Осындай қызықты тақырыпқа тоқталмас бұрын, тарихқа біраз саяхат жасап шығып және қазақ фольклорлық дәстүрінің пайда болу феномені, ақындар қандай болған еді деген маңызды мәселелерді қарау қажет.
«Ақын» сөзінің шығу төркінін анықтау үшін, ұзақ жылдар бойы қазақ фольклорын егжей-тегжей зерттеген, белгілі ғалым зерттеуші Е. Тұрсыновтың еңбегіне сүйеніп көрелік [98, 107 б.].
«Көптеген зерттеушілердің пікірінше, қазақтың «ақын» сөзі «білімді», «ғалым», «құрметті», «ақылды адам» деген мағынаны білдіретін парсының «ахунд» сөзінен шыққан. Осынау алғаш рет Л.Будагов және В.Радлов айтқан пікірді қазіргі қазақ фольклоршыларының көбі қолдайды. Л.Будагов сөздігінде былай делінген: «Ақын, акун (парсыда – ахунд) – суырып салма, аяқ астынан өлең шығарушы, ол айтушы, аңыз әңгімелер айтушы адам» [98].
Қазақтың белгілі ғалымы, академик Әлкей Марғұлан «ақын» сөзін ақ, аққын сөзіне бейімдейді (ағу, ағыс: тегіс айт, ырғақтата мәтінді тіркеспен) [69, 78 б.]. Осы пікірді Е.Исмаилов та қолдап, өз атынан ағын/ағу сөзін қосады және ақындардың суырып салмалығы топан су секілді ағып жататынына сілтеме жасайды.
Осы зерттеудің авторы сондай-ақ Е.Исмаилов екеуінің қосыла жасаған жұмысындағы этимологияны да басшылыққа алады» [47].
Жырау (эпикалық аңыздардың орындаушылары) мен жыршыдан ақындардың айырмашылығы біріншіден, олардың бір-бірімен поэтикалық жекпе-жекке – айтысқа шығуы деп түсіндіреді.
Е.Тұрсынов жазғандай: «Ақын болу үшін, ақын халық алдында өзінің поэтикалық күшін көрсетуі тиіс: ол үшін, яғни өзінің поэтикалық дарынын байқату үшін, ақын болғысы келетін адам оны көпшілік назарына ұсынуы, өзін ақын ретінде танытқан біреумен поэтикалық шеберлік сайысын ұйымдастырып, айтысуы қажет. Егер айтысу барысында ол халық көңілінен шыға алса, онда халықтан ақын атауын алады, егер халық көңілінен шықпаса, онда халық оны ақын ретінде мойындамайды», – деп анық көрсеткен С.Мұқанов [98].
Ақындар көрнекі тілмен айта отырып, «бір-біріне шабуыл жасайды, сөйтіп қарсыласын айтар сөзінен жаңылдырып, шатастырып, оның алдында поэтикалық жеңіске қол жеткізеді» [98].
Осындай Тұрсыновтың пікірінше, қазақша «ақын», көне түркіше «акун», түріктегі «акын», әзірбайжанның «ахын», ұйғырдың «екин» сөздері көне түркінің бір ғана мәнге ие болатын сөзінен шыққан, оның мағынасы «қарсыласының еліне абыржу мен байбалам салуға тырысушы» дегенді білдіреді. Айтыстың негізгі мәнінің өзі осыны білдіреді.
Ақын бірқатар салт-дәстүрлерді өткізуге де қатысады, ол тек қатысып қана қоймайды, сол дәстүрді басқарушы қызметін де атқарады. Мұндай салт-дәстүрлердің қатарына көнеден келе жатқан неке қию мен жерлеу рәсімдерін жатқызуға болады. Неке қиюмен байланысты негізгі салтқа – жас келіннің бетін әнмен ашу, яғни «бет ашар», тойды әнмен бастап, «той бастар» айту жатады. Неке қию салты мен ас беру кезінде ақындар «жаршы» – қызметін атқарады, ол жиналған көпшілікке дүниеден озған адам туралы, соны жерлеу рәсіміне қатысты болатын барлық жаңалықтарды жеткізеді.
Қазақ даласы қашан да дарындарға бай болған. Халық шығармашылығының шежіресіне көптеген ақын-гармоншылар мен жыршы-гармоншылардың саңылақтары енгізілген. Халықтан шыққан дарындар ешқандай жоғары оқу орындарын бітірмеген, ешқандай арнайы білімдері болмаған, бірақ өмір «университетінен» өткен, шеберлік шыңына жетіп, табиғи дарынының, өнерге махаббат пен шығармашылыққа деген зор ықыласының арқасында өздерін танытқан.
Қазақтардың ән өнері өте көне заманнан дамыған. Әндерінің көбі халық аспаптарының сүйемелдеуімен айтылған. Олардың ішіндегі танымал болған халық аспаптары: домбыра, қобыз, сыбызғы еді.
Осы үш аспаптың ішінен тек біріншісін, яғни домбыраны ғана әмбебап деп санауға болады. Егер қобыз бен сыбызғы аспаптық музыкаларды – күйлерді, бағдарламалық сипаттағы музыкалық пьсеаларды орындау кезінде, 2-3 минут дыбыс беру үшін ғана пайдаланылған болса, домбыра күй тарту үшін де, гармоника пайда болғанға дейін әндерді жалғыз сүйемелдеуші ретінде де пайдаланылған.
Сыбызғы мен қобыз өздеріне тән қасиетінен асып сүйемелдеуші аспапқа айнала алмады. Әнші өзінің әнін сүйемелдеу үшін сыбызғыны пайдалана алмауының бір себебі – ол ерінмен ойналатын аспап болатын. Сондықтан да ол ХІХ ғасырдың аяғына қарай шапшаң жоғала бастаған болуы мүмкін. ХХ ғасырдың басында-ақ тек жекелеген өңірлерде ғана сирек кездесетін аспапқа айналып шыға келді.
Қобыз көптеген жүз жылдықтар бойы эпос жырын айтушы- жыраулармен сондай-ақ бақсы-шамандардың салт-дәстүрімен тығыз байланысты болған. Ол аспапта ойнау құқығы тек жекелеген адамдарға ғана берілген. Сондықтан ол киелі, халық санасын билеуші, ғажайып күшке ие, адамдарды емдеу қасиеті бар аспап ретінде қабылданған, оны зиялы музыка саласында мүлде пайдалануға болмайтын еді.
Осының бәрі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақша «қағаз сырнай» атауына ие болған екі қатарлы гармониканың шапшаң әрі кеңінен таралуына мүмкіндік берді, – деп жазады «Қазақстанның халық музыкасы» атты өзінің қысқаша тарихи очеркінде Б.Г.Ерзакович [35]. Жәрмеңкелер мен базарларда сонымен қатар скрипка, мандолин, балалайка, гитаралар да сатыла бастаған. Алайда бұл аспаптар ауылдық жерлерге сіңіп кете алмады. Оларды тек жұмысшылар, қолөнер шеберлері, бүкіл байырғы тұрғындардың аз ғана пайызын құрайтын поселке мен қала тұрғындары ғана сатып алатын еді.
Сырнай байырғы халық аспаптары – домбыра, қобызбен қатар, қазақ халқының сүйікті әрі танымал аспаптарының біріне айналды.
Қазақтардың мәдени өмірінде түрлі өмірлік оқиғаларға арналған, үйлену тойы, баланың туылуы, ас беру, басқа да мерекелерге аса көңіл бөлінген. Мереке барысында бәйге, балуан күрес, қыз қуу, көкпар секілді және басқа да халықтың әртүрлі спорттық ойындары ұйымдастырылған. Осындай халық ішіндегі мереке, өмірдегі маңызды оқиғалар, баланың тууынан бастап өлімге дейін музыка, ән-күймен, ақын-суырып салмалардың айтысымен өтетін болған. Осы орайда ұлы ақынымыз Абайдан артық айту мүмкін болмас [1]:
Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай, елең-селең.
Гармониканың қазақ ортасына сіңіп кетуі гармоника дайындау жөніндегі жергілікті шеберлердің пайда болуымен де расталады. Сонымен, белгілі зерттеуші, қазақ халық аспаптарын жинаушы Б.Ш.Сарыбаевтың тұжырымдамасы бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай ауданында гармоника (сырнай) жасаумен шұғылданған шебер өмір сүрген. Дыбыс шығарушы қызметін атқаратын тілшігін қамыстан, көрігін – теріден жасаған. Гармоника-сырнайдың кейбір түрлері қоңыраушалармен көмкерілген. Бұл қазақтардың ұлттық есту қабілетіне кедергі келтірмеген. Өйткені, көне қобыздарда да сондай қоңыраушалар болған [86].
Қоңыраушылар демекші, айтса-айтқандай, бүгінгі тәуелсіздік алған қазақ елінің мәдени қаласы Алматыға шамамен 1990 жылдары заманында Жамбыл ақын мен айтысқан Жайнақ ақын келеді. Бұл келісінде жасы тоқсанның ар жақ-бер жағындағы мұңлық, Елбасыға арызын айтуға келген екен. Бірақ денсаулығы сыр беріп, көз жанары әлсіз, Жайнақ ақын Алматыдан Шымкентке қайтуға мәжбүр болады. Аты аңызға айналған Жайнақты қазақ теледидары ғимаратының алдынан күйші Талап Қараш кездейсоқ жолықтырады. Ұзын бойлы, арықша, мұрынды келген, атжақты, жұпыны ескі қазақы дәстүрде киініп, қол гармонын арқалаған сары кісіге Талап еріксіз назарын аударған. Бір қызығы, ақынның көтеріп жүрген гармоны ерекше жасалыпты. Түймелері түсіп қалған гармонға баяғы орыс патшасының монеталары мен сылдырмақ қоңыраушалар орнатылған. Гармон сырлы қоңырқай ағаштан жасалып, бірақ әбден тозығы жетіп, ескіріпті. Кім біледі, айтыскер ақын-жыршы арқалаған сол бір ғажайып гармон мүмкін әлі сақталып қалған шығар!
