10-тақырып. Халықтың тілдік құрамы. Діндердің таралуы



Тілдік құрамы. Жер шары халқын көбінесе тілдік негізде топтастырады, өйткені тіл - кез келген этностың басты белгілерінің бірі. Сендер өткен сыныптардағы география курсынан барлық тілдердің тіл топтарына бірігетінін, ал тіл топтарының тіл семьяларын құрайтынымен танысқансыңдар. Қазіргі кезде дүниежүзіндегі халық саны 6 млрд адамнан асқанын білесіндер, олардың қанша тілде сөйлейтіндігі әлі нақты анықталмаған. Кейбір деректер дүниежүзінде тілдер саны 3 мыңнан асады десе, кейбір ғылыми еңбектерде тіл саны 5 мың деп шамаланады. Олардың мыңнан астамы әлі толық қалыптасып бітпеген және жойылып бара жатқан тілдер болып табылады. Қазіргі кезде саны аз аустралиялық аборигендердің 250, Солтүстік Америка үндістерінің 170 тілі жойылу алдында тұр. Тілдердің 3/4 бөлігі ауызекі сөйлесуге ғана пайдаланылады, яғни жазба үлгісі жоқ. Тіл санын анықтаудағы ауытқушылықтарды бір тілдің өзінде аумактық диалектілер болатындығымен түсіндіруге болады. Дүниежүзіндегі тілдерді 45-тен астам тіл тобына, оларды өз кезегінде 20 тілдік семьяға топтас¬тырады (сызбанұсқаға қараңдар).

Тіл тобына шығу тегі ортақ тілдер бірігетіндіктен, бір тіл тобына жататын тілдерде сөйлейтіндер арнайы дайындықсыз-ақ жалпылама түрде бір-бірімен түсінісе алады. Сонымен қатар ешқандай тіл семьясына, тобына енгізілмеген, шығу тегі белгісіз, оқшау тілдер де бар. Олардың қатарына жапон, корей тілдері, Испанияда тұратын басктердің тілі жене т.б. тілдер жатады.

Тілдердің пайда болуына және таралуына көптеген факторлар (жаулап алу соғыстары, жаппай көші-қон, оқшаулану және т.б.) әсер етеді. Мысалы, көптеген ұлыс өкілдері тұратын Жаңа Гвинея аралында мыңға тарта жергілікті тіл бар, мұнда тілдердің қалыптасуы тайпалық және ұлыстық оқшаулану жағдайында өткен. Тілдердің таралу шекарасы тарихи кезеңдерде ұдайы өзгеріске түсіп отырады.

Еуропалық тілдердің таралу аясының кеңеюі Ұлы географиялық ашылулар кезенімен тығыз байланысты болды. Адамзаттың көшпілігі, негізінен, үнді-еуропалық (40%,), қытай-тибет (20%), нигер-кордофан (8%) және афразиялық (7%) тіл семьясының тіл топтарында сөйлейді.

Әдетте, ел халқының көпшілігі сөйлейтін тіл мемлекеттік немесе ресми тіл дәрежесін алады. Елде басқа да ірі этностар болған жағдайда, билингвизм, яғни қостілділік орын алады.

Еуропа елдерінің бұрынғы отарларында еуропалық тілдер мемлекеттік тілдер ретінде қабылданған. Мысалы, Африканың 21 елінде француз тілі, 19 елінде ағылшын тілі, 5 елінде португал тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Соңғы жылдары мұнда жергілікті суахили, хауса, йоруба тілдерінің еуропалық тілдерді ығыстыруы байқалуда.

Қазіргі кезде дүниежүзіндегі кеңтаралған 12 тілде халықтың 60%-дан астамы сөйлейді. Қытай тілін ана тілі деп есептейтіндер саны 1 млрд 223 млн адамға жеткен (сызбанұсқаға қараңдар).

Кең тараған алты тіл (ағылшын, француз, орыс, испан, араб және қытай) БҰҰ-ның жұмыс тілдері болып саналады.

Діни құрамы. Халық діни нанымдарына қарай да жіктеледі, бұл халықтың діни құрамы деп аталады. Оны анықтауда Жер шары халқының барлығы бірдей қамтылмайды, өйткені адамзаттың, шамамен, 25-30%-ының діни ұстанымы жоқ.

Діндердің дүниежүзі бойынша таралу шекаралары, негізінен, XVIII ғасырда қалыптасып бітті, сол кезден бері елеулі өзгерістер бола койған жоқ Діндер таралу ерекшеліктеріне қарай әлемдік, ұлттық және дәстүрлі болып бөлінеді (сызбанұсқаны қараңдар).

