Қазіргі уақытта гармоника мен оның әлдеқайда жаңарған түрлері – баян мен аккордеон әлемнің көптеген елдерінде кеңінен дамыған, танымал аспаптар. Аталған музыкалық аспаптардың көптеген халықтардың музыкалық өмірімен біте қайнасқаны соншалық, тіптен олар үшін ол өте жақын, ұлттық аспапқа да айналып үлгерген.
Гармоника дегеніміз не? Альфред Миректің «Гармоника туралы анықтамалығынан» білгеніміз, «гармоника деп дыбысы металл, еркін өтетін тілмен (дауыспен), ауа лебінің әсерінен құбылып шығатын музыкалық аспапты атайды» [72]. Дыбыс шығарудың мұндай принципі көне заманнан, тіпті біздің эрамызға дейінгі 2-3 мың жылдықтардан бері белгілі.
Дәл сол ерте заманның өзінде, қазіргі Бирма, Қытай, Жапония, Лаос және өзге де Оңтүстік-Шығыс Азияның көне мемлекеттерінде гармоника түріндегі музыкалық аспаптар «кэн», «шэн» пайда бола бастаған (қамыс немесе бамбук түтікшелері жүйесі, олардың әрқайсысының шетіне ортасынан кесіп жасалған тілі бар металл пластинка бекітілген) [72]. Бұл аспаптардан дыбыс, үрлеу немесе ауаны ішке сору арқылы шығады. Сипатталуы бойынша олардың үні қазіргі гармоникалармен салыстырғанда баяу, сазды, өте жұмсақ және жай болған. Алайда дәл осы аспаптар гармониканың арғы түбі болып табылады.
Гармониканың дамуына орасан зор үлес қосқан біздің эрамызға дейінгі үшінші ғасырда грек механигі Ктезибий ойлап тапқан орган болды. Осы аспаптың одан әрі жетілуі мен таралуы туралы А.Мирек айтқандай, оның бастауы Карфаген қирандысынан табылған және біздің эрамызға дейінгі 2-ші ғасырдың бірінші жартысына жататын саз балшықтан жасалған түрімен расталады. Одан байқалатыны, ол заманға жататын органның регистрлері бойынша орналасқан кернейден (труба) тұратын бірнеше қатары болған.
Ежелгі Египетте, Грекияда, Римде органды рухани музыкаларды орындау үшін пайдаланған. Бәрінен бұрын одан шығатын дыбыс ерекшелігі бағаланған. Біздің эрамыздың І ғасырында Римде Нерон императорының тұсында орган гладиаторлар шайқасында ойналатын трубалар (керней) мен кернейлер ансамблінің құрамына кірген. Ал Византияда органда орындалатын музыкамен сарай маңындағы мерекелер, салтанатты рәсімдер өткізіліп, цирк қойылымдары көрсетілетін. Ол кездегі органдар бір жарым-екі октава диапазонды болып, әрі клавиша механизмімен жабдықталған.
Орган үнемі жаңартылып отырылған. Орган құрылысының шапшаң дамуына түрткі болған, оның біздің эрамызға дейінгі VII ғасырда католик шіркеуінің рәсіміне енуі еді. Дәл сол уақытта Батыс Еуропада орган, Византия мен салыстырғанда, көп дамыды. Сондықтан 757 ж. франк королі Пипин Короткийға Византия императоры Константин Копроним елшілерімен сыйға тартылған орган, бұл аспапты шығаруды одан әрі дамытуға, оның одан әрі Франция, Бельгия, Германия, Голландия және Италия елдерінде кеңінен дамуына мықты негіз болды. Сөйтіп, екі ғасыр өткен соң, дәлірек айтқанда, 980 ж. Винчестер соборында әрқайсысы 20 клавиштен тұратын екі клавиатурасы бар, әр клавиатурасында он кернейі бар үлкен орган пайда болды. Сол уақыт бойынша ол инженерлік ойдың биік шыңы болып есептелгенімен, дыбыс алу қуаты жағынан көптеген кемшіліктері бар еді. Аспаптың іске қосылу жұмысынан болған шу тыңдаушылардың музыкалық қабылдауына кері әсерін тигізіп, біраз абыржулардың орын алуына себеп болды [71].
