Баянның біздің республикамызда пайда болу тарихы Ресеймен тығыз байланысты. ХІХ ғасырдың 90-шы жылдары музыкалық аспаптар дайындау бойынша әйгілі Петербург шебері Николай Зиновьевич Синицкий ашқанда, жинағанда бір ғана дыбыс беретін үш қатарлы хроматикалық гармоника жасап шығарады. Сол секілді үш қатарлы хроматикалық гармониканы Н.И.Белобородов пен шәкірті В.П.Хегстрем жасайды [71].
Атақты гармоникада орындаушы Я.Ф.Орланский-Титаренко 1905 ж. музыкалық аспаптар жасаушы шебер Стерлиговке төрт қатарлы гармоникаға тапсырыс береді. 1907 ж. аспап дайын болады. Оның диапазоны оң жақ клавиатурасында бес октаваға жетеді. Дыбыстар хроматикалық тәртіппен үш қатарға орналастырылған, төртінші қатар қайталаушы болып табылады. Сол жақ клавиатурасындағы дайын аккордттардың варианттары кеңейтіліп орналастырылған. Аспапты аты аңызға айналған, аңыз-жыр айтушы Боян атымен атау ұйғарылған. Баян Мәскеу, Петербор және Ресейдің өзге де қалаларындағы мыңдаған тыңдаушыларының алдынан өткен. Жаңа концерттік гармоникаға берілген «баян» атау бүкіл Ресей жеріне тараған [71].
Сондай-ақ бұл атау сол уақытта Ресейден шығарылатын үш қатарлы хроматикалық гармониканың барлық жүйесіне қатысты қолданылған.
Тұрмыстық диатоникалық гармониканың дайын аккомпанемент шеңберінде шектеліп қана қалатын жұпынылығы, жоғары қарқынмен дамып келе жатқан аспап орындаушыларының көңілінен шыға қоймайды.
Сыртқы құрылысы әлдеқайда жетілдірілген гармоника-баян жасап шығару, аспапта ойнау сапасы мен көркемдік деңгейін арттыруға өз ықпалын тигізді. Бұл музыканттар репертуарының кеңеюінен және ойнау шеберлігінің өсуінен де байқалады. Педагог-әуесқойлармен қамтылған үйірмелер, музыкалық клубтар желісі одан әрі дами түседі.
Сондай уақытта қазақ халқының ортасында хроматикалық дыбыстар қатары бар гармоника-баянның жетілдірілген жаңа түрі пайда болады. Кеңінен дамыған орын- даушылық мүмкіндіктерінің арқасында ол қала мен ауыл жастарының арасына тарап, көркемөнерпаздардың әуестене пайдаланатын аспабына айналады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қалалар мен ауылдарға түрлі концерттік бригадалардың құрамында барып өнер көрсетіп жүрген баян орындаушыларының да атқарған еңбегі зор.
Қазақстандық алғашқы баяншылар Саид Муксинов, Евгений Чупров, Ахмет Ахметов, А.Мажаев, Сейдль Шарипов жәрмеңкелерде, мейрамханалар, саябақ, кинотеатрлар, цирктар мен концерттерде өнер көрсеткен. Олар өңделген халық әндері мен билерін, әйгілі классикалық репертуарларды орындаған, белгілі әншілерді, бишілер мен хорларды сүйемелдеген [89].
Белгілі орындаушылар ішінен Рамазан Елебаевты ерекше атауға болады [56]. Ол жөнінде Ұлы Отан соғысына арналған тараудан оқи аласыздар. Ол халық әндерін баянның сүйемелдеуімен орындағаннан бөлек, сол уақытта танымал болған қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді орындаған.
Баян халықтық және классикалық музыканы насихаттауға арналған ең қолжетімді музыкалық аспапқа айналады. Ойнау принциптерінің жеңіл меңгерілуі, дайын аккомпанементтің болуы, шексіз техникалық мүмкіндіктері баянның одан әрі таныла түсуіне зор әсер етті.
30-40 жылдары Алматыда С.Кәрімбаев, Бесихин, Полканов, Ведерников, Е.Чупров секілді танымал әуесқой-баяншылардың пайда болуы жоғарыда айтылғандарды дәлелдей түседі [89].
К.К.Ошлаковтың естеліктерінен біздің білгеніміз, 30-40-шы жылдары Алматыда Бесихин, Полканов, Ведерников, Кәрімбаев секілді танымал баяншылар болған. Бесихин мен Кәрімбаев Қазақ радиосына концертмейстер ретінде шақыртылған. Кәрімбаев Садық көбінесе радиода, қаладағы концерттік алаңдарда, парктердегі ашық эстрадаларда, гастрольдік сапарларда солист-баяншы ретінде қазақ әндерін сүйемелдеген, концертмейстер әрі жеке әндерді орындаушы болған.
