5-тақырып. Табиғат ресурстары және олардың түрлері



Табиғат ресурстары туралы жалпы түсінік. А. Минцтің анықтамасы бойынша өндіргіш күштердің қазіргі замандағы дамуы мен зерттелу деңгейіне сәйкес адам қоғамының қажетін өтеу үшін пайдаланылатын табиғат байлықтарының бір бөлігін табиғат ресурстары деп атайды.

Табиғат сферасына табиғат ресурстары оның ажырамас құрамдас бөлігі ретінде кіреді. Мысалы, минералдық ресурстар - табиғатта тау жыныстары литосферага құрамдас бөлік ретінде кірсе; су ресурстары - гидросфераның құрамдас бөлігі, орман ресурстары - биоценоздардың құрамдас бөлігі болып табылады және т.б. Әлеуметтік-экономикалық сфераға жоғарыда аталғандар өндірістік және жалпылама заттық элементтер ретінде кіреді. Энергетикалық, шикізаттық пайдалы қазбалар қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының белгілі деңгейін қамтамасыз етеді. Бір мезгілде табиғатқа да, әлеуметтік-эконо-микалық сфераға да жататындықтан, табиғат ресурстары олардың арасындағы байланыстырушы болып табылады.

Табиғат ресурстарының жіктелуі. Табиғат ресурстарына литосфераның, гидросфераның, атмосфераның және биосфераның элементтері кіреді (олардың қандай ресурстар екенін естеріңе түсіріңдер).

Шаруашылық түрғыдан жіктеу ресурстарды пайдалану әдістерінен және бағыттарынан туындайды. Олар: жалпы және мамандандырылған, салалык және құрамдас бөліктерден тұрады. Өнеркәсіптік өндірістің негізін құрайтын минерал¬дық ресурстар, су ресурстары, агроклиматтық, рекреациялық, биологиялық және т.б. ресурстар бөліп қарастырылады. Бір салада табиғат ресурстарының бірнеше түрлері пайдаланылуы мүмкін. Мысалы, ауыл шаруашылығында жер, топырақ, су, климат ресурстарын пайдаланады. Екінші жағынан, табиғат ресурстарының бір ғана түрі әртүрлі салаларда пайдаланылуы мүмкін. Өзендер, көлдер өндірістің қажетін өтеу үшін немесе жол қатынасы ретінде де пайдаланылады.

Түрлі табиғат ресурстарының көп мақсатта пайдаланылуына мысалдар келтіріңдер.

Табиғат ресурстары сарқылатын және сарқылмайтын, қалпына келетіи және қалпына келмейтін болып бөлінеді.

Сонымен қатар мүмкіндігінше ресурстардың бір түрінің екіншісімен алмас-тырылуы да бөлініп қаралады: алмастырылатын(мысалы, металды пластмассамен немесе керамикамен алмастыруға болады) және алмастыруға болмайтын (тыныс алуға қажетті атмосфералық ауа).

Қоғам дамуының белгілі кезеңінде өзендер үлкен рөл аткарып, белгілі бір өркениеттердің бесігі болды. Ежелгі шумерлердің, Ассирия мен Бабылдың (Вавилон) өркениеттері Тигр мен Евфраттың бойында туындап дамыды. Египет патшалығы мен мыңдаған жылдык тарихы бар египеттіктердің өркениеті түгелімен Нілдіц жағалауында өркендеді. Ал Ганг өзені Үнді субконтинентінің ежелгі мәдениетінің бесігі болды. Дәл осындай рөлді Қытайдағы Янцзы мен Хуанхэ өзендері де атқарды. Орта Азиядағы Сырдария, Әмудария, Шу, Талас, Іле өзендерінің де түркі еркениетінің қалыптасуында алатын маңызы өте зор.

Шаруашылық әрекет және табиғат ресурстарыныц өзгеруі. Өндіріс өзінің даму барысында күннен-күнге табиғат ресурстарының көптеген түрлерін қамти отырып, оның пайдалану көлемін арттыра түсуде. Дүниежүзіндегі өнеркәсіптік өндіріс 1860 жылдан 1990 жылдарға дейін 120 есеге ұлғайды. Бұл жер бетіндегі барлық табиғат ресурстарын пайдаланудың шұғыл өсуіне алып келді. Бұл жағдай өз кезегінде табиғат ресурстары қорының сарқылуына апарып соқтырады. Мұнай, көмір қорлары айтарлықтай дәрежеде сарқылып, түсті және бағалы металдардың қорлары таусылуға жақын қалды (9-сызбанұсқаны қараңдар).

Жыл сайын дүниежүзінде, шамамен, 300 мың см3 ағаш кесіледі, оның ішінде 160 км3 тропиктік ормандар. Жабайы аңдардың саны күн санап кемуде, ауыл-шаруашылық жерлері азаюда.

Табиғат ресурстарының сапасы нашарлады. Судың, топырақтың, ауаның өнеркәсіптік, ауылшаруашылықтық, тұрмыстық қалдыктармен ластануы осы ресурстардың сапасын нашарлатып, төмендетіп отыр. Кен орындарының азаюына байланысты өнімді аз беретін өндіріс орындары іске қосылуда. Бұл қоршаған ортаға шығарылатын бос тау жыныстарының көлемі өсуде деген сөз.

Ресурстарға өздігінен тазаланатын және қалпына келетін, сарқылмайтын кен ретіндегі көзқарасты түпкілікті түрде өзгерту қажет. Оған материалдык, энергетикалық, ресурс сақтау технологиялары, үнемді пайдалану, шикізатты қайта өңдеуді кешенді және толық жүргізу, туынды шикізатты кеңінен қолдану сияқты шараларды жүргізу арқылы қол жеткізуге болады.