а) Орталық Азия мен Қазақстандағы отырықшы және көшпелі халықтардың музыкалық мәдениетіндегі ескіден қалған белгілер мен элементтерді зерттеу көзі болып бай, ауызша халықтық поэтикалық шығармашылық-эпикалық аңыздар мен ертегі әңгімелер, бұрынғы батырларға арналған дастандар, лирикалық тақырыптар және т.б. табылады;
б) Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан, жоғарыда айтылған музыка мәдениетінің өткені мен бүгінгісін өзара байланыстырушы, бай жанды музыкалық дәстүрлері, барлық зерттеу көздеріне арналған қосымша материал болып табылады. Халықтардың көп ғасырлық музыка мәдениетінің дамуы туралы сыр шертетін дәстүрлі ұлттық киімдер, жыршы, термеші, және өлеңші, әнші, ақындар музыкалық фольклордің жазбасыз (ауызша) әдебиеттің кәсіби ұлттық мәдениеттің көрінісі іспетті.
Жоғарыда аталған құжаттық материалдардан, музыканың дала көшпенділерінің өмірінде де маңызды мәнге ие болғанын және алуан түрлі қызметтерді атқарғанын әбден байқауға болады.
Көптеген мәлімет көздеріне сүйенсек, sybyzgy (сыбызғы), suruna (сырнай), карнай (керней), бызгу (абырға), чан (чанг), bиrп (лютня), gobuz (қобыз), towul (дабыл) аспаптар түркі тілдестер ортасында ежелде пайда болған сыңайлы. Оған түркі тектес халықтар арасында қолданылатын көптеген аспаптар атауының бір түбірден тарауы дәлел бола алады: кубыз, комуз, комус, хомыс, сырнай (тілшелі аспаптар), комуз, хомыс (ішекті аспаптар), хомус (үрмелі аспап), қобыз (ішекті аспап) [48, 50, 86].
XIII-XIV ғасырлардағы көне түркі мәдени «Кодекс куманикус» ескерткіштерінен де музыка аспаптарының атауларын кездестіруге болады: таф (тамбурин), суруна (сырнай), накара (тимпан, бубен), бургу (керней), бургуча (кішкене керней).
Көне түркі жазба ескерткіштерінде кездесетін көптеген аспаптар түркі тілді халықтарда осы күндерге дейін кездеседі. Бұлар сырнай, чанг, жетіген, накара, шаңқобыз, сыбызғы, дабыл, керней, абырға. Шығу түбі бір болып саналатын бұл аспаптар, уақыт өте келе әр халықта пайда болатын музыка мәдениетінің ерекшелігіне сай, өзгерістерге ұшырап отырады.
Қазақ халқының музыкалық және рухани мәдени тұрмыс тіршілігі туралы айтатын болсақ, қазақтардың көптеген музыкалық аспаптары халық ауыз әдебиеті мен поэзиясында үнемі кездеседі. «Қамбар батыр», «Алмапыс батыр», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Қырымның қырық батыры» деп аталатын батырлар туралы эпостық жырларда шайқастар мен әскери қимылдар кездерінде қолданылған үрмелі және соқпалы аспаптар атаулары жиі аталады [4].
Әскери дабылдар беру үшін «мүйіз сырнай» мен керней кеңінен қолданылған. Мысалы, «Алпамыс батыр хикаясы» эпосында (XVII ғ.) мынадай жолдар кездеседі [3]:
Керней, сырнай тарттырып,
Даңғыра, дабыл қақтырып,
Барып түсті Алпамыс
Қаракөзайым үйіне... (Алпамыс жыры).
Б.Сарыбаевтың айтуынша, «сырнай» түрлі музыка аспаптарына қатысты қолданылатын, кеңінен тараған термин болып табылады. Көптеген халықтардың үрмелі аспаптары: сур, сурма, зурма, зурна, сурнай, най, нэй, сырнай, сырбаснай болып аталады. «Сырнай» сөзі – «сыр» және «най» деген екі сөзден құралған. Қазақ тілінде «сыр» – құпия мағынасында қолданылады. Мысалы, «сырласу» – құпия ойларымен бөлісу; «сырлас» – құпияңды сеніп айтуға болатын ең жақын досың. Ал «най» сөзімен аспаптарды және кейбір керней тәрізді заттарды атаған. Сондықтан бұл атау ең сырлы құпияны дыбыс тілімен жеткізу мағынасынан туындаған секілді [86].
