26-тақырып. Халықаралық туризм. Халықаралық экономикалық ынтымақтастық



Халықаралық туризм. Халықаралық экономикалық байланыстардың айрықша түрі болып табылатын халықаралық туризм қазіргі кезде жедел дамып келеді. Оған жеке аймақтар мен елдердегі рекреациялық ресурстар алғышарт болады (ресурстың бұл түрін естеріңе түсіріңдер). Халықаралық туризм үлесіне шамамен дүниежүзілік жиынтық ішкі өнімнің және жалпы жұмыс істейтін халықтың 10%-ы тиесілі; туризм күшті дамыған кейбір елдерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Мальдив Республикасында туризм мен оған бағдарланған салалар жиынтық ішкі өнімнің 25%-ын береді; Кубада мемлекет қазынасына түсіретін пайдасы жағынан халықаралық туризм 1-орында түр. Жалпы шетел туристерін қабылдау жөнінен Еуропа жетекші орын алады, оның үлесіне барлық туристердің 60%-дан астамы тиесілі. Америкаға шетел туристерінің 20%-ы, Азияға 10%-ы келеді.

Қазіргі кезде халықаралық туризмнің ірі аудандары қалыптасқан (суретті қараңдар).

Әлемдегі ең ірі may шаңғысы туризмінің орталығы Алыті болып табылады, жылына бұл аудан 60 млн-нан астам туристерді қабылдайды. Сол себепті альпілік елдерде, әсіресе Швейцария мен Австрияда туристерге қызмет көрсетумен байланысты салалар (шаңғы жолдары мен тауға көтеретін қондырғыларды жабдықтау, аса жайлы қонақүйлер, көлік пен сауда қызметін ұйымдастыру) жоғары дәрежеде дамыған. Әлемнің басқа бөліктерінде де туризмнің бұл түрі дамуда, бірақ бұл жөнінен Альпіге тең келетін аудан жоқ. Біздің елімізде тау шаңғысы туризмін дамытуға қажетті жағдайлар бар, сондықтан Алматы маңындағы Шымбұлақ мекенін халықаралық дәрежедегі туристік орталыққа айналдыру жоспарлануда.

Қамтылатын туристердің саны жөнінен теңіз жағалауындағы курорттар жетекші орын алады. Туристердің айрықша жиі баратын ауданы - Еуропа, Азия және Африканың Жерорта теңізі жағалауы. Мұнда әлемге әйгілі Көгілдір жағалау (Француз және Италия Ривьерасы), Кипр және Мальта аралдары, Испания жағалауы мен Балеар аралдарындағы, Солтүстік Африканың курортты қалалары орналасқан. Сонымен қатар Таиланд пен Мұхит аралдарында, Кали¬форния мен Флориданың құмды жағалауларында, Бразилия мен Мексиканың теңіз курорттарында демалушылар саны артып келеді. Қазақстандағы бірқатар туристік агенттіктер аталған аудандарда еліміз азаматтарының демалысын ұйымдастыру бағытында жұмыс істеуде.

Қазіргі кезде теңізді айналып жүзу (круиз) халықаралық туризмнің маңызды түріне айналып отыр. Бұл аса жайлы кемелермен саяхаттау және құмды жағалауларда демалу, бірнеше елмен танысу мүмкіншілігінің ұштастырылуымен түсіндіріледі. Туризмнің бұл түрінің дәстүрлі аудандарына Жерорта теңізі, Кариб алабы мен Мұхит аралдары жатады.

Туристердің көп баратын нысандарының бірі - қалалар. Бұл тұрғыда әсіресе тарихи ескерткіштерімен әйгілі ежелгі қалалар айрықша көзге түседі. Еуропалық өркениет пен сеулет өнерінің түрлі кезеңдерінің ескерткіштері сақталған Еуропа қалаларына жыл сайын дүниенің түкпір-түкпірінен туристер легі ағылады. Франция, Италия және Испанияның әрқайсысына жылына 30 млн-нан астам туристер келіп, оларды қабылдаудан елдер қазынасына 10 млрд доллар шамасында пайда түседі.

