Заманауи музыка аспаптарының көпшілігі дүниежүзіне кеңінен тарамас бұрын, өзінің ұзақ та күрделі тарихи даму кезеңінен өтеді. Олардың бірқатары шежіре немесе хроника түрінде құжатқа түсірілген мәліметтерінің болмауы салдарынан, ғалымдар үшін, тіпті тарихшылар мен музыка зерттеушілері үшін де жұмбақ күйінде қалып келеді. Сондықтан олар туралы байыпты зерттеулер де болмай жатады. Әрине, көптеген болжамдардың барын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, тарихы әріден және терең зерттелгендері де жоқ емес. Солардың қатарына ешбір ойланбастан, гармониканы да қосуға болар еді. Бұл өзі бір ғажайып аспап, туған жылын – 1822 жыл деп айтуға әбден болады... Ал енді қол гармоникасын ойлап тапқан Ф.Бушман болды. [26]. Сол заманнан бері гармоника және оның әлдеқайда жетілген, пайда болғанына ұзақ уақыт өтпеген түрлері – баян мен аккордеон, Батыс Еуропа елдерінде кеңінен тараған. Ал 1830 жылдың жазында тулалық қару жасаушы Иван Сизов Нижегородск жәрмеңкесінен аспапты сатып алып, оның көшірмесін сол күйінде жасап шығарған. Көп кешікпей гармоника дайындау Тулада жаппай әуесқойлық өнерге айналған, ал оның жасалуы өнеркәсіптік негізге ие бола бастаған [71]. Шамамен отыз жылдай уақыт аралығында гармоника Ресей империясының көптеген қалаларында шығарыла бастайды. Бұған қоса, оның бірнеше түрлері де пайда болады, сондықтан әр облыс өз әуеніне қарай, оны түрлендіріп отырған.
Осылайша, ХІХ ғасырдың ортасында-ақ гармоника Ресей патшалығындағы көптеген халықтардың музыкалық тіршілігімен біте қайнасып кетті. Олар бұл аспапты өзінің дыбысталу ерекшелігіне және бай, кең тембрлік диапазонына қарай өте шапшаң қабылдады. Аккордеонды алып қарайтын болсақ, оның өзі басқа көптеген аспаптармен салыстырғанда, арнайы түймелерін немесе клавиштерін басу арқылы кез келген басқа үн шығаруға өте бейім. Гармоникаға, баян мен аккордеонға баға беру барысында музыканттармен ескерілген тағы бір ерекшелігі, одан шығатын дыбыстың күштілігі мен ұзақтығы болатын, өйткені дыбыстардың өзі де өздігінен созылыңқылық шектеуін білдіре алмайды. Әрине, бұл аспаптардан шығатын жеке дыбыстардың көрік жиналып және ашылғаннан артық ұзаққа созылуы мүмкін емес. Гармониканың әр аймақтарда пайда болуының өзі, адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынастың, тұрақты сауда-саттық-экономикалық және мәдени байланыстың нәтижесі болатын. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында гармоника мен оның түрлері аспан асты әлемінің тең жартысын түгел таңғалдырды десе артық айтқандық болмас еді. Оның қанық және әуезді дыбыстарын әлемнің ірі концерт залдарынан, театр мінбелерінен, көпшілік сауықтарында, ауыл кештерінен естуге болады.
Осылайша гармоника достық дастарқандары мен тойлардың, балалар ертеңгіліктерінің бұлжымас құралына айналды. Өзінің шағын, ықшамдылығына қарай – ол ең таптырмайтын, кеңінен қолданылатын сүйемелдеуші аспап болып табылады. ТМД елдерінде гармоникамен байланысты түрлі фестиваль, конкурстар өткізіліп тұрады. Көптеген жылдар бойы ОРТ телеарнасынан «Играй, гармонь, любимая» хабары үлкен сұраныспен көрсетіліп келді. Дүниежүзі бойынша жыл сайын аккордеоншылар мен баяншылардың ондаған ірі халықаралық фестивальдері, конкурстары ұйымдастырылады. Тек Батыс Еуропаның өзінде музыканттардың осы секілді байқаулары кең көлемде Германия, Франция, Италия елдерінде өткізіліп, оған ондаған шебер орындаушылар жиналып, көп көлемдегі көрермендерін де жинай алады. Олар тар концерт залдарынан гөрі, кең, ашық далада концерттер беріп, тыңдаушыларын өздерінің ерекше ойындарымен, ауқымды әуендерімен тамсандырып жатады. Мерекелер мен сауық кештерде гармоника аспаптарында орындалған әуендер құйқылжыды. Мұның өзі аспаптың барлық континентте де қаншалықты танымал әрі сүйкімді екендігін дәлелдей түсетіндей. Осының бәрі, жоғарыда аталған аспаптардың халықтын тұрмыс-тіршілігі мен рухани өміріне терең енгендігін дәлелдейді. Бұл аспаптармен барлық әуен, саз, тіпті ән мен биді де орындауға болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл аспаптардың қолданылу аясының кеңдігі сондай, ол эстрада, джаз, классика мен фольклорлық музыка жанрында да қолдануға әбден ыңғайлы. Академиялық, фольклорлық-этнографиялық оркестрлер мен ансамбльдерде, сондай-ақ халық аспаптар оркестрлерінде баян мен аккордеон тұрақты қолданылады. Оған мысал ретінде еліміздегі Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптар оркестрін, фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрін, «Сазген», «Мұрагер», «Адырна» секілді фольклорлық ансамбльдерін айта кетуге болады. Мұндағы түрлі аспаптардың дыбыстық полифониясының қатарынан баянның өзіндік «қайталанбас», ерекше үні байқалады. Гармоника-баян орындаушылық, кәсіби педагогика тарихы мен теориясы мәселелері, көптеген зерттеушілердің назарын өзіне аударды. Алайда, бұл зерттеулер негізінен гармоникаға байланысты Ресейдегі орындаушылық тарих мәселелерін қамтиды. Гармоншылар өнері әлемдегі көптеген халықтардың тіршілігіне сіңіп, Қазақстанның ұлттық мәдениетінің бір бөлігіне айналған. Түрлі халықтардың (орыс, татар, башқұрт, дагестан, қазақ және т.б.) ұлттық мәдениетінің өзара жемісті қарым-қатынасының арқасында, гармоника, баян және аккордеондағы ойын өнері олардың әрқайсысының төл мәдени дәстүрінің белгісін, олардың көркемдік мұрасының, ой-қабілетінің дамуын білдіреді. Баянда, оның ішінде гармоникада ойнау шеберлігінің тарихы түрлі халықтардың музыкалық мәдени мұрасының өзара сіңісуімен де сипатталады. Сондықтан да оны әлдеқайда тереңнен біле түсу, біздің еліміздегі кәсіби музыканың қалыптасу мен дамуының көптеген маңызды аспектілерін жан-жақты түсінуге, тануға мүмкіндік береді.