Халық ауыз шығармашылығында алдымен халыққа жақын, қадірлі және әлдеқайда танымал музыкалық аспаптар туралы көбірек айтылған. Қандай да бір аспаптың танымалдылығын тиісті тарихи кезеңдегі әдебиет көздерінде жиі кездесуіне қарай анықтауға болады. Гармониканың қазақ халқына кеңінен тарауын ХІХ–ХХ ғғ. ауызша тараған жырларда оның жиі айтылуынан деп білген жөн.
Біржан мен Сара айтысында Біржан дауысының жез таңдайлы гармонға тенелуі, атақты ақын дауысының гармон тембрімен салыстырылуы, халықтың ұлттық танымына аспаптың акустикалық параметрлерінің терең сіңгенін байқатады [4]. Гармон дыбысының сапасына қомақты бағаның берілуі, оның тыңдаушыларының көңіл-күйіне әсері, гармониканың ұлттық тембрлік тұрғыда естіп қабылдауға оңтайлы екендігін растайды. Төгілту деп аталатын өзіне тән дыбыстық қасиет, күміс дауыс, әуенді дірілді ырғақпен жеткізу гармоника, аккордеондардың кейбір түрлерінде қолданылған.
Мұндай әсерге дауыстардың арнайылап жеңіл бұзылуы арқылы қол жеткізіледі. Әдейі бір нотасының екі дыбысының күйін айныта, үшінші – таза дыбысының қосылуы арқылы ерекше сызылған, лүпілдеген, «құйқылжыған» үндесулер пайда болады.
Гармон жалпыға ортақ, тұрмыстық музыка әлемінде кеңінен қолданылатын музыкалық аспап болған. Сонымен қатар гармоника даланың кәсіпқой орындаушылары арасында да кең тарап, ақындар, әнші, жыршылардың сүйемелдеуші аспабына айналған. Дыбысы көне сырнайға ұқсастығына байланысты, басқаша атау берілмей, сырнай деп аталып кеткен.
1859-1924 жж. өмір сүрген Әріп Тәңірбергенов былайша жырлаған екен:
«Сыбызғы, сырнай қызық әлі-ақ кетер,
Білдірмей жүргеніңде ажал жетер.
Бақи санап жүргенің бәрі фани,
Өкініш сонда қалар, өмір өтер». [18, 224 б.]
Халық фольклорында метафора түрінде кездесетін, аударма тілінде мәнін ашу қиындық туғызатын, бірақ кез келген дала адамына түсінікті көптеген мысалдар арқылы ұлттық дыбыс ерекшелігінің белгілері қалыптасады.
Олар: «Сазды дауыс», «қоңыр дауыс» – түрінде кездеседі.
Ашық күмістей дауысы бар әншілер туралы «күміс көмей әнші», «жез таңдай әнші», «балдай дауысы бар», «бармағынан бал тамған сырнайшы», – деп айтылады.
Жоғарыда аталған дыбысталудың поэзия тіліндегі сапасын біз гармоника үнінен табамыз. Гармониканың төменгі регистріндегі дыбыстар әлдеқайда терең, қоңыр үнді, ортаңғыда – тұнық, қазақтың таза, ашық тембрлі үні, ал жоғарғы регистрден «сыңғырлап», «мөлдір бұлақтай сылдырлап», «бұлбұлдай сайрап», «қоңырау үнді» дыбыстар беріледі.
Сырнай дыбыстары – кең тынысты, адам жанының күйзелістен қуанышқа дейінгі кез келген құбылысын білдіреді.
Өз әндері мен айтыстарында ақын- сырнайшылар өздерінің жан серігі – гармонымен сырласады.
Нартайдың осы секілді гармоникаға арнаған шығармасын оқушы назарына ұсынамыз:
Сырнайын ақын Нартай қолына алсын,
Жаңғыртып аспан астын әнге салсын.
Құбылтып, құйқылжытып шырқағанда,
Шарықтап түсті жерге даусым басым. [77, 11 б.]
Қатты ащы дауысы, шешендік шеберлігі мен парасатты сөзшеңдігіне қарай Орта жүздің өкілі Қазыбек биге «Қаз дауысты» деген атақ берілген. Дабыл беруші аспап ретінде пайдаланылған көне сырнайға да тән – міңгірлеген дыбысы болған. Қазақтар кең тыңысты гармон сазынан қаздың қаңқылын естігендей болған.
Кел, гармоным, сен қосыл,
Сарының шықсын күңіреніп!
Көңілін жұмсат халқыңның
Мен тарттым гармон күйініп,
Заманның зарын толғанып.
Өміріме таптым күй-көрік.
Менде тіл біреу, сенде он төрт,
Қосылса тұрар миға еніп,
Екеуміз қылсақ ынтымақ,
Өтерміз жұрттан сый көріп! [77, 22 б.]
