Ұлы Отан соғысы жылдары – бұл Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы халықтарының өміріндегі жеке және рухани күшті жұмылдырушы теңдесі жоқ кезең. Төрт жыл бойы халықтың ойында бір ғана мақсат – жауды жеңу болды.
Бұл соғысқа миллионнан астам қазақстандықтар қатысты. Қазақстанда шамамен жиырма атқыштар дивизиясы мен бригадалары, бірнеше кавалерия дивизиялары, авиация полктері, мамандандырылған батальондар құрылған.
Соғыс басталғаннан бастап, КСРО Мәдениет жөніндегі Кеңестік халық комитетінің шешімі бойынша бүкіл республикаларда әртістердің үгіт-насихат бригадалары құрыла бастады. «Сондай алғашқы концерттік бригадалардың біріне Күләш Байсейітова басшылық етті. 1942 жылдың жазында Солтүстік-батыс майданда қазақ әртістері елуден астам концерттер берді. Қазақ әндері блиндаждарда, батареяларда, жазғы аэродромдарда, алаңдар мен жасыл шалаштарда тыңдалды. Ал енді басқа майдандарда дабылсыз атылған артиллерия шуына, жарылған бомба қарқынына қарамастан, Жамал Омарова, ағайынды Абдуллиндер, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұлованың би ансамблі өнер көрсеткен» [90, 136 б.].
Ызғарлы соғыс жылдарында Нартай Бекежанов өзінің концерттік бригадасымен колхоздар мен фермаларды аралап, өткір поэтикалық әндерімен тыл еңбеккерлерін жігерлендіріп, жауға қарсы жеңіс жолында еңбек етуге рухтандырған.
Қиын қыстау кезеңде, жолсыз, айналма жерлермен Қызылорда облысының шалғай ауылдарын аралап, әскери бөлімшелерге барып, Нартай ансамблі екі мыңнан астам концерттер берген. Атақты ақын-гармоншының «Алға, батырлар!», «Тыл батырларына» атты әндері бүгінгі күндері де халық арасында айтылып жүреді [11].
Сұрапыл соғыс жылдарында облыстық филармониялар ашылып, оған сол аймақтағы музыка мәдениетінің қаймақтары жиналады. Өз қызметін 1942 ж. бастаған Павлодар филармониясы музыка өнерін насихаттауда алдыңғы қатарда еңбек етіп келеді.
Сол кездерде бүкіл Қазақстан халықтарының арасында концерттік-шефтік жұмыстар қызу қайнай түсті.
Осындай қарқынмен Өзбекстан мен Қазақстан әртістері Мәскеу түбіндегі, Калининдегі, Батыс және Солтүстік-батыс майдандағы, Балтық және Қара теңіз флотындағы майдандарға барып, концерт қойған. Б.Төлегенованың «Живая песня» кітабында «Әрбір концерттің соңы митингге ұласып кететін. Командирлер мен әскерлер бізге алғыстарын білдіріп қана қоймай, қасық қандары қалғанша күресуге уәде де беріп жатты. Біз оларға ауадай қажет едік», – деп еске алады Б.Төлегенованың ұстазы өз өмірі туралы Надежда Николаевна Самышина [97].
Соғыс жылдарында музыка өміріндегі басты тақырып Отанды қорғау және халық рухы еді. Атақ - даңққа бөленген әскерлердің ерлігі мен олардың жаужүрек батырлығы жырланды.
Заманауи әскери қаруланудан басқа да, кеңес халқының рухани ресурстары бай болатын. Гармон мен баян нағыз халық аспаптары ретінде жауынгерлердің майдандағы өмірімен біте қайнасып кетті. Отан қорғаушылардың рухын көтеру, тылдағы халыққа рухани және патриоттық күш беруші құралға айналды. Баянның жұмсақ, жүрекке қонымды дыбысы туған жер туралы ой салса, ырғақты биге арналған әуендері жауынгерлердің жүрегін сағынышқа толтырып, қайраттандырып, жаңа ерліктер жасауға шақырды. Баянға тән интернационалдық үн-әуез түрлі ұлт халықтарына өте жақын әрі түсінікті болды. Қан жұтқан қандай ауыр, қиын заман болғанымен, халық бәріне төзіп, шыдай білді.