Осындай бай тарихқа ие гармоника аспабы қазақ даласына да кеңінен тарады. Сондықтан ұсынылып отырған оқу жинақта сырнай аспабының Қазақстанда кеңінен дамуы туралы мол мәлімет беріліп отыр. Мұнда осы аспаптың қазақ халқының музыкалық әлеміне ене отырып, маңызды, көрнекті құралға айналу тарихына терең талдау жасалады. Тарихтан көптеген деректер келтіріліп, көнеден белгілі және бүгінгі күнге дейін танымал музыкатанушы және ғалым-тарихшылардың ғылыми еңбектеріне сілтемелер берілген.
Гармониканың қазақ даласында кеңінен таралуына, өзінің кәсіби әуезділігі мен тембрімен ерекшеленген бұл аспаптың таныла түсуіне, қазақ халқының арасында зор бедел иесі атанған ақындардың еңбегі көп болған. Қазақ ақын-жырауларының халық көп жиналатын жәрмеңкелерде, салтанатты мерекелерде көпшілік алдында көрсеткен өнерлері, беймәлім аспаптың ХІХ ғасырда дала халқының тіршілігімен біте қайнасып, үйлесім табуына қосқан үлесі зор. Гармониканы қолданушы халық әншілері, халықтың эпикалық шығармаларын орындаушы жыршылар, композитор-әншілер мен композитор-орындаушылар, сал-серілер, музыкалық-поэтикалық айтыстардағы ақындар тарапынан кеңінен қолданылуы, оның одан әрі таныла түсуіне мол мүмкіндік берді. Соның арқасында басқа халықтармен салыстырғанда қазақ ішінде гармоника тұрмыстық музыка шеңберінен тез шығып, халықтың өмірге деген эстетикалық, философиялық көзқарасын, жоғары музыкалық-поэтикалық шығармашылық ой-өрісін білдіруші құралға да айналып кетті. Осындай ғажайып – аспаптың бірден жаппай тарауын немен түсіндіруге болады? Бұл феноменге мынадай түсінік беріледі. Біріншіден, бұл аспаптың ерекшелігі, ол бас дауысын беретін түймелерді басу арқылы, өзін-өзі сүйемелдейді. Екіншіден, тіпті алғашқы, әлі де болса жетіле қоймаған гармоника аспаптары өзіне тән үн шығару ерекшеліктеріне ие болды: олар бәсең естілетін дыбыстардан бастап өте қатты естілетін дыбыстарды алуға мүмкіндік береді, себебі, ауа екпінін көрікпен реттеуге болады. Үшіншіден, аспаптың қарапайымдылығы қызықтыратын еді. Гармониканы жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы, қажетті жай-күйде сақталмағанның өзінде, сазына келтірмеуге де болады. Кез келген шекті аспапты, әр ойнаған сайын сазына келтіру қажет екені белгілі. Төртіншіден, бұл аспаппен отырып қана емес, тік тұрып, тіпті жүріп, ат үстінде де ойнай беруге болады [27].
Гармониканың таралу ауқымының кеңи түскені сондай, оны дайындаумен шұғылданатын қазақ шеберлері де пайда бола бастады. Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданында гармониканың дыбыс шығарушы тіл қызметін – қамыстан, көрігін – теріден жасаған шебердің бірі туралы өз кезінде белгілі қазақ халық аспаптарын, жинаушысы Б.Ш.Сарыбаев жазған болатын [86].
Гармониканың кең тарауына байланысты баян аспабы елімізде жиі қолданысқа ие болған халықтық аспапқа айналды. Үлкен зерттеуді, жүйелеуді керек ететін гармоника өнері, оны насихаттаушы-орындаушылар мен ұстаздар жайлы тың мәліметтер беру назарларыңызға ұсынылып отырған жинақтың басты мақсаты болып табылады.