Халық ауыз шығармашылығында әдетте, алдымен, кеңінен танымал болған аспаптар дәріптеліп жырланады. Сондықтан фольклорлық шығармаларға сүйене отырып, қандай да бір аспаптың пайда болу немесе жойылу кезеңін, сондай-ақ халық ішінде қаншалықты танымал болғанын оңай анықтауға болады.
Егер ертеректегі ауыз әдебиетінде (XVI ғ.) біз көне музыкалық аспаптардың атауын кездестірген болсақ: керней, сырнай, сыбызғы, дабыл, даңғыра, шын, кейінгі жүзжылдықта (XVIII–XX ғғ.) қобыз, сыбызғы, домбыра, дауылпаз туралы айтылған. ХІХ ғасырдың ортасында ақындар көбінесе домбырамен өлең айтқан. Енді ХІХ ғасырдың ортасынан бастап поэзияда гармоника туралы жиі-жиі айтыла бастаған. Оның Қазақстанда пайда болуы қазақ мәдениетінің қазақтармен көршілес қоныстанған орыстармен, сондай-ақ өзге де гармониканы ертеректе меңгерген халықтардың музыка мәдениетімен арадағы байланыс негізінде болған.
Қазақ халқының көне музыкалық аспаптарының классификациясына қатысты «Қазақ музыкасының тарихы» екі томдығына сүйенеміз. Ол бойынша аспаптардың негізгі үш тобы көрсетілген:
1) үрмелі – сырнай, қос сырнай, мүйіз сырнай, керней, шаңқобыз;
2) ішекті – жетіген, шертер;
3) соқпалы түріндегі – дабыл, даңғыра, дауылпаз; және металлдан жасалған аспаптар – шын, шығыршық (сақиналар), қоңырау (колокольчики), сылдырмақ (іші қуыс металл шар тәрізді тастары бар) және шиша (ішінде әйнек сынықтары бар металдан жасалған) [48]. Бұл аспаптардың таралуы және тұрмыста қолданылуы Қазақстан территориясы бойынша біркелкі болмаған, сондықтан олардың қолданыстан түрлі кезеңде шығып қалуы байқалып отырған. Көне аспаптардан мәлімет аз кездесетіні керней, жетіген, шертер және мүйіз сырнай. Бүгінгі күнге дейін өздері орындаушы болған, немесе сырнай, қос сырнай, шаңқобызда өздері ойнаған адамдарды кездестіруге болады. Өздерінің мәліметтерінде олар сол аспаптардың құрылысы, ойналу тәсілі, орындаушылық және т.б. туралы толық мәліметтер берген. Сондай көзімен көрген адамдардың Қазақстанның әр өңірінен кездесіп жатқанына қарамастан, олардың берген сипаттамалары көпшілік жағдайда бір біріне ұқсас болып келеді.
Сырнай аспабы күні кешегі уақытқа дейін біздің еліміздің бірқатар облыстары мен аудандарында да пайдаланылып жүрген. Мысалы, халық музыкасының біліктілері Құрманбек Жандарбеков, Жаппас Қаламбаев және басқалардың айтуынша, сыңар жақ және екі жақты сырнайлар Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының арасында кездесіп жүрген. Б.Ш.Сарыбаев Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының Жағалбайлы ауылына экспедициялық сапармен барған кезінде, 70-жастағы халық әншісі Садыбеков Үжібекті кездестіргені туралы жазған. Ол жас күнінде сырнайда жақсы ойнаған екен. Ол өз репертуарынан бірнеше өлең айтып, «Сырнай» деп аталатын күйін сырнайда ойнап беріпті. Өзінің біраз жасқа келіп қалғанына қарамастан, ол сырнайдың дыбысына дауысын нақыштай отырып, өз әндерін үлкен шеберлікпен орындаған екен [86]. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының фольклор кабинетінің аға ғылыми қызметкері А.Серікбаеваның және өзге де тұлғалардың мәліметінше, сондай сырнайшылар Жамбыл облысының Шу, Мерке, Луговой аудандарында жиі кездесіпті.
Батыс Қазақстан облысының тумасы атақты домбырашы Қали Жантілеуов бала күнінде камыстан жасалғанын көрген екен және ауыл қарттарынан бұрын сиыр мүйізінен жасалған сырнайлардың да (мүйіз сырнай) болғанын естігені болған. Тағы бір көзімен көрген адам Шығыс Қазақстан облысы Никитинка ауылының тұрғыны Трабаев Орынбектің айтуынша, 1945 ж. олардың ауылында жасы ұлғайған сырнайшы тұрыпты, ол өзінің созылыңқы, лирикалық әуендерін мүйізден жасалған сырнайда (мүйіз сырнай) орындайды екен [86].