Төрт жүз жыл өткен соң, шағын, жинақы, ақ және қара түсті клавиштерге бөлінген, аяқ клавиатурасы бар органдар пайда бола бастады. Олардың мануалды (қолмен орындайтын) октава мен регистрлі құрылғы механизмдері болған. Мұндай жетістіктер гармониум (фисгармония) жасау, кейіннен аккордеон құрастыру кезінде пайдаланылған. Айта кетерлік жай, алғашқы гармониум жасаушылары болып орган шеберлері саналады [71].
Шамамен Винчестер органы пайда болған кезде, франк Корольдігінің монастырларында кішкене жылжымалы органдар – органетто кеңінен қолданылған, олар портативтер деп те аталған. Осындай, үлкен органдармен салыстырғанда шағын ғана аспапты орындаушы иығына іліп алып, бір қатарға орнатылған клавиштерді оң қолымен ойнап, сол қолымен көрікті басып отырған. Осылайша бұл аспап жетілдіріле берген. Сөйтіп, онда ақ және қара түсті екі қатар клавишалар орнатылып, пайдаланылған. Кернейлері екі, одан да көп қатарларға орналасқан. Ол тіреуішке қондырылып және орындаушы екі қолымен ойнап, сол сәттерде көмекшісі көрікпен аспапқа ауа жіберіп тұратын [71].
Бұдан әрі органдардан әлдеқайда қуатты, көлемді үн шығып, дауыстардың түрлі тембрлері меңгерілген. Бірақ ол дыбыстар бірқалыпты, қарлыққан және сүйкімсіздеу болды. Сол заманға тән техникалық даму сатысының төмендігінен, бұл мәселенің шешілуі де оңай болмаған.
Гармониканың «тікелей атасының» бірі болып шэн аспабы саналады. Еуропалықтардың оның дыбыс шығару принципімен алғаш танысуы туралы гипотеза өте көп және сан алуан. Ол жөнінде өз отандастарына өте байқампаз және білімқұмар итальяндық көпес Марко Поло Ұлы Жібек жолында өткен ұзақ жылғы саяхаты барысында әңгімелеп беруі де әбден ықтимал еді [71].
Өз еңбектерінде зерттеушілердің басым бөлігі «шэн» 18 ғасырдың орта тұсында Еуропаға Ресей арқылы Қытайдан жеткен деген пікірді дәлелдеп жатады. Бұл жөнінде 1770 ж. орыс академигі Якоб Якобович Штелин неміс тіліндегі музыкалық журналдардың бірінде былай жазған екен: «Шэн тілі орыстарға ол туралы ұғым Батысқа жеткенге дейін танымал болған». Оның пайымдауынша, «сол кездегі Ресейдің көптеген музыканттарының сүйіктісіне айналған қытай органы – шэн» болатын. Тағы бірнеше он жылдықтар өткен соң, ХІХ ғасырдың басында дыбыстың шығу принципі металл тілшесінің тербелісімен байланысты екені Батыс Еуропа елдеріндегі музыканттар мен музыка шеберлеріне түгелдей белгілі болды. Олардың көпшілігі гармоникаға ұқсас музыкалық аспаптар шығарып, оларға өздері жаңа атау беріп жатты [71].
Бұл жерде еркін шайқалып тұрған тілшеге эксперимент жүргізген неміс физигі Христиан Кранценштейнді айтпай кетуге болмас еді. Оған орган шебері Киршник көмектескен. Нәтижесінде алғашқысы 1780 ж. «папа» мен «мама» сөздерін айтатын ерекше машина жасап шығарған болса, екіншісі ішінде тілшесі тербеліп тұратын кішкентай орган ойлап тапқан [71].
