19-тақырып. Өңдеуші өнеркәсіптің басқа салалары



Химия өнеркәсібі. Өнеркәсіптің бұл саласы ел экономикасының даму деңгейінің айқын көрсеткіші бола алады. Өйткені ғылым мен техника жетістіктерінің өндіріске жедел енгізілуі жөнінен химия өнеркәсібін электроника мен қатар қоюға болады. Химия өнеркәсібінің бірнеше өзіндік ерекшеліктері бар:


1)алуан түрлі, құрамы жөнінен әркелкі шикізат түрлерінің пайдалануы;

2)құрылымы жағынан өте күрделі болуы;

3)энергияны, әсіресе жылуды көп қажет етуі;

4)кейбір салаларында судың көп мөлшерде пайдалануы;

5)ғылымға негізделген ең жаңа өндірістің болуы;

6)қазіргі заманғы салаларының, негізінен, адамның күнделікті өмірі мен денсаулығына қажетті және өндірістегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге батытталған өнімдерді шығаруға мамандануы;

7) шығаратын өнім түрлерінің көптігі; бұл көрсеткіш бойынша тек машина жасау өнеркәсібіне ғана жол береді.

Химия өнеркәсібінің орналасуы дүниежүзі бойынша бірыңгай зандылыққа бағынбайды. Өйткені оған көптеген факторлар (табиғи, экономикалық, тарихи және т.б.) әсер етеді. Кәсіпорынның орналасуы, әдетте, оның қандай өнім шығара-тындынғымен тығыз байланысты. Сондықтан оның құрылымына тоқталайық. Мұндағы салаларды шартты түрде үш топқа біріктіруге болады: негізгі өндіріс (полимер материалдары, минералды тыңайтқыштар шығару); өңдеуші өндіріс (бояғыш заттар, лактар мен бояулар, дәрі-дәрмек, резеңке (резина) - техникалық бұйымдар жасау); жартылай дайын өнімдер (тұздар мен қышқылдар, сілтілер) өндірісі.

Қазіргі заманғы химия өнеркәсібінде полимер материалдарын өндіру жетекші орын алып отыр. Оның өркендеуі шаруашылықтың басқа салаларының дамуына да ықпал етуде. Әсіресе өнеркәсіпке, құрылыс пен тұрмыстық шаруашылыққа арналған өнімдерді жасайтын пластмасса және синтетикалық шайырлар өндірісі жедел қарқынмен дамуда.

Шикізат ретінде мұнай химиясының жартылай дайын өнімдері пайдаланылады. Ғылымды көп қажет ететін бұл өндіріс жоғары дамыған елдерде және Азияның жаңа индустриялық елдерінде шоғырланған. Дүниежүзі бойынша өндірілетін пластмассаның 75%-ын бар болтаны он ел, ал жартысынан астамын үш жетекші ел (АҚШ, Жапония, ГФР) береді. Негізгі химия шығаратын полимерлер арасында жасанды каучук те бар. Қазіргі кезде ҒТР жетістіктерін кеңінен пайдалану нәтижесінде жасанды каучук өзінің сапасы (температураның ауытқулары мен отқа төзімділігі) жөнінен табиғи түрінен асып түседі. Жасанды каучук өндірісі автомобиль жасайтын жетекші елдерде күшті дамыған. Полимер өндірісінде химиялық талшықтар жасау да айрықша орынға ие. Қазіргі кезде жасанды талшықтар өндіру тіпті табиғи талшықтар өндірісін басып озды. Химиялық талшықтар жеңіл өнеркәсіпте ғана емес, шаруашылықтың көптеген саласында техникалық, мақсатта кеңінен пайдаланылады. Химиялық талшық өндірісі де аумақтық шоғырлануымен көзге түседі; бұл сала өнімінің 2/5 бөлігі Қытай, АҚШ және Тайваньға тиесілі.

