22-тақырып. Мал шаруашылығы және балық шаруашылығы



Мал шаруашылығы - ауыл шаруашылығының маңызды әрі жетекші саласы. Ол да өсімдік шаруашылығы тәрізді өте ежелден келе жатқан және барлық жерге кең таралған шаруашылық. Оған шабындықтар мен жайылымдық жердің егістік жерлермен салыстырғанда үш есе артық болуы дәлел. Сонымен қатар өндірілетін дәнді дақылдардың жартысына жуығы және көптеген техникалық дақылдардың қалдықтары малға жем ретінде пайдаланылады. Қазіргі кезде мал шаруашылығының етті және сүтті бағыттағы ірі қара, шошқа, қой, құс өсіру сияқты дүниежүзілік маңызы бар салалары қарқынды дамуда.

Ірі қара өcipy қоңыржай белдеудің табиғи және мәдени жайылымдармен жақсы қамтамасыз етілген орман, орманды дала, дала аймақтарында жақсы жолға қойылған. Дүниежүзі бойынша ірі қараның мал басы 1,3 млрд-қа жетіп отыр. Өндірілетін сүттің барлығын дерлік, ал еттің 35%-ын осы ірі қара малы береді. Интенсивті сүтті және етті-сүтті бағыттағы мал шаруашылығы дамыған елдерге тән, оларда мал қолда да, жайылымда да бағылады. Өнімділік өте жоғары болғандықтан, бұл шаруашылық саласы жылдан-жылға өркендеуде. Етті бағыттағы мал көбінесе қоңыржай және субтропиктік белдеулердің неғұрлым құрғақ аудандарында таралған. Онда экстенсивті отарлап жайылымда бағу және көшпелі мал шаруашылығы басым келеді. Дүниежүзінде етті ең көп өндіретін елдер қатарына АҚШ, Қытай, Бразилия, Аргентина және Ресей жатады (кестені қараңдар).

Кесте

Ет өндіруден жетекші елдер

Сүт өндіру бағытындағы ірі қара өсіру көбінесе қала маңы мен халық тығыз қоныстанған аудандарда дамыған. Әсіресе Еуропа мен Солтүстік Американың орман зонасында орналасқан елдерде жақсы жолға қойылған. Сүт өндіруден АҚШ, Ресей, Үндістан, Бразилия және Батыс Еуропа елдері ерекше көзге түседі. Жайылымдық жерлер мен шөптесін өсімдіктердің жеткілікті болғанына қарамастан, Африкада, әсіресе оның тропиктік аймақтарында ірі қара саны өте аз. Оның басты себебі - ұйқы ауруының қоздырғышын тарататын цеце шыбыны. Сондықтан мұнда бұл ауруға шалдықпайтын ірі қарадан зебу өсіріледі.

Шошқа шаруашылығы дүниежүзілік ет өнімінің 40%-ға жуығын береді, қазір оның саны 0,8 млрд-тан асып отыр. Ірі қарамен салыстырғанда күй талғамай-тындықтан және тез өсіп-өнетіндіктен бұл шаруашылық адамдар тығыз қоныстанған аймақтарда кең тараған. Дүниежүзіндегі шошқа санының жартысына жуығы Азияға, оның ішінде, ең алдымен, Қытайға келеді. (Азияның қандай елдеріңде шошқа мүлдем өсірілмейді, оның себебі неліктен?) Сонымен қатар АҚШ, Бразилия, Германия, Ресей, Польша елдерінде де шошқа шаруашылығы жақсы дамыған.

