9-тақырып. Халықтың нәсілдік және ұлттық құрамы



Жер шары халқын қандай принцип негізінде топтастырады? Адамзат қандай нәсілдерге жіктеледі? Нәсілдер арасындағы айырмашылықтар немен түсіндіріледі?

Нәсілдік құрамы. Сендер географияның бастапқы курстарында нәсілдер мен олардың Жер шарында таралу ерекшеліктерімен танысқан болатынсыңдар. Жалпы алғанда, нәсілдер — адамдардың сыртқы бет-бейнесінің ұқсас белгілері (түсі, шашының сипаты, бет әлпеті, бас сүйегінің пішіні, дене тұрқы және т.б.) бойынша біріктірілетін топтары. Антропологиялық белгілер ұзақ уақыт бойы белгілі бір табиғат жағдайларына бейімделу нәтижесінде қалыптасқан. Нәсілдік белгілерге әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да әсер етуі мүмкін, соңғы 30 жыл ішінде халыктың әл-ауқатының жақсаруы нәтижесінде жапондықтардың бойы орташа есеппен 10 см-ге ұзарған.

Жер шары халқы негізінен үш үлкен нәсілге (еуропалық, монғол тектес және экваторлық) жатады (суретті қараңдар).

Кейбір ғалымдар экваторлық нәсіл құрамындағы африкалық және аустралиялық нәсіл топтарын жеке нәсілдер ретінде қарастырады. Негізгі нәсілдердің үлесіне дүниежүзі халкының 70 %-ға жуығы тиесілі (кестені қараңдар).

Нәсілдер аумақтық ерекшеліктеріне байланысты нәсіл тармақтарына ажыратылады. Дүниежүзіне кеңінен таралған еуропалық нәсілдің солтүстік тармағын Еуропаның солтүстігі мен орта бөлігінің тұрғындары құраса, оңтүстік тармағына бұл нәсілдің Оңтүстік Еуропа, Солтүстік Африка, Алдыңғы Азия және Солтүстік Үндістандағы өкілдері енеді.

Тарихи-географиялық жағдайларға байланысты нәсілдер арасында араласу болған. Ұзақ уақыт бойы нәсілдердін, қарқынды байланыс жасауы нәтижесінде айрықша аралық және аралас нәсіл топтары қалыптасқан. Олар дүниежүзі халқынын, 30%-ын құрайды. Аралық нәсіл топтары ертеректе үлкен нәсілдердің түйісу аймақтарында қалыптасқан. Мысалы, еуропалық нәсілдің оңтүстік тармағы мен африкалықтардың аралығында бет-әлпеті мен бас сүйегі еуропалықтарға, ал түсі мен шашы қара нәсіл өкілдеріне ұқсайтын эфиоптар пайда болған. Мадагаскарлықтар, полинезиялықтар мен меланезиялықтар да аралық нәсіл тобының өкілдері болып табылады. Кейбір зерттеушілер қазақтарда еуропалық және моңғол тектес нәсілдердің белгілері қатар кездесетінің атап көрсетеді.

Аралас нәсіл топтары әртүрлі нәсілдердің кейінгі уақытта (XVI—XVIII ғғ. және одан кейін) араласуы нәтижесінде қалыптасқан. Аралас нәсіл топтары, әсіресе Латын Америкасында кеңінен таралған. Мысалы, азиялық нәсіл өкілдері болып табылатын жергілікті үндістер мен келімсек еуропалықтардың некесінен метистер, Африкадан зорлықпен құлдыққа әкелінген қара нәсіл өкілдерінің еуропалықтармен араласуынан мулаттар, ал үндістермен араласуынан самболар қалыптасқан. Осының нәтижесінде Латын Америкасы елдерінің нәсілдік құрамы күрделі. Мысалы, Бразилия халқының 54%-ын еуропалықтар, 22%-ын мулаттар, 12%-ын метистер, 11%-ын қара нәсіл өкілдері құрайды. Қазіргі кезде Мексика мен Венесуэлада метистер, Бразилия мен Кубада мулаттар көп тұрады.