Кеңес Одағының батыры Катаев Михаил Максимович 1903 ж. Павлодарда туып өскен, сол жерден майданға шақыртылған. Гармоника біздің жерлесіміздің жанынан бір елі қалмаған жан жолдасы еді. Соғыс кезінде танкге қарсы күш көрсетуші дивизияның дәлдеушісі болған. Бірнеше жауынгерден тұратын топпен қараңғы түнде Днепрдің арғы бетіне өтіп, фашисттердің траншеяларын гранаталармен жарған. Осындай ерлігімен бөлімшелерге алға жылжу үшін жол ашқан. Павлодардағы тарихи-өлкелік мұражайда Кеңес Одағының батыры М.М.Катаевтың гармоникасы сақталған [102].
Павлодардың тағы бір тумасы гармоншы Қайырбек Тайкенов те Ұлы Отан соғысының ардагері. Көрсеткен ерлігі мен қайталанбас батырлығы үшін әскери наградаларға ие болған.
Павлодарлықтардың арасында зор абырой мен беделге ие тағы бір баяншы Григорий Федорович Корниенко, ол 1921 ж. туған. Бұл Павлодардан шыққан алғашқы баяншы-орындаушы. Григорий Федорович әскери бөлімшесімен бірге 1943 ж. Павлодарға келген. Сондағы авиация бөлімшесіндегі әскери көркемөнерпаздар тобына жетекшілік еткен. Соғыстан кейін филармонияда баяншы болып жұмыс жасаған. Жасының ұлғайып қалғанына қарамастан, оны үнемі концерттік эстрада сахнасынан көруге болатын еді [102].
Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында көз жанарынан айырылған Павло- дарлық алғашқы кәсіби баяншы Федор Денисович Сергиенко 1918 ж. дүниеге келген.
Майданда жүрсе де, баянын тастамай, өнерін шыңдаған. Баян әскери көркем- өнерпаздар, көптеген ансамбльдер мен концерттік бригадалар өмірінде жетекші роль ойнаған. Осындай үгіт-насихат бригадалары Қазақ филармониясында да құрылып, оның құрамында сол кездегі барлық жетекші әншілер мен музыканттар, оның ішінде, баяншылар, ақын-гармоншылар өнер көрсеткен [102].
1943 ж. желтоқсан айында Алматы опера театрында Жамбыл Жабаевтың төрағалық етуімен республикалық деңгейдегі айтыс өткізілген. Атақты Нартай мен Шашубай өздерінің әскери әндерін орындап, ақындық шеберліктерін таныта айтысып, сырнайдан төгілген ән мен күй бұлақтай аққан.
Баян майданда жүрген жауынгерлерге әдеттегі концерттен гөрі етене жақын болған. Біз жоғырада айтып кеткеніміздей, баян алдыңғы шепте, жер төлелерде, шабуыл арасындағы үзілістерде қолданылып, жауынгерлерге рухани күш берген. Мұның өзі жауынгерлер арасында да баяншылардың болғанын дәлелдей түседі.
Майданда көркемөнерпаздар өнерінің жаңа қырлары ашыла түскен. Музыкант-оркестранттардан 5-7 адамнан тұратын шағын ансамбльдер құрылған. Олардың ішінде міндетті түрде баяншылар болған. Сонымен қатар соғыс кезіндегі жылжымалы ансамбльдер алдыңғы шептегі жауынгерлер алдында өнер көрсету мүмкіндіктерін иеленген. Шабуыл алдындағы бірнеше сағаттық демалыс уақытында баянмен айтылған әндер, құйқылжыта тартылған әуендер жауынгерлерді ауыр ойлардан арылтуға мүмкіндік берген. Музыка аспаптарының ішінен баянның алатын орны зор болғаны сөзсіз. Ол өте әмбебап құралға айналып, халық әндері мен билерін сүйемелдеу, кеңес композиторлары мен классикалық музыкаларды орындауда керемет таптырмас аспап болды. Аспаптық ансамбльдер құрамына кіретін баянмен әншілер, хор орындаушылары сүйемелденген. Осы секілді ансамбльдер флотта да құрылған. Деректерге сүйенсек, баянның әскери тапсырмаларды орындау үшін теңізге шығатын суасты кемелерінде де болғаны дәлелденген.
