Ортақ мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі бар түркі тілді халықтардың көне заманнан бері фольклорлық ұлттық аспаптар ансамбльдері болған. Б.Сарыбаевтың айтуы бойынша, Қазақстанда 2-3 аспаптан тұратын ансамбльдер де болды. Б.Сарыбаевтың бастамасы мен іске асырылған фольклорлық аспаптар ансамблінің құрамына сырнай қосылды. Б.Ш.Сарыбаев та фольклорлық ансамбль құрамына сырнайды енгізу мәселесіне, 1970 ж. Үнді еліне гастрольдік сапарға шығар алдында өте сақтықпен қараған болатын. Қазақтан шыққан музыка білгірінің енгізген мұрасы, кейіннен барлық қазақ фольклорлық ансамбльдерінде басқа аспаптармен қатар қолданылатын деңгейге жетті.
«Жетісу» халық ансамблі 1973 ж. Талдықорған педагогикалық институтының ашылуымен қатар құрылған. Алдымен «Асыл-Арман» атауымен көркемөнерпаздар үйірмесі және «Жетісу» ән және би ансамблі ретінде құрылған. 1978 ж. ансамбль түгелдей төрт топтан тұратын ұжым болып қайта құрылған. Оның құрамына хор, бишілер тобы, вокалдық-аспаптық ансамбль және қазақ халық аспаптар оркестрі кірген. Ансамбль құрылған күннен бастап оның қолдаушысы М.Д.Жолдасбеков болған. Репертуар таңдауға қатысты ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстарына Н.Тілендиев, К.Күмісбеков, Д.Абиров, М.Тілеубаев көмек көрсеткен.
1979 ж. ансамбль «халықтық» атауын иеленеді. 1980 жылдың сәуір айында Даугавпилсте (Латвия) өткен Бүкілодақтық конкурста ансамбль лауреат атағын иеленіп, желтоқсан айында Германия Демократиялық Республикасындағы гастрольдік сапарында ансамбль өз шеберлігімен таңғалдырады. «Қазақстан» үгіт-насихат поездіның құрамында Байкал-Амур магистраліндегі бүкілодақтық комсомол құрылыс жұмыстарында 30-дан астам концерттер қойып, Ташкентте өткен Бүкілодақтық мектеп оқушыларының спартакиадасында өнер көрсетіп, Испанияға гастрольдік сапармен барып қайтады.
1982 ж. ансамбльдің халықтық атауы қайта бекітіледі. Ансамбль жетекшісі Амангелді Есімбеков, көркемдік жетекшісі Ақсұлу Манаспаева болған. Халықтық-оркестрлік орындаушылықтың гүлденуі, фольклорлық аспаптарда ансамбльдік ойынның дамуы көптеген халық аспаптар ансамбльдерінің, оның ішінде отбасылық ансамбльдердің пайда болуына да ықпал етті. Бұл бағытты біз «халықтық» атағын иеленген отбасылық ансамбль негізінде дамытып отырмыз.
Сыдықовтардың отбасылық халықтық ансамблі Қызылорда облысында 1980 ж. құрылған. Оның негізін қалаушы – отбасы отағасы Мұрат Сыдықов, Алматы консерваториясын (С.Балмағамбетовтың домбыра класы) бітірген орындаушы, композитор, кәсіби күйші болған. Ол оркестрмен қатар есейген, соның ардагерлерінің бірі. Ансамбль мүшелерінің бәрі Қызылорда облысының Қазанғап атындағы Халық оркестрінің орындаушылары болып табылады. Бүгінгі күнге дейін ансамбль түрлі байқау-конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.
1985 ж. Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай, социалистік мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін, ансамбль КСРО Композиторлар одағының арнайы дипломымен марапатталды.