Минералды тыңайтқыштар өндірісі көп жағдайда елдегі ауыл шаруашылығының даму дәрежесін анықтайды. Әсіресе азот тыңайтқыштарын жасауға көп көңіл бөлініп, мұнда шикізат ретінде табиғи газ пайдаланылады. Азот тыңайтқыштарына сұраныстың өсуіне байланысты оның өндірісі ауылшаруашылықты аймақтарда (Азия, Солтүстік Америка мен Шығыс Еуропа) шоғырланған. Қытай, АҚШ және Үндістанда тыңайтқыштың бұл түрінің жартысынан астамы өндіріледі. Тыңайтқыштың басқа түрлерін (фосфор және калий) өндіруге арнайы шикізат қажет болғандықтан, олардың өндірісінің орналасуы шикізат көзімен тығыз байланысты. Қазақстанда жергілікті шикізат негізінде өндірілетін фосфор тыңайтқыштары басқаларына қарағанда басымырақ; XX ғасырдың соңында оның көлемі 26 мың т-ға жетсе, азот тыңайтқыштары бар болтаны 10 мың т шамасында өндіріледі.

Химия өнеркәсібінің өңдеуші саласында ғылымды ең көп қажет ететін, өнімдерінің өзіндік құны жоғары дәрі-дәрмек өндірісі айрықша көзге түседі. Бұл саладағы ғылыми зерттеулер және дайын өнімдерді сынақтан өткізу қаржыны көп қажет ететіндіктен өндірісі жоғары дамыған елдерде шоғырланған. Дүниежүзінде өндірілетін дәрі-дәрмектің 3/4 бөлігін АҚШ, ГФР, Ұлыбритания мен Жапония шығарады.

Жеңіл өнеркәсіп. Өнеркәсіптің басқа салаларымен салыстырғанда әлеуметтік маңызға ие болып отырған бұл сала белгілі бір аймақтағы немесе елдегі тұрғын халықтың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында дамиды. Оның дамуындағы басты фактордыц бірі - сапалы жұмыс күшінің болуы. Соңғы онжылдықтарда өңдіріске ҒТР жетістіктері кеңінен енгізіле бастады. Құрылымы жағынан шартты түрде бірнеше сатылы өндірістен тұрады: шикізат өндірісі (мақта талшығын алу, теріні бастапқы өңдеу); жартылай дайын өнімдер өндірісі (жіп иіру, тоқыма, бояу, елтірі); дайын өнімдер шығару (тігін өндірісі, кілем тоқу, аяқкиім). Қазіргі кезде, әсіресе дайын өнім өндірісі жедел қарқынмен дамуда.

Жеңіл өнеркәсіптің орналасуы XX ғасырдың екінші жартысында күрделі өзгерістерге ұшырады. Бұл сала бойынша дүниежүзінде жетекші орынға Азия елдері шықты. Бұған жергілікті шикізат базасы, салыстырмалы түрде арзан жұмыс күші, азиялықтардын, дәстүрлі кәсіби мамандануы себепші болды. Дүниежүзінде өндірілетін табиғи жібек пен джуттың (табиғи талшық алынатын өсімдік) барлығы дерлік, ал ірі қара мал терісінің 30%-дан астамы Азияның үлесіне тиесілі, мақтаның жартысынан астамы осында жиналады. Химиялық талшықтар өндірісінің 2/3 бөлігін Азия елдері өндіреді. Тек жоғары сапалы аустралиялық жүнді сатып алуға мәжбүр. Ұзақ уақыт бойы Батыс Еуропаның меншігінде болған зығыр өндірісінен Қытай алдыңғы орынға шықты. Батыс Еуропа елдері мен АҚШ неғұрлым күрделі технология мен сапалы шикізатты қажет ететін қымбат өнімдер (бағалы елтірі бұйымдары, сәндік киім-кешек, қымбат аяқкиім және т.б.) өндірісінде жетекші рөлін сақтап отыр.

Тоқыма өнеркәсібі табиғи және жасанды талшықтар негізінде жұмыс істейтіндіктен, соңғы онжылдықта жасанды талшықтар үлесінің артуы өндірістің құрылымы мен орналасуына тікелей ықпал етті. FTP жетістіктерін пайдалану нәтижесінде жоғары дамыған елдер мен жаңа индустриялы елдерде тоқылмайтын материалдар өндірісі жолга қойылды. Қазақстанда мұндай өндіріс Қызылорда қаласында орналасқан. Сонымен қатар табиғи және жасанды талшықтарды араластыру арқылы мүлде жаңа мата түрлері шығарыла бастады. Жалпы алғанда, мақта маталарын өндіретін кәсіпорындар жұмыс күші арзан дамушы елдерде (әсіресе Азиядағы), негұрлым қымбат жүн маталарын тоқу дамыған елдерде, сонымен қатар Қытайда шоғырланған. Жібек маталарын тоқу жасанды талшықтар өндірісімен тығыз байланыста дамып отыр.