Сыртқы айырмашылықтары болғанымен, нәсілдердің биологиялық және әлеуметтік-мәдени тұрғыдан алғанда тең екендігі ғылым жүзінде дәлелденген. Сондықтан ақыл-ойы жоғары немесе төмен нәсілдер болатындығы жөніндегі нәсілшілдік көзқарастар негізсіз болып табылады. Дегенмен әлі күнге дейін кейбір елдерде нәсілдік кемсітушілік жағдайлары кездеседі.

Ұлттық құрамы. Кез келген аймақ пен ел халқының ұлттық құрамы этностық белгілеріне байланысты ажыратылады. Этнос немесе халық дегеніміз — miлi мен атақонысының, шаруашылық сипаты мен мәдениетінің ортақтығы негізінде тарихи қалыптасқан және бірыңгай ұлттық санаға ие адамдардың қауымдастыгы. Белгілі бір этностың қалыптасуы өзіндік аумақта жүргенімен, кейінгі уақытта көшіп-қонуға байланысты оның таралу аймағының шекаралары өзгеруі мүмкін. Сондықтан Жер шарында өзінің бастапқы отанын сақтап қалған этностар аз. Ұлттардың қалыптасу процесі адамзат тарихы барысында қоғамның даму денгейіне байланысты қарқынды жүрді. Азия мен Африканың, Оңтүстік Америка мен Мұхит аралдарынын мешеу елдерінде тайпа, ұлыс деңгейіндегі бірлестіктер әлі күнге сақталып қалған, ал Еуропада ұлттардың қалыптасуы әлдеқашан аяқталған. Мысалы, ағылшындар ұлт ретінде XVI ғасырда калыптасса, орыстарда бұл процесс XVII-XVIII ғасырларға дейін созылды.

Дүниежүзінің нақты этностық құрамын анықтау өте қиын, ғалымдар этностар санын шамамен 3-4 мыңдай деп болжайды. Олардың арасында жалпы саны бірнеше жүзден аспайтындарынан бастап, жүздеген миллионмен есептелетін ірі этностар да бар. Қазіргі кезде әлемдегі аса ірі этнос - қытайлар (сызбанұсқаны қараңдар).

Сонымен Жер шары тұрғындарының 43%-ға жуығын ірі он этнос құрайды. Елдің ұлттық құрамын анықтағанда алдымен халықтың басым көпшілігін құрайтын басты этностарды, содан соң саны аз ұлт өкілдерін есепке алады. Саны аз ұлттардың шығу тегі мен қоғамдағы орнына байланысты екі тобы ажыратылады: елдің байырғы халқы және басқа елдерден қоныс аударғандардың ұрпақтары. Ұлыбританияда саны аз ұлттар қатарына ел халқының 15%-ын құрайтын байырғы этностар (шотландықтар, ирландықтар және т.б.) мен иммигранттар (9%) жатады.

Дүниежүзіндегі мемлекеттердің жартысынан астамы ұлттық құрамы жөнінен бірұлтты (яғни, халқының 90%-дан астамын негізгі ұлт құрайды), қалғандары көпұлтты болып саналады. Бір ұлтты елдер қатарына Дания, Швеция,Жапония, Корея және т.б. жатады. Үндістан, Нигерия, Индонезия, Ресей, АҚШ және т.б. көпұлтты елдерде жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Көпұлтты Қазақстанда байырғы халық негізгі этностар қатарына жатады. Мұнда 2005 жылдың 1 қаңтарына қарай ірі этностар үлесі 84,5% (қазақтар - 57,8%, орыстар - 26,7%) болса, саны аз ұлттар халықтың 15,5%-ын құрады.