Халықаралық туризмнің айрықша түріне қасиетті діни орындарға құлшылық ету жатады. Барлық мұсылмандар үшін Сауд Арабиясындағы Мекке мен Медине қалаларына қажыға бару қасиетті борыш деп есептеледі. Түркістан қаласындағы Қояса Ахмет Йассауи кесенесі сәулет өнерінің озык үлгісі ретінде ғана емес, мұсылмандардың қадір тұтатын нысаны ретінде де кеңінен танымал. Ал христиан дінінің қасиетті жәдігерлері Иерусалим қаласында шоғырланған. Халықаралық туризмнің басқа да салыстырмалы түрде аз тараған түрлері жеткілікті.

Экономикалық ынтымақтастық. Қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруа-шылықтың басты даму бағыттары ретінде ғаламдану және аймақтану процестерін атауға болады.

Экономиканың ғаламдануы ұлтаралық бірлестіктердің белсенді әрекет етуі, мемлекеттік шекаралардын көмескіленуі және дүниежүзілік шаруашылықтың біртұтас жүйеге айналуы жағдайында жүзеге асады.

Ғаламдану елдер арасындағы экономикалық бәсекелестікті күшейте түседі, тікелей қаржының халықаралық экономика орталықтарында (АҚШ, Жапония, ЕО елдері) шоғырлануы жоғары дамыған елдердің әлемдік нарықтағы айқын басымдылығын одан әрі нығайтады. Мұндай бәсекелестік жағдайында дамушы елдердің ғаламдану процесіне қамтылуы қиындай түседі. Ғаламданудың айқын бір көрінісі - дүниежүзінің көптеген елдерінің шаруашылықтарын өзара байланыстыратын ұлтаралық бірлестіктердің (ҰАБ) қалыптасуы. Аса ірі 500 ұлтаралық бірлестікті "500-дің Клубы" деп те атайды, оның ең ірісінің жылдык пайдасының көлемі 160 млрд доллардан асса, ең соңғысының көрсеткіші 3 млрд долларды құрады (суретті қараңдар).

ҰАБ құрылымын, әдетте, ғылыми-зерттеу институттары, лабораториялар мен жобалау мекемелерінен тұратын жүйе басқа рады. Бірлестік құрамына оның көптеген елдердегі бөлімшелерінен басқа, қуатты сауда компаниялары (трейдингтер), жарнама агенттіктері, қаржы мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдары енеді. Ұлтаралық бірлестіктер үлесіне дүниежүзіндегі өнеркәсіп өнімінің 40%-дан астамы, сыртқы сауданың 1/3 бөлігі және шетелдік тікелей инвестициялардың 90%-ға жуығы тиесілі

Ұлтаралық бірлестіктердің дүниежүзілік нарықтағы орны екі жақты сипат алуы мүмкін, бұл олардың өздері шыққан елдермен қарым-қатынасымен тікелей байланысты. Бұл байланыс күшті болған жағдайда жоғары дамыған елдер өз фирмалары арқылы дамушы елдер экономикасына үстемдік жасау мүмкіндігіне ие болады. Өз елімен байланысы әлсіреген жағдайда ҰАБ халықаралық экономикалық ассоциацияларға айналып, дүниежүзілік нарықты ықпал ету аймағына бөледі. Дүниежүзілік шаруашылық жүйесінің жұмысын үйлестіруде әртүрлі халықаралық деңгейдегі ұйымдар мен бірлестіктер жұмыс істейді. Ұлттық шаруашылықтар арасындағы қаржылық операцияларды халықаралық және ұлттық қаржы мекемелері (Әлемдік Банк, Еуропалық Даму банкі, Азиялық Даму банкі, АҚШ, Жапония және Германияның ұлттық банктері) жүзеге асырады.

Аймақтық экономикалық ынтымақтастық (интеграция) ауқымы мен даму деңгейі әртүрлі ұлттық шаруашылықтарды біріктіретін маңызды күшке айналуда. Аймақтық ынтымақтастықтың қазіргі даму деңгейі жалпы сыртқы сауда айналымында аймақішілік сауда үлесінің (50%) артуынан айқын көрінеді. Экономикалық ынтымақтастықтың сипаты елдердің өзара байланысу дәрежесіне қарай анықталады. Осыған сәйкес, дүниежүзілік шаруашылық аумағында экономикалық интеграцияның бірнеше түрі ажыратылады (кестені қараңдар).