Әлемдік діндер дүниежүзіне кең таралуымен сипатталады. Саны жағынан христиандар Басым. Олар дінге сенушілердің 2/5 бөлігін құрайды. Христиан діні католиктік, протестант және православие ағымдарына жіктеледі (келесі сыныпта олардың аумактық таралуымен нақты танысатын боласыңдар).

Христиан діні біздің заманымыздын, басында Рим империясының шығысында (қазіргі Израиль жері) пайда болды. Қазіргі жыл санау Христостың туған жылынан басталады. Қарапайым халық арасына тез тараған жаңа дін 324 жылы Рим империясының мемлекеттік діні деп жарияланып, Еуропаның басқа елдеріне тарала бастады. 1054 жылы батыс және шығыс тармақтары арасындағы келіспеушілік салдарынан христиан діні католиктік және православие ағымдарына ажырады. Ұлы географиялық ашылулар заманында католиктік ағым Америкаға, Оңтүстік және Батыс Африкаға таралды. XVI ғасырда Еуропада Рим папасының басшылығынан бас тартқан жаңа ағым өкілдері (протестанттар) католиктерден бөлініп шықты.

Қазіргі кезде католиктер бір орталықтан (Ватикан) басқарылады. Православие дініндегілер бір-біріне тәуелсіз 15 шіркеуге қарайды. Протестанттар англикан шіркеуі, лютерлік және кальвиндік бағыттарға жіктелген.

Ислам салыстырмалы түрде жаңа дін болса да, барлық дерлік дүние бөлігіне таралған; дүниежүзінің 120 елінде мұсылман мешіттері мен қауымдастықтары бар.

Ислам дінінің негізі 610 жылы Арабия түбегінде қаланды. Исламның дүниежүзіне кеңінен таралуына алғашқы кезде арабтардың жаулап алу соғыстары мен сауда қатынастары ықпал етті. VI-VII ғасырларда арабтар мәдениеті Кіші Азия мен Үнді өзені бойына, Солтүстік Африкаға таралса, X ғасырда ислам қазіргі Иран, Ирак, Орта Азия жеріне келіп жетті. Ислам дінінің қағидаларында мұсылмандардың білім алуға ұмтылысы, жаңа жерлерге саяхат жасауы құпталады. Араб саяхатшылары сауда керуендерімен бірге көптеген алыс елдерде болып, ислам мәдениетінің кеңінен қанат жаюына себепші болды. Соның нәтижесінде әр дүние бөлігінде тұратын, нәсілі мен ұлты, тілі мен тұрмыс-салты бір-біріне ұқсамайтын адамдар ортақ ислам мәдениетінің қалыптасып, гүлденуіне өз үлесін қосты. Мұсылмандар үшін Сауд Арабиясындағы Мекке (Мухаммед пайғамбардың дүниеге келген жері) және Мәдиненін, (пайғамбардың жерленген жері) орны ерекше; осы қалаларға қажылық сапарға барып келу мұсылманның қасиетті парызы болып саналады.

Мұсылмандар, негізінен, Азия жерінде шоғырланғанымен, олардың саны Африка мен Еуропада да едәуір. Мұсылмандардың жалпы саны жөнінен Индонезия (160 млн-нан астам), Пәкстан (126 млн адам), Үндістан (100 млн адам) дүниежүзінде алдыңғы орындарды алады. Мұсылмандардың 90%-ы исламның суннит ағымын құраса, қалғандары шииттер болып табылады. Ислам дінін ұстанушылар саны жағынан христиандардан кейінгі екінші орын алады (сызбанұсқаға қараңдар).

Буддизм әлемдік діндердің ішіндегі ең ежелгісі (б.з.д. VI ғасыр) болғанымен, бұл дінді ұстанушылардын саны христиандар мен мұсылмандарға қарағанда әлдеқайда аз. Кейіннен буддизм негізінде қалыптасқан жаңа діни ағымдар мен этностық діндер оны ығыстыра бастады. Соған қарамастан, буддизм Қытайда, Жапония мен Кореяда кеңінен таралған; Мьянма, Шри-Ланка, Тайланд, Моңғолия, Бутан, Вьетнам, Камбоджа және Лаоста басым дін болып табылады. Бұл діннің қауымдастықтары Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа бірқатар елдерінде де бар.

Этностың (ұлттық) діндердің таралу ауқымы әлемдік діндерге қарағанда тар, олар белгілі бір ұлт өкілдерін ғана қамтиды. Аса іpi этностық діндер қатарына иудаизм, индуизм, конфуцийлік, даосизм және синтоизм жатады.

Иудаизм б.з.д. VII ғасырда Палестина жерінде пайда болған, онымен христиан дінінің шығу тегі тығыз байланысты. Бұл дінді тек ұлты еврейлер ғана қабылдай алады, сондықтан оның таралу аумағы Израиль мемлекеті мен еврей қауымдастығы бар аймақтармен шектеледі. Қазіргі кезде иудаизм дінін ұстанушылар саны дүниежүзі бойынша 13 млн адамға жетті, олардың жартысы Солтүстік Америкада тұрады.

