8-тақырып. Халықтың жастық-жыныстық құрамы. Еңбек ресурстары



Халықтың жастық-жыныстық құрамы. Халықтың жастық құрамын анықтаудың қолданбалы маңызы бар. Белгілі бір аумақтағы тұрғындарды жасы бойынша топтастыру нәтижесінде халықтың өсіміне және оның болашақта еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілу мүмкіндігіне болжам жасауға болады. Әдетте, демографтар халықтың жас құрамын аныктауда бір жастағы, бес жастағы және он жастағы жас топтарын ажыратады. Жалпылама баға беруде ірілендірілген топтамалар (0-14 жас; 15-59 жас; 60 жастан әрі) жасалады.

Жер шары халқының жастық құрамы тарихи кезеңдерде өзгеріп отырған. Мысалы, XX ғасырдың орта шенінде халықтың 34%-ын 0-14 жастағылар, 58%-ын 15-59 аралығындағылар құраса, 60-тан асқандар үлесі 8% шамасында болған. Жастың құрамының қазіргі сипаты мынадай: 14 жасқа дейінгілер бүкіл халықтың 28%-ын құраса, 15-59 жастағылар 62%-ын, ал жасы 60-тан асқандар үлесі 10%-ға тең.

Соңғы уақытта халықтың қартаюы, яғни егде адамдар үлесінің артуы байқалуда. Бұған дүниежүзі халқының әр жылдардағы орташа жасын көрсететін есептеулер дәлел болады. БҰҰ ұйымының мәліметтері бойынша, 1970 жылы бұл көрсеткіш 21,6 жас болса, 2000 жылы - 26,5 жас, ал 2050 жылғы болжам бойынша 36,5 жас болатын көрінеді.

Демографиялық көрсеткіштердің әртүрлілігіне байланысты халықтың жастық құрамының аумақтың ерекшеліктері айқын байқалады. Осыған сәйкес, халықтың жастық құрамының үш типі анықталған:

1. Алға басушы (прогрессивті) тип - халықтың жалпы санында балалардың үлесі жоғары.

2. Тұрақты тип - балалар мен егде адамдар санының тепе-теңдігі.

3. Кері кетуші (регрессивті) тип - халықтың жалпы санында егде адамдар үлесінің артуы.

Халықтың жастық құрамының алға басушы типі көбінесе халықтың ұдайы өсуі дәстүрлі сипат алған мешеу елдерге тән болады. Өздерің 18-сызбанұсқадан көріп отырғандай, Эфиопияда балалар үлесінің жоғары болуы осымен түсіндіріледі. Ал Кувейтте орта жастағылар үлесі жұмысшы эмигранттар есебінен артып отыр.

Халықтың жастық құрамында балалар үлесінін артуы экономикалық қиындықтарға себепші болады. Ресей Федерациясына халықтың жастық құрамының тұрақты типі тән, ал ұдайы өсудің қазіргі заманғы сипатына ие Жапония мен Италияда егде адамдар саны балалар үлесінен жоғары. Бұл жағдай болашақта туу көрсеткішінің одан әрі төмендеуіне себепші болады. 2007 жылы Қазақстан халқынын 25%-ын 14 жасқа дейінгі балалар, 64%-ын 15 пен 59 жас аралығындағылар, ал 11%-ын егде адамдар құрады.

Халықтың жыныстық құрамын сипаттау үшін көбінесе ерлер мен әйелдердің халықтың жалпы санындағы үлес көрсеткіші пайдаланылады. Әдетте, дүниеге келетін ұлдар саны қыздарға қарағанда 5-6% артық болады, бірақ физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты балалық шақта ұлдар өлімі қыздарға қарағанда жиірек болады. Осының нәтижесінде 15-20 жасқа келгенде, олардың саны теңеседі. Жыл өткен сайын көпшілік елдерде ер адамдардың үлес салмағы азая түсуде. Ер адамдардың өмір жасы әйелдермен салыстырғанда қысқарақ болуының бірнеше себептері бар. Олар көбіне адам күшін керек ететін кен орындарында, зауыттарда, ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Сондықтан дамыған елдерде ерлер мен әйелдердін, арасалмағы жуықтап алғанда 49:51 қатынасымен сипатталады. Әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыстан зардап шеккен елдерде ер адамдар саны аз. Мысалы, Франция мен Германияда әр 100 әйелге 96 ер адамнан келсе, бұл көрсеткіш Ресейде 88-ге тең. Дегенмен қазіргі кезде жалпы дүниежүзі бойынша ер адамдар саны әйелдерден шамамен 51 млн адамға көп. Бұл халқы көп Қытай мен Үндістанда, Бангладеш пен Пәкстанда ерлер үлесінің жоғары болуымен байланысты. Мысалы, Үндістанда жыл сайын туылатын 15 млн қыздың 5 млн-ы кәмелеттік жасқа жетпей қайтыс болады. Бұл отбасында қыздарға қарағанда ұлдарға көбірек көңіл бөлінетіндігімен түсіндіріледі. Азияның мұнай өндіретін елдерінде ер адамдар санының артық болуына шетел жұмысшыларының көптеп келуі себепші болған. Қазақстанда 2007 жылы жуықтап алғанда 100 әйелге 93 ер адамнан келді.

