Көшпенді патриархтық-феодалдық өмір ыңғайының ерекшеліктеріне сай, Қазақстанда көбінесе музыкалық аспаппен жеке орындаушылық формалары кеңінен дамыған. Қазақ халық аспаптар оркестрінің пайда болуы республикамыздың ұлттық-көркемдік мәдени өмірінде құнды мәнге ие болды. Жаппай халықтың әлемдік классикаға бетбұрысы барысында оркестрдің ағартушылық рөлі өте жоғары болды. Кемелденген ұлттық-оркестрлік орындаушылық жалпы музыка өнеріндегі кәсіби шеберліктің қалыптасуы мен жетілуіне зор ықпал етті.
Ұлттық мәдениетке жат оркестр-элементтеріне, тарихта болғанымен, қолданыста жоқ қобыз-прима және т.б. секілді жасанды аспаптардың қолданысқа енгізілуіне қарсы шыққан кейбір музыкатанушылар мен фольклоршылардың болғанына қарамастан, республиканың музыкалық мәдениетін, халық орындаушылығын кәсіби көтеруге және дамытуға, ұлттық музыканы насихаттауға, қалың көпшілікке жетуіне орасан зор үлес қосқан ұжымдардың еңбегі зор. Осындай оркестр өнерінің қалыптасу, дамуымен тығыз байланысты тарихи оқиғаны еліміздің ұлттық мәдени өмірінен алып тастау мүмкін емес. Өйткені ол бүгінгі күнге дейін де өзінің өміршеңдігін дәлелдей түсуде. Академик Ахмет Жұбановтың тұңғыш оркестр құрудағы еңбегі зор. Ол дарынды жастарды жинап, алдымен ансамбль, кейіннен оркестр ұйымдастырған. Халық аспаптар қатарын бір ізге салып, шеберлермен бірлесе отырып домбыраны жетілдіріп, қобызды енгізіп, текстуралық белгілеріне қарай оркестрлік топтар құрған. Нотамен ойнауға үйретіп, оркестрдің тембрлі палитрасын жаңғырта отырып, жаңа аспаптар енгізген.
Андреев оркестрімен салыстырғанда мұнда ыспалы квинтет бар: І, ІІ қобыздар, альт, қылқобыз, басқобыз, контрабас-қобыз аспаптары қуатты әрі терең дыбыс береді. Сырнай мен үрмелі аспаптар виртуоздық пассаждарды орындап, жеке әуендермен партитураның орта диапазондық үндестігін толықтырады.
Республикадағы ең дамыған саланың бірі халықтық-оркестрлік өнер. Тамырын тереңнен тартқан музыкалық білім беру ошақтары (БММ, музыка училищесі, консерватория) құрылғаннан бергі 80 жыл уақыт ішінде жоғары білімді халықтық-оркестр мамандары қанат қақты.
Социалистік «монументалдық» стильдегі құрылыс жылдарында Андреев оркестрінің үлгісі бойынша оркестрлер ұйымдастыру заманға өте қолайлы болды. Халықтың музыкалық-мәдени деңгейін көтеріп, жұртшылықты халық оркестрлері арқылы классикамен таныстыру басталды.
1933 ж. Алматыдағы Музыкалық драма үйірмесі (қазіргі Алматы техникумы музыка колледжі) жанынан домбырашылар ансамблін А.Қ.Жұбанов ұйымдастырды. 1934 ж. ансамбль халық өнерпаздарының Бүкілодақтық 1-слетіне қатысып, ансамбль КазЦИК атындағы оркестр болып қайта құрылды. 1944 ж. құрылғанына 10 жыл толуына орай оркестрге әйгілі күйші Құрманғазының аты берілді. 1967 ж. – «ҚР еңбек сіңірген ұжымы» құрметті атақ берілді, 1978 ж. – Академиялық оркестр, ал 1984 ж. Оркестр «Халық достығы» орденімен марапатталды. 1950 жылдан оркестрдің көркемдік жағын Ш.Қажығалиев (1950-60; 1964-68 және 1971 жылдан) басқарып, бас дирижері болған [29].
