өнімдердің әлемдік нарықтағы бағаларын өнім өндіруші елдердің бірлескен халықаралық ұйымдары реттейді. Мысалы, мүнай өндіретін 12 елді біріктіретін ОПЕК ұйымы мұнайдың нарықтық бағасын өндіруші елдердіц экономикасына тиімді болатындай етіп анықтап отырады.

Әлемдік нарыққа көптеген минералды шикізат түрлерін, соның ішінде мұнай шығаратын Қазақстан экономикасы да көп жағдайда осы өнім түрлеріне Еуропа немесе Америка, Азия биржаларында қойылатын бағаларға тәуелді болып отыр. Қазақстан Республикасы Әлемдік Сауда Ұйымына мүше болып енген жағдайда, маманданған салалар өнімін сату негізінде ел экономикасында тиімді өзгерістер болады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, халықаралық еңбек бөлінісі қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылық жағдайында сөзсіз болатын құбылыс, ол елдер арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтіп, бәсекелестік жағдайында елдердің бейбіт қатар өмір сүруіне негіз болады.

Нақты айтқанда XXI ғасырда дүниежүзілік шаруашылық түбегейлі өзгерістер алдында тұр. Болашақта электроника, лазерлік техника, биотехнология жетекші салаларға айналып, атом энергетикасы мен химия саласындағы ең соңгы жетістіктермен қаруланған жаңа өндіріс салалары дамытылатын болады. Қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылықтың құрылымымен және аумақтық айырмашылықтарымен сендер кейінірек жете танысатын боласыңдар.