Органшы әрі композитор Георг Йозеф Фоглерді Киршник органы нәзік үнімен баурап алды. Табиғатынан әуестенгіш, жігерлі ол, өзін таңғалдырған аспаптың дыбыс шығару мүмкіндігін тереңнен зерделей келе, 1789 ж. өз сызбасы бойынша Киршник оқушысы швед Раквитцке төрт клавиатурасы және педальдері бар портативті органды жасауға тапсырысқа береді. Сөйтіп, бүкіл Еуропа елдерімен қоса Ұлыбританияны да өзінің дыбысталу мүмкіндіктерімен таңғалдырған оркестрион пайда болады. Оның 1804 ж. Венада музыка шебері Леонард Мельцелмен болған кездесуі, дыбыс шығарудың тілше принципінің пангармоника үшін ерекше болуымен есте қалды. Айта кететін жайт, Фоглер оркестрионы тілшенің дыбысталуымен бірнеше клавишті аспаптарды ойлап тапқан француз Габриэль Йозеф Греньенің жетістігі болып табылады [71].
Ұзақ жылғы шығармашылық эксперименттер нәтижесі ретінде 1818 ж. веналық шебер Антон Хеккелмен фисгармония аспабын ойлап тапты. «Заманауи фисгармония формасы бойынша пианиноға ұқсас, әрине көлемі ғана кіші, фортепиананың клавиатурасы, алтыдан жиырмаға дейінгі жылжымалы тетікпен қосылатын регистрі бар құрал. Клавиатура сол жақ (с1–е1) және оң жақ (f1–с4) бөлікке бөлінеді.
Фисгармонияның үн шығаратын негізі – болат сырғанақтан тұратын тілшікті жез планкалар, олар тиісті каналдар бойымен бағытталған ауадан тербіліске түседі. Ауа аяқ педальдарымен басқарылатын көрікпен айдалады. Фисгармонияның үні органға ұқсас келеді». Александр Дебен 1848 ж. Парижде жетілдірілген дәл сол түрі үшін патент алады.
Ресейде жаппай шығарылған фисгармонияның отандық моделі ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап Д.А.Митропольский фабрикасымен меңгеріле бастаған. Ол бұл аспаптың көптеген түрлерін шығарады, оның ішінде қолдан жасалған – митрофон да болды.
Фисгармония эволюциясы өткен, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысына, яғни, фисгармония-электрогармоникалар пайда болып, екі педальдің орнына электрлі мотор пайдаланылғанға дейін жалғасты. Оның дыбысталу күші айналу жылдамдығына байланысты болды.
Осы аспаптар моделінің ішінде экзотикалық аспап болып ХVIII ғасырдың бірінші жартысында ойлап табылған әйнек гармоника саналды. Педальдің көмегімен үстіне әйнек жартышарлар кигізілген шығыршық айналысқа түсіп белдік арқылы доңғалақ қозғалысқа түсетін. Олардың төменгі бөлігі бөшкеге құйылған суға тиіп тұрған. Орындаушының ылғал саусақтары арқылы, аспаптан бірқалыпты, әуенді дыбыстар шығатын. Осынау құрылғыға сол заманның көрнекті тұлғалары А.С.Пушкин, АҚШ президенті Бенджамин Франклин мен тағы басқалар бірнеше ондаған жылдар бойы қайран қалып жүрді. Өз кезінде В.Моцарт, Л.Бетховен, Г.Берлиоз, М.Глинка да өз шығармаларын аталған аспапқа арнап жазған. Алайда, ХІХ ғасырдың ортасына қарай қазіргі гармоникамен ешқандай ортақ ұқсастығы жоқ бұл аспап, қолданыстан шығып қалды [71].
