Көне аспаптардың қолданысқа еніп, танымал бола бастауы, кейбір күмәншіл мамандардың көне аспаптар пайдалануға жарамсыз, олар тек этнографиялық қызығушылық қана туғызады деген күдігін жоққа шығарды (мысалы, мүйіз сырнай).
Фольклорлық ансамбль құрамы, дыбысталу тембрі, репертуары бойынша халықтың музыкалық дәстүрімен тығыз байланысты. Егер мұндай ұжымдар халықтық орындаушылықпен арадағы берекелі үйлесімділікті жоғалтып алатын болса, онда олар да бара-бара өздеріне тән ерекшеліктерінен айырылады.
Біз жоғарыда атап өткеніміздей, негізінде қазақ салтында ансамблдік музыка дәстүрі болған. Бұл жөнінде В.Беляев былай деген екен: «XVIII ғасырда қолданыстан шығып қалған, көне қазақ оркестрі өзінің құрамы бойынша қырғыздар мен Орта Азияның өзге де халықтарының феодалдық әскери оркестрлеріне ұқсас келеді. Оның құрамына гобой (сырнай), труба және соқпалы аспаптар кірген, бірақ қазақтардың осы оркестріне арналған шығармалар жазбасы сақталмаған» [16, 25].
Көне музыкалық аспаптардың жаңаруы және оларда ойнау тәсілдерінің қалпына келуі үшін біраз практикалық жұмыстар жүргізу қажет болған. Бұл үшін түсірілген фотоқұжаттар, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің мұрағатта сақталған көне үлгілері бойынша түрлі әдістер-этнографиялық сипаттамалар жасақталған, сондай-ақ аспаптарды да бастапқы күйіне келтіру, оларда ойнау тәсілдеріне жаттыға отырып, түрлі дыбыстар шығару, арнайы репертуар дайындау, көне аспап үлгілерін қазіргі заманға сай жаңа қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілген.
Өз репертуары, өзінің орындаушылық ерекшелігі бар, сондай-ақ қазақ музыкасын жақсы меңгерген қазақ халық аспаптар оркестрлеріндегі баян орындаушылық мектебінен республика баяншыларының көпшілігі өткен. Қазақ оркестрінің баянда орындаушылық тарихына енген алғашқылардың қатарында Ф.В.Легкунец, В.С.Басаргин, А.Я.Стуров болды. Құрманғазы атындағы оркестрде Қазақстанның танымал баяншылары: жеке орындаушы Владимир Каравасилиди, баяншылар Султан Қожахметов, Любовь Пономарева жұмыс жасаған.
Ұзақ жылдар бойы баян оркестрі тобының концертмейстерлері Игорь Завадский болған.
«Отырар сазы» оркестрінің алғашқы баяншылары Игорь Ванеев, Марат Жалбиров, Сағат Картенбаев, Арман Аманжолов, Әділет Жақиянов болатын.
Астанада – Николай Двизов, Галия Асадулина (ұзақ уақыт бойы Ақмола филармониясында жеке орындаушы-баяншы және концертмейстер болып жұмыс жасаған), Көкшетауда – Оксана Закирова, Қарағандыда – Сапар Боранбаев, Николай Корнеев, Талдықорғанда – Ерболат Еркенов, Арман Аманжолов.
Сарыбаев Болат Шамғалиұлы – көне аспаптардың көп бөлігін үйдегі мұражай-коллекциясына жинаған зертеуші-этнограф. Мұражайда 300-дей музыкалық аспаптар бар. Этнографиялық материалдардың 700 фотосуреттері сақталған. 1981 ж. мұражай жанынан «Сазген» ансамблі құрылып, онда негізінен Б.Ш.Сарыбаевпен қалпына келтірілген аспаптар пайдаланылған.