1987 ж. Ұлы Социалистік Октрябрь революциясының 70 жылдығын тойлау қарсаңында бірінші облыстық, республикалық отбасылық ансамбльдер байқау-конкурсына қатысып, ІІ Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанды. Халықтан шыққан дарындар өте көп. Біздің ұлттық өнеріміз қалыптасқан ортада – Темірбаевтардың отбасылық ансамблі де танымал. 1976 ж. Шымкент облысы Ленин ауданының ауылдық клубының жанынан отбасылық ансамбль құрылған. Алғашқыда жерлестеріне концерттер беріп жүрген, кейін түрлі облыстық көркемөнерпаздар байқауларына қатыса бастаған.
Ансамбль жетекшісі Райымқұл Темірбаев, Алматы консерваториясын бітірген соң, Шымкент мәдениет институтында оқытушылық қызмет атқарған. Фольклорлық музыка аспаптарын зерттей жүріп, репертуарын халықтық музыкамен толықтырған, сөйтіп қарындастарына көне аспаптарда ойнауды үйреткен. Ансамбль құрамы: Бегімқұл – шопан, Сейдуәлі және Райымқұл – оқытушылар, Серімқұл – құрылысшы, Битөре – техникалық қызметкер, Нышан – МБ инспектор, қалғандары – оқушылар мен студенттер. Ансамбльдің мақсаты: көне музыкалық аспаптардың орындауында тарих беттерінен орын алған Оңтүстік Қазақстан аймағын мекен еткен ескі әндер мен күйлерді жарыққа шығару, халыққа таныту болатын. Кейін Райымқұл Мәдениет институтындағы фольклорлық-әдістемелік кабинет меңгерушісі болады. Ол ғылыми-іздеу және зерттеу жұмыстарымен шұғылданады. Шымкент облысының әр түкпірінен жоғалуға айналған жүздеген беймәлім, аз танылған халық әндерін магнитофон таспасына жазып алған.
Жалбиевтер отбасылық ансамблі 1979 ж. Ленгер ауданының Жамбыл атындағы ауылында құрылған. Балаларын үлкен сыншы халық алдына шығармас бұрын, оның шеберлігін арттыру жұмыстарына барынша үлкен мән берген. Ансамбль құрамында жай ғана құмарлықтан гөрі сүйіспеншілік басым болғандай. Ансамбльдің негізгі құрамы домбыра, қобыз, шаң-қобыз, асатаяқ, сырнайдан құрылған.
1986 жылдан бастап «Сыр сұлу» ән және би халық ансамблінің жетекшісі Т.К.Каденов болды. 1987 ж. ансамбль ІІ Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанады. 1988 ж. түркі халықтары музыка мәдениеті І ха- лықаралық фестивалінің дипломанты атанады.
Халықтың құрметіне ие болған Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің құрылуы, республика көлемінде осы секілді жаңа оркестрлердің құрылуына мұрындық болды. Олардың көпшілігі «халықтық ұжым» атауын иеленді.
Ондаған жаңадан құрылған қазақ халық аспаптар оркестрлері пайда болып, уақыт өте келе кең көлемді аудитория тыңдаушыларының жүрегіне жол тарта білген, сөйтіп «халықтық оркестр» атағын иеленген.
1965 ж. Жетісай қаласынан педагогикалық училищенің ашылу қарсаңында 20 адамнан тұратын домбырашылар ансамблі ұйымдастырылып, кейіннен қазақ халық аспаптар оркестрі болып қайта құрылған. 60 қатысушысы бар ұжымда 2 сырнайшы болған. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Бөрі Исаев. 1967 ж. аудандық, облыстық конкурстардың лауреаты болған Жетісай қазақ халық аспаптар оркестрі Ташкент қаласында өткен Республикалық фестивальға қатысып (І дәрежелі диплом) «Халықтық оркестр» құрметті атағын иеленген.
Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Семей облысы Абай ауданының «Қаламқас» халық ансамблі 70-ші жылдары құрылған. Бүгінгі таңда ол ауданға ғана емес, облыс, тіпті бүкіл республика көлемінде танымал. Олардың орындауындағы шығармаларды радиодан, сахнадан, жайлау басынан, көптеген үлкен құрылыс алаңдарынан естуге болатын. Оркестр Қазақстанның көркемөнерпаздар өнерін паш етіп, шетелге бірнеше рет барған.
Абай атындағы халық театрының жанынан 1972 ж. вокалдық-аспаптық «Қаламқас» ансамблі құрылады. Еңбекші халықтың алдында зор табыспен өнер көрсетіп, үлкен құрметке ие болады. Ансамбльдің құрамында: механизаторлар, мұғалімдер, құрылысшы, зоотехник, дәрігер, малшылар және т.б. өнер көрсеткен. Олардың құштарлығы бір-өнер болатын. Ансамбль жетекшісі өткен өмірге, уақытқа көрсетілген құрмет ретіндеқазақ халық аспаптар оркестрін құрды және құрамына баян кіретін электрлі аспаптармен біріктірген.
1973 ж. қазақ халық аспаптар оркестрімен біріктірілген ансамбль гастрольдік сапармен Чехословакия еліне барған. 1980 ж. «Қаламқас» ансамблінің жанынан қазақ халық аспаптар оркестрі құрылады. Облыстық конкурста оркестр толық концерттік бағдарламамен өнер көрсетіп, І орынды иеленеді. 1982 ж. ансамбль құрамына қазақ аспаптар фольклорлық ансамблі қосылады. 1984 ж. ансамбль Алматыда өткен есептік концертке жаңа бағдарламамен шығады. Осы бағдарламамен телефильм де түсіріледі. Ансамбль репертуары өте бай және жан-жақты: Құрманғазы күйі мен халық әндерінен басталып, Қазақстан композиторларының шығармаларына дейін, сондай-ақ кеңестік және шетел композиторларының шығармалары ойналады. 1986 жылдың қазан айында ансамбль гастрольдік сапармен Швецияға барып қайтты.
Қазақ дәстүрлі мәдениетін танымал зертеуші Ө.Жәнібеков «Сазген» фольклорлық ансамблін құру кезінде кереметтей дәл дыбыс беретін сырнайды өзі тауып әкеледі. Сол аспап бүгінгі күнге дейін ұжымның жаңа құрамымен де қолданылып жүр.
Кейін Б.Сарыбаев әдістемелік көмек ретінде алғашқы «Шертер» фольклорлық ансамблін құрып, фольклорлық аспаптардың қатарына баянды енгізуді ұсынады. Сол уақыттан бері фольклорлық ансамбльдер құрамында сырнайдың болуы – этнографиялық аспаптың міндетті атрибуты болып табылады.
1958 ж. Ташкентте өткен Орта Азия мен Қазақстанның ғылыми-студенттік конференциясында Б.Сарыбаев сыбызғы және Қ.Ахмедьяров домбырада дуэтпен «Бөкен жарғақ» күйін орындаған.
1960 ж. сыбызғы, домбыра және асатаяқтан құрылған трио халық күйі «Кеңесті» орындайды. Сол жылы Б.Сарыбаев консерватория жанынан ансамбль ұйымдастырады. Өз бастауымен «Отырар сазы» ансамблін құрады. 1971 ж. Б.Сарыбаев жетекшілік ететін ансамбль Үнді еліне гастрольге барады. Ансамбльге ерекше дыбыс берген, қайта жасалған саз-сырнай болады. Тек осы бір ғана аспаптың беретін үні зор табыс пен атаққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оның талмайтын педагогикалық, ғылыми-зерттеушілік, орындаушылық қызметі музыкалық халық шығармашылығын жаңа деңгейге көтереді. Ал сырнайшы Сүйінген Сейітханов Б.Сарыбаевтың шақыртуымен фольклорлық ансамбль құрамына қабылданды.