Жалпы алғанда, дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттің қалыптасуында ұлттық негіз шешуші орын алған. Осы себепті мемлекеттік шекаралардың этностық шекараларға сәйкес келмеуі салдарынан кей жағдайда ұлт араздығы пайда болады. Мемлекет тарапынан, тіпті кейде халыкаралық деңгейде реттелмеген жағдайда ұлт араздығы соғыс кимылдарына ұласып кетуі мүмкін.

Ұлт мәселесі, әсіресе дамушы елдерде шиеленіскен сипат алған, өйткені бұл елдерде жоғарыда аталған этностық процестер қарқынды жүруде. Дамушы елдерде тайпалардың ұлысқа және ұлыстардың ұлттарға бірігуі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайда өтіп жатқандықтан ұлтаралық қатынастардан кей жағдайда шешуі қиын мәселелер туындайды.

Ұлттық негіздегі өзара түсініспеушілік дамушы елдерде ғана емес, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі өте жоғары елдерде де туындауы мүмкін. Мысалы, негізінен, екі ұлттан (канадалық ағылшындар мен канадалық француздар) тұратын Канада мемлекетінде француздар елдің оңтүстік-шығысындағы Квебек провинциясында ("Француз Канадасы") шоғырланған. Елдегі қалған провинцияларда басым этнос болып табылатын ағылшындар, жалпы алғанда, әлеуметтік жағынан ілгері сатыда тұр. Осыған және басқа да тарихи-географиялық себептерге байланысты канадалық француздар тарапынан тіпті дербес мемлекет құруға шақырған талаптар қойылуда. Ұлттар араздығы мәселесінің Ұлыбритания, Франция, Испанияға да тікелей қатысы бар.

Этностық процестер. Дүниежүзі халқының ұлттық құрамы тарихи кезеңдерде халықтың табиғи өсімінің аумақтар бойынша әркелкі болуына, көшіп-қонуға, этностардың бірігуі мен араласуына байланысты ұдайы өзгерістерге түсіп отырды. Жалпы ұлттардың пайда болуынан бастап жойылған уақытына дейін қалыптасқан даму процесін этногенездеп атайды. Этногенез ілімін дамытуда көрнекті орыс ғалымы Л. Н. Гумилевтің еңбегі аса зор. Л. Н. Гумилев Еуразиялық кеністікте түркі халықтары мен олардың мемлекеттерінің қалыптасу тарихын да жете зерттеген1. Этногенез теориясы бойынша, жаңа этностар бірнеше географиялық ландшафтылар түйісетін аймақтарда пайда болады. Этностар пайда болған соң да күрделі өзгерістерге түседі. Этностық процестер қатарына этностардың тұтасуы, ажырауы және араласуы жатады.

Этностардың тұтасуы - тарихи-географиялық себептерге байланысты бірнеше этностың бірігіп, біртұтас қауымдастық кұрауы. Мысалы, қазіргі швейцариялықтар - неміс, француз, итальян және ретромандықтардың (ежелгі римдіктердің ұрпақтары) бірігуінен қалыптасқан ұлт.

Әлемде этностардың жіктелуі жүріп жатыр. Британ Үндістаны ыдыраған кезде осыған дейін біртұтас этнос болған бенгал халқының Бангладеште қалған бөлігі жаңа ұлт - бангладештіктердің қалыптасуына негіз болды. Сондықтан қалыптасу үстіндегі бангладештіктер мен Үндістанда тұратын бенгалдықтар қазіргі кезде дербес ұлттар ретінде қарастырыла бастады.

Этностардың ассимиляциясы (араласуы) халқынын құрамында шеттен қоныс аударғандар үлесі жоғары болатын елдерде байқалады. Мысалы, АҚШ-та тұратын сан ұлт өкілдері америкалықтар деп аталатын ортақ ұлтты құрайды, мұнда этностардың ассимиляциясы саны жағынан басым ағылшьш ұлтының айналасында жүрді. Бразилиялыктардың да халық ретінде қалыптасуы этностардын араласуы нәтижесінде болды.