15-тақырып. Дүниежүзілік шаруашылықтың аумақтық айырмашылықтары



Шаруашылықтың салалық құрылымы және орналасу ерекшеліктері. Дүниежүзілік шаруашылықтың экономикалық негізін бір-бірімен тығыз байланысқан ұлттык шаруашылықтар мен салалық құрылымдар құрайтынын білесіңдер. Қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылықтың салалық құрылымы 4 сектордан тұрады (сызбанұсқаға қараңдар).

Аталған секторлардың ұлттық жиынтық өнімдегі арасалмағы кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесін анықтауда маңызды рөл атқарады. Алғашқы екі сектор шаруашылықтың өндірістік саласын құраса, сонғылары өндірістік емес салаға жатады (сендер бұл салалармен келесі тақырыптарда жете танысатын боласыңдар).

Адамзат қоғамының даму тарихында шаруашылық салаларының үлесі ұдайы өзгеріп отырды. Индустриялануға дейінгі кезеңде ұзақ уақыт бойы экономикадағы жетекші сала болған 1-сектордың үлесі дүниежүзі бойынша жыл сайын қысқарып келеді. Жоғары дамыған елдерде бастапқы сектор үлесі 2—3% ғана, бұл ұлттық жиынтық өнім көлемінің үлкендігімен түсіндіріледі. Дүниежүзі бойынша бұл саланың өнімі жөнінен ірі елдер (АҚШ, Ресей, Қытай және Үндістан) жетекші орын алады. Канада шикізат өндірісімен, ал Жапония азық-түлік өндірумен көзге түседі. Бастапқы сектор елі де жетекші орын алғанымен, мешеу елдер өнім көлемі жөнінен дамыған елдерден артта тұр.

Индустриялық кезеңге тән 2-сектордың басымдылығы пайдалы қазбаларға бай және өтпелі экономика тән елдерде ғана байқалуда. XX ғасырдың соңында өндірістік салада өнеркәсіп жетекші орында болды, оның өнімі ұлттық жиынтық өнімнің 34%-ын құрады (сызбанұсқаға қараңдар).

Постиндустриялық даму сатысына еткен елдерде 3- және 4-секторлар қарқынды дамып, алдыңғы орынға шығуда. Жоғары дамыған елдерде қызмет көрсету саласының үлесі өндірістік салалар көрсеткішінен артық; дамушы елдерде өндірістік саланың, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімінің үлесі жоғары. Сонымен дүниежүзілік шаруашылықты құрайтын ұлттық шаруашылықтардың салалық құрылымындағы айырмашылықтарға байланысты елдер мен аймақтар бір мезгілде дамудың әртүрлі сатыларында (индустриялануға дейінгі, индустриялық және постиндустриялық) түр деуге болады.

Экономиканың дамуы барысында шаруашылықтың құрылымының өзгеруі оның орналасуына да әсер етеді. Ауыл шаруашылығы басым болған индустриялануга дейінгі кезеңде (аграрлық кезең)қалалар саны аз болды; олар, негізінен, сауда, ауданаралық өнім алмасу мен қолөнер орталығы қызметін атқарды. Осы кезеңде үлесі мардымсыз болған өнеркәсіп пен қызмет көрсету салалары қалаларда ғана шоғырланды. Ауылшаруашылықты аудандар қалалар маңына орналасты.

Индустриялану кезеңінде аумақтык, құрылым едәуір күрделенді. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу мен ауыл халқына қызмет көрсету орталығына айналған қалаларда алғашқы кәсіпорындар шоғырлана бастады. Өнеркәсіп орындары, негізінен, шикізат, отын және энергия көзіне жақын орналасты; жаппай жүк тасымалының маңызы артқан сайын кәсіпорындарды көлік тораптарында орналастыру тиімді бола бастады. Халық санынын, өсуі өңделетін және өнеркәсіптік мақсатта пайдаланылатын жер көлемін арттыруға апарып соқты. Шаруашылықтың аумақтық ұйымдасуы мен әлеуметтік сұранысқа сәйкес көлік пен байланыстың маңызы арта түсті.

Индустрияланудан кейінгі (постиндустриялық) кезеңде қоршаған ортаны ластайтын кәсіпорындар ірі қалалардан басқа жаққа көшіріліп немесе зиянды әсерін азайту мақсатында қайта жабдықталудан өтеді. Ендігі жерде өнеркәсіппен байланысы жоқ қалалар (ғылым мен білім орталықтары, курортты қалалар) пайда болады; қызмет көрсету жүйесі күрделенеді. Ауыл шаруашылығы жоғары маманданған тауарлы өндіріс саласына айналады; мұнда жұмыс істейтіндер саны азаюмен қатар, өңделетін жер ауданы да қысқарады.

Шаруашылық ұйымдасуының типтері. Экономикалық дамудың түрлі сатысында тұрған ұлттық шаруашылықтардың салалық құрылымы да айырмашылық жасайды. Сол себепті қазіргі заманғы дүниежүзілік шаруашылыққа аумақтық айырмашылықтар тән. Бұл, ең алдымен, ел шаруашылығының ұйымдасу сипатына, яғни экономикасының типіне байланысты болады. Шаруашылық ұйымдасуының қазірге дейін сақталып қалган байырғы типіне табиғи шаруа¬шылық жатады; оның негізінде тұрғын халық өзін-өзі азық-түлікпен және бірінші кезектегі тұтыну заттарымен қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда мамандану мен еңбек бөлінісі өте баяу дамиды.

Қоғамның дамуына байланысты шаруашылық ұйымдасуының жаңа типі - нарықтық экономика пайда болды. Мамандану мен географиялық еңбек бөлінісіне негізделіп ұйымдасқан шаруашылық өнімді жеке тұтыну үшін ғана емес, сыртқы сұранысқа орай нарыққа бағыттап өндіретін болды. Нарықтық қатынастар жеке ел ішінде және халықаралық деңгейде басым бола бастады.

Бұрынғы социалистік жүйеде елдер шаруашылығының ұйымдасуы айрықша сипат алды; өндіріс орталықтан басқарылып, жоспарланатын бұл тип мемлекеттік деп аталды. Қазіргі кезде бұл жүйеде болған елдердің (соның ішінде Қазақстан Республикасы) экономикасы мемлекеттік типтен нарықтық қатынастарға көшуде. Шаруашылық ұйымдасуының ескі және жаңа белгілері қатар кездесетін өтпелі экономика XX ғасырдың соңына қарай Шығыс Еуропаның бұрынғы социалистік елдері мен бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы елдерге тән болды. Өтпелі экономика жағдайында өндірістік және қаржылық жүйедегі қайта құрулар, жекешелендіру, еркін бағалар енгізілді. Экономикадағы күрделі өзгерістер халықтың көпшілік бөлігінің әл-ауқатының төмендеуіне апарып соқты. Өтпелі экономика тән елдер әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жөнінен біркелкі емес; тіптен олардың кейбірінде жергілікті ерекшеліктер негізінде дамудың айрықша үлгілері қалыптасқан (олармен жеке елдерді қарастыру барысында танысатын боласыңдар).