Халықтың жастық және жыныстық құрамы бір-бірімен өте тығыз байланысты көрсеткіштер. Жыныстық құрамның белгілі бір жас топтарындағы арақатынасы халықтың ұдайы өсу барысын анықтайды. Мысалы, адамдардың көпшілігі 20-30 жаста үйленіп, балалы болатындықтан, осы кезеңдегі жыныстардың арасалмағы туу деңгейіне тікелей әсер етеді. Халыктың жастық-жыныстық құрамын сызба түрінде бейнелеу үшін жастық-жыныстық пирамидалар пайдаланылады. Бұл сызбалардан елдегі туу денгейінің төмендеген немесе артқан кезеңдерін, жыныстық құрамның арасалмағының жас топтары бойынша өзгерістерін айқын көруге болады. Жеке елдердегі демографиялық жағдайға, әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты жастық-жыныстық пирамидалардың пішіні де әртүрлі болады. Мысалы, ұдайы өсудің дәстүрлі сипаты тән болатын елдерде пирамида үшбұрыш пішінді болса, өсудің қазіргі заманғы сипатына ие болған елдерде пирамиданың төменгі бөлігіне Қарағанда орта бөлігі ендірек келеді.

Жастық-жыныстық пирамиданың ұзына бойына жас топтары, ал сол жағына әр жас тобына сәйкес келетін ерлер саны, оң жағында әйелдер саны келтіріледі. Пирамиданың қай жылдың мәліметтері негізінде құрастырылғаны міндетті түрде көрсетілуі кажет, мүнсыз халыктың қүрылымына пакты талдау жасау мүмкін емес. Халық саны онша көп емес елдер үшін көбінесе адам саның есептеу бірлігі ретінде мың адам алынады (сызбанұсқаны қараңдар).

Еңбек ресурстары. Қоғамның басты өндіргіш күші болып табылатын еңбек ресурстарын анықтауда және елдің болашақта ресурстың осы айрықша түрімен қамтамасыз етілуіне болжау жасауда халықтық жас құрамын білудің маңызы зор. Өйткені адамның жасы - оның еңбекке жарамдылығының негізгі көрсеткіші. Халықаралык ұйымдардың анықтауы бойынша, еңбекке жарамды жас 15 жастан 65 жаска дейінгі кезеңді қамтиды.

Еңбек ресурстарына елдегі еңбекке жарамды жастағы адамдардың барлығы (мүгедектер мен еңбекке қабілетсіз адамдардан басқалары) және еңбекке жарамды жастан асқан немесе оған жетпеген болса да жұмыс істеп жүргендердің жиынтығы енеді. Сонымен, еңбек ресурстарын еңбек жасындағы барлық адамдар (жұмыссыздар, ұй шаруасындағы әйелдер, студенттер, оқушылар, т.б.) мен жасына қарамастан жұмыс істейтіндер тобы құрайды. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, XX ғасырдың соңына қарай еңбек ресурстарының дүниежүзі халкындағы үлесі 61,2%-ды құрады.

Көпшілік жағдайда түрліше себептерге байланысты ЭБХ толығымен еңбекпен қамтамасыз етілмейді, жұмыссыздық деңгейі елдегі нақты экономикалық, жағдайға байланысты болады. Жұмыссыздық деңгеиі экономикалық белсенді халықтың жалпы санындағы жұмыссыздар үлесімен (% есебімен) анықталады. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша қазіргі кезде дүниежүзінде жұмыссыздар саны 120 млн адамға жеткен. Сонымен қатар 700 млн адам жұмыспен уақытша ғана (маусымдық жұмысшылар мен жұмыс күні қысқартылғандар) қамтамасыз етілген. Жұмыссыздық деңгейі экономикалық дағдарыс байқалатын және мешеу дамыған елдерде жоғары болса, еңбек нарығы еркін жүргізілетін ірі қалаларда, экономикасы дамыған елдерде төменірек. Ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2007 жылы АҚШ-та - 6%, Германияда - 11,3%, Францияда 9,5%-ға жуық байқалған. Ресми мәліметтер бойынша 2007 жылы Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 1,5%-ды құрайды. Әдетте, нақты жұмыссыздық деңгейі ресми мәліметтердегіден әлдеқайда жоғары болады. Жұмыссыздық дамыған елдерде еңбек нарығының қалыптасуына оң әсерін тигізеді, яғни жұмыс орны үшін болатын бәсеке мамандарды кәсіби шеберлігі мен білім деңгейіне орай тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жұмыс істейтін халыктың жеке салалардағы үлес салмағы туралы мәліметтер елдің шаруашылырының даму деңгейі мен мамандану бағытын айқын бейнелейді. Әдетте, жұмыс істеу салаларын бастапқы (орман және ауыл шаруашылығы, балық және аң аулау), кейінгі (өнеркәсіп, құрылыс және көлік), өндірістік емес деп үш ірі секторға топтастырады. Жұмыс істейтіндер аталған секторлардың үлес салмағына орай елдің немесе аймақтың экономикалық даму сипатын анықтайды, Жалпы дүниежүзі бойынша экономиканың 1-секторында жұмыс істейтіндер саны басым болғанымен, өндірістік емес салада жұмыс істейтіндер саны болашақта арта түсуі мүмкін. АҚШ, Аустралия, Канаданың еңбек нарығында 3-секторда жұмыс істейтіндердің үлесі 70%-дан асады. Бангладеш, Ауғанстан тәрізді мешеу дамыған елдерде 1-сектордың үлесі 90%-ға жетеді.

Сызбанұсқа деректерін пайдаланып, Қазакстанның қазіргі кездегі еңбек нарығының құрылымын дамыған және дамушы елдердегі көрсеткіштермен салыстырып көріңдер.

Сонымен елдің еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі халықтың жастық-жыныстык, құрылымымен тығыз байланысты. Экономикалық, белсенді халықтың үлесі және қай салада жұмыс істейтіндігі елдердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін нақты анықтайтын көрсеткіштер қатарына жатады.