Тамақ өнеркәсібі. Қазіргі заманғы тамақ өнеркәсібінің дамуына аумақтық алшақтықтар тән. Жоғары қарқынды дамыған елдерде азық-түлік жергілікті тұрғындар қажеттілігінен әлденеше есе көп шығарылса, мешеу елдерде оның ұдайы жетіспеуінен аштық жиі болып тұрады. Тамақ өнеркәсібін дамыту кез келген ел үшін экономикалық жағынан тиімді болып табылады. Дайын өнім әрқашан да өңделмеген шикізаттан қымбат тұрады, сондықтан тамақ өнеркәсібі өзін-өзі тез ақтайтын салалардың бірі. Дамыған елдерде тағамның сапасын және эстетикалық тартымдылығын арттыру үшін арнайы өңдеу технологиялары қолданылады.

Тамақ өнеркәсібі - көптеген салалар мен өндірістік-технологиялық сатылардан тұратын күрделі жүйе. Оның құрамында бастапқы өндіріс (мал сою, балық аулау), жартылай дайын өнімдер (ұн тарту, қант, сүтті алғашкы өңдеу) өндірісі, дайын өнімдер (ірімшік, сарымай, басқа сүт өнімдері, ет өнімдері, нан, кондитерлік өнімдер және т.б.) өндірісі бар. Тамақ өнеркәсібінің жеке салалары дәм-татымдық өнімдерді (темекі, сусындар, минералды сулар мен шырындар, тағамдык қоспалар) де өндіреді. Соңғы жылдары FTP жетістіктері негізінде агроөнеркәсіптік кешен ауқымында өндірістік желілерді іске қосуға мүмкіндік туды. Бұл экономикалық тиімді болумен қатар, сапалы өнімге деген сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну елдер бойынша айырмашылық жасайды (18-кестені қараңдар).

Батыс Еуропада қазіргі заманғы тамақ өнеркәсібін аса сапалы жергілікті шикізатты өңдеу негізінде дайындалған өнімдер (ірімшік түрлері, шарап, сүт тағамдары, сыра) өндірісі құрайды.

Кесте

Жан басына шаққанда негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну (жыл ішінде, кг)

Өндірістің ұлғаюы және алуан түрлі шикізат түрлеріне деген сұраныс ірі ұлтаралық бірлестіктердің құрылуына алып келді. Олардың аса ірілері - ондаған елде кәсіпорындары бар, өнімдерін дүниежүзі білетін швейцариялық "Нестле" және нидерланд-ағылшындық "Юнилевер". Батыс Еуропа шарап, ірімшік және сыра дайындаудан дүниежүзінде 1-орын алып, негізгі тағам түрлерімен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Солтүстік Американың тамақ өнеркәсібіне монополиялану тән; қазіргі заманғы ірі компаниялардың ("Пепси-кола", "Кока-кола") көптеген елдерде өкілдігі бар. Аймақтың ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы нәтижесінде негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етілген. Соған қарамастан басқа елдерден түрлі азық-түлік сатып алынады.

Басқа аймақтардағы дамушы елдерде тамақ өнеркәсібінің жергілікті сұранысты қамтамасыз ететін салалары басым дамыған. Жеке елдердің шикізат базасына байланысты халықаралық дәрежеде маманданған салалары да бар. Балық өнімдерін сыртқа сатуда Чили мен I Геру; Бразилия, Колумбия, Индонезия, Мексика кофені; Үндістан, Қытай, Кения, Шри-Ланка шайды; Үндістан, Бразилия, Куба қантты экспорттауда алдыңғы орында.

Сонымен тамақ өнеркәсібі салаларының дамуына аймақтық (аудандық) ерекшеліктер тән. олар: біріншіден, жергілікті шикізат көзіне; екіншіден, елдің даму деңгейіне байланысты азық-тулік түрлеріне сұраныстьщ әркелкі. болуы; үшіншіден, жергілікті ұлттық (діни) әдет ғұрыптарға байланысты болады.