Қобызшы Сәрсенбай Досмұратовтың мәлімдеуінше, Өзбекстанның Бұқара облысы Тамды ауданында халық арасында танымал болған сырнайшылар тұрған. Олардың ішінде ерекше орындаушылық қабілетімен Өтеген Құрбанбаев көзге түскен. Оның репертуары өзінің жеке шығармаларынан және халық әндерінен тұрған. Сол өңірде гармоника ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған, ол жерлерде көне сырнай әлі де қолданыста болғандықтан, жаңа аспап гармониканы жергілікті тұрғындар қағаз сырнай деп атаған. Гармониканың көрігі қатты қағаздан жасалған, және осыған байланысты ол гармониканың сол жердегі атауын да білдірген [86].
Қазақстанның басқа облыстарында (Ақтөбе, Қызылорда, Қарағандыдан басқа) гармоника гармон атауымен тараған. Ерін гармошкасы Тамды ауданында ауыз сырнай атауымен танымал [86].
Сырнай Уәли Бекеновтың куәлік етуі бойынша Қытайдың Шыңжан провинция- сындағы қазақтар арасында да кездескен (бұл күйші осы провинцияның тумасы болып саналады). Ол бірнеше кернейлерден бірге құрастырылып жасалған сырнайды көрген. Сипаттауына қарағанда, мұндай аспап түрі барлық сол секілді аспаптардың ең көнесі секілді [15].
Әдебиет көздерінде жезқобыз, адырна, тоқылдақ секілді музыка аспаптары туралы мәліметтер өте аз кездеседі.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап көптеген халықтардың мәдениеті мен тұрмысына гармониканың кеңінен енуі, бірқатар зерттеулер нәтижесі бойынша, кейбір халықтарда бұрыннан бар музыка аспаптарының жоғалып кетуіне басты себеп болғанын айта кеткен жөн. Мысалы, Т.Шейблер жазады: «Өткен ғасырда кабардин халқының қолданысына диатоникалық гармоника енген. Оның өте шектеулі ғана мүмкіндіктеріне уақыт өте келе ұлттық әндер мен билер лайықтала бастаған. Көп кешікпей бір қатарлы гармоника кабардин скрипкасы мен флейтасын ығыстырып шығарған, және музыка өмірінен ең биік орындардың бірін иеленген» [100]. Осы секілді үрдіс татар, башқұрт, чуваш, құмық, лезгин, шешен, ингуштер мен өзге де халықтарда байқалады.
Бұрын қазақ халқының ішінде де түрлі көне үрмелі, ішекті және соқпалы аспаптар болған. Түрлі аспаптардың пайда болуы мен жойылып кетуі әр уақыт кезеңінде болып отырған және осындай кең жайылған республика аумағында біркелкі болмаған. Қандай да бір аспаптың қазақ халқында пайда болуы немесе жоғалып кетуі, көршілес халықтардағы аспаптардың пайда болуы немесе жоғалып кетуімен байланысты екені жиі байқалып отырған. Көптеген мәлімет көздеріне (әдебиет, фольклорлық, экспедициялық және т.б.) жасалған талдаулардан қазақ аспаптарының тарихи дамуына төмендегідей жағдайлардың көп ықпал еткені туралы қорытынды жасауға болады:
1) халықтың экономикалық және рухани мәдениетінің деңгейі;
2) жақын маңдағы мемлекеттердегі халық аспаптарының дамуы;
3) аспаптар, халық музыкасы мен орындаушылық дәстүрлері дамуының қалыптасқан ерекшеліктері;
4) жаңа музыка аспаптарының тарауы.
Қазақстандағы аспаптық музыканың кеңінен дамуы домбыраның әлдеқайда танымал бола түсуіне ықпал етті, ол кезде бірқатар халықтардың осы секілді ішекті аспаптары жартылай, болмаса толықтай жоғалып кетіп жатқан болатын. (Мысалы, татарлар мен башқұрттарда). Халық арасында жаңа аспаптардың тарауы, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы және басқа да бұрын болған аспаптардың біртіндеп жойылып кетуіне негіз бола бастады. Қобыз аспабына арналған музыка Қазақстанның оңтүстік өңірінде жақсы дамыған, қобыз мұнда өте танымал аспап болған және қолданыстан кейінде ғана шыққан. Бертінге дейін республикамыздың оңтүстік аудандарының халқы домбырадан гөрі қобызға арналған күйлерді ұнатқан. Қазақстанның өзге аудандарында басқаша сурет көрініс береді, яғни қобызда орындаушылық ауқымды көлемдегі дамуға ие бола алмаған.