Майданда болған көрнекті қазақстандық баяншылардың бірі Рамазан Елебаев. Ол 1942 ж. Мәскеу консерваториясындағы оқуын үзіп, майданға аттанған. Панфилов атындағы гвардиялық дивизияның 8-ші атқыштар полкінде концерттік бригада құрып, өзі баянның сүйемелдеуімен айтылатын көптеген әндер жазып, жауынгерлердің алдында орындап, өнер көрсеткен. Оның досы Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров Бородино шайқасында жау оғынан мерт болған. Батырдың қаза болуына байланысты, Рамазан Елебаев «Жас қазақ» атты майдандық ән-реквием жазып, оны баян сүйемелімен өзі орындаған. Әнді автордан қабылдап алған белгілі халық әншісі Жүсіпбек Елебеков, туындының ел арасына кеңінен таралуына зор үлес қосқан. Халықтық-кәсіби дәстүрлерді ұштастыра отырып шығарылған «Жас қазақ» әні халық зарын дәл береді және лирикалық-драмалық көңіл-күйге құрылған [57].
Рамазан Ержанұлы Елебаев қазіргі Ақмола облысында (Құдықлаш ауылы) 1910 ж. дүниеге келген. 1943 ж. майдан даласында ерлік пен, қаза болған. Ол 1928- 29 жж. Орынбор жұмысшылар факультетінде оқыған, 1930 ж. Алматыдағы Қазақ атты жасағында әскери борышын өтеген. 1931 жылдан бастап Қазақ драма театрының әртісі. Оның С.Сейфуллиннің сөзіне жазылған алғашқы әні «Жолдастар» халық арасында кеңінен тараған. 1935 ж. Р.Елебаев әнші-баяншы болып Қазақ мемлекеттік филармониясына жұмысқа орналасады. Қазақ СРО-ның 15 жылдығына орай, Қазақ әдебиеті мен өнері декадасының қарсаңында «Қазақстан» әнін жазады. 1936 ж. «Қуанышты жол-сапар» атты әні жарық көреді. 1937 ж. Мәскеу консерваториясына оқуға түсіп, екі актілі «Біржан – Сара» музыкалық пьесасын жазған. 1942 ж. генерал Панфиловтың 8-ші гвардиялық дивизиясының құрамына қабылданып, өз еркімен майданға аттанған. Майданда көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
Көптеген белгілі туындылардың ішінде «Талғар полкінің маршы», «28 батыр», «23-ші полк маршы» әндерін атауға болады.
1943 жылдың аяғында Отан үшін болған шайқаста ерлікпен қаза табады.
Қазақстандық майдангер-баяншылардың қатарында В.С.Басаргин, Г.Г.Шутов, С.Муксинов, Е.М.Рыжов болды. Барлығы да Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап соңғы күндеріне дейін алған жарақаттарына, ауыр шайқастарға қатысқандарына налымастан, баян аспаптарынан ажырамай, өмірге деген құштарлықтарын сазды әуендермен жеткізген.
Мысалы, Геннадий Гаврилович Шутов Сталинград шайқасына қатысып, Польшаға дейін майдан жолымен жүріп өтіп, қоршауда қалған. Ол жорық арасындағы үзіліс сәттерінде жау жағынан олжаға түскен неміс аккордеонында құйқылжыта ойнап, жауынгерлерді жігерлендірген.
Саид Каримович Муксинов эстрадалық ансамбль құрып, өзі баянда ойнаған. Шайқасқа шығар алдында жауынгерлерге арнап концерттер ұйымдастырған. Саид Каримович жеке сүйемелдеуші ретінде де, эстрадалық ансамбль мүшесі ретінде де өнер көрсеткен. Ансамбль жауынгерлер ішінде құрмет пен ілтипатқа ие болғандықтан, үнемі алдыңғы шептегі жауынгерлерге өнер көрсетіп отырған.
Валентин Степанович Басаргин баянда ойнау шеберлігімен ерекшеленген жауынгер.
Евгений Михайлович Рыжов, атақты ақын Сергей Есениннің немере-інісі болған. Оның бүкіл өмірі баянмен тығыз байланысты. Майданда жүріп-ақ көптің көңілінен шыға білген музыкант, соғыс аяқталған соң Қазақ мемлекеттік филармониясында қызметің жалғастырған.