Сарын – созылып естілетін сипаттағы әуен. Алғашқы сарындарды қобызға арналған дуалы әуенімен аты аңызға айналған Қорқат ата шығарған. Сыбызғыға арналған әуеннің – сарынына табиғат елтіп, жым-жырт күйге еніп, ан-құстар сүйсіне қабылдаған.
Нартай ақын көпшіліктің жан дүниесін қуанышқа толтырып, сырнай сарынымен қайғыны қайтара білген. Нартай сырнай клавиштерін ақын тілімен салыстырып, аспаптың шешендік қуатына тәнті болған. Ақын сырнайға деген өз таңданысы мен сүйіспеншілігін үнемі өлең жолдарымен жеткізіп отырған.
Жанар Айжанованың репертуарында «Әсем әнім сырнайдай» деп, сырнай әуенінің әсемдігін жырлайтын халық әні болса, Е.Есетовтің «Той бастар» әніндегі сырнай дыбысының легі аққан суға теңеледі.
«Сырнай тартып, би билеп,
Аққан судай тасыйық».
Әдебиетте сырнай дыбыстарын сипаттайтын арнайы сөз тіркестері кездеседі:
< class="chapter_text text-center italic--style">«сырнайды құйқылжытып қоя берді»;Гармонның көшпелі және далалық жағдайда пайдаланылуының қолайлылығы туралы біз Нартай әндерінен де білеміз:
«Гармонымды өңгеріп ...»
Белгілі қазақ ақыны Қанипа Бұғыбаеваның өлеңдерінде төмендегідей лирикалық жолдар кездеседі:
«Сызылтып сырнайды
Жүрегі тулайды,
Тамсанып кең дала тыңдайды...» [21].
Қазақ ортасында «қара сырнай», «қара сырнайлы Нартай» тіркестері жиі қолданылады. «Қара» лексемасы негізгі сөзге жиі негіз болып, белгілі бір образдық – мағыналық мәнді білдіреді. Аталған ремарка әрбір нақты жағдайда сөз тіркесінің мәнін терең ұғынуға, толықтай ашуға мүмкіндік береді. «Қара» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Кейбір жағдайларда «қара» – қарапайым, әдеттегі мағынасын білдіреді. Қара өлең – 2 немесе 4 тармақты жай шумақтардан құрылған тұрмыстық өлеңдерді білдіреді. «Абайдың қара сөздері» – өсиет-нақылдар, ұлы ойшыл-ақынның философиялық тұжырымдары. Мұнда өлең жолдарынан гөрі, проза тілінде жазылған ой тұжырымдары басым.
«Қара халық» – бұқара, тобырды білдіреді.
Кейде «қара» сөз – қайғы, жалғыздық, жетімдік, өлімді де білдіреді.
Композитор Алтынбек Қоразбаевтың жалпылама ремаркамен және бірыңғай қайғылы сипатпен біріктірілген өлеңдер жинағы бар: «Қара кемпір», «Қара шал», «Қара қыз», «Қара пима».
Зұлмат, масқара, жауыздықтың бәрі «қара бет», «жүзіқара», «қара ниет», «қара ой», «қара жан» сөз тіркестері арқылы беріледі. Қайырымсыздық, қаталдық «қара жүрек» тіркесі қолданылады. Ауыр жұмыс орындалғанда «қара тер», үлкен күш иесін «қара күш» тіркесі арқылы суреттеледі. Өткір желді қатты аязды «қара суық» деп атайды. Ал «қара жер», «қара топырақ», «қара шаңырақ» тіркестері «туған», «атамекен», «ата қоныс» мағынасын білдіреді.
Өздерінің даналығымен әділ шешім қабылдаған билерге «Қара қылды қақ жарған әділ би» деген атау берген.
Қазақ өз балаларын еркелетіп «қара домалақтар» деген.
Қазақтың жалпыға ортақ ұлттық аспаптары «қара домбыра», «қара қобызбен» қатар «қара сырнай» деп те аталған. Бұл жердегі «қара» сөзінің мағынасы «көне», ежелгі мағынасына сай келеді және сол аспапқа деген зор құрметті білдіреді.
Қазақ халқымен бірге жасасып, біте қайнасып, бүкіл қуаныш пен қайғыны, жаугершілік заманды, талай жеңістер мен жеңілістерді қатар көріп келе жатқан «қара домбыра» мен «қара қобыз» расымен де «киелі». Қазақ лексикасының негізінде пайда болған «қара сырнай» тіркесі халықтың гармоникаға деген сүйіспеншілігін, халықтың ұлттық танымын, тұрмысын, поэзиясы мен өнерінің биіктігін дәлелдей түскендей.