Қазақ халқының музыкалық тұрмысына еніп кеткен, музыкалық аспаптардың тарихын толықтай зерттеу үшін, түркі тілдес халықтардың да аспаптарын жақсы білу қажет. Көрнекті қазақ музыка зерттеушісі, аспаптардың білгірі Б.Сарыбаевтың айтуынша, музыкада да тілдегі секілді екі фактор байқалады екен: бастапқы (төл, өзіне ғана тән) және екінші (басқа халықтардан келіп кірген) [60]. Даму барысында қоғамдық, экономикалық және мәдени қатынастардың әсерінен көршілес қоныстан- ған халықтардың бір-біріне ықпалы зор болған.
Тарихи және географиялық жағынан Орта Азия мен Қазақстан әрдайым Еуразияда ірі көркем мәдениетті тоғыстырушы негізгі торап болған. Бұл әрине, өнердің, оның ішінде музыка өнерінің дамуына зор ықпал етті.
Қазақстан халықтарының дәстүрлі музыкалық өнері түрлі ғасырлық тарихтан өте келе, бай ән-жыр және аспаптық мұралармен толығып, іріктелген. Оны белгілі ақын, жыршы, жырау, күйшілердің бірнеше ұрпағының шығармашылығынан да байқауға болады.
Түрлі музыкалық мәдениеттің ерекше жақтары ретінде пайда болатын, халықтардың тарихи тағдырлары бойынша әлдеқайда жақын болып келетін, кез келген ұлттық өнердің байырғы, өзіндік жалпы типологиялық келбетін ашу, бір процестің екі қыры болып табылады. Айталық, бай әрі өзіндік ерекшелігі бар музыкалық мұрамен түбегейлі байланыс, тарихи қалыптасқан заңдылықтармен арадағы синтез, кеңінен дамыған ұлтаралық байланыстар мен өзара алмасу көркем дамудың ұлттық стильдерді, орындаушылық шеберліктің өсуін жаңартушы бұлжымас факторға айналады. Адамзаттың өмірі мен көркемдік практикасы бізге түрлі халықтар арасындағы ұлттық мәдениет неғұрлым тығыз байланысты болған сайын, олар соншалықты шапшаң әрі баянды дамитынына, сөйтіп олардың өзі өмір сүріп отырған қоғамның, жалпы бүкіл адамзаттың рухани өміріне қосатын үлесі бар екеніне сендіре түседі.
Күн өткен сайын дүниежүзілік қауымдастықтың Шығыс мәдениетіне назары ауа түскендіктен, Орталық Азия мен Қазақстан мемлекеттерінің музыкалық мәдениеті «Шығыс-Батыс» мәселелерін шешу жолындағы алтын көпір болып келеді.
Қазақтың музыкалық аспаптарынан түркі және өзге де көршілес тұратын Азия (Қытай, Моңғолия, Қалмақ) халықтарының аспаптарына ұқсастықты көптеп кездестіруге болады. Қырғыз халық музыкасын зерттеуші танымал ғалым В.Виноградов халық музыкасын байланыстырушы негізгі органикалық тізбектердің Сібірге, Орталық Қазақстан мен Оңтүстік Сібірге, Алтайға қарай созылып жатқанын мәлімдейді. Одан әрі ол «қырғыздың да, қазақтың да музыкасы, бір кездері бір діңгектен шыққан екі өскінге ұқсас болып келетіні туралы да» айтқан [23].