Осы уақытта фисгармониямен қатар гармониканың ерінмен және қолмен ойналатын екі түрі пайда болды. Олардың авторы Фридрих Бушман болып саналды. Музыкалық аспаптарды жасаушы берлиндік шебер фортепиано мен органды күйге келтіруге арналған ерекше аспап құрастырып шығарып, оған ауаны үрлеген кезде белгілі бір биіктіктегі жоғары дыбыстар шығару тетігін орналастырды. Бірақ бір қолайсыздығы – ол аспапта тек бір қолмен ғана ойнау мүмкін еді. Ал екінші қолдың көріктің көмегімен үздіксіз ауа үрленіп тұратын. Сондықтан Ф. Бушман серпілмелі тері көріктен тұратын тағы бір аспап құрастырды. Аспаптың қажетті дыбыс шығаруы үшін, қабырғасын жоғарлатып, белгілі бір клапанды ашу арқылы көрікті жылжытып, содан соң үстіңгі қабырғасын төмен түсіру қажет болды. Аспап көрігі өз салмағымен төмен жылжып, қысылып, белгілі бір биіктіктегі және тондағы дыбыстарды шығарған. Ф.Бушман еңбегінің тарихи мәнге ие болуы, оның 1821 ж. фортепианоны күйге келтіруге арналған аспап негізінде ерінмен ойналатын, көлемі 10 см болат тілшелері бар металл аспапты ойлап табуында еді. Ол кейін 1822 ж. мыс клапандары және үш бүктелетін тері көрігі бар қолмен ойналатын аспап жасады.
Ол кезде Фридрих он жеті жаста болатын... Фридрих музыкалық аспаптың жаңа түрін ойлап тапқаны мен, бұл аспапта ойнау мүмкін емес еді; себебі клапанды механизмі тек күйге келтіруге ғана арналған болатын. Сөйтіп, нәтижесінде бала ойыншығы секілді бір құрылғы ғана пайда болды [26].
Осы секілді алғашқы аспаптар веналық орган шебері Кирилл Демианның қолына түскенге дейін, бала ойыншығы түрінде шығарылып келген. Оған қарапайым әуендерді ғана орындау үшін жарамды, гармоника жасап шығару мүмкін болған. Аспаптың оң жақ клавиатурасында бес клавиш, сол жағында – он түрлі аккордтар шығара алатын бес клапаны болды. Кейін «аккордеон» деп аталған осы аспап үшін, Кирилл Демианға 1829 ж. авторлық патент берілген. Жасап шығаруға сұраныс берілгеннен кейінгі он тоғыз күннен кейін Демиан өз аспабына қатысты айрықша құқықты пайдалана бастаған. Бірнеше күн өткен соң, ол өз ұлдарымен бірге аккордеонды сатылымға шығара бастайды. Сол жылдың өзінде аспап Австрия, Германия, Италия, Франция елдерінде кеңінен тарап кеткен. Әрине, аспаптың ол кездегі үлгісі өте қарапайым болатын. Онымен тек күрделі емес әуендерді бір ғана дыбыс үндестігінде ойнауға болатын. Себебі оның оң жағында тек бес түймесі және сол жағында да сондай түймелері болды [71].
Әрине, гармониканың пайда болуына, тарауымыздың басында айтып өткеніміздей, Еуропаның XVI ғасырдағы секірмелі металл тілшесінен дыбыс шығару принципі бойынша құрастырылған музыкалық аспабының негіз болғаны сөзсіз: орган-портатив, регали, бибель-гармоника, оркестрион, элодикон, фисгармония, митрофон, органола, органетто және т.б.
Альфред Миректің айтуынша, 1823 жылдан бастап Ф.Бушманмен ойлап табылған ерінмен ойнайтын гармоника Троссинген шеберханаларында, 1829 жылдан бастап Франкфурт-на-Майне және Клингентальда шығарыла бастайды [70]. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап бұл аспаптардың шығарылуы тек Германияда ғана емес, Ресейде, Австрия елдерінде, ХХ ғасырдың басынан бастап өзге де елдерде жақсара түседі. Формасы мен дыбысталу қатары бойынша әртүрлі ерінмен ойнайтын гармоника Оңтүстік және Солтүстік Америкада, Англия, Африка, Австрия, Оңтүстік Шығыс Азияда пайда болады. Осыған байланысты ерінмен ойнайтын клавиатурасы бар гармоникаға гармоника-флейтаны, аккордеон, мелодиканы жатқызуға болады (Жапонияда бұл аспап «мелодион» атауымен, ал Италияда – клавиэтта, гармонетта атауымен белгілі).