1957 ж. Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында баян класы ашылды. Оқу орнының алғашқы мұғалімі – Гнесиндер атындағы музыка-педагогикалық институтінің түлегі Ф.В.Легкунец, алғашқы шәкірті В.С.Басаргин болған. Дәл сол жылы студенттік қазақ халық аспаптар оркестріне Ф.Ш.Мансұров бас дирижер ретінде шақырылды. Фуат Шакирұлы қос баяншыны оркестрдің құрамына алып, Мәскеу консерваториясында 1957 ж. өткен жастар мен студенттердің барша дүниезүзілік фестивалінің жүлдегері атанды. Сол жақсы нәтижені ескеріп, Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ш.С.Қажығалиев Мәскеудің эксперименталдық фабрикасына төрт оркестрлік баян жасауға тапсырыс береді. Мәскеуде өтетін қазақ өнері мен әдебиетінің декадасына бір жыл қалғанда, яғни 1957 ж. Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Ш.С.Қажығалиев Мәскеудің эксперименталдық фабрикасына 86 музыкалық аспап жасауға, соның ішінде төрт оркестрлік баянға тапсырыс береді. 1958 ж. ол баяндардың сол жағын клавиатурасыз, оң жағын өзіндік тембрмен жасатқызады. Мысалы: бірінші баян флейта тембрлі болса, екінші баян гобой дыбысты бояумен жасалады. Үшінші баян – кларнет және төртінші баян фагот регистрлі болды. Гобой мен фагот үнді баяндар конструкциялық ерешелігімен ұзартылып, төменгі жағында темірден жасалған қазықтары болған. Виолончель аспаптарындай баяндар үшкір қазықпен жерге тірелетін. Бірақ темір жалғасу бар баяндар көпке бармады. Ойнауда да ұстауға да ыңғайсыз болғандықтан бұл бастама ұзаққа бармай, бұрынғы қазықсыз баяндар оркестр құрамында қалды. Оркестрлік баяндарды сырнай деп аталып кетті. Сөйтіп сырнайлар квартеті оркестр партитурасына енгізілген. Ш.С.Қажығалиевтың тапсырысымен өмірге келген сол сырнай «флейта» аспабы осы күндерге дейін «Сазген сазы» фольклорлық ансамбілінде қолданылады. Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің алғашқы сырнайшылары Ф.В.Легкунец, В.С.Басаргин, А.Илюхин және А.Я.Стуров болған. Орындаушылық денгейлері жоғары баяншылар оркестрлік партияларды өзгертіп, аспаптың ерекшеліктеріне сәйкес, партияны техникалық жағынан ұтымды үлгіде өңдеп лайықтаулар жасаған.
Оркестрдің триумфалды қойылымы 1958 ж. КСРО Одағының Үлкен театрында 2-ші қазақ өнерінің онкүндігінің қорытынды концертінен кейін, В.Виноградов көлемді мақаласында: «Құрманғазы атындағы оркестрдің аспаптары жөнінде ғылыми тұрғыда зерттеу кітап жазса, ол кітап бүкіл әлем оркестрлеріне ұсынылған анықтамалық көмекші құрал болар еді», – деп жазды. Композитор Т.Хренников: «Әлемдік деңгейіндегі оркестр» деп пікір білдірген екен. Ұжымның жетілген орындаушылық деңгейін назарына алған А.Жұбанов: «...аспаптарды жаңарту – маңызды фактор болып танылады. Бірақ барлық өткізілген эксперименттердің ең сүбелісі 1958 ж. Ш.Қажығалиевтің инициативасымен өткізілген реконструкциясы болды. Нәтижесінде оркестрдің көпбояулы үндестігі, тембрі мен динамикасы жағынан байытылды», – деп жазды. 1965 ж. Құрманғазы атындағы оркестрдің 30-жылдығында баяндамада жасаған академик А.Жұбанов өз сөзінде: 1957 ж. Ш.Қажығалиевтың бастамасымен өзгертіліп жаңартылған халық аспаптары мен жаңадан енгізілген оркестр топтары құлаққа жағымды естіліп, өзін-өзі ақтағандарын уақыт дәлелдеді.