«Қобыз» термині, сірә, көнеде түрлі музыка аспаптарына қатысты жалпылама термин ретінде қолданылған болуы керек. Керілген қылмен ойналатын аспап пайда болғанға дейін көне түркілер «қобыз» деп ішекті және тілшікті аспаптарды атаған болуы мүмкін.
Кейбір көне халықтарда керілген қылмен ойналатын аспаптар кейініректе пайда болған. Айталық, гиджак өнертабысын зерттеушілер ғалым-энциклопедист біздің эрамыздың Х ғасырында өмір сүрген Абу Али Ибн-Синамен (Авиценна) байланыстырады. Неміс музыка танушысы Вернер Бахман Отырардан шыққан ұлы ғалым әл-Фарабидің музыка трактаттарына сілтеме жасай отырып, керілген қылмен ойналатын аспаптардың отаны деп Орта Азияны санайды.
Қобыз музыкалық аспаптардың жалпылама атауы ретінде ішекті және тілшікті топтарға қатысты қолданылды. Біріншісіне – қобыз (қазақтың), серме купас (чуваштың скрипкасы), комуз (қырғыздардың 3 ішекті аспабы), хомыс (хакаста 2 немесе 3 ішекті аспап) жатады. Екіншісіне – ковыт (марий), темір комуз (қырғыз), темір комыс (тува), хомус (якут), кубыз (татар, башқұрт), т.б. жатады.
Аталғандардан байқайтынымыз, бірінші компонентте аспаптың атауымен аспаптың түрі және қандай материалдан жасалғаны анықталады. Мысалы, қыл (жылқының қылы) + қобыз, қағаз (картон) + қобыз, тіл (тілшік) + қобыз және т.б. Қырғыздарда қағаз – комуз, темір+ комуз; чувашта серме + купас (ішекті), хут + купас (гармонь) және т.б. Музыкант-зерттеушілер Н.Финдензен және В.Виноградов «қобыз» жалпы музыка аспабы деген екен [23].
Қазақстанның кейбір өңірінде «қобыз «термині ХІХ ғасырда пайда болған гармоника (қағаз + қобыз) мен скрипканы (қобыз) білдірген. Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген және Қазығұрт аудандарында гармонь «тіл + қобыз» атымен белгілі болған. Оған себеп, ол аудандарда гармонь қылқобыз және шаңқобызбен қатар өмір сүріп келе жатқандықтан, оларды бір-бірінен ажырату үшін, осылай атауға тиіс болған. «Тіл» сөзі гармонның ұзына бойына орналасқан клавиштерінің адам тіліне ұқсас болып келуіне байланысты алынған» (Б.Сарыбаев) [86].
Башқұртстанда қурайдың кеңінен тарауы және қурайшылардың жоғары орындау- шылық шеберлігі қурайдың башқұрттар арасында тарауына оң әсер етті. Батыс Қа- зақстан облысының Башқұртстанмен шекаралас аудандарындағы қазақтар арасында соған ұқсас аспап – сыбызғының сақталып қалуына үлес қосты. Осы секілді құбылыс республикамыздың оңтүстік өңірінде де байқалады, қырғыздардың темірқомуздағы жоғары орындаушылық шеберлігі, соған ұқсас шаңқобыздың жақын маңдағы қазақ ауылдарында сақталып қалуына, дамуына мүмкіндік берген.
Қазақстанда гармоника мен оның әлдеқайда жетілген түрлері – баян мен аккордеон кең тарады. Халық арасында ұлттық атауға ие болған: сырнай, гармон, сирек болса да қағаз-қобыз бен тiл-қобыз пайда болды. Гармоника мен оның түрлері қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетіне ұлттық – өзіне тән ерекшеліктеріне терең сіңген, және нағыз халық музыка аспаптарына айналған. Гармоникаға бет бұру халықтың ешбір тарихи, эмоционалды-көркем тәжірибесіне, есту қабілетіне кедергі келтірген жоқ.