Қой шаруашылығы ет-жүн бағытындағы және биязы, жартылай биязы жүн бағытындағы болып бөлінеді. Ет-жүн бағытындағы қой шаруашылығы ылғалы жеткілікті және климаты біршама жұмсақ аудандарда, ал биязы жүнді қой шаруашылығы неғұрлым құрғақ аудандарда таралған. Дүниежүзі бойынша қой саны 1,2 млрд басқа жетіп отыр. Қой шаруашылығының ет-жүн бағытындағы тауарлы өндірісі Солтүстік және Оңтүстік Американың, Аустралия мен Оңтүстік Еуропаның, Орталық және Орта Азияның, Оңтүстік Африканың қоңыржай және субтропиктік белдеулерінің құрғак аудандарында жақсы дамыған. Биязы жүнді қойлар өте сапалы жүн береді, ол жүн маталарын жасау, кілем тоқу мен тері-былғары өнеркәсібінде қолданылады. Алдыңғы Азия, Орта Азия және Оңтүстік Африка елдерінде қаракөл елтірісін дайындау жолға қойылған. Дүниежүзіндегі қойы ең көп ел - Аустралия (130 млн астам), одан кейін Қытай (112 млн-нан астам). Ал Қазақстандағы қойдың саны 2008 жылы 16 млн-нан сәл ғана асты. Жүн өндіруден жетекші елдер қатарына Аустралия, Қытай, Жаңа Зеландия, Уругвай және Ресей жатады.

Қой шаруашылығының дүниежүзіндегі аса ірі аймағы - Аустралияның шөлейтті аудандары. Қойдың басым көпшілігі жеке иелерге немесе компанияларға қарайтын ірі қой шаруашылығында өсіріледі. Ондай шаруашылықтар "шипстейшнз" деп аталады. "Шипстейшнз" ондаған, кейде тіпті жүздеген мың гектарды алып жатады. Оның ең үлкенінің ауданы 2 мың км2-ден асады. Мұнда бір мезгілдегі қой басы 10-20, тіпті 50-100 мыңға дейін жетеді. Қой бүкіл жыл бойы табиғи жайылымдарда жайылып бағылады. Көбінесе жоғары сапалы жүн беретін биязы жүнді қой тұқымы - аустралия мериносы өсіріледі.Тоулберне қаласында осы қойға "Үлкен Меринос" деп аталатын ескерткіш орнатылған.

Құс шаруашылығы - ауыл шаруашылығының ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Өнімнін қысқа мерзімде өндірілуі нарық сұранысына бағыт-бағдар ұстауға мүмкіндік береді. XX ғасырдың екінші жартысынан бастап, Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа елдерінде бройлер балапандарын өсіретін ірі құс өcipy кешендері қалыптаса бастады. Бүгінгі таңда құстың саны жөнінен Қытай, АҚШ, Ресей, ал жұмыртқа өндіруден Қытай, АҚШ, Жапония, Ресей және Үндістан ерекше көзге түседі. Тауарлы құс шаруашылығы, негізінен, қала мандарында шоғырланған. Ал соңғы жылдары жоғары маманданған құс шаруашылықтары арзан жұмысшы күші жеткілікті климаты қолайлы аудандарға ауысуда.

Жоғарыда аталған мал шаруашылығының кең тараған басты салаларынан басқа табиғат жағдайларының ерекшеліктеріне сәйкес Африка мен Азияның шөлді аудандарында түйе мен ешкі өсіру, Орталык Азияның таулы аудандарында қодас өсіру, солтүстіктегі тундра зонасында бұғы өсіру сияқты шаруашылықтар да кездеседі. Сонымен қатар омарта шаруашылығы, жібек құртын өсіру, аңдардың кейбір түрлерін (әсіресе терісі бағалы аңдар: түлкі, сусар, бұлғын және т.б.), крокодил мен түйекұс (страус) өcipy сияқты арнаулы шаруашылықтар да бар.

Мал шаруашылығы барынша дамыған аудандарда экологиялық проблемалардың туындайтыны белгілі жайт. Мал тұягының әсерінен топырақ эрозиясы жүруде, жайылымдардағы өсімдік жамылғысы жұтаңдануда, тіпті жойылуға жақындауда. Ал ірі интенсивті мал шаруашылығы жинақталған жерлерде (ірі қара, шошқа бордақылау және құс семірту) топырақ, су және ауа да ластануға ұшырауда.