Өз шеберліктерін үнемі жетілдіре отырып, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі тек Қазақстан жерін ғана емес, Кеңес Одағының және көптеген әлем елдерін шарлады. 1978 ж. оркестрге Академиялық атақ берілді. Ол сондай-ақ халықаралық конкурстардың екі мәрте, Бүкілодақтық конкурстардың төрт дүркін лауреаты атанған. КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының 29 қараша 1984 жылғы жарлығымен республиканың мәдени өміріне сіңірген еңбегі үшін ұжым Халықтар достығы орденімен марапатталған.
Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінде Қазақстандағы белгілі баяншылар қызмет атқарған. Айгілі сырнайшылар квартетінен кейін, мұнда аты аңызға айналған, шебер баяншы Владимир Каравасилиди болған. Жоғары деңгейде ойнау қабілетін ескере отыра, оған майталман күйші Қ.Ахмедьяровпен бірдей «солист» квалификациясы берілген. Оркестрдің баяншыларының ішінде: С.Қожахметов, Л.Пономарева, Д.Тұяқбаев, Е.Еркенов, И.Завадский, З.Смақова, В.Югай, Д.Бекжұнусов, Васильев, Н.Носков, С.Барибаев, Т.Полатов, Е.Жексенбаев, В.Соловьев және т.б. болған. Қазіргі уақытта сырнай тобының мүшелелері – Ә.Жақиянов, М.Қонысбеков, Е.Қайырғазы.
Халық-оркестр мәдениетінің эволюциялық дамуының жаңа кезеңі болып жанрдың этнографиялық бағыты саналады. Осы кезең қазақтың ғалым-зерттеушісі Б.Ш.Сарыбаев есімімен тығыз байланысты. Онымен көптеген жылдар бойғы іздеулер, экспедициялар нәтижесінде табылған көне ұлттық аспаптар, одан әрі жетілдіріліп, кейіннен фольклорлық-этнографиялық «Отрар сазы» оркестрінде пайдаланылған.
Қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамына баянды тарту кездейсоқ құбылыс болмағаны сөзсіз. Гармониканың ғасырдан астам уақыт қазақ даласында өмір сүруі, оның халықтың дыбыстық ұғымына сырнай атауымен енуі, ақындар айтыстарында кеңінен қолданылуы, танымал ақын-гармоншылардың көптеп белгілі бола бастауы, гармониканы қазақ халық аспабы ретінде қабылдауға мүмкіндік ашты. Б.Сарыбаевтың айтуы бойынша, гармоника қазақ ішінде домбырадан кейін екінші орынды иеленген. Содан соң бұл қатарға сыбызғы мен қобыз қосылады. Сырнайдың оркестр аспабы ретінде Ф.Ш.Мансуровпен сынақтан өткізілуі, Қазақстанның оркестр мәдениетіндегі баянның рөлін түбегейлі анықтап берді. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің құрамына музыка маманы Ш.С.Қажығалиевпен сырнайшылар квартетінің енгізілуі арқылы бүкіл республика бойынша оркестр құрамына толығуына жол ашты.
Сырнайдың «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің құрамында енгізілуі баянның қазақ халық аспабы ретінде ғана емес, көне сырнай аспабының жетілдірілген түрі екендігінің дәлелі. Сырнайды өз шығармаларының партитураларында дәстүрлі музыканың кәсіби мамандары, белгілі композиторлар Н.А.Тілендиев, К.Күмісбеков, М.Қойшыбаев, Е.Үсенов шебер қолданып, ұлттық оркестр өнерінде баянның рөлін одан әрі нығайтып, тұрақтандырған.