Майдан шебінде В.Соловьев-Седой, М.Блантер, В.Белый, Т.Хренников, К.Листовтар секілді көптеген атақты композиторлар жұмыс жасаған. Олар әскери әндер шығару арқылы, жауынгерлердің рухын асқақтатқан.
Сол жылдардағы көптеген әндер баянға арналып жазылған: М.Блантердің «В лесу прифронтовом», «Играй мой баян»; В.Соловьев-Седойдың «Вечер на рейде». Баян үнінің әуенімен қазақ әндері де жырланған: М.Төлебаевтің «Соқ, барабан», «Алға, қазақ», «Кестелі орамал», «Песня о Тане»; А.Жұбановтың «Не забудь», «Ласточка», «Любимая», «Где ты?» және басқа да әндер.
Майдан шебінде атақты ән-би ансамбльдері, әртіс-жеке орындаушылар баянның сүйемелдеуімен өнер көрсеткен: (Р.Бағланова, Ж.Омарова және басқалар). Қызыл тулы ән – би ансамблінің үлгісімен басқа да кәсіби және көркемөнерпаздар ансамбльдері ұйымдастырылған. Осы секілді ансамбльдердің бәріне де баян аспабы қолданылған.
Соғыс жылдарында көркемөнерпаздардан құрылған ансамбльдер әскери бөлімшелер мен госпитальдарда да жиі концерттер берген. Олар мәдениет үйлерінің, клубтарының ұжымдарынан ұйымдастырылған. Госпитальдар мен әскери бөлімшелерге арнайы концерттер қою үшін, бөлек баяншылар ансамбльдері де құрылған. Осылайша, 1943-47 жж. аралығында К.К.Ошлаковтың жетекшілігімен құрылған баяншылар триосы, 1943-57 жж. Алматы музыка училищесі баяншыларының қатысуымен құрылған ансамбльдер госпитальдар мен әскери бөлімшелерді аралап жүріп концерттер берген.
Константин Кириллович құрамы үш баяншы, виолончел, скрипка және флейташылардан құрылған ансамбль ұйымдастырған. Ансамбльдің репертуарына түрлі танымал классикалық шығармалар, халық әндері мен билері кірген. Алматыдағы Панфилов дивизиясының атақты атқыштар гвардиясы майданға аттанушыларды филармония ауласында ойналған марш үнімен шығарып салған.
К.К.Ошлаковтың естелігінде: Ұлы Отан соғысы кезінде москва киностудиясының және басқа да көптеген атақты мәдениет және өнер қайраткерлері Алматы қаласына көшірілгені айтылады. Константин Кириллович жеке орындаушы және концертмейстер ретінде Б.Чирковпен, Бабочкинмен, Шишкинмен, әншілер Ивановпен, Куклинамен, Жуковпен, Славиковскиймен, виолончелші Пеккермен, скрипкашы Торгонский, Арагонский, А. Пикайзенмен (оның кішкентай ұлы Алматыдағы госпитальдар мен кәсіпорындарда ойнаған), Қазақ опера театрының әртістерімен: А.М.Курганцев, ағайынды Мұрат және Ришат Абдуллиндермен, Қ.Жандарбеков, Б.Досымжанов, Е.Серкебаев С.Абжанов, Г.Құрманғалиев, К.Кенжетаев, Р.Джаманова және Күләш және Қаныбек Байсейітовтермен, драма театрының әртістері Е.Өмірзақов, Р.Қойшыбаевалармен бірге жүріп, концерттер қойған.
Жоғарыда аты аталған әртістердің әрқайсысымен К.Ошлаков Қазақстан мен Өзбекстан жерлерін аралап, тың игерушілердің алдында, госпитальдарда, алыс шалғайдағы егістіктер мен жұмысшы цехтарында өнер көрсеткен.
Ол үнемі радиодан орыс және шетел классиктерінің шығармаларын, танымал халық әндері мен билерінің әуенін, авторлық шығармалары мен қазақ музыкасының өңделген нұсқаларын орындаған. Осылай радиодан таратылған, баянмен ойналған әуендер арқылы, К.Ошлаков Қазақстанда баянда кәсіби орындаушылық өнерінің дамуына орасан зор үлес қосқан.
Майдандағы әскери жорықтарға қатысқан, әртістер мен көркемөнерпаздардың әрекеттері баян рөлін музыкалық аспаптардың ішінен алдынғы қатарға жылжытып шығарғаны анық байқалады.