Мұражайда 800-ден астам экспонат сақталған. Олардың 325-і музыкалық аспаптар. Мұражайдың негізгі коллекциясы республикамыздың әр түкпірінен жинақталған. Аспаптардың бір бөлігін өзге де жинаушылар сыйға тартқан. Музыкалық аспаптардың көпшілігі қайта жасақталып, жөндеуден өткен. Этнографиялық сипаттаулар бойынша шеберлер О.Бейсембаев, Д.Шоқпаров, А.Аухадиев және өзгелермен жаңартылып, өңделген. Ең кереметі осындай сирек кездесетін көне аспаптармен қатар, үлкен ғылыми құндылық болып саналатын Шашубайдың екі қатарлы сырнайының да сақталуы. Ал Нартай Бекежанов сырнайының бас клавиштері жоқ, оның оң жақ клавиатурасы түймелі емес, жарты тонсыз рояль тәрізді. Мұражайды насихаттауды «Сазген» фольклорлық аспаптар ансамблінің мұражайдың концерттік залында өтетін концерті арқылы жүргізу өте бір ерекше іс. Ансамбль мүшелері ұлттық киімдермен көне аспаптарда ескі күй, әндерді орындайды. Олардың ішінен сырнай үні де естіліп тұрады. Әр аспаптың жеке орындауындағы фрагменттерден домбыра, қылқобыз, жетіген, сырнайдың өзіне ғана тән табиғи дыбыстарын естуге әбден болады. Олар көнені көз алдыңа келтіріп, бізге ата-бабамыздың ұмыт болған, ежелдегі өмірінен елес бергендей әсер қалдырады.
1970 ж. фольклорлық ансамбль құрамына Б.Ш.Сарыбаевтың басшылығымен алғаш рет сырнай (баян) енгізіледі. Оның алғашқы сырнайшы-орындаушысы Сүйінген Сейтханов болды. 1970 жылғы желтоқсанда ансамбль 15 адамнан тұратын құраммен Бүкілүнділік жастар және студенттер федерациясының шақыртуы бойынша Үндістанға өнер сапармен барады. Республикамыздың музыкалық мәдениетін насихаттауда Үндістанда жүргізген зор еңбегі үшін фольклорлық ансамбль Қазақстан ЛКСМ ОК-нің Құрмет грамотасымен марапатталған.
1971 ж. Қазақстанның көне қалаларының бірі Отырардағы (Оңтүстік Қазақстан облысы) қазба жұмыстары кезінде көне музыкалық аспап саз сырнай табылған. Бұл аспап та жетілдіріліп, ансамбль құрамында сынақтан өткізілген. Кейін ансамбльді «Отырар сазы» деп атау ұсынылған. Бұл кезде ансамбль ұжымы шағын құраммен ғана өнер көрсетіп жүрген болатын (екіден сегіз адамға дейін).
Ансамбльдің үлкен құрамына қайта жасақталған және орындаушылық практикасына енгізілген аспаптардың барлық түрлері кіреді. 1978 жылғы желтоқсанға қарай ансамбль құрамындағы сырнайшылар тобы үш адамға дейін көбейген. 1980 ж. жаңа құраммен «Отырар сазы» фольклорлық ансамблін құру мүмкіндігі туып, сол жылы музыкалық жетекші ретінде С.Құсайынов шақыртылады. Шығармашылық ізденіс барысында саз-сырнай мен сыбызғы дуэті (Г.Бекетаева мен Е. Хусаинов) енгізілді. Белгілі музыка зерттеушісі Қайролла Жүзбасов та 1982 жылдары ансамбль құрамында сырнайда (баян) ойнады.
1982 ж. ансамбль фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі болып қайта құрылды. Консерватория түлектері мен студенттерінің қатысуымен оның құрамы өсті. Оркестрге дарынды дирижер, композитор, КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, қазақ халық аспаптары мен оркестр ерекшеліктерінің үлкен білгірі Нұғиса Тілендиевтің (29 қазан 1982 ж.) келуі ұжымның шығармашылық шабытын асқақтата түсті. Оркестрдің Мәскеуде өткен XXI Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліне қатысуы, оны одан әрі әйгіледі. 1985 ж. оркестр Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанады. Бұл кезде оркестрдің жетістіктері мен халықты эстетикалық тәрбиелеу бағытындағы рөлі айтарлықтай зор болатын.
Қостанай облысында – Арқалық филармониясында «Шертер» мен Жангелдин ауданының Торғай поселкесінде «Ғасырлар пернесi» ансамбльдері құрылған. Кейін – «Адырна», «Алтынай», «Жазира», «Сазген», «Отырар сазы», «Мұрагер» ансамбльдері пайда болды.