«Отырар сазы» оркестрінің құрылу тарихы 1979 жылдан бастау алады. Ол алдымен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның жанынан консерваторияның студенттер мен оқытушылардан құрылған шағын ансамбль болған. Оның жетекшісі музыка мәдениетін зерттеуші-сыбызғышы Болат Сарыбаев еді. Ал белгілі музыкант Сейілхан Құсайынов аталған ансамбльдің құрылу барысында көмегін көрсеткен. Ежелгі Отырар қаласының археологиялық қазбаларынан жұмыртқаға ұқсас саз балшықтан жасалған бір зат табылған. Қаншама археологтар, ғалымдар бұл дүниенің құпиясын аша алмай, Болат Сарыбаевқа көрсетіпті. Бір апталық зерттеуден кейін, Болат Шамғалиұлы әлгі заттың музыкалық аспап екенін анықтап, одан дыбыс шығаратын тәсілдерді тауып, «саз-сырнай» деп атаған.
Ұрпақтан ұрпаққа рухани мұра болсын деген мақсатпен ансамбльдің атын осы оқиғаға байланысты фольклорлық ансамбілге «Отырар сазы» деп ат беріледі. 1982 ж. қыркүйек айында дирижер болып Нұрғиса Тілендиев келеді. «Халық қаһарманы», «Халық артисі», «Мемлекеттік сыйлықтың иегері», профессор, композитор, дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиев оркестрді бүкіл әлемге танытады. 1999 ж. қарашаның 5-ші жұлдызында оркестрге Нұрғиса Тілендиевтің есімі, 2000 ж. Академиялық атақ берілді. «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бірінші баяншылары – Қ.Жүзбасов, Д.Гусинцов, И.Ванеев, С.Барибаев, С.Картенбаев, М.Жалбыров, А.Аманжолов, Ә.Жақиянов, М.Қонысбеков болды.
Астананың Мемлекеттік қазақ халық аспаптар оркестрінде көп жылдан бері Ғ.Асадуллина – солист және сырнайшылар тобының концертмейстері болып, қызмет атқарған. Н.Двизов сырнайшылар тобының мүшесі болған. Көкшетау қазақ халық аспаптар оркестрінде – Оксана Закирова,Тәттімбет атындағы Қарағанды қазақ халық аспаптар оркестрінде – Сапар Боранбаев, Николай Корнеев, Талдықорған қазақ халық аспаптар оркестрінде – Ерболат Еркенов, А.Аманжолов және т.б. қызмет атқарған.
Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін қалаушы А.Жұбанов сырнайды оркестр құрамына енгізуге шешім қабылдай алмаған. Алайда оркестр репертуарының кеңеюі және өзге де бірқатар себептер барлық параметрлер бойынша сай келетін жаңа аспаптың енгізілуін талап еткен. Екі консерваторияны бітіріп, халықтық (домбырашы-күйші) және академиялық (Алматы консерваториясы – скрипкашы, Ленинград консерваториясы – дирижер) білім алған, жоғары білімді музыкант маман Шамғон Қажығалиев оркестрге сырнайшылар тобын енгізуді қолға алған.
КСРО халық артисі, мемлекеттік премиялардың лауреаты, «Отан» орденінің иегері, профессор Ш.Қажығалиевтың бастамасымен сырнайшылар квартетінің – қазақ халық аспаптары оркестрінің құрамына қосылуы бұлжымас заңдылыққа айналды. Қазақ халық аспаптар оркестрлері әр облыста, аймақта, қалада, ауылдарда, шалғай жерлерде негізгі мәдени ошақ көздеріне айналды. Оркестранттардың зор құлшынысының арқасында, осы секілді ұжымдар өз аудандарына ғана емес, облыс көлемінде гастрольдерге шығып, «Халықтық» құрметті атақтарын иелене бастады. Мұндай ұжымдар саны республика бойынша күн өткен сайын арта түсті. Олар қалың көпшілікті музыкалық-эстетикалық тұрғыда тәрбиелеуге зор ықпал етті.