Әлдеқайда дарынды музыканттар ретінде танылған, халықтан шыққан дарындар, қазақ даласына гармоника енген соң көп ұзамай оны меңгеріп, өздерінің шығармашылығында пайдалана бастаған. Біржан сал, Естай, Жаяу Мұса, Майра, Иса, Кенен, Әміре Қашаубаев, Шашубай, Нартай секілді қазақтың көрнекті халық композиторлары, ақын және әншілері гармоника-сырнайды меңгеріп, өте шебер ойнаған. Халық әншілері халық алдына шығып, алаңдарда, жәрмеңкелерде, мереке-тойларда өздерінің суырып салмалық өнерін паш етіп, тыңдаушыларының назарын өзіне аудара отырып, гармоникамен үнемі ән айтатын болған. Гармоника әуенімен сүйемелдеу, зор дауысы бар кез келген әншіге лайық құрал. Гармониканың тағы бір тартымды қыры осы болатын. Аспаптың музыкалық – мәнерлі мүмкіндіктері, үйренуге жеңілдігі, әдемі безендірілуі, ықшамдылығы, кез келген жағдайда пайдалануға қолайлығы – осының бәрі оның қазақ халқының ортасында кеңінен тарауына мүмкіндік берді. Гармоншы ақындар мен әншілер зор құрмет пен сыйға ие болып, арнайы шақырылатын қонаққа, халық қалаулысына айналды. Жақсы әндер бір отар қой мен бір табын жылқыдан да қымбатқа бағаланатын болды. Әнші өнерінің алдында даңғой байлардың байлығы түкке тұрмай қалды.
Гармоника-сырнайдағы орындаушылық «әнші», «жыршы», «сал», «серілердің», «айтыс ақындарының» шығармашылығында кеңінен қолданыла бастады. Қазақ жерінен шыққан дарынды адамдар өте көп болатын. Олар әдетте, тек әншілер ғана емес, сонымен қатар, аспапта шебер орындаушылар, композиторлар, бірегей ақындар, суырып салмалар еді. Халыққа тән көшпенділік қасиетінің өзі музыканттан жан-жақтылықты, өнер мен аспаптың әртүрін меңгеруді талап етті.
Домбырада әрбір дала адамының ойнайтындығын ескеретін болсақ, көптеген орындаушылар ерекшеленуге және басқа да музыка аспаптарында қосымша ойнап үйренуге ұмтылған. Айталық, гармон, скрипка, мандолинде. Бірнеше аспапта ойнай білу қабілеті мен дарынын көрсете отырып, дала «әртістерді» көпшіліктің қошеметіне, таңданысына ие болған. «Уақыттан қалыс қалмау» мақсатында және жаңа прогрессивті тенденцияны қабылдай отырып, гармониканың қазақтардың музыкалық санасына шапшаң енуіне түсінік беруге де болады.
Сонымен, жазусыз дәстүрде ұзақ поэтикалық мәтінді жаттап алу оңай емес. Музыкаға келтірілген өлеңнің шапшаң қабылданып, шапшаң жатталатыны сөзсіз.
Қазақ мәдениетіне әбден сіңіп алған гармоника айтыскер ақындар сайысының құралына айналып кетті. Салт бойынша әр ақын өз аспабымен – домбырамен, кейінірек гармоникамен өнер көрсететін болған. Сол арқылы өзіне тән ерекше стильге, көркем дарынға, эстетикалық принциптерге қол жеткізген.
Гармоникада ойнау шеберлігі – халық музыканттары өнерінің маңызды құрама бөлігіне айналды. Аспап ақынға поэтикалық импровизация кезінде қуат беріп, оның шығармашылық ойын шарықтатып, жігерлендірді.
Халықтан шыққан кәсіби музыканттар, олардың ішінде, ақындар, сал, серілер кез келген тақырыпқа суырып салып, өз шығармаларын ешбір дайындықсыз шығарған, өмірдегі кез келген маңызды оқиғаларға қатысты үн қосқан. Олар халықтың өмірі мен тұрмыс-тіршілігін, тарихи оқиғаларды жырлаған, батырлардың әскери жорықтары, ерліктері туралы аңыз әңгімелерді таратушы болған. Сал мен серілерге тән көркем әдеби дарындылықтың бірі, олар тек поэтикалық тілмен ғана баурап қоймай, сондай-ақ композитор-сазгер, аспапшы, әнші және тіпті сиқыршы, жонглер де бола білген, сол арқылы халықтың көңілінен шығып, халыққа жақын болған [39].
Ақын немесе күйшінің кәсіби қалыптасуы үш кезеңнен тұрады: әуесқойлық музыка тарту, шеберден үйрену және сайыстарға қатысу (айтыс, тартыс). Өнертану ғылымының кандидаты Г.Гайсин ақын-гармоншылардың орындаушылығын шартты түрде екі түрге бөледі: 1) вокалдық-аспаптық музыка; 2) ән мен биге арналған күрделі әуендер [27].
Ақындар шеберлігін өрістетудің үлкен мектебі болып Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкелері саналады. Айтысқа қатысатын әр ақынның өзіне тән орындаушылық стилі болады, ол әр өңірдің өлең айту мен аспапта сүйемелдеу ерекшеліктерімен, поэтикалық мәтіннің эстетикалық принциптерімен, жеке әдеби дарынының өзгеше қырларымен тығыз байланысты [22].
Гармоникамен сүйемелдеу кезінде негізгі вокалдық-поэтикалық импровизация болып табылатын белгілі бір әуеннің қайталануын атап өтуге болады. Егер ақын басқа да өлеңнің рифмо-формуласына өтетін болса, онда музыкалық сүйемелдеу соған сәйкес ритмикаға көшіп, басқа бір мелодиялық көрініске ие болады. Яғни, тек өзара байланысты ғана байқап қоймай, поэтикалық сөзбен үйлесім табатын аспаптық сүйемелдеу арасындағы байланысты да көруге болады. Осылайша, гармоника бұрынғы музыка тартумен ғана шектелетін дәуірден шығып, халықтың эстетикалық және философиялық танымын білдіретін, музыкалық-поэтикалық шығармашылығының жоғары түріне енеді.
Халық музыканты – ақын-гармоншы тек шығармалардың авторы болып қана қоймай, орындаушысы да болған, жақсы әңгімелер айтқан, қазақ рулары мен салттарының шежіресі мен тарихын жақсы білген, асаба, сиқыршы және жонглер де болған, сондай-ақ шабандоздық та құрған. Сондықтан олардың өнері ойын-сауыққа толы, жан-жақты, халықтың көңілінен шығатындай әсерлі болған.
Сондай халықтан шыққан белгілі әншілердің бірі Біржан-сал болды. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға. Ол айналасына әртістер тобын жиған, олардың ішінде жыршы, домбырашы, жонглер, балуан және гармоншылар да болған. Осындай түрлі өнер иелерінен құрылған топ ашық аспан астында халық алдында өнер көрсеткен, көптеген салтанатты шараларға қатысқан. Олар өз өнерлері арқылы ұлы ойшыл Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін де халық арасына таратқан [39].
Гармоника біртіндеп тұрмыстық музыка тарту деңгейінен әрі шығып, қазақтың кәсіби дәстүрлі өнерлерінің жанрында кеңінен қолданысқа түскен. Гармоникамен сүйемелдеу жыраулардың этикалық шығармаларын кереметтей толықтырып, әнші және өлеңшілердің халық әндерімен ұштасып, ақын импровизацияларының поэтикалық шыңын биіктете түседі. Ауызша тарату дәстүрінің көптеген шеберлері өздерінің шығармашылығында осы гармонды пайдаланады.
Гармонмен жеке орындау немесе ақынның суырып салма әндерін сүйемелдеу көпшілік бұқараға арналған орындаушылық өнерінің бір түрі ретінде дами түскен.
Поэтикалық шеберлік сайысы мен ақындар айтысы көпшіліктің қолдауына ие болды. Кез келген қатысушы орындаушыға қатысты өз пікірін айта алатын болды. Ақын аяқ астынан табылған өткір де орынды тіркестерімен өз ойын білдіріп жатты. Поэтикалық импровизация үрдісі осылай пайда болды.
Ақындар айтысы кезіндегі негізгі мотивті толықтырып тұратын, гармоникада ойналатын аспап әуені сөздер арасындағы кеңістікті толықтырушы қызметін атқарады. Осындай әуенді ойнай отырып, ақын ойын жинақтап, келесі айтар сөзін жүйелеу мүмкіндігіне ие болады.
Сырнайда ойналатын аспаптық әуен домбырада дәстүрлі орындалатын негізгі мақамды немесе оның буындарын түрлендіре түседі.
Қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың ауылы Қазақстан мен Орта Азияның демократиялық, мәдени-ағартушылық санасының орталығы болған. Ол барлық еркін ойлауға қабілетті және саналы азаматтарды жанына тек өз өңірінен, өз жерінен ғана емес, көршілес Ресейден де тартқан.
Абай ауылына жер аударылған орыстар да жиі келетін болған, олар көбінесе гармониканың сүйемелдеуімен ән шырқайды екен. Қазақ даласында орыс империясының құзырынан қашқан қашқындар да аз болмаған, олар: ноғай, құмық, татарлар еді. Өздерінің «тальянка» гармоникаларында, скрипка мен мандолиндерінде орыс, татар әндерін және өзге де халық әндерін орындап жүрген.
Абайдың ұлдарының бірі Ақылбай гармонда жақсы ойнаған. Мұның бәрі Абайдың музыкалық санасына өз ізін салғаны белгілі. Оның шығармаларынан орыс демократиялық әндерінің, қала романстарының нышанын байқауға болады. Поэтикалық мәтінінің сұлулығы мен тереңдігі, музыкалық формасының, өлеңдерінің гармоникалық және әуезді тілінің жаңалығы, оның өлеңдері қазақ әнінің музыкалық-көркемдік қырын байыта түсті. Абайдың көптеген өлеңдері әншілердің репертуарына еніп, гармониканың сүйемелдеуімен айтылатын болды. Осының арқасында оның әндері ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Қазақстанның шексіз даласына кеңінен танылып, тарай бастайды.
Ақын-гармоншылар мен әнші-гармоншылардың шығармашылығы туралы түрлі көздерден жарытымсыз мәліметтерді түйірлеп жинай келе, біз бірқатар қиындықтарға тап болдық, олар ақын-гармоншылар туралы жазылған баспасөз беттеріндегі материалдарға да байланысты. Аталған материалдарда айтыстар, әндердің тек поэтикалық мәтіні ғана жарияланған. Музыка аспабының сүйемелдеуімен айтылған музыкалық шығармалар, оның ішінде гармон туралы ешбір жерде тіркелмеген, әңгіме де қозғалмаған, ешқандай нота жазбалары сақталмаған. Гармоншылар, олардың шығармашылығы туралы да осындай естеліктерді айтуға болады. Алайда, бұл аспаптың халық табиғатымен біте қайнасып өмір сүргенін, халық ортасында болғанын, халық санасында сақталған ән, би музыкаларынан, гармон-сырнайға арналған шағын күйлерден байқауға болады. Гармоникаға арналған күйлерден бізге дейін жеткені деп, гармоншы Құбыштың күйін атауға болады, оны К.Ошлаков жазып алып, баянға арнап өңдеген [81].