Б.Сарыбаев Қазақстан бойынша 15 жыл бойы ғылыми-зерттеу экспедициясының құрамында өз есебімен жүрген. Ескі Отырар қазбаларынан саз-сырнайды тапқан. 1966 ж. Өзбек КСР-і Бұхара облысы Тамды ауданында болған экспедицияда ақсақалдардың сипаттауы бойынша көне қазақ аспабы жетігенді қалпына келтірген. 1972 ж. жетіген аспабын дайындауға авторлық куәлік алады.
Жоғалып кеткен шертер, шаңқобыз, дабыл, қамыс-сырнай, мүйіз-сырнай, үскірік, асатаяқ және т.б. тауып, олардың орындаушылық мүмкіндіктерін меңгереді және ансамбль мүшелерін оларды ойнауға дағдыландырады.
1968 ж. Республикалық радио студиясында алғаш рет халық әндері мен күйлері көне аспаптар жетіген, шаңқобыз, шертердің ойнауында жазып алынды. 20 мамыр 1970 ж. Қазақ КСР Ғылым академиясында Б.Сарыбаевтың «Революция кезеңіне дейінгі Қазақстанның халық аспаптары» тақырыбына кандидаттық диссертациясы қорғалды.
Фольклорлық аспаптарды Құрманғазы атындағы оркестр аспаптарының негізгі құрамына қосуы, Б.Сарыбаевтың дыбыстық палитраны байытуға қосылған үлкен үлесі болатын.
Бұл Б.Сарыбаевтың кереметтей зор еңбегін артық бағалау болмас. Ол өз халқына өткен ғасырлар мұрасын жеткізді. Қазақстанның көп ғасырлық халықтық музыка мәдениеті жанрлық тұрғыда өте бай. Қазіргі уақытта өткен заманның музыкалық өмірін толықтай қалпына келтіру мүлде мүмкін болмас еді, ал кейбір жағдайда ұзақ уақыттың өтіп кетуі салдарынан да мүмкін болмай қалар еді. Алайда, халықтың ұрпақтан ұрпаққа ауызша таратқан шежіресі біздерге дейін аспаптық күйлердің, аймақтар мен мектептерге салаланып бөлінетін әндердің көптеген мұрасын жеткізді.
Б.Сарыбаев Қазақстан территориясында көне замандардан бері өмір сүрген музыка аспаптарының тарихи даму жолдарын зерттеген. Ол халық музыкасы мен фольклористиканың даму барысы мен ғылыми-зерттелу процесіне зор үлес қосқан. Ол өз өмірін көне аспаптар жинауға, оларға жан беріп, насихаттауға жұмсаған. Кітаптардың, әдістемелік дайындамалардың, очерктердің авторы болған ол Ленинград мұражайына 16 аспаптың, Сведловскіге – 11, Республикалық халық аспаптар мұражайына – 13, жалпы алғанда шамамен 600-ге тарта экспонаттарды түрлі мұражайларға берген.
Оның көне қазақ ұлттық аспаптары туралы еңбектері біздің халқымыз үшін мәңгі мұра және зор мақтаныш болып сақталады. Олардың әлдеқайда көп және әртүрлі болуы, халық аспаптары дәстүрінің сыры тереңде жатқанын ұғындыра түседі.
Ол аспаптар жинаумен шұғылданып қана қоймай, ол аспаптардың пайда болуымен, өмір сүруімен байланысты халық аңыздарын да жинай жүрген. Сонымен қатар археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған аспаптардың тасқа сақталып қалған нұсқасына қарап, олардың бастапқы түрін қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізген. Оларды жасап шығарған соң, соларға тән технологиялық ерекшеліктерін анықтап, оларды музыкаландырудың жаңа деңгейіне дейін жетілдіре түскен. Осындай аспаптар, олардың сыртқы түрі, дыбысталуы, орындаушылық тәсілдері арқылы халықтық эстетикалық талғамы мен музыкалық көзқарасын анықтаған.