1827 ж. ірі ағылшын физигі Чарльз Уитстон гармониканың тағы бір түрі «концертина» аспабын жасап шығарады. Аталған аспап Англия, Германияда және өзге де елдерде кеңінен қолданысқа ие болған. Сегізқырлы нұсқада жасалған аспаптың төрт бүктелетін көрігі болған. Шебер 24 клавиш-түймелерін екі жағын да бірнеше қатармен орналастырады. Ресейде бұл аспап ХІХ ғасырдың ортасынан бері таныла бастайды [71].
Неміс концертинасы негізінде 1840 ж. Генрих Банд Германия мен Аргентинада үйде, оркестрде ойнаушылардың сүйікті аспабына айналған, бандонеон құрастырып шығарған.
Бір және екі қатарлы гармоника Германия, Италия, Англия сондай-ақ Франция елдерінде кеңінен тараған.
ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары Ресей жаппай гармоника шығарумен ерекшеленеді. Гармоника шығарумен шұғылданатын алғашқы фабрикалар Тулада, Вятск және Новгородск губернияларында, кейіннен Мәскеу, Рязань, Тверь, Ярославск, Кострома, Вологда, Орел, Нижегород, Саратов губернияларында, сондай-ақ Петербор мен Қазанда пайда болған.
Бастапқыда гармоника Ресейде шеберлер үйлерінен шығарыла бастайды, кейін тулалық қару жасаушы Тимофей Воронцовпен ұйымдастырылған фабрика өнеркәсіптері ашылған. Гармон жасаумен шұғылданған шебер Леонтий Чулков да ерекше көзге түскен. Ол шетелдік гармоникалардың көшірмесін жасамай, өзі жаңа түрлерін ойлап тауып отырған. Орыс немесе тула гармоника-семипланкадан басқа, саратовтық, касимовтық, бологоелық, черепашки деген де түрлері пайда болған.
Ресейде гармониканың жетілуіне және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде тулалық шебер Николай Иванович Белобородовтың еңбегі зор болған, ол 1871 ж. алғашқы хроматикалық гармониканы шығарған. Халықтан шыққан шеберлер, сондай-ақ ғажайып шебер-өнертапқыштар Н.И.Белобородов, П.Хегстрем, П.Е.СтерлиговпенВ. жүргізген түбегейлі құрастыру жұмыстарының нәтижесінде жарты ғасыр уақыттың ішінде ойнау мүмкіндіктері шектеулі ғана тұрмыстық гармоника концерттік баянға айналып үлгерді [71].
Әйгілі виртуоз-гармонист Яков Федорович Орланский-Титаренко жетілген бұл модельді (жасаушы П.Е.Стерлигов 1907 ж. Петербор) «баян» (көненің атақты әнші-гуслярының атымен) деп атаған.
Ресейде дайындалған әлдеқайда белгілі құрастырмалы гармоника түріне, тула және череповканы, черепашка мен саратовты, вятск мен ливенканы, елецкий мен касимовті, сондай-ақ северянка, бологоевтық, сибирлік, белобородтық, рояльдық, «венка», петербургтік және хромканы жатқызуға болады.
Бұдан әрі А.Миректің айтуынша, ХІХ ғасырдың соңғы тоқсанында Поволжье мен Кавказ халықтары өздерінің ұлттық гармоникасын шығара бастаған [72]. Осыған байланысты, шығыс ұлттық гармоникалары халықтық атауға ие болады: марла-кармон (марийлық), кога-кармон, кубос (чуваштық), комуз, пшинэ, татар кармуны, шығыс баяны, әзербайжан гармоникасы. Бұл гармоникалардың дыбыстық қатары ұлттық мәнердің ерекшеліктеріне сай өзгеріп отырған.
Бір қатарлы гармоника – комуз Дағыстан мен Шешен-Ингушетияда кеңінен тараған. Оның ерекше қасиеті болып дыбыстарының октавалық үш еселенуі саналады. Ол жеке орындаушылықта да, фольклорлық ансамбльдік орындауда да жиі қолданылады. Шығыс гармоникасы ХХ жүзжылдықтың 30-шы жылдары Владикавказ, Армавир, Тбилиси, Нальчик пен Қазан фабрикаларынан шығарыла бастаған [72].