«Шөптікөл» Шығыс Қазақстанның белгілі ақыны Құбыштың (ХІХ ғ. басы ХХ ғ.) гармоникада орындаған күйі. Бізге бұл күй алғаш рет 1926 ж. белгілі болған. Ақынның сөзі бойынша, бұл бағдарламалық сипатқа ие, трагедиялық оқиғаларға құрылған күй. Шығыс Қазақстанда Кеңес билігі құрылып, патша әскері мен басмаштардың қолынан найман руынан шыққан көп қазақтың қырылуын білдіретін зарлы күй. Пьеса үш бөлімнен тұрады. Эпизодтарының сипатталуы ішкі күйзелісті, толғанысты, нағыз философиялық реңді білдіреді... [81].
Өкінішке орай, гармоншы Құбыштың өзге шығармалары бізге толығымен жетпеген. Сырнайға арналған кейбір шығарма күйлері кейін домбырада ойналып жүрген. Сырнайға арналған осындай күй философия ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов пен профессор Айтжан Тоқтағанның аудиомұрағатында нотаға түсірілген. Осы күйді Балқашбай Жүсіповтің орындауында тыңдай отырып, «гармоникаға» арналған пассажды домбырада таза орындап отырған домбырашының шеберлігіне еріксіз таңғаласың.
Нартайдың осындай «Шертпе күйі» де фактурасы жағынан гармониканың дыбыстық қатары бойынша бір дауысты әуен айналысын білдіріп, бұл күйді о баста Нартайдың гармоникаға арнап шығарғаны туралы біздің қорытындымызды растайды [38, 107 б.].
«Жиырма бес» күйімен солақай-баяншы Ержан Ыдырысов түрлі концерттерде өнер көрсетіп жүр.
Қазақ халқының жадында Жаяу Мұса Байжанов, Естай Беркімбаев, Әсет Найманбаев, Қамшыбай Таубаев, Шашубай Қошқарбаев, Кенен Әзірбаев, Майра Шамсутдинова, Тайжан Қалмағамбетов, Нартай Бекежанов, Әміре Қашаубаев, Құбыш, Болат Сыбанов, П.Берсүгіров, Жайнақ секілді атақты ақын-гармоншылардың аттары сақталып қалды. Енді осы орындаушылардың шығармашылығына тоқталып өтсек.
Жаяу Мұса Байжанов (1835–1929 жж.) – әйгілі әнші, ақын-гармоншы, халық сазгері, Баянауыл ауданы Жасыбай көлінің жағасында, қолөнершінің отбасында туып, өскен [39]. Туғанынан шұрайлы табиғат аясында туған жердің нәрлі ауасымен сусындап өскен. Жеті жасынан ауыл молдасынан араб және басқа да шығыс тілдерінде дәріс алады. Жастайынан халық музыкасымен, ауылға келіп-кетіп жүрген әнші-күйшілер өнерімен танысады. Өзі де ән салып, домбыра тартады. 1851 ж. Қызылжарға (қазіргі Петропавл) келіп, орыс тілін үйренеді. Ол домбыра, қобыз тартумен қатар, сырнай мен скрипка ойнауды да меңгереді. Қаладағы оркестрлердің, әншілердің орындауындағы концерттерді қызыға тыңдайды. Бұл оның музыкалық-эстетикалық талғамын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды.
Жаяу Мұса, орыс және қазақ тілдерін бірдей меңгере отырып, қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына орасан зор үлес қосқан. Жаяу Мұсаның Шоқан Уәлихановпен, Абай Құнанбаевпен, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Иса Байзақов, А.В.Затаевичпен бірге жүруі, Ыбырай Алтынсариннің өлеңіне («Кел, балалар, оқылық») ән шығаруы, өлеңмен күнделік жазуы, – оның заман лебін терең сезінгендігін байқатады.
Ол туған ауылына сауатты азамат, музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын өнерпаз болып оралады. Келе ауыл өміріне қызу араласты. Әкімдердің, би-болыстардың парақорлығын әшкерелеп, әсіресе, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманов пен оның інісі Мұстафаның зорлық-зомбылығын айтып, Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Сол үшін ағайынды Шормановтар оның астындағы атын тартып алып, «жаяу» атандырды.
Жергілікті халықтың ауыр тұрмысын, билеушілерден көрген зорлық-зомбылығын айтып түсіндіру үшін, ол Санкт-Петерборға аттанады. Бірақ одан да қолдау таба алмаған соң, Латвияда, Польшада болып, соңынан Қазанға келіп аялдайды. Жаяу Мұсаның әншілік, композиторлық өнері халық музыкасымен тығыз байланыста дамыды. Қай жерде болса да ол гармонын жанынан тастамаған. Ол халықтардың да музыка мәдениетіне зор ықыласпен көңіл бөліп, олардың озық үлгілерін мұқият үйренген. Соның негізінде қазақ әндеріне жаңа формалар енгізген. Ол 70-тен астам ән шығарған, олардың ішінде «Шолпан», «Сұрша қыз», туған жерінің сұлулығын жырлайтын «Баянауыл», «Гаухар қыз», «Толқыма» секілді лирикалық, әлеуметтік бағыттағы «Ақсиса», «Хаулау», «Толғау», «Бұзау зары», «Сүйіндік» әндері, «Құлбай» әзіл әні де бар.
Жаяу Мұсаның музыкалық шығармалары – халықтың әншілік-орындаушылық дәстүрі, сондай-ақ, қала әсерінен пайда болған марш, би ырғағындағы туындылар негізінде дамыған. Әндерінде диатоникалық жүйедегі ладтар басым. Жаяу Мұсаның әндерінде қазақ халық әндерінде өте сирек кездесетін құбылыс – классикалық музыканың формасын құрайтын ерекшеліктер анық байқалады. Академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, «ол өз әндерін өзі скрипка мен гармонда ойнап сүйемелдеген, «таза» аспаптық сүйемелдеуге, сөзсіз музыкалық сипаттамаға сүйенген». Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ қоғамының әлеуметтік істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес қосқан. Жаяу Мұсаның көптеген колжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған.
Жаяу Мұсаның әндерін алғашқы болып А.В.Затаевич, А.К.Жұбанов, Б.Г.Ерзакович және М.Төлебаев нотаға түсірген. Оның әндері көптеген қазақстандық композиторлардың түрлі операларында, симфонияларда және басқа да музыкалық жанрларда пайдаланылған. Мысалы, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», М.Төлебаевтың «Біржан Сара» операсы.
Ақылбай Абайұлы (1861–1904 жж.) қазақтың ұлы ақын-философы Абай Құнанбаевтың тұңғышы. Өз ауылынан мұсылманша білім алған. Ол өз әкесінен сауат ашып, соның жолын қуған. Орыс және еуропа әдебиетін өз бетімен оқыған. Оны ақын аға, Ақыл аға деп атаған. Ол домбырада, сырнай мен скрипкада шебер ойнаған. Оның сазгерлік өнері, әншілігі, домбыра мен сырнайда орындау шеберлігі әр қырынан танылған. «Ішік кидім бұлғыннан кәмшат жаға» және «Матай да алыс бірталай жер деген соң» өлеңдері халық ішіне кеңінен тараған. Жастық, махаббат туралы біраз өлеңдері, інілері Абдрахман мен Мағауияның өлімінен соң жазған өлең-жоқтаулары бар. Оның шығармашылығынан ерекше орын алатын дастандары «Дағыстан», «Зұлыс», «Жаррах батыр». Ақылбай Абайұлының лирикасынан сақталған және бізге дейін жеткендері 4-5 өлеңі ғана [39, 47, 48, 59].
Шашубай Қошқарбаев (1865–4.05.1952 жж.) – қазақтың халық ақын-гармоншысы. Қазақстан өнерінің еңбек сіңірген қайраткері (1941), Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қоңырай ауылында туған [39, 47, 48, 59].
Ол дәстүрлі сал-серілер өнерінің көрнекті саңлақтарының қатарына жатқызылады. Шабытты әнші, суырып салма ақын, әртіс-жонглер болған. Қоянды мен Қарқаралы жәрмеңкелерінде түрлі сиқыршылық өнер көрсеткен, шапқан аттың үстінде тігінен тұрып гармон ойнаған Шашубай осындай өнерімен қатар, сырнайдың сүйемелдеуімен әнді тамаша айтқан, керемет билеген. Бет пішін мимикасын қисайтып, адам нанғысыз кейіпке түсіріп, жұртшылықты таң-тамаша қалдырған.
10 жасынан бастап домбыра мен гармонды еркін меңгерген, өз өлеңдеріне музыка жазған, өзін гармонды өте шебер ойнаған. Осындай өнерді халықтың кәсіби-музыканты, Сарыарқаның әйгілі сал-серісі Ақан серіден, Балуан Шолақтан, Нұрмағамбет Баймырзаұлы, Біржан салдан, Ғазиз, Мәдиден үйренген. Халық ауыз әдебиетінің осы секілді белгілі шеберлерінен Шашубай Қошқарбаев орындаушылық шеберлікті, ауызша музыкалық-поэтикалық шығармашылық дәстүрлерін, суырып-салма ақындықтың озық орындаушылық мақамдарын да үйренген.
Шашубай репертуары жан-жақты. Оның «Майда қоңыр», «Жетім қыз», «Кедейлік» секілді және басқа да сырнайдағы сүйемелдеуімен орындалатын халық әндері, жыр-толғау, өсиет, сатиралық-әзіл тақпақтары халық ішінде кеңінен тараған. Ол «Ақтамберді», «Қамбар», «Сұраншы-Бөкей» қисса-дастандарының да керемет орындаушысы атанған. Өз өлеңдерінде халықтың қуанышы мен қайғысын жырлаған.
Халық жадында Шашубай мен Жамбыл Жабаев (1919), Көшен Елеуов, Болман Қожабаев, Кенен Әзірбаев, Қуандық, Сарыбас және басқалар арасындағы айтыстар сақталған.
Шашубай Абай шығармаларын кеңінен насихаттап, ел арасына таратады, өзіне ұстаз тұтып, ақындық талантына еліктейді. Бұл ретте Шашубай Абайдың сатиралық дәстүрін жалғастырып қана қоймай, қазақ әдебиеті тарихында мысал айтысты шығарудың тамаша шебері ретіңде атағы шығады. Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған өз өлеңдері мен толғауларында Шашубай ұстазының шығармашылығын кеңінен жырлайды.