Көне құл иеленушілік заманнан бүгінгі күнге дейінгі, Қазақстанның музыка мәдениетінің даму және қалыптасу тарихы көршілес орналасқан Орта Азия облыстарымен, шығысында Қытай, Моңғолиямен, солтүстігінде Сібірмен, кейіннен солтүстігінде Ресеймен тығыз байланыста сипатталады. Қазақстанда көшпенді мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді халықтың (еліміздің бүкіл территориясы бойынша көнеде Дешті Қыпшақ атанған) мәдениетімен қатар, мәдениеттің ерекше түрі – отырықшылық өркениеті де дами түсті. (еліміздің оңтүстігінде орналасқан көне қалалар Отырар, Сығанақ, Баласағұн, Тараз, Шаш (қазіргі Ташкент), Яссы (қазіргі Түркістан), Созақ және тағы басқалар) [49]. Жалпы алғанда, отырықшылық-жер шаруашылығы алқабының тұрғындары мен көшпелі халық арасындағы қарым-қатынас пен өзара әрекет Орта Азия мен Қазақстанның тарихи дамуы барысындағы маңызды ерекшеліктердің бірі болып табылып, сол арқылы музыка өнерінің өзіндік ерекшелігі бар екі түрінің даму жолы анықталады. Сондықтан бір-біріне ұқсас болып келетін музыка аспаптары сол аймақты мекендеген барлық ұлт өкілдерінде қазақтарда, өзбек, түркімен, қырғыздар мен тәжіктерде кездеседі. «Аспаптар дәстүрінің тұрақтылығы кедергі келтірмейді, қайта керісінше, көптеген өзге де мәдениеттермен кеңінен байланысу үшін негіз бола алады». Осыған орай, Т.Вызго «Орта Азия музыка аспаптары» атты еңбегінде «Шығыстың ежелгі өркениетінің жетістіктерін меңгере отырып, Орта Азия (және Қазақстан) үнемі қабылдаушы ел болып қала бермей, кейбір музыкалық аспаптарға қатысты беруші ел де бола білген» [25]. Арфа, лютня, флейта секілді аспаптар ұзақ эволюциялық жолдан өткен.
Осындай кеңінен жайылып жатқан аймақты мекен еткен көшпенді халықтың өткен заманнан бері өзіндік айрықша реңге ие, музыка өнері болатын. Оның әрине, отырықшы-жер шаруашылығымен айналысатын халықтың дәстүрімен өте тығыз байланысты болғаны сөзсіз. Музыка көшпенділердің тұрақты серігі болған. Дәл сол арқылы ол өз ойын, үмітін, үрейін, арманын, өзінің ішкі жан күйзелісі мен сезімін, ынтазарлығын білдірген.
Ежелгі молалар мен қорғандарды қазу барысында археологтар қарапайым музыка аспаптарын да тапқан. Олар: қоңырау мен сылдырмақ, үрмелі және ішекті аспаптар. Жалпы VII – VIII ғасырлар шегіндегі ұзаққа созылған музыка мәдениеті мен мәдени өмірдің даму кезеңі түркілік аймақтың автохтон халқының ортасына етене сіңе бастауымен сипатталады. Дәл осы тұста Б.Гафуровтың тарихи еңбегінен үзінді келтіруге әбден болады [28, 223 б.] «Тұрмыстың әр қырына түркінің ықпалы өте зор болды: сол заманға тән өнер шығармаларында түркілер жиі суреттелген. Түркі халқының поэзиясы мен эпосы, орта азия халықтарының әдебиеті бір-біріне өзара әсер етіп отырған. Орта Азияға келген түркілер орта азия халықтарының жалпы жетістігі болып табылатын мәдени қорды қалыптастырушы байырғы тұрғындар ретінде, діни өмірге және мәдени құндылықтарды қалыптастыруға етене араласқан. Орта Азияның иран тілдес және түркі тілдес халықтарының дәстүрлері, нанымы, салты басталып қана қоймай, синтезге айналуы (оның ішінде Қазақстанның оңтүстігі).
Жалпы музыка аспаптары туралы мағлұматтар берілген дереккөздердің бірнеше түрін айтуға болады.
Олар: 1. материалдық мәдениет ескерткіштері – музыкалық тақырыптармен байланысты археологиялық материалдар: бейнелеу өнерінің шығармалары – фрескалар, қабырғадағы көркем сурет, шағын формадағы мүсіндер (Отырар сазсырнайы) және т.б. Осы секілді заттар Орталық Азияның үлкен территориясынан өте көп табылған (Самарқанд, Турфан, Отырар, Яссы, Топраққала, Пянджикенд қалаларынан және басқалар) [48].