Расында, гармониканың таралуын бәрі бірдей қолдай да қоймаған. Көпшілігі ол туралы жақсы да пікір айтпаған. Аспапты тіпті «ауыр азап қаруы» деп атағандар да табылған. Сондай пікірдің айтылуы да негізсіз емес еді. Аспап біраз уақытқа дейін жетілмеген күйінде қалды, кейде даусы өте ащы болып та шығатын, оны ойнау техникасы да көне аспаптардағы ойын секілді жатық емес еді. Әуесқой орындаушылардың көпшілігінің гармошканы өте ебедейсіз пайдаланғаны соншалық, дарынды музыканттар құлақтарын жауып отыратын болған екен. Дегенмен, уақыт өткен сайын ол да жақсарып шебер орындаушылар пайда бола бастады. Қарсыластарының да наразылықтары бірте-бірте әлсіреп, ал баян пайда болғанда тынышталды.
Баян – бұл заманауи, әбден жетілген хроматикалық гармоника. Бүгінгі таңда ол әлемге танымал музыкалық аспаптардың біріне айналғаны ақиқат. Баянның құрылымдық ерекшеліктері мелодия, аккомпанемент, виртуоздық туындылар мен түрлі көп дауысты полифониялық шығармаларды орындауға мүмкіндік береді. Дыбысталу сипаты бойынша баян диапазонын шартты түрде үш регистрға бөліп қарауға болады. Төменгі регистр үлкен және кіші октаваны жуан, дыбысталуы кларнетке көбірек ұқсас келеді. Ортаңғы – бірінші және екінші октава қатты және ашық, ерекше баян үнімен қамтылған. Үстіңгі – үшінші мен төртінші октаваларды, флейта дыбысына ұқсайтын, айтарлықтай айқын дыбыстар қамтиды. Оған 1980 жылғы Кеңестік энциклопедиялық сөздікте мынадай сипаттама берілген: «Аккордеон – 1) секірмелі тілшелі және жүйелі дайын аккордтық аккомпанементті үрмелі музыкалық аспап (сол жақ клавиатурасында); 2) гармонның әлдеқайда жетілген түрлерінің бірі; 3) фортепиано түріндегі оң клавиатуралы хроматикалық гармоника» [19].
Бұрынғы КСРО елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да, аккордеон екінші дүниежүзілік соғыстан кейін танымал бола бастаған. Бұл аспаптың Батыс Еуропа елдерінен тарағаны туралы сақталып қалған пікір бар. Солай бола тұра, Ресейде ХІХ ғасырдың ортасынан бері түрлі рояльді гармоникалар қолданылған, олар осы заманауи аккордеонның арғы түбі болып саналатыны сөзсіз. Бұл туралы С.Газарянның пікіріне назар аударатын болсақ: «Міне, қызық оқиға: мұндай аспап алғаш рет бәрі айтып жүргеніндей, Батыста емес, Елец қаласында пайда болған екен. Елец гармошкасы солай – рояльдық деп аталған, өйткені оның оң жақ клавиатурасы рояль клавиштеріне ұқсас болып, дәл солай ақ пен қара алмасып келіп отырған. Осылайша, деректер жалпыға ортақ ұғымды мүлде өзгертіп жіберіп жатады. Олай болса, орыс гармошкасы бізге алыстан келгенімен, аккордеон (бұл сөздің біздің дәл сол күйіндегі түсінігіміз бойынша) тұңғыш рет Ресейде пайда болған екен!» деген жорамал бар [26].
Аккордеонның рояльдікіндей клавиатурасы (кейін түймелі) мен тембрлік ре- гистрлері бар. Түймелі аккордеондар Франция, Бельгия, Голландия, Скандинавия елдерінде, Германия, Чехия, Италия, АҚШ-та және өзге де елдерде кеңінен дамыған. Тембрлік регистрі мен кеңінен дыбысталатын диапазонына сай (олардың көпшілігі кіші октавадағы «ми»-ден төртінші октавадағы «до»-ға дейін), аккордеондар оркестрдің дыбысын жандандыра түседі [71].