Қазақ халқының фольклорлық-аспаптық дәстүрінің нақты тарихи жағдайларға байланысты өзгеруі, оның даму жолындағы бүкіл тарихы барысында орын алды. Өмірдегі құбылыстардың іс жүзіндегі ықпалымен музыка аспаптарының жаңа формалары пайда болды. Олардың дыбысталуы арқылы халықтың өнегелі, эстетикалық, мәдени құндылықтарымен жалғасып жатқан көзқарасы қалыптасты.
Гармоника түрлі мәдениеттерді байланыстырушы, негізгі аспапқа айналды. Гармониканың көмегімен қазақ ортасына орыс, украин, татар халық әндері мен билері де енді. Қазақстанға жеткен ең алғашқы аспаптардың бірі, әлемдік классиканың үздік үлгілерінің бірі – гармоника аспабы болды. Сәл кештеу – баян мен аккордеон қосылды. Осылайша, гармоника түрлі ұлттық мәдениеттер арасындағы сенімді коммуникативтік байланысты қамтамасыз етті.
Сонымен гармониканың Қазақстанда таралуының негізгі факторлары: ресей капиталының қазақ даласына, шығыстың жәрмеңке-саудасына енуі, қазақ ақсүйектерінің арасында татар гармоникасының пайда болуы, қазақ даласына, ресей, украин шаруаларының жаппай қоныстануы.
Гармоникада орындаушылықтың кеңінен тарауы, жоғарыда айтылғандай, тарихи оқиғаларға, тұрмыстық жағдайға және халықтың эстетикалық талғамына байланысты болған. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап қазақ даласында гармонь-сырнайда орындалған көңілді, мұңды әуендер жиі естіле бастаған. Халық соның сүйемелдеуімен сүйсіне қосылып ән шырқаған. Халықтан шыққан, бірнеше аспаптарда ойнай білетін әнші-ақындар, ең алдымен гармониканы меңгеретін болған. Сол кездегі замандастарының айтуынша, қазақтың ұлы әнші-композиторлары Кенен Әзірбаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Балуан Шолақ және басқалар гармоникада шебер ойнаған [37]. Осылайша, гармоника қазақтардың халықтық музыка аспабына айналған. Ол халық поэзиясында қазақтың байырғы аспаптары – домбыра мен қобыздан кем қолданылмайды. Оған таза түркі сөзінен шыққан «сырнай» атауы берілген.
Гармониканың қазақ халқының тұрмысына етене сіңуі және молынан бейімделіп кетуі, сондай-ақ оның өте танымал болуы төмендегідей жағдайлармен байланыстырыла түсіндіріледі. Біріншіден, гармон диатоникалық дыбыстық қатарының құрылысы бойынша қазақ әндерінің диатоникалық құрылымына сай келеді. Екіншіден, аспап жеке ойнаумен қатар, сол жақ клавиатурасында орналасқан бас-аккордтары арқылы сүйемелдеу қызметін де меңгерген. Егер бұрын әндердің бәрі домбыраның сүйемелдеуімен ғана орындалғанын ескеретін болсақ, бұл фактор да өте маңызды. Гармоника, соңғысымен салыстырғанда, аспаптың күтімі бойынша да өте қарапайым болған, дыбыстарын он жылдап болса да күйге келтіруді талап етпеген, ол көшпелі халық үшін өте қолайлы болатын. Төртіншіден, гармониканың көрікпен реттеліп отыратын, динамикалық диапазоны зор болған. Гармонды отырып қана емес, тұрып та, тіптен ат үстінде де ойнауға болады. Атақты ақын-гармоншы Шашубай шауып бара жатқан аттың үстінде тігінен тұрып сырнайда ойнайтын болған. Сонымен қатар, гармониканың шапшаң дамуына оның бағасының арзан болуы, сырнай құрылысының қарапайымдылығы, қол жетімділігі мен оны меңгерудің жеңілдігі, өзіңмен бірге кез келген уақытта алып жүруге қолайлы шағындығы да себеп болған. Мысалы, оны қоржынға салып алып, жаяу, атпен де алып жүруге болатын еді.
Гармониканың барлық аталған жетістіктері қазақтың музыка аспаптарының ішінен домбыра мен басқа да аспаптармен қатар тең орын иеленуге мүмкіндік берді. Сырнай халықтық музыка өнерінің әртүрлі жанрларында қолданылатын болды.