Осылайша, Б.Сарыбаевпен жүргізілген қызмет нәтижесінде қалың көпшілікке қазақ халқының көне аспаптары қайтарылды. Б.Сарыбаевтың дәстүрлі өнерін жалғастырушылардың қатарында халық аспаптар факультетінің оқытушылары А.Раимбергенов пен Д.Тұяқбаев та болатын. 1984 жылғы қазанда олар «Мұрагер» студенттік фольклорлық аспаптар ансамблін құрған. Ансамбльдің басты мақсаты – көне қазақ музыкалық аспаптарын насихаттау мен сирек орындалатын әндер мен күйлерді тарату болды. Ансамбль құрамына орындаушылық қабілеттері өте жоғары студенттер іріктеліп алынған. Ансамбльде пайдаланылған аспаптар: домбыра, қыл-қобыз, шертер, шiңкiлдек, дауылпаз, уiлдек, сырнай және т.б. Жас педагог-зерттеуші А.Раимбергенов Жамбыл облысы Сарысу ауданынан көне нар-қобыздың түпнұсқасын тауып әкелген. Студент Садуақасов Байғара дәстүрлі музыканттардан сол аспапта ойнау тәсілдерін үйренді. Сматай Үмбетбаев осы аспапта Қорқыт, Ықыластың күйлерін жеке орындай бастаған.
Ансамбль құрамында халық әндерін дәстүрлі орындаушылар мектебі болған: Батыс Қазақстан дәстүрі (Мұхит мектебі) К.Байтілеуова, Арқаның мектебі, дәстүрлі Жетісу ән айту мектебі – Д.Д.Өмірәлиев (кейін ансамбль құрамына консерваторияға оқуға түскен, дарынды жас әнші Бекболат Тілеуханов шақыртылған).
Қысқа уақыттың ішінде ансамбль түрлі бағыттағы бағдарлама дайындап шығарған. 1985 жылғы қаңтарда ансамбль консерваторияда концерт берген. Жоғары білікті мамандардан құрылған ұжымның жұлдызы осы уақыттан бастап жарқырай түседі.
Ұжымның жетекшілері А.Раимбергенов пен Д.Тұяқбаевтың кезінде ансамбльдің студенттік құрамы үнемі жаңартылып отырған. Ансамбль мүшелерінің әрқайсысы Қазақстанның мәдени өміріне зор үлес қосқан мамандар: Рүстем Күлшебаев, Әлия Қабдолова, Талғат Орынтаев, Мадина Жакупова, Рахия Әбiлтаева, Ерболат Мустафаев, Ерсайын Басықараев және басқалар. 1985 ж. ансамбль Мәскеуде өткен XII Бүкіләлемдік жастар мен студенттер фестивалінің дипломанты атанды.
Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының жанынан құрылған «Ұлар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, көркемдік жетекшісі Б.Р.Раева, дирижері Мухадиев – Түркияда өткен халықаралық фольклорлық музыка фестивалінің лауреаты, 1992 ж. Сырнай аспабында Ж.Айжанова ойнаған. Ансамбль «Наурыз» фестивалінде Гран-приді иеленіп, 1998 ж. ТМД, Моңғолия елдерінде гастрольдік сапармен болған.
1987 ж. Қазақ елінің халықтық музыкасын дүбірлі дүниеге дәріптеу үшін, республикамызда алғашқы өнер ұжымдарының бірі болып «Нарын» фольклорлы-этнографиялық ансамблі Атырауда дүниеге келді. Ұжымның құрамы жергілікті Атырау музыка училищесін тәмамдаған 15 жас түлектен құралды. Міне, осы кәсіби білімді жасөнерпаздар қазақтың түрлі көне музыкалық аспаптарын жарыққа шығарып, халықпен қауыштырды. Ансамбль құрамындағы таланттардың жанкешті еңбектерінің арқасында өңірге белгілі ансамбль үлкен «Нарын» оркестр ұжымына айналды.
Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтында Д.К.Ақболатовтың жетекшілік етуімен «Нарын» фольклорлық ансамблі құрылған.
2006 ж. Атырау облыстық М.Өтемісов атындағы қазақ драма театрының жанынан Мұрагер» фольклорлық ансамблі Қитаров Ержан Рзашұлының жетекшілік етуімен өз жұмысын бастаған. Осы жылдар аралығында «Мұрагер» ансамблі көптеген Республикалық және Халықаралық конкурстардың лауреаты атанды. Ансамбль репертуары халық күйлері, қазақ халық композиторлары және Қазақстан композиторларының күйлері мен әндерінен жасақталған. Сонымен қатар, ансамбль репертуарында алыс-жақын шетел композиторларының музыкалық шығармалары да қамтылған.