Веналық шебер Демиан аспаптың типті анықтамасымен шектеліп қалмай, оған өз тарапынан жаңа – аккордеон деген атау берген. Жаңа аспап сол жақ клавиатурасының бір түймесін басқан кезде, бір ғана дыбыс емес, толық аккордты беретін еді. Бұл жағынан алғанда гармошка мен баянды да – аккордеон деп атауға болады. Айтпақшы, батыс елдерде басқа атаулары мүлде жоқ. Ол жақтардағы түймелі және клавишті аспаптар аккордеондар деп аталады. Бізде аккордеон деп оң қол жағында фортепианолық клавиатурасы бар аспап қана аталады. Расында, фортепианолық клавиатурасы бар аспаптың заманауи формасы көп кейін пайда болған және Ресейде емес.
А.Мирек осыған дейін тек олардың ұқсастығы, гармошка, аккордеон мен баянды бірімен-бірін не байланыстырып тұрғаны туралы айтып келді. Қысқаша айтқанда, жалпы классификациясы бойынша үш аспап та – қолмен ойналатын үрмелі гармоника, ал дыбыс шығару ерекшеліктері бойынша бәрі де аккордеон тобына жатады [72].
Енді айырмашылықтарына тоқталайық.
Гармошка. Әрбір октавада он екі емес, жеті дыбыстан орналасып, тек халықтық музыкаларды ғана орындауға, оның ішінде жергілікті жердің ғана мелодияларын және тек сол жерде қолданылатын музыкалық дыбыс үндестігінде ғана ойнауға арналған. Тіпті елец гармошкасының өзін, кейде рояльдық деп те атаған. Сол қолға арналған бірнеше ғана түймелері оның сүйемелдеу мүмкіндіктерін және бір үндестіктен екіншісіне ауысуын шектейді.
Гармоника мен баян арасындағы түрлі айырмашылықтар туралы айта келе, Яков Федорович Орланский-Титаренко жаңа аспап жасау туралы идеяны гармоншы шебер Петр Егорович Стерлиговке ұсынған. Екі жылдың ішінде оң қол үшін төрт октавадан артық әрқайсысында он екі дыбыстан, ал сол қол үшін – барлық дыбыс үндестіктеріне арналған бастар мен аккордтардың толық жиынтығынан тұратын аспап дайындап шығарылған. Мүмкіндігі зор, тіпті симфониялық оркестрмен болатын концерттерде де пайдалануға болатын баян осылай пайда болған [72].
Қазіргі аккордеон. Қалыптасуы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ғана Батыста аяқталған, гармоникадан айырмашылығы біріншіден, өзінің толыққанды музыкалық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Аккордеон мен баянның бір бірінен айырмашылығы оң қолға арналған клавиатура формасында. Алайда кейбір шетелдік фирмалар қазірдің өзінде түймелі аккордеондар шығарып жатқаны белгілі. Сыртынан қарағанда олар баяннан безендірілуі бойынша, іші – біз үшін болмашы ғана бөлшектерімен ерекшеленеді. Содан басқа, дыбысталуында айырмашылықтар жоқ. Аккордеонға тән дыбыс күміс көмейлі, төгілту деп атауға болатын жағымды тербелістік үні кейбір гармошкаларда бар. Бүгіндері мұндай балама үндестік Мәскеуден жасалатын жасөспірімдер баянында да қолданылып жүр. Негізінде аккордеон үні баян аспабына қарағанда толқымалы, құлақ күйі тұрақсыз сияқты болып естіледі. Себебі аккордеонның бір нотасы 3 дыбыстық рең мен әдейі жасалған. Солай бола тұра, қазіргі аккордеондардың үні тербеліссіз жасалып, баянның анық дыбысына жақындастырылып жүр. Сондықтан баян мен аккордеон арасынан қатаң принциптік классификацияны байқау мүмкін болмай келеді.
Гармониканың жоғарыда аталған бірқатар түрлері туралы, кейін олардың әлдеқайда жетілген түрлері баян мен аккордеон Қазақстанда да кеңінен тарай бастаған. Бұл жөнінде төмендегі тарауларда айтылады.