Бесихин мен Полканов радиода орыс әртістерін сүйемелдеушілер болып жұмыс жасаған, асханалар мен мейрамханаларда ойнаған.
Одан әрі Константин Кирилловичтің айтуынша, 3 жылдай пионер лагерьлері мен мектеп алаңдарында Чупров Женя «есту арқылы» ілесіп, сүйемелдеп ойнаған. Кейінірек ол ұзақ уақыттар бойы Алматыдағы қазақ филармониясында солист, концертмейстер-баяншы болған.
Баянда орындаушылық эстрадалық ансамбльдер мен оркестрлер құрамынан да орын алды. Осындай ұжымдар демалыс және мәдениет парктерінде, кинотеатрларда сеанс басталар алдында, түрлі мерекелік концерттерде, циркте, мейрамханаларда, тойларда және басқа да шараларда өнер көрсетеді.
Аталған ансамбльдерде ойнау кез келген баяншының қолынан келе бермеген. Эстрадалық ансамбль баяншысына қойылатын толық емес талаптарға асқан шеберлік, жанынан шығару қабілеті, әртістік шеберлік, материалды тыңдаушыларына жеткізе білу ерекшелігі, ансамбльмен үндесу жататын еді.
Соңғы жылдардағы осындай ұжымдарда өнер көрсеткен танымал баяншылардың қатарында К.Щеглов, Е.Д.Чупров, С.К.Муксинов, Г.Г.Шутов, В.А.Холопайнен, С.С.Муксинов, В.И.Разломов, В.Ф.Романюк және басқаларды атауға болады.
Муксинов Саид Каримович 1907 ж. Ақмолада (Астана) татар көпесінің отбасында дүниеге келген. Оның аталары Есіл өзенінің жағасынан үй салған алғаш қоныс аударушы болған. Жастайынан музыка тыңдауды ұнатқан, алты жасқа толған кезінде гармонда еркін ойнай алған. Бұл жөнінде мемлекет қайраткері, ақын және жазушы Сәкен Сейфуллин былай дейді: «... Мен кірген дүкеннің иесі татар Карим Муксинов (Саидтің әкесі) екен. Дүкен қожайынының жұбайы жасынан бұрын қартайыңқырап қалған, елулерге келген әйел маған ішке кіруімді өтінді. Мен ішке кірдім. Үй иесі үйде болмай шықты. Қожайын әйелімен бірге келіні және жасы он екі- он үштерге келіп қалған баласы тұрады екен. Екі үлкен ұлы солдатта болып шықты. Соларды есіне алып, әйел мұңайып қалды. Біз онымен заманның қиындығы туралы ұзақ әңгіме айтып, асықпай шай ішіп отырдық. Менің көзім бұрышта тұрған екі қатарлы гармонға түсті. Мұны кім ойнайды деп сұрағанымда әйел, бұрын үлкен ұлым ойнаған еді, қазір бұл жетімсіреп қалды. Қазір кіші ұлым ойнап үйреніп жүр, – деді. Егер тыңдағыңыз келсе, ол қазір сізге ойнап берсін деген ұсынысын білдірді... Мен қандай болмасын бір күйді тыңдағым келді. Бала (Саид Муксинов) қолына гармонын алып жіберіп, зарлы әрі қайғылы әуенді ойнады... Біз қожайынның әйелімен екеуміз музыка үніне елтіп, үнсіз ғана тыңдадық. Жүрегім езіліп кеткендей болды. Мен одан әрі шыдай алмай, көзіме келген жасты жасырып, далаға жүгіріп шығып, өз үйіме кеттім» [88].
Жас кезінде Муксинов Саид Каримович баянда ойнауды өз бетімен үйренген, ал кейін 20-шы жылдары баян үйрену курстарында оқыған. Оқуын аяқтаған соң Ақмолада эстрадалық ансамбль құрады. Саид Каримовичтің өзі баянда ойнаған эстрадалық ансамбль қаладағы танымал ансамбльдердің біріне айналады. Ансамбль үнемі кабактарда ойнаған, олардың бірі кейініректе «Ишім» аталып кеткен мейрамхана. С.К.Муксинов мейрамханадағы жұмысы мен синематографтағы концерттік қызметін қатар атқарады.
Қала бойынша сол уақытта жалғыз болып саналған «Заря» кинотеатрында ол баян ойнап, дыбыссыз фильмдерді сүйемелдеген. Сондай киноленталардың бірі болып М.Шолоховтың «Тихий Дон» киносы табылады. Кинотеатр штатында эстрадалық ансамбль қызмет еткен, ол сеанс басталғанға дейінгі белгілі бір уақыт аралығында жиналған көрермендердің көңілін көтеретін болған. С.Муксинов сол ұжымда баянда ойнаған.