Ақындық шеберлігінен басқа, Шашубайдың цирктік өнермен де атағы шығып, серілікпен ауыл аралап, ел алдында өзінің сан қырлы талантын көрсеткен. Айталық, ол шауып бара жатқан аттың үстінде тігінен тұрып, гармонда ойнайтын болған. Филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіповтің естеліктері бойынша, деректі фильмдердің біріндегі кадрда Шашубай иегінен бастап төбесіне дейін өз бетін танымастай етіп өзгертіп, барынша умаждап жинап алады да, бір кезде жарылған резенке шардың дыбысын шығара отырып, сол байлауды босатып жібергендей кейіп танытады. Замандастары оны құлақтарын ат құлағындай қайшылап отырып, өлең айтып тыңдаушыларын таңғалдыратынын да еске алады.
Оның қазақ мәдениетінің дәстүрін терең білуіне, дарындылығына орай, ол ел арасында «көшпелі театр мұрағаты және қазақ халқының эпосы» атанған.
1942 ж. Шашубай ақынның өлеңдері мен толғаулары жинақталған, «Сөйле, Шашеке!» кітабы, 1966 ж. ақындар шығармашылығына арналған үш томдық «Айтыстар» жинағында жарық көрген.
Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941–1945 жж.) Шашубай өз өлеңдерімен Кеңес әскерлері мен тыл жұмыскерлерін шабыттандырып, жауға қарсы аянбай күш жұмсауға жігерлендірген. Халыққа сіңірген еңбегі үшін 1945 ж. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Сырнайдың сүйемелдеуімен ән айтып қана қоймай, би де билеген әйгілі әнші-гармоншы Қарсақ Қопабайұлы (1886–1974 жж.) туралы мемлекеттік және саяси қайраткер, белгілі өнертанушы Өзбекәлі Жәнібеков жазған. Ол 1970 жылдары Арқалықта өткен «Торғай әуендері» фестиваліне гармоншы-әнші Қарсақтың қатысқаны туралы мәлімет береді.
Ақын-гармоншылардың арасынан әнші-гармоншы Майра (Мағира) Уәлиқызы Шамсутдинованы (1896–1929 жж.) ерекше атауға болады. Қазақ халқының әуендерін жинаушы атақты А.В. Затаевич дарынды әнші-гармоншы қыз туралы: «Ертіс өзенімен Омбыдан Семейге қарай бара жатқан «Ленинград» жолаушылар параходының Павлодар айлағынан қозғалғаны сол-ақ еді, 3-ші класты каюта терезесінен тембрі контральто әуелеген әдемі әуен естіліп, беймәлім жанның үлкен гармонның сүйемелдеуімен шырқата салған әні мені елітіп әкетті», – деп таңдана жазған [39, 43].
Майра 5 маусым 1896 ж. Кереку (Павлодар) қаласында бөрікші отбасында туған. Татар мешітінде тіркелген туу туралы куәлігі бойынша, атасы – Сабыр Шамсутдинов Қазан губерниясының тумасы екен, әкесі – бөрікші Уәли, шешесі – Жәмиланың ұлты қазақ. Майра отбасындағы жалғыз бала болғандықтан, бар мейірімге қанығып өскен. Өз құрдастарынан өрлігімен, жігерлілігімен ерекшеленген. Қызының әнге, өнерге деген құштарлығын байқаған ата-анасы оған гармон сатып әперген. Оның өткен жарқын басталған өмірі мен қайғымен аяқталған тағдыры әдеби шығармаларға арқау болар еді.
Кереку қаласында Майра туралы бүкіл ел жақсы білген. Оның әншілік дарыны, сұлулығы туралы талай аңыздар да пайда болған. Оның есімін ел әлі де құрмет тұтады.
13 жасында Майра түрлі мерекелер (шілдехана, той), жәрмеңкелерге қатысып, қазақ, татар және орыс әндерін гармонның сүйемелдеуімен орындаған.
Профессор Т.Ақшолақов жазғандай, ол Керекудің көне тұрғыны гармоншы Ақеділдің әншілік шеберлігі асқақтап тұрған шақ болатын. Бір күні дарынды әнші-гармоншы кішкене қызды көрген Ақеділ оны өнер жолына баулып, бірегей әншіні қалың көпшілікке таныстырушы алғашқы ұстазына айналады. Ол Майраны өзімен бірге барлық халық арасында өткен мерекелерге ертіп жүреді [2].
Ақеділ гармон мен домбырада қазақ, татар және орыс әндерін өте шебер орындаған. Халық өз әншісін жоғары бағалап, құрметтеген. Майра ұстазының әртістік өнері мен орындаушылық кезіндегі еркіндікті, тыңдаушысына әдемі әсерлі әндерді сапалы жеткізуді үйренген. Оның кеудеден күмбірлеп шыққан дауысы үлкен гармон-тальянкамен ғажап үндестік тапқан.
Майраның репертуарында «Майра», «Ахау, Семей», «Хұсни құрдас», «Гауһар тас», «Қос барабан», «Екі жирен», «Ғалия-Бану», «Қара орман», «Сәулем-ай» әндері болған. Оның қайталанбас сүйкімді қоңыр дауысы, қыз балаға тән қылығы, ерекше киіну үлгісі, өзін сахнада ұстау мәнері болған. Осының бәрі көпшілікті өзіне тарта, жақындата түскен. Бүкіл Кереку Майра әндерін ауыздан тастамай айтып жүрген. Ол шабыт беретін, әртістерге тән бет қимылымен, нақышты дене қимылымен ән салғанда тыңдаушысын баурап, көркем образ сипатын берген.
Ол өте ерте әнші, сері атанған және халыққа жастайынан танылған, жәрмеңкелерде атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов, әнші Қали Байжановтармен еркін жүздесетін болған. Баянауылға жақын маңда өткен жәрмеңке кезінде Майра болашақ жары Жармұхамбетпен танысады, ол Шоқан Уәлихановтың ағасы, дала ақсүйегі Мұса Шормановтың баласы болатын. Жаржан (Жармұхамбеттің екінші аты) өте сауатты, өмірге деген озық көзқарасты азамат болған.
1926 ж. Майра атақты қазақ музыкасын жинақтаушы А.В.Затаевичті кездестіріп, сол кісінің басшылығымен Майраның орындауындағы 13 өлең жазылады. А.В.Затаевичтің айтуы бойынша, ол Майраны астанаға, театрға шақыртқан. Алайда ол өзінің сол уақытта сырқат екенін, сауыққан соң, астанаға өзі келетінін айтып, сендіреді. А. Затаевич оған: «Сіз – өнер адамысыз, сіз өнер үшін туғансыз. Сондықтан да сауығып кетесіз», – деп жазған екен. Алайда тағдырдың қалауы басқаша болды. 1929 жылдың қаңтар айында дарынды әнші-гармоншы Майра Уәлиқызы Шамсутдинова мәңгіге көз жұмды.
Қаңтар айының аязына қарамастан, қала халқы Майрамен қоштасуға түгел келді. Оның мәйітін қаладан мұсылман бейітіне дейінгі 8 шақырым жерге жаяу алып жүрген.
Майраның репертуарында түрлі концерттік әндер, қалың көпшілікке арналған, зор дауысты және вокалдық орындаушылық шеберлікті талеп ететін концерттік әндердің де көп болғанын айта кеткен жөн. Олардың қатарында «Қаракөз», «Айқаракөк», «Толқыма», «Тел қоңыр», «Мақпал» әндері және «Майра», «Бақша», «Ертіс», «Қызыл гүл» секілді авторлық әндері де көп болған.
Майраның оқушылары мен шәкірттері көп еді. Солардың бірі – Байғабыл Жылқыбаев [2]. Майра 10 жасар баланың дарынын байқап, оны гармон тартып, ән айтуға баулыған. Тойларда шәкірт баланың салған әндерін тыңдап, кей кездері сонымен бірге қосылып ән шырқаған. Шәкіртінің айтуынша, Майра дөңгеленген көздері үлкен, денесі тік, мінезі ашық, сәнмен және талғаммен киінетін өте сұлу қыз болған екен. Байғабыл Жылқыбаев – халық әнші-гармоншысы, Майрамен екеуі қосылып жиі ән айтып жүрген. Майра тек біртуар әнші ғана емес, сонымен қатар бірегей драма әртісі де болған. Ол Семей драма үйірмесіндегі алғашқы әйел-әртіс атанған.
Өмірінің қысқа болғанына қарамастан, Майра Уәлиқызы халық өнерінің дамуына орасан зор үлес қосты. Оның көптеген әндері қазақ ән шығармашылық қазынасын толықтырып, кейіннен композиторлардың кең қолданысына түсіп, бүгіндері халық игілігіне пайдаланылуда. Олардың қатарында Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын, А.А.Зильбердің «Қайта туған Қазақстан» симфониясын, Б. Байқадамовтың «Майра» хор капелласын, Ә.Тәжібаевтің «Майра» пьесасы мен поэмасын атауға болады.
Әсет Найманбаев (1867–1922 жж.) Қарқаралы уезі Темірші болысының 8-ші ауылында туған (қазіргі Қарағанды облысы «Қызыларай» колхозы) [48, 50]. Балалық шағы Керегетас, Қызыларай тауларында және Қаршығалы көлінің жағалауында өткен. Жеті жасынан бастап Көктұмадағы Зейнолла имам медресесінен (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданы Бахты ауылы) бастауыш білім алады. Әкесі қайтыс болған соң, Көктал болысындағы нағашыларының қолында тәрбиеленген. Көп ұзамай халыққа әнші ретінде таныла бастайды. Үйленіп, сол жерге тұрақтап, шешесін қолына көшіріп алады.
Әсет – көркем сөздің шебері, ол ешкімге қара сөзден дес бермеген, өз сөзін поэтикалық образдармен әдемі сомдап отырған. Өкінішке орай, ол әншілік жолды таңдап, өзінің поэтикалық дарынына аса көңіл бөлмеген. Ол жөнінде өмірден өтер алдында Абай секілді келешек ұрпағына қара сөзден мұра қалдыра алмаған өкінішін де жасырмайды. Көптеген әндерімен қатар бірнеше қисса, поэмалары да кеңінен танылған. Олар: «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», «Нұрғыман- Нағым», «Мәлік-Дарай» және тағы басқалар. Әсеттің кез келген шығармасы оның шығармашылығының тереңдігін танытады.
Әсет – негізінен суырып-салма ақын. Ол әйгілі Ырысжан – қыз ақынмен, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Саметтермен, сондай-ақ ақын-қыз Мәликамен айтысқан. А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын қисса-дастан стилімен аударып (еркін аударма), тыңдармандарына тарту еткен.
Әсет Найманбаев 22 ақпан 1922 ж. ҚХР-ның Құлжа қаласында дүниеден өткен.