Дыбысы нашар шығатын халық аспаптарының акустикалық қасиетін жақсарту, жетілдіру, қатарын тұрақтандыру, қобызды жаңа аспаптарға лайықтап, оркестрге ойнауға бейімдеп қайта құрастыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылған. Басты аспаптар домбыра мен қобыздың негізінде соларға ұқсастырылған олардың бірнеше түрлері құрастырылып, аспаптардың оркестрлік топтары жасақталған. Жалпы алғанда, халық аспаптарына бағытталған, халықтық және классикалық музыканы ойнайтын оркестрлік орындаушылық республика халқын жаппай көркемдікке тәрбиелеуде сара жолға түсті.
Халық-оркестрлік мәдениетті эволюциялық дамытудың жаңа сатысы болып жанрдың этнографиялық даму бағыты саналады. Бұл кезең қазақтан шыққан зерт- теуші ғалым Б.Ш.Сарыбаев атымен тығыз байланысты.
Баянның қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамына тартылуы да кездейсоқтық емес еді. Гармониканың қазақ даласындағы ғасырлық өмірі, оның дыбысының халық санасына сырнай аспабы ретінде түбегейлі енуі, ақындар айтыстарында гармониканың кеңінен қолданысқа түсуі, көптеген ақын-гармоншы саңылақтар мен әнші-гармоншылар ортасының пайда болуы, оның қазақ халық аспабы ретінде қабылдануына мүмкіндік берді. Б.Сарыбаевтың айтуы бойынша, гармоника қазақ ортасында домбырадан кейінгі екінші орынды иеленген. Одан кейін сыбызғы мен қобыз жүреді. Сырнайды оркестрлік аспап ретінде сынақтан өткізу арқылы Ф.Ш.Мансуров оның Қазақстанның оркестр мәдениетіндегі одан кейінгі тағдырын ашып берді. Бүгінгі таңда Атырау қаласында Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі, «Нарын» оркестрі, Қарағандыда Тәттімбет атындағы, Ақтауда Абыл атындағы, Батыс Қазақстан облысында Дәулеткерей атындағы, Ақтөбеде Ахмет Жұбанов атындағы, Қызылордада Тұрмағамбет атындағы оркестрлер жемісті еңбек етуде.
Қазіргі халықтық музыкаландыру тәжірибесінде, әсіресе көркемөнерпаздықдың қарқындап өсуі мен классикалық және заманауи кәсіби шеберліктің органикалық байланысуы кезінде [4, 21 б.] көптеген отбасылық ансамбльдер пайда бола бастаған. Осылайша, Құрманғазы атындағы оркестр мүшелерінің қатарынан Сыдықовтар халықтық ансамблі, орыс халық аспаптар оркестрі (жетекшісі В.В.Плетнев, Орал), Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтының жанынан «Нарын» фольклорлық ансамбльдері құрылған. Көркемдік жетекшісі 1994 жылдан бері Ақболатов Дәурен Кеңесұлы, сырнайшысы Қошқарбаев Серік.
ХХ ғасырдың соңғы ширегінде белгілі қоғам қайраткері Тілеутай Балағазұлы Ыбыраев Қазақ радиосының музыкалық редакциясының Бас редакторы болып қызмет атқарып тұрғанда, радионың эстрадалық оркестрі тәрізді, Қазақ радиосының Қазақтың ұлттық халық аспаптар оркестрін де ұйымдастыруды қолға алған еді. Оркестр мүшелеріне арнайы киім тіктірілді. Музыкалық аспаптар алынды. Дайын- дық қызу жүргізіле бастаған. Бірақ бұл сөз жүзінде рухани қолдауға ие болғанымен, субъективтік жағдаларға байланысты, әкімшілік тарапынан қаржы бөлінбей өнерпаздар тарап кетті.