Кесте

Қазіргі заманғы кейбір интеграциялық бірлестіктер

Көршілес орналасқан елдердің шаруашылықтары өзара тұрақты байланыстар мен еңбек бөлінісі, өндірістік құрылымдардың әртүрлі деңгейдегі қарым-қатынасы негізінде аймақтық экономикалық одақтарға бірігеді. Мұндай ынтымақтастық одағы аумағында ортақ нарық қалыптасып, тауарлар мен күрделі қаржы, қызмет көрсету және еңбек ресурстарымен еркін алмасу жүзеге асады. Аймақтық экономикалық одаққа мүше елдер бірлескен түрде экономикалық, ғылыми-техникалық, валюталық-қаржылық, әлеуметтік және қорғаныс бағытындағы мәселелерді шешеді. Қазіргі кезде дүниежүзінде бірнеше ірі аймақтық интеграциялық одақ бар, олардың арасында ауқымы мен ынтымақтасу деңгейі жағынан айрықша көзге түсетіні - Еуропалық Одақ.

XX ғасырдың 60-жылдарында Еуропалық қоғамдастық деп аталатын ынтымақтасу одағы құрылды. Оның құрамына енген елдерде өзара кедендік шектеулер жойылып, үшінші топтағы елдерге қатысты ортақ экономикалық саясат жүргізу және қаржы, тауар, жұмыс күшімен еркін алмасу, ауыл шаруашылығы саласында ортақ саясатты ұстану мен валюталық, саяси одақ құру мақсаты көзделді, 1973 жылы бұл ұйымға Ұлыбритания, Дания және Ирландия, ал 1981 жылы Грекия, 1986 жылы Испания мен Португалия, 1995 жылы Австрия, Швеция, Финляндия енді. 1991 жылы бірыңғай экономикалық, валюталық және қаржылық кеңістік - Еуропалық Одақты құру туралы келісімге қол қойылды. 1993 жылы 1 қарашадан бастап Еуропалық экономикалық одақ ресми түрде Еуропалық одақ (ЕО) деген атқа ие болды.

ЕО шеңберінде ішкі экономикалық меселелерді реттеу ортақ жүйе негізінде шешіледі. Бұл тұрғыда шешуін күткен қарама-қайшылықтар да жетерлік. Әсіресе одаққа мүше елдердің ірі көлемде қаржы бөлу арқылы ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу құнын жоғарылатуы, фермерлерге қолдау көрсету мақсатында ортақ саясат ұстануы бұл ұйымға енуге өтініш жасаған елдерді қабылдауға кедергі болуда. ЕО экспортқа шығаратын ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы арнайы субсидиялар есебінен арзандатылады. 1999 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуропалық экономикалық және валюта одағы күшіне енді, яғни ЕО құрамындағы 11 ел (Ұлыбритания, Грекия, Дания және Швециядан басқалары) ортақ ақша бірлігіне көшу туралы шешім қабылдады. Бұл елдерде 2002 жылдың басынан бері бірыңғай валюта - еуро айналымға түсті. Әлемдік қаржы нарығында еуроның долларға қатысты бағамы әлі де тұрақсыз болып тұр.

Аймақтық интеграциялық одақтар құрамына соңғы жылдары даму деңгейі әртүрлі елдер ене бастады; ЕО-ның ассоциациялық мүшелігіне Шығыс Еуропа елдерінің, НАФТА құрамына Мексиканың қабылдануы-осының айқын дәлелі. Дүниежүзіндегі басқа аймақтық интеграциялық одақтармен сендер кейінірек, аймақтық шолу барысында жете танысатын боласыңдар.

Сонымен, аймақтық интеграция белгілі бір аймақ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықты көздейтіндіктен, жалпы, ғаламдану процесіне қарама-қайшы келеді.Соған қарамастан елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық ғаламдану ауқымында жүретін заңды құбылыстардың бірі болып табылады.