Естай Беркімбайұлы (1874–1946 жж.) – қазақ халық композиторы, әйгілі ақын, әнші-гармоншы, Қазақстан Композиторлар одағы мүшелерінің бірі (1939) [48, 50]. ҚазКСР өнерінің еңбегі сіңген қайраткері (1939). Қазіргі Павлодар облысы Екібастұз ауданы Ақкөл совхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Анасы Күлипа мен ағасы Байтұлымның асқақтаған әншілік өнерлері болған. Жыр, толғау орындаушылық өнерін солардан үйренген. Әнші-гармоншы ретінде Есіл аумағына, Баянауыл мен Ертіс өзенінің бойына 18–19 жасында таныла бастайды. Осы кез оның Біржан салдың өнерпаздар тобына қосылған тұсы еді. Естай Ақан сері, Жарылғапберді, Балуан Шолақ, Сәтмағамбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай секілді қазақ даласының әйгілі әншілерімен бірге Омбы, Қараөткел (Астана), Көкшетау, Қызылжар, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу, Алматы өңірлерінің ұлы жиындарына қатысып, ән шырқап, өнер көрсеткен. Естай әндері салдар мен серілердің демократиялық дәстүрін биік шыңына дейін жеткізе дамытқан. Оның «Жай қоңыр», «Наз қоңыр», «Майда қоңыр», «Сандуғаш», «Юран-ай» және басқа да көптеген әндері қазақ музыкасының алтын қазынасына айналған. Классикалық «Қорлан» әні Естай есімін аңызға айналдырды. Бұл әнді композиторлар М.Төлебаев «Біржан және Сара», Е.Г.Брусиловкий «Ер Тарғын» операларында, С.И.Шабельский мен Л.М.Шаргородский оркестрмен қобызға арналған концертке пайдаланған.
1939 ж. Естай Алматыға келген кезде композитор, музыка зерттеушісі Б. Г. Ерзакович оның әндерін жазып алған. Осы кезде Естай халық ақыны Жамбылмен кездеседі. Ол өзінің суырып салмалық өнерін көрсетіп, бірнеше рет айтыстарға қатысады. 1945 ж. Абайдың 100 жылдық тойында Нартай Бекежановпен, Нұрлыбек, Төлеу және Сапарғали секілді ақындармен айтысқа түседі.
Әміре Қашаубаев (1888–1934 жж.) – белгілі әнші (драмалық тенор), қазақ халық өнері театрының негізін қалаушыларының бірі, 1888 ж. шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген. 1934 ж. 6 желтоқсанда Алматы қаласында қайтыс болған [48, 50, 52].
Шығармашылық жолы 1917 ж. басталады. 1921-24 жж. Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 ж. осы қалада ұйымдастырылған халық өнерпаздарының байқауына қатысып, Қали Байжановпен бірге бас бәйгеге ие болды. 1925 ж. Парижде өткен Бүкіл дүниежүзі сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қосбалапан», т.б. әндерді орындап, 2-ші орын және күміс медаль алған. 1927 ж. сәуір айында арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқайды. Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс, т. б. тарапынан жоғары баға алған. А.В.Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек», т.б. әндерін жазып алып, «Қазақтың 500 ән мен күйі» (1931) жинағында жариялаған. 1925 ж. фонографпен Мәскеуде жазылған әнші дауысын Ж.Шәкәрім тауып алып, өңдеуден соң грампластинкаға жазып шығарған. Әміре – 1925 ж. Қызылордада ашылған қазақ драма театрының алғашқы әртістерінің бірі. 1934 жылдан бастап опера және балет театрының жеке орындаушысы.
Ұлы әнші Әміре Қашаубаев дарынының екінші жағы – оның гармонда шебер ойнауы. Бұл жөнінде алғашқы кәсіби қазақ бишісі Шара Жиенқұлова да жазған. Қазіргі уақытта тарихқа айналған, 30-шы жылдары өткен оның алғашқы гастроліне Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов, Құрманбек Жандарбековтер қатысқан. Концертті гармон үнімен Әміре Қашаубаев ашқан. Шараның биіне кезек келген кезде оны гармонмен Әміре Қашаубаев, домбырамен Иса Байзақов сүйемелдеген. Қажымұқан сахнаға шығып өнер көрсеткен кезде де Әміре гармонда ойнап, палуан аяқ-қолының бұлшық еттерін ойнатып, өнер көрсеткен [37].
Тайжан Қалмағамбетұлы (1878–1938 жж.) – халық ақыны-гармоншы, Қарағанды облысындағы Ұлытауда дүниеге келген [32, 45, 46, 76]. Үкілі Ыбырайдың (Ыбырай Сандыбаевтың) туған жиені және шәкірті. Арқаның ән айту-ақындық дәстүрін жалғастырушы, Ақан сері, Біржан сал, Шәрке сал, Сегіз сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай әндерін гармонның сүйемелдеуімен айтушы. Өзі де көптеген өлеңдер шығарған [48, 50, 52].
А.В.Затаевич оның бірнеше әндерін жазып алған. 1934-36 жж. Тайжан халықтан шыққан орындаушылардың республикалық слеттерінде өнер көрсетеді. 1936 ж. Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің І декадасына қатысқан. Осы кезде бүкілодақтық бұқаралық ақпарат құралдарында оның орыс тіліне аударылған толғау-жырларын басады. Грампластинкаларға ән-термелері басылып шығады.
Осы аспапты өмірлік серігі ретінде таңдаған ақын-гармоншылардан басқа, көптеген атақты ақындар гармоникада жақсы ойнаған. Олардың қатарында Кенен Әзірбаевты, Иса Байзақовты атауға болады. Иза Байзақовтың қызы Махпуза әкесінің гармонда өте жақсы ойнағанын айтқан. Ол болыстар мен байлардың парақорлығын өзінің сатиралық өлеңдерінде келемеж етіп, гармонға қосып әндеткен.
Қазақтың ұлы «Карузосы» Әміре Қашаубаев гармонда өте шебер ойнаған. Атақты күйші Төлеген Момбеков гармониканың сүйемелдеуімен әндер айтқанды өте ұнатқан. Жезқазғандық композитор-әнші Жақсыгелді Сейілов өзінің кең тараған әндерін баянның қостауымен орындаған.
Өкінішке орай, біздің қолымызда ақын-гармоншылар Құбыш, Жайнақ, Қамшыбай Таубаев, Айнабек (Оңтүстік Қазақстан облысы Байдібек ауданынан шыққан зағип ақын) және басқалар туралы мәліметтер жоқ.
Жүсіп Күзембай туралы да қолда бар ақпарат өте мардымсыз. Ол Ақмола облысының Қорғалжын ауылында туған (қазіргі Нұра өзенінің жағалауындағы Қорғалжын поселкесі). Оның өлеңдері мен әндері түрлі себептерге байланысты бүгінгі ұрпаққа дейін жетпеген. Көне өз қариялардан тек 1909 ж. гармонмен түскен фото суреті мен оның өз өңірінде атақты әнші және ақын-гармоншы болғаны туралы жерлестерінің естеліктері ғана бар.
Нартай Бекежанов (1890–1955 жж.) жарқын бейнелі әнші суырып-салма, ақын-гармоншылардың бірегейі, артында мол мұра қалдырған «сегіз қырлы, бір сырлысы», ақиық ақыны, талантты композиторы, күміс көмей әншісі, замана бұлбұлы. Ұлы Жамбылдың өзі Нартай туралы былайша жырлаған:
О, Нартай, шешен таңдай, қасқа маңдай,
Сөзің дәмді, тәтті екен шекер балдай.
Нартай қазақтың ақындық, әншілік даңқын шығарған. Белгілі халық ақыны, әрі композитор-әнші ретінде көзі тірісінде-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленген. Нартай Бекежанов 1890 ж. қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Бестам ауылында кедей-шаруа отбасында дүниеге келген [48, 50, 52]. Нартайдың анасы Бақтыгүл, туған ағасы Мәнсүр – заманында елге танымал ақын жандар болған. Талант иесі Нартай жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жырауларының өлеңдерін жатқа айтып, жиын-тойларда домбыраға қосып жырлаған. Ол ежелгі Шығыс поэзиясының үлгілерін жетік білген. Түрлі елдердің халық әндерін меңгеріп, ұлттық аспаптарында да ойнай білген. Осылайша серілік құрып, әнші-ақын атанып жүрген шағында Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан ақын келеді. Асқан ақын, әрі әнші Тайжан Қалмағанбетов Нартайдың бар назарын өзіне аударады. Әнші Нартай Тайжан ағасын ұстаз санап, оған еліктеп, енді әнді он екі тілді татар сырнайына салып айтуды үйренеді. Содан бастап кеудесі кең, үні жұмсақ сырнай Нартайдың өмірлік серігіне айналады. Нартай ауылында колхозшы, бірде бригадир жұмыстарын атқара жүріп, қазақ ауылында өтіп жатқан өзгерістерге белсене араласады. Өмір ақын-әншіні олай да, бұлай да сілкілеп жүрген шағында, 1934 ж. Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының бірінші Слетіне шақыртылады. Слетке Қазақстаннан үш жүзге жуық ақындар мен әнші-күйшілер, жыршы-жыраулар қатысады. Осы слетте Нартай өзінің «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындайды. Осыдан соң-ақ Нартай есімі кең байтақ республикамызға тарайды. Кеңес Одағы кезіндегі астанамыз Мәскеуде 1936 ж. қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі болып, республика делегациясын Совнарком төрағасы О.Исаев пен оқу-ағарту халық комиссары Т.Жүргенов бастап апарады. Оған халық ақындары Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, Нартай, Орынбай, Нұрлыбек, Доскейлер барған.
1937 ж. Нартай Бекежанов тыңдаушыларының үлкен алғысына ие болған арнаулы концерттік бригада ұйымдастырған. Ұлы Отан соғысы жылдары «Нартай ансамблінің» мүшелерін ауыл шаруашылығымен айналысатын Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан кездестіруге болатын еді. Ұжым тек Қазақстанда ғана емес, көршілес жатқан Орта Азия республикаларында да Қырғызстанның Ош, Жалалабад облыстарында, Өзбекстанның Бұқара, Ташкент облыстарында, Қарақалпақ АКСР-інде, Тәжікстанда да концерттер береді. Ұлы Отан соғысы кезінде Нартай ансамблі екі мыңнан артық концерттер қойып, халықтың күш-жігерін арттыруға, рухын көтеруге насихат жүргізіп, жауды жеңуге зор үлес қосқан.
Оның «Алға, батырлар!», «Тыл батырларына» әскери өлеңдері халық жадында осы күнге дейін сақталған. «Толқын», «Ахау, жалған», «Нартай сазы» әндері ұлттық ән өнерінің алтын қорына қосылды.