Балық шаруашылығы - дүниежүзілік шаруашылықтың ең ежелгі және ең маңызды саласы. Қазіргі кезде дүниежүзі бойынша ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 млн т-ға жетіп отыр. Оның 9/10-ын теңіздер мен мұхиттардан, ал қалған бөлігі тұщы сулардан ауланады. Балықтың және басқа теңіз өнімдерінің маңыздылығы олардың құрамындағы жануарлар нәруызьының (белок) мөлшері мал мен құс етінен кем түспейтіндігіне байланысты артып отыр. Сондықтан қазіргі таңда дүниежүзілік су айдындарында 20-30 мыңға дейінгі ірілі-ұсақты балық және басқа да теңіз өнімдерін аулайтын кемелер жүзіп жүр. Олардың басым көпшілігі ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен жабдықталған балық аулаудан бастап, дайын өнімдер шығаруга дейінгі (әртүрлі консервілер дайындау, кептірілген балық және т.б.) іс-әрекеттерді толық жүзеге асырады.

Исландияның балық аулау флоты бір мың кемеден тұрады, ал жылдық орташа ауланатын балық мөлшері 1,7 млн т, жан басына шаққанда 7 т-дан асады. Бұрын ірі исланд майшабағы мен нәлім аулайтын болса, қазір балық ұны жасалатын мойваны көбірек аулайды. Балық аулап, оны өңдеу жұмыстарымен елдің еңбекке жарамды халқының 40%-ы айналысады. Ел экспортының 3/4-ін балық пен теңіз өнімдері құрайды.

Балық аулау теңіз жағалық елдерінің барлығында таралғанымен, дүниежүзінде ауланатын балықтың жартысынан астамы алты елдің - Жапония, Қытай, АҚШ, Чили, Перу және Ресейдің үлесіне тиеді. Балықтар материктік қайраңдар мен жылы және суық мұхит ағыстары түйіскен аудандардан көбірек ауланады. Ертеректе балық аулаудың негізгі ауданы Атлант мұхитының солтүстігінде болса, қазір Тынык мұхитының солтүстігіне ауысты ("Материктер мен мұхиттар географиясынан" балық аулаудың негізгі аудандарын еске түсіріңдер). Балықтар мен теңіз организмдері популяциясының азаюы дүниежүзілік балық аулау кәсіпшілігін солтүстік аймақтан оңтүстікке, яғни тропиктерге ығыстырады.

Дүниежүзіндегі ауланатын балық пен теңіз өнімдерінің 15 млн т-сы қолдан өсіру - марикультура арқылы алынады. Балықты қолдан өсіру Қытайда бұдан 4 мың жыл бұрын басталған, бұл ел әлі күнге дейін әлемдік біріншілікті бермей келеді. Марикультура өнімінің 4/5-ін Азия елдері өндіреді.

Бүгінгі таңда әр елдің ұлттық өндірістері негізінде дүниежүзілік біртұтас тауарлы ауыл шаруашылығы қалыптасып келеді. Өндірілген жалпы өнім мөлшері жөнінен Қытай, АҚШ, Жапония, Аустралия сияқты елдер жетекші орын алады. Жан басына шаққанда ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етілу дәрежесі жөнінен Батыс Еуропаның дамыған елдері мен Канада, АҚШ, Жапония және Аустралия ерекше көзге түседі. Дамушы елдерде бұл көрсеткіш өте төмен, тіпті жалпы өнімді аса көп өндіретін Қытай мен Үндістанда ол Канада және АҚШ-пен салыстырғанда 5-6 есе төмен.

Сол себепті ауылшаруашылығының алдында әлі де оңтайлы шешімін таппаған мәселелер баршылық. Ең бастысы - халықты сапалы, құнарлы әрі арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету; айналадағы ортаны ластанудан қорғау және табиғат байлықтарын пайдалануды жетілдіру.