Б.з.д. VI ғасырда Үнді өзенінің орта ағысында жаңа діни ағым - индуизм пайда болды. Қазіргі кезде Үндістан, Непал және Шри-Ланка халқының басым бөлігі осы дінді ұстанады. Индуизмнің басқа діндермен салыстырғанда кеңінен таралмауына: а) географиялық тұрғыдан Үндістан түбегінде оқшаулануы; ә)діннің негізінде адамдарды касталық жүйеге бөлетін қағиданың жатуы себеп болды. Үндістан тәуелсіздік алған соң касталық жүйені жою туралы арнайы заң қабылданғанымен, үнді қоғамында адамдардың теңсіздігі әлі сақталып отыр. XV-XVI ғасырларда Үндістанның батысында (қазіргі Пенджаб штаты) касталық жүйені қабылдамаған үнділіктер арасында сикх діни ағымы пайда болды. Бұл дінді ұстанатын ер адамдардың атына "сингх" - арыстан деген жалғау жалғанады. Қазіргі кезде олардың жалпы саны 15 млн адам.

Шығыс Азия халықтарына тән діни ағымдарда, әдетте, философиялық қағидалар негізге алынған. Бұл аймақта пайда болған даосизм, синтоизм және конфуцийлік діндерінің қағидалары жеке ұлттардың өзіндік ерекшелігіне негізделгендіктен, басқа халықтар арасына тарала алмады. Олардың әлемдік діндер деңгейіне көтерілмеуін осымен түсіндіруге болады.

Ежелгі Қытай жерінде б.з.д. VI ғасырда философиялық-діни ілімдер сипатындағы даосизм және конфуциилік діндер қалыптасты. Олардың алғашқысы қытай тілінде "дао" - жол деген мағынаны білдірсе, соңғысы осы ілімнің негізін салған философ, қоғам қайраткері Конфуцийдің есімімен аталған. Конфуцийлік дін қағидалары адамның жеке өмірі мен шаруашылық әрекетінде мүлтіксіз орындалуы қажет деп есептеледі. Бұл өз кезегінде осы дін таралған аймақтардың (Қытай, Корея, Жапонияның кейбір аудандары; Сингапур мен Малайзияның қытайлар тұратын бөлігі) экономикалық өрлеуіне ықпалын тигізуде. Табиғатпен етене жақын өмір сүруді уағыздайтын даосизм медицинаның инемен және шөппен емдеу сияқты салаларының, химияның дамуына түрткі болады. Бұл дін Қытайда және Оңтүстік-Шығыс Азияның қытайлар тұратын елдерінде тараған. Аталған діндердің және буддизмнің ықпалымен VI-VII ғасырларда Жапония жерінде синтоизмнің (жапон тілінде "құдайлар жолы" деген сез) негізі қаланды. Бұл дінде табиғат күштері мен ата-баба рухына табыну уағыздалады. Сондықтан жапон халқында тұрмыс-салтқа байланысты дәстүрлерге айрықша мән беріледі.

Дәстүрлі (жергілікті) діндер алғашкы қауымдық құрылыс кезінде пайда болып, осы күнге дейін кейбір халықтарда сақталып қалган. Географиялық оқшаулану жағдайында табиғи ортамен етене жакын өмір сүрген тайпалар табиғаттың тылсым күштеріне сенді. Сондықтан алғашны науымдардың табынатың объектілері норшаган ортамен және адамдардың өзімен тығыз байланысты болды. Дәстүрлі сипат алған діни нанымдардың мынадай түрлерін ажыратуға болады:

а) анимизм - рухқа, оның мәңгілігіне және аруақтардың бар екеніне сену;

ә) ата-балалар рухына табыну;

б) тотемизм - тайпаның шығу тегін өздері қасиетті деп танитын өсімдікпен немесе жануармен байланысьыру;

в)фетишизм - заттарға табынып, олардың айрықша күшіне сену;

г) шаманизм - айрықша қасиеттерге ие бақсылардың (шаман) аруақтармен сөйлесе алатын қабілетіне сену.

Дәстүрлі діндер Тропиктік және Шығыс Африкада, Аустралия мен Мұхит аралдарында, Латын Америкасы мен Оңтүстік-Шығыс Азияда, сонымен қатар Солтүстік Америка мен Еуразияның солтүстігінде оқшау тіршілік ететін халықтарда сақталып қалган. Дәстүрлі діндердің кейбір элементтері аздап өзгерген күйінде әлемдік және этностық діндерде көрініс тапқан. Қазақтар арасында бақсылык (шаманизм) - ата-бабалар рухына сену осы күнге дейін сақталып келеді.