Нартайдың шығармашылық қызметінің әншілік, әртістік және ұйымдастырушылық қырлары туралы айтқан кезде, біз оның ең алдымен ақын екенін ұмытпауымыз қажет. Ол Шығыстың Науаи, Тоқбоғұл секілді ұлы ақындарының шығармашылығымен жете таныс болған. 1950 ж. Нартайдың өлеңдер, жыр-толғауларының жинағы баспадан шығып, қазақ әдебиетіне жаңа үлес ретінде қосылады.
Елдің мәдениетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін әнші- гармоншы, халық ақыны Нартай Бекежановқа «ҚазКСР-і мәдениетінің еңбегі сіңген қайраткері» құрметті атағы беріліп, «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған.
Қазақтың дәстүрлі музыкасында жаңа, өзіне тән ерекшеліктерімен музыка жүйесінің түбегейлі қалыптасуына үлес қосқан жаңа сала пайда болды.
Нартайдың орындаушылық мақамында Арқаның және Сырдария өңірінің дәстүрлі ән орындау мақамы сақталған. Сырдария бойында Нартайдың орындаушылық мектебі – оның ішінде, гармоникада орындаушылығы кеңінен сақталған. Шәкірттері Нартай дәстүрін одан әрі жалғастыруда.
Нартай бейнесі көркем шығармаларға да арқау болып, ол туралы қазақ әдебиеті¬-нің көрнекті өкілдері – А.Тоқмағамбетов «Нар¬тай толғауын», Ә.Тәжібаев «Нартай» және «Нартайлар» деген екі поэма, «Батыр мен ақын» атты пьеса, «Есімдегілер» пове¬сінде бір бөлім; жазушылар О.Сәрсен¬баев «Шамшырақ» романының, О.Боды-қов «Бұлбұл», журналист М.Рүстемов «Нар¬тай», А.Достияров «Өздерің білер Нар-таймын» атты деректі хикаяттар жазды. Қазіргі қазақ әдебиетінің алдыңғы толқын және қазіргі өкілдерінің бәрі де Нартай өнерін құрметтеумен келеді.
Қазіргі кезде айтыскер ақындық, термеші-жыршы орындаушылық өнерлер¬ге кең өріс ашылып отырған кезде «Нартай сазымен» сырнаймен қосылып айту орындаушылар мектебі ізіндегі өнерпаздар шоғыры айрықша көз тартады. Мысалы, Балқашбай Жүсіпов, Ақмырза Тұяқбаев, Арзулла Молжігітов, Әбілаш Әбуов, Мұхаметжан Рүстемов, Ниятулла Раманқұлов, Серік Өтеуов сынды қызылордалық өнерпаздар – Нартайдың импровизаторлық ақындық әрі әнші-термешілік, жыршылық, композитор¬лық қасиеттерді қоса меңгерген дәстүрлі өнегесін жалғастырушылар болды [60, 61]. Бұ¬лардың Нартай дәстүрін жалғастырған өнер мектебі қазіргі жас толқын өнерпаздар арқылы дамуда.
Өнертану ғылымның кандидаты П.И.Сапожниковтың зерттеуі бойынша, Қазақстанның оңтүстік аймағының танымал әншісі әрі ақыны Нартайдан кейінгі, өздерінің шығармашылық жолдарын соғысқа дейінгі кезеңде бастаған ақын-сырнайшыларды атауға болады. Олардың араларында, атап айтатын болсақ: Белгібай Бектұрғанов, Келімбет Сергазиев, Қуатбай Дүрбаев, Көпбай Әлімбетов. Осы ұрпаққа Құлжабай Төлеуовты, Тұрарбек Байсариевті және т.б. ақындады қосуға болады [68].
Шығармашылығы соғыстан кейінгі кезеңде басталған ақын-сырнайшыларды үшінші дәуірдің өкілдері деп тұжырымдауға болады. Оларға – Көпбай Омаровты, Тұрғанбай Егізбаевті, Аспандияр Келімбетовті, Оразқожа Бекахметовты және т.б. жатқызуға болады. Соңғы аталған ақындардардың барлығының шығармашылық жолы сипаттау мен зерттеуге толық лайық. Себебі бұл ақындардың әрқайсысының шығармашылығын қазақ халқы мойындаған.
Орындаушылық өнері сырнай аспабымен ұштасатын ақындардың шығармашылығына сипаттама беріп тоқталып кетсек [68].
Көпбай Әлімбетов (1904–1985 жж.) – өз аймағының белгiлi ақыны, жырауы, фольклор үлгiлерiн орындаушы [68]. Туып-өскен жері Алғабас ауданы, Оңтүстiк Қазақстан облысы. Сырнай аспабында ойнауды 1920-30 жж. әйгілі ақын Нұралы Молда Мұсадан үйренген. Осы адамнан 10 шақты халық дастанын үйреніп жаттап алған. 1943 ж. ақын Айнабек Нысановпен «Қызыл киіз үй» атты үгіт бригадасып ұйымдастырған [87].
Көпбайдың айрықша еңбегi – оның өзiне дейiнгi өткен жырау, ақындардан халық мұрасын үйренiп, бiздiң заманымызға жеткiзуiнде. Ол көптеген айтыстарға түскен суырыпсалма ақын. Мыңбай Сұлтанбековпен (1943), Желеу Жақыповпен (1957), Әбдіжаппар Айтақовпен (1964), Құлжабай Төлеуовпен (1965) және басқаларымен айтысқан ақын. 1960 ж. республикалық айтыста атағы елге кең таралып кеткен талдықорғандық әнші-ақын Надежда Лушкиновамен (ұлты орыс болса да қазақ тілі мен қазақ ұлттық өнерін жетік меңгерген) айтысқа түсіп жеңіп шыққан. Бұл жайлы мәліметті аудандық, облыстық және республикалық газет-журналдарда жарияланған. Айтыс өнеріне арналған кітаптар: «Пернелі термелер» – 1965 ж., «Айтыс» – 3 т. 1966 ж., «Ленин жайлы халық жырлайды» және т.б.
Көпбай Әлімбетовтың баспа бетінде жарияланған көлемді туындылары: «Алмас Болат» аңызы, «Арыс-Түркістан каналы», «Алатау – ырыс аймағым» «Ақ бидай» дастандары. Поэзиялық журналдар мен түрлі газеттерге шыққан барлық шығармаларының саны 50-ден асады.
Қазақ Совет энциклопедиясында (6 т. 1975 ж.) Көпбай Әлімбетовтың шығарма- шылығына арналған мақала бар.
Көпбай Әлімбетовтың туыстарының айтуы бойынша алғашқы сырнайын (татар сырнайы 16х12) 30-шы жылдары алған. «Қызыл киіз үй» атты үгіт бригадасын басқарып жүрген кезінде, 1948 ж. шығыс сырнайын (12х3) сатып алған. Әлімбетовтардың отбасылық мұрағаттарында «Әлімбетов Көпбай – Оңтүстік Қазақстанның халық ақыны» деген өте қызық құжат сақтаулы. Бұл «куәлік» Қазақстан Жазушылар одағының уәкілетті органының мөрі мен қолымен 1956 жылдың 6 мамырында куәландырылған.
Өзінің бүкіл өмірі мен шығармашылығын Көпбай Әлімбетов мәдениет майданына арнады. Шығармашылығы арқылы тәрбиелеу жұмысына белсене араласып, адамгершілік кемшіліктеріне көңіл бөліп, өздеріне атқарылған міндеттерін уақытында тапсыра алмай жүрген шаруашылықтар мен басшыларына арнап жиі-жиі сатиралық мақалалар жазып жүрген.
Көпбай Әлімбетов өзінің қажырлы еңбегі үшін бірнеше медальдармен және көптеген алғыс хаттармен марапатталды. Бүгінгі күнге дейін сақталып келген Көпбай Әлімбетовтың орындауындағы Нұралының «Жанайдархан-Сағат» атты дастанның магнитафондық жазбасын тыңдаған кезде, біріншіден – дауыс ырғағының біркелкілігіне, екіншіден – сырнай аспабымен сүйемелдеу шеберлігіне тәнті боласың.
Құтбай Дүрбаевтың (1906–1971 жж.) шығармашылығы ұстазы Нартай Бекежановтың ықпалымен дамыған [87]. Өмірінің көп бөлігін Шымкент облысында өткізген Құтбай Дүрбаев елу жылдан астам уақытын өнерге арнаған. Студенті Оразқожа Бекахметовтың айтуы бойынша ол беделді музыкант, музыкалық, поэзикалық және актерлік қабілеттері ерекше көрнекті адам болған. Ол домбыра мен сырнай аспаптарында керемет ойнай білген, өзінің әндерінің мәтінін де музыкасын жазған. Ол мәдени ағарту мектебінде халықтық өнерден сабақ берді, театрда актер болып еңбек етті. Қазақ радиосының «Алтын қорына» Құтбай Дүрбаевтың ең үздік әндері енген. Құтбайдың орындауында, сырнай мен домбыра аспаптарында өзінің сүйемелдеуімен жазылған грампластинка жарыққа шыққан. «Қазақтың заманауи халық поэзиясы» (Алма-Ата, 1973) атты кітабында оның бірталай поэзиялық туындылары басылған.
Құтбай Дүрбаевтың поэзиялық шығармашылығы Қазақ КСР Ғылым академия- сының ғалым-филологтарының зерттеу нысаны болған. Оның шығармашылығы жайлы үлкен мақаланы Т.Бекхожина жазып «Қазақ КСР ғылым Академиясының жаңалықтары, филология секциясы» ғылыми еңбектер жинағында басып шығарған (Білім баспасы, Алма-Ата, 1975).
Құтбай Дүрбаев орындаушылық шығармашылығында «шығыс» сырнайын 30х30 пайдаланған (А.Миректің атауы). Мұндай сырнайлар татар сырнайын 12х3 жақсарту нәтижесінде пайда болды. Оларды 1950 ж. соңында Қазан қаласының сырнай шығаратын фабрикасында шығара бастады. Олардың бұрынғы модельдерден айырмашылығы сол және оң жақ пернетақталардың баспалары фортепиано принципінен алынған болды. Негізгі дыбысқатарының дыбысы – «төртдауысты», жарты тондар – «үшдауысты». Шығыс сырнайдың құрылымы әдеттегі классикалық құрылымнан жарты тонға төмен. Мұндай сырнайда ойнаған кезде орындаушылық мүмкіндіктері үлкейеді.
Құтбай Дүрбаевтың пластинкаға жазылған шығармалары дыбыс мәнерлігімен, сүйемелдеу партияларының әртүрлі фактурасымен ерекшеленеді.
Құлжабай Төлеуов 1912 ж. Шымкент облысы, Созақ ауданында, кедей бақташы- ның отбасында дүниеге келді [68]. 1927-33 жж. жетім балалар үйінде тәрбиеленді. Кейін, Түркістан қаласындағы педагогикалық училищиге оқуға түседі. Училищені аяқтағаннан кейін біраз уақыт бастауыш мектепте ұстаз қызметін атқарды. Содан кейін аудан мәдениет бөлімінің «Қызыл киіз үй» клубының жетекшісі қызметіне ауысты. 1983 жылға дейін автоклубтың меңгерушісі болды. 1985 ж., осы мақаланы жазып отырған автормен танысу кезінде зейнеткер болды [87].
Құлжабай Төлеуов кішкентай кезінен бастап көптеген халық музыканттарын тыңдап өскен, әсіресе, әйгілі ақын Нартай Бекежановты қатты ұнатқан. Бұл оның музыкаға деген қызығушылығын оятты. Дауысының әдемілігі мен поэзияға деген сүйіспеншілігі тез арада Казань сырнайн үйреніп алып, ептеп ақын-сырнайшы атағына ие болды. Өзінің барлық өмірін мәдениет саласына арнаған Құлжабай Төлеуов ауыл еңбекшілеріне, жеке отар бағушы бақташыларға арналған көптеген концерттерге белсене қатысып жүрді. Талай мәрте оудандық, облыстық және республикалық айтыстарға қатысқан. 1970 ж. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толғанына арналған республикалық айтысқа, 1972 ж. Алматы қаласында өткен Жамбыл Жабаевтің туғанына 125 жыл толу құрметіне ұйымдастырылған айтысқа қатысқан.
1958 ж. Құлжабай Төлеуовке «Халық ақыны» деген атақты растайтын куәлік берілді. Құлжабай Төлеуовтың еңбегі түрлі алғыс және мадақ хаттармен еленген. 1959 ж. ол Еңбек Қызыл Ту орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің дипломымен марапатталды. Құлжабайдың өлеңдері мен әндері аудандық және облыстық газеттерде жиі жарияланып тұрды. Оның шығармашылығында ірі формалы туындылар да бар (поэмалар, дастандар). Құлжабай Төлеуов өзінің әндерін татар сырнайының 12х3 сүйемелдеуімен орындаған. Ол Оңтүстік Қазақстан аймағының ұлттық музыка нақышында емін-еркін ойнаған.
Оразқожа Бекахметов – Шымкент облысының атақты ақын-сырнайшыларының жарқын өкілдерінің бірі [68]. Ол ұлттық музыка шығармашылығын құрметтеп жақсы көрген отбасында дүниеге келген. Кішкентай кезінде домбырада ән айту мен ойнауды ақын-домбырашы Қайныпазар Айтпеновтан үйренген. Жиырма жасына таман шығыс сырнай аспабында ойнауды атақты ақын-сырнайшы Құтбай Дүрбаевтің ықпалымен үйрене бастады. Құтбай Дүрбаевпен бір елді-мекенде өмір сүрген Оразқожа атақты ақынның орындаушылық өнеріне көп жылдар бойы тәнті болып, онымен тікелей байланыста болып өнер шеберлігін үйреніп жүрді [87].
Мамандығы бойынша Оразқожа Бекахметов жүргізуші, механизатор. Көп жылдар бойы Жетісай автотранспорттық мекемесінде жұмыс атқарған. Жұмыстан бос уақытында жаны жақсы көретін өнерімен айналысып жүрді. Оразқожа Бекахметовтың шығармашылық жолы ұстазының өмірімен салыстырғанда әлдеқайда кысқа болды. Бірақ, шығармашылық белсенділігінің арқасында ол оңтүстік Қазақстанда атағы жайылып даңққа ие болды. Бірнеше рет Алматы қаласында ұйымдастырылған өзінің музыкалық және ақындық өнерін көрсетті.
Оразқожа Бекахметов 1972 ж. Жамбыл Жабаевтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекеде өз өлеңдерімен сахнаға шыққан. 1982 ж. Шымкент қаласында өткен облыстық ақындар айтысында Оразқожаның өнері жоғары бағаланды. Нартай Бекежановтың «Қызыл Мәскеу» шығармасын орындағаны үшін арнайы сыйлықпен марапатталды.
1984 ж. халық ақыны мен композиторы атақты Кенен Әзірбаевтің туғанына 100 жыл толуына орай Алматы қаласында ақындар айтысы ұйымдастырылған. Ақындардың бұл сайысында Оразқожа Бекахметов та бой көрсетті.
1985 ж. Ұлы Отан соғысының Жеңісінің 40-жылдығына орай, І Бүкілкеңестік фестиваль шеңберінде Шымкент қаласында облыстық отбасылық музыкалық ансамбльдер сайысы өтті. Көптеген ансамбльдер арасында Оразқожа Бекахметов ұйымдастырған отбасылық ансамбль де қатысты. 12 шығармадан құралған жан-жақты және өте қызықты бағдарлама дайындаған отбасылық ансамбль ІІ орынға ие болды. Сыйлыққа «Восход» маркалы аккардеон мен мельхиорлық қасықтар жиынтығын қанжығаларына байлады.
1986 ж. Ұлы Октябрь социалистік төңкерісінің 70 жылдығына орай ІІ Бүкілкеңестік халық шығармашылығы фестивалі аясында Шымкент қаласында облыстық ақындар айтысы өткізілді. Оразқожа Бекахметов жеңімпаздар тізіміне ілігіп әрі қарай республикалық айтысқа қатысуға жолдама алған. Ұстазы Құтбай Дүрбаевтің дәстүрін жалғастыра келіп, Оразқожа Бекахметов өзінің өнерін 1969 ж. сатып алған шығыс сырнайымен (30х30) сүйемелдеген.
Ақын-гармоншылардың дәстүрі осы жанрдың қазіргі өкілдерінің шығармашылығынан өз жалғасын табуда. Олардың қатарында Манап Көкеновті, оның ұлы Әбдікарім Манаповты, Тұрсынқұл Баяхановты, Балхашбай Жүсіповты, Көпбай Омаровты, Қонысбай Әбіловті, Құрманбек Бекпейісовті, Ақмырза Тұяқбаевты, Мұхаметжан Рүстемовті, Арзолла Молжигитовті, Айзахан Жанпейісовті, Күндебай Алдоңғаровты, Құттыбай Дүрбаевті, Гукен Жарылқасыновты, Клара Төлембаеваны атауға болады [61]. Өзінің шығармашылық жолын ҚР-ның еңбегі сіңген әртісі Мадина Ералиева да гармонмен қостап ән айтудан бастаған. Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеев те гармонның сүйемелдеуімен ән шырқаған.
Балхашбай Жүсіпов (1905–1994 жж.) – Нартай Бекежановтың тікелей шәкірті, өнерін жалғастырушы [38]. Ол Нартай ансамблінде 20 жыл бойы, ансамбль құрылған күннен бастап Нартай өмірден өткенге дейін, яғни 1954 жылға дейін еңбек еткен. Нартайдың орындаушылық мектебіне ол тамақпен ән айтуды қосқан. Балхашбай лирикалық әндерді гармонмен тамаша орындаушы, жыршы-жырау еді.
Ақын-гармоншы Жайнақ ХХ ғасырдың басында туып, Оңтүстік Қазақстан облысында өскен. Жамбылмен және басқа да танымал ақындармен айтысқа түскен. Патша ақшасының тиындарынан жасалған қоңыраулармен безендірілген кішкентай рояльді гармонда ойнаған.
1913 ж. Романовтар әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына орай Верный қаласында ұйымдастырылған көрмеге қазақ руының көптеген тұлғалы өкілдері жиналады. Осы шараға орай тәж киген әулетті мақтап жырлау үшін, ақындар айтысы өткізілетін болып, Қазақстанның әр түкпірінен дүлдүл ақындар шақыртылады. Сол шақыртылған ақындардың ішінен өз өлеңінде басшылық алдында жағымпазданған старшындардың тірлігін ажуалаған өлеңдерімен Жамбыл Жабаев ерекшеленген. Мұрағатта сақталған сол заманның фотосуреттерінен біз ақын-гармоншыны көріп отырмыз. Өкінішке орай, оның беті қарсы түскен көлеңке әсерінен танымастай бұлдырап шыққан. Болған оқиға мәнінің зор екенін ескерсек, суреттегі ақын-гармоншының өз өңірінде әйгілі болғаны және мұқият іріктеуден өтіп келгені анық.
1903 ж. туған Майра Шамсутдинованың туысы Қайырбек Тайкенов те Майра туралы бала күнінде-ақ естіген [2]. Қоңырау байланған үлкен гармонмен Майра ән айтқан кезде халықтың көп жиналатыны оның есінде жақсы сақталып қалған. Қайырбек өзінің гармоникада ойнау өнерімен Павлодар мәдениетінің дамуында қолтаңбасын қалдырған. Өз бетімен үйренген музыкант Павлодар филармониясында ұзақ жылдар қызмет еткен, әртістермен бірге түрлі концерттерге шығып, өз әндерін және өзгелерді де сүйемелдеген. Қ.Тайкенов – Ұлы Отан соғысының ардагері, марапаттары бар [102].
Ата-анасы гармоникада ойнаған Рамазанов Хусаинға да сол өнер дарыған. Хусаин Сабыржанұлы [102] – әуесқой – гармоншы, көркемөнерпаздар концерттерінің тұрақты қатысушысы. «Ертісте» вальсі музыканттардың назарына іліккен, 90 шамалы өлеңдердің авторы. Ол «столбовская» гармонында тамаша ойнайды. Аталған гармоньның оң жақ клавиатурасында 21 клавиш, сол жағында 12 клавиш бар. Сол жақ клавиатурасының ерекшелігі бір клавишті басу арқылы көрікті жинағанда бір дыбыс, ашқанда басқа дыбыс шығаратындығында. Гармоника корпусына төмендегідей жазу жазылған металл пластинка жапсырылған:
«Гармония» акционерлік қоғамы
Рамазановтар тапсырысы 1926 ж.
Осы уақыт аралығында гармоника бір рет те жөндеуден өткізілмеген. Бес клапанды гармонь – бір клапаны бір дыбысқа және октаваға негізделген бес тілшікті ашады. Құрылысы өте қолайлы әрі төзімді болып жасалған.
Сыбанов Болат – халық әнші-гармоншысы, әртіс, өз бетімен танылған композитор, ҚР еңбегі сіңген артисі [52].
Өз әндерін домбыра және баянмен сүйемелдей отырып, мектеп жасынан бастап ән айтқан. Сегізінші сыныптан бастап Семей облыстық драма театрында әртіс болып жұмыс жасап, отбасының материалдық жағдайын жақсартуға ықпал еткен. Театрда жүрген кездерінде репертуарлы қойылымдардағы басты тұлғалардың образдарын сомдаған. Сол кездерде өзінің әншілік дарынын да дамыта түскен. Оның «Жан ана», «Жауынгер сағынышы», «Таң самалы» әндері кеңінен тараған. Оның композитор ретінде қалыптасуына Т.Базарбаевтың сіңірген еңбегі зор. Кейіннен А.Құнанбаевтың, М.Мақатаев, Қ.Аманжоловтың сөздеріне ән жазған.
Дауыс тембрінің қайталанбас «тазалығы», гармонь үнінің сүйемелдеуімен шарықтауы, оған тыңдаушысының жүрегінен орын табуға мүмкіндік береді. Ол толғау, махаббат лирикаларын, әзіл әндер мен термелерді өте тамаша орындайды.
Б.Сыбановтың орындаушылық дарыны оның Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін эфирде орындауынан кейін көпшілік қошеметіне ілінді. Халық әншісі Ғ.Құрманғалиевтің батасын алып, қазақ ән өнерінің дәстүрін жалғастырушы ретінде үлкен эстрадаға жол тартты.
Әнші-гармоншы бола жүріп, Республикамыздың көптеген қалалары мен ауылдарына гастрольге шықты.
Ешекеев Мәдениет Сейітжанұлы. 16 наурыз 1936 ж. Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы Бородулиха ауылында туған – 2 тамыз 1997 ж. Семей қаласында қайтыс болды [73 74].
Әнші, Қазақстанның халық артисі (1987; 1981 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген артисі). 1957-64 жж. – Семей концерттік-эстрадалық бюросында өнер көрсетті. Әндерін домбыра, гармон, баянмен сүйемелдейтін.
1965-75 жж. – «Қазақконцертте» өнер көрсетті.
1975 жылдан өмірінің соңына дейін Семей облысы филармониясының әншісі болды. Ешекеев – дәстүрлі халық әндерін өз ерекшелігімен, аса шебер орындаушы, Ж.Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі. Оның репертуарынан қазақ халық әндерімен бірге Біржан салдың, Ақан серінің, Абайдың, Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың, т.б. халық композиторларының әндері кең орын алды. Әсіресе, Ешекеевтің өзіне ғана тән әншілік мәнерін айқын танытатын, оның ерекше нақыс-бояумен орындайтын әндері қатарына Кенен Әзірбаевтың «Бозторғайы», Әсеттің «Інжу-Маржаны», Балуан Шолақтың «Ғалиясы», халық әндері «Сұржекей» мен «Аққұм» және М.Ержановтың «Паровоз», Р.Елебаевтың «Жас қазақ» әндері жатады. Оның орындауындағы бірқатар әндер Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынды.
Мырзатай Жолдасбеков те өзінің гармон-хромкада ойнаған жастық шағын үлкен сағынышпен еске алады. Ол жастар кешіннің теңдесі жоқ жалғыз гармоншысы болған екен. Әндерден бөлек вальс, фокстрот, түрлі би әуендерін де жақсы орындаған.
Бекпейісов Құрманбек Сейдахметұлы 16 мамыр 1965 ж. Қызылорда облысы Шиелі ауданының Тартоғай ауылында дүниеге келген. Бала күнінен көптеген дастан, термелерді жатқа айтатын дарынына қарай ауылдастары оны «бала-жырау» атап кеткен.
Нұртай, Мәжікен, Құтпай, Балхашбай, Палжігіт, Арзолла, Әбіләш шығармаларын сырнайдың сүйемелдеуінде орындай жүріп, «шайыр» дәстүрінің дамуына зор үлес қосқан.
Нартайдың орындаушылық мектебі айрықша Арқа әндері мен Сырдария термелерінен құралғаны жалпыға белгілі. Дәстүрлі сырдария мақамымен орындалатын әндердің Нартайдың әншілік стиліне ауысып, қалың елге кеңінен тарауы көптеген шәкірттерінің арқасында болып отыр. Нартайдың әр шәкірті өз ұстазының әншілік дәстүрін дамыта отырып, оларды өздеріне тән ерекше сипаттармен толықтырып келеді.
Құрманбек Сейдахметұлы Нартай мектебінің жарқын өкілі болып саналады. Нартайдың тікелей шәкірті, өнерін жалғастырушы ақын-гармоншы Арзолла Молжігітов оны «бала Нартай» деп атаған және сол атау оның өмір бойғы серігіне айналған. Ауыр сырқатқа шалдыққанына қарамастан, Арзолла баянды өмір кешеді. Жергілікті орындаушылық дәстүрдің аймақтық шекараларын түріп қойып, Құрманбек өз репертуарында Жетісудің Арқа мен Батыс Қазақстанның әндерін де айтып жүреді.
Шиелі ауданының Мәдениет сарайында еңбек етті. Халық ішінде танылған көптеген дастан, терме, жырлар мен әндердің авторы. Түрлі деңгейдегі концерттерде ән айтқан. Елбасы Н.Ә.Назарбаевты ұлықтау рәсімінде сырнайдың сүйемелдеуімен ән шырқаған.
Бірегей дарынды баяншылардың қатарына Ыдырысов Ержанды жатқызуға болады. Оның аударылып ұсталған баяндағы ойынын алғаш көрген Ондасын Абдуллаев болған. Дарынды солақай-баяншы баянның оң жақ клавиатурасында сол қолмен шығармаларды өте шебер орындайды. Оның репертуарына танымал классикалық шығармалар, халық әндері кірген. Дарынды әнші-баяншыны облыс пен ауданда өтетін мерекелік шаралардың бәріне шақырылған. Студенттік күнінен бастап Е.Ыдырысов халықтық вокал-аспаптық трио мүшесі. Іс жүзінде біз солақай домбырашы, гитаристтерді білеміз. Бірақ солақай баяншы бұрын соңды болған емес. Әрине, Е.Ыдырысовтың ерекшелігі тек мұнда ғана емес, сонымен қоса оның бойына біткен әртістік өнері, ашық, кең дауысы, баянда ойнау шеберлігі, композиторлық дарыны бар.
Ыдырысов Ержан Өмірқұлұлы 4 наурыз 1966 ж. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында дүниеге келген. Халық әншісі, шебер орындаушы, композитор. Гармонды үш жасынан бастап кері қарай айналдырып ойнаған (солақай). Бастапқы музыкалық білімді домбырада және аккордеонда ойнайтын, «Мойынқұм» халық ансамблінің мүшесі болған әкесінен алған. Бес жасынан бастап радио-теледидардан естіген әуендерін баянда еркін ойнайтын болған. Бесінші сыныпта-ақ орта мектеп аккомпаниаторы болса, мектепті аяқтаған соң баянда өзін сүйемелдей отырып, әндерді еркін айтқан.
Жалпы өмірде оңқай болғанына қарамастан, жазуда, гитара, домбырада оң қолымен ойнағанымен, баян мен аккордеонды солақай ойнайды. 1983 ж. Жамбыл гидромелиорация және құрылыс институтына түскен. Оқып жүрген кезінде түрлі жастар арасындағы конкурстарға, мерекелік шараларға белсене қатысқан.
1987 ж. домбыра, баян, дауылпаздың сүйемелдеуімен үш дауыста ән айтатын вокалдық трио құрған. Облыстық, республикалық концерттерге қатысу барысында белгілі әнші-композитор А.Қоразбаевпен тығыз байланыста жұмыс жасаған.
Институтты аяқтаған соң, 1988 ж. – Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жұмыс жасап, қосымша ұлттық ән мәдениеті мектебінде сабақ береді. 2000 ж. «Алатау» триосын құрады. Республика шеңберінде гастрольдермен көптеген концерттер беріп, «Тамаша» ойын-сауық шоу-бағдарламасында өнер көрсетеді.
Е.Ыдырысов II Дүниежүзілік халық шығармашылығы фестивалінің лауреаты атанады. Облыстық радио қорында вокалдық трионың орындауында А.Қоразбаев әндерінің аудиожазбалары сақталған.
Оралхан Көшеров. Жұрт арасында «Шығыстың Шәмшісі» деген атқа ие болған музыкант, тума дарын. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, аспап атаулының барлығында шебер ойнап, лирикалық әндерімен өнерсүйер қауымның еркесіне айналғаны шындық. Оралхан өзінің аз ғұмырында соңына ауқымды мұра – 52 ән қалдырып кетті. – Екінші класта оқып жүргенде әкем қаладан кішкентай гармошка сатып әкеліп берген болатын, – деуші еді Орекең кейбір сыр шерткісі келген шақтарда, – сол шағын сырнай менің музыка әлеміне құмартып, оған бойлай енуіме себепкер болды. Шынында да Оралхан Әбділдабекұлы баян аспабында өте шебер ойнайтын еді. Ол пианино, гитара, домбыраны да тамаша меңгерген жан, дегенмен, оның баянды құйқылжыта тартып, құлаққа жағымды қоңыр даусымен өзінің әсем де әрлі әуендерін нақышына келтіре орындағанда сүйінбеген жан қалмайтын. Оралхан әндері – мәңгілік, олар – қазақ өнеріне қосылған бағалы жәдігер, құнды мұра (Хасен Зәкарияның естелігінен ықшамдалып алынды).
Қазақ халқының музыкалық-поэтикалық шығармашылығы қоғамның тарихи дамуының ғасырлар бойғы үдерісінде қалыптасқан. Көптеген әдеби-музыкалық шығармалар – эпостар, аңыздар, әртүрлі аңыз-әңгімелер мен әндер біздің күнімізге өзінің көркемдік-эстетикалық тартымдылығы мен когнитивті құндылығын ешбір жоғалтпастан жеткен. «Күйшілер мен ақындар тарихи оқиғаларға жиі көз салып, біртіндеп өз заманының жазушыларына айналған», – деп жазған белгілі зерттеуші-өнертанушы Б.Ш. Сарыбаев [86, 30 б.].
Өз халқының музыкаға, әнге етене жақын екендігін сипаттай отырып ақын-демократ Сұлтанмахмұт Торайғыров былай деп жазған: «Қазақтар – әуенді халық, олар ән дегенде ішкен асын жерге қоюға дайын.., кімде-кім біреу қолына домбырасын алып, әнін тамылжыта кетсе болғаны, еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін, бай-кедейіне қарамастан көмейден сусындаған әнді тыңдауға сол мезетте жинала қалады».
Төңкеріске дейінгі кезеңде қазақ халқының ауызекі музыкалық-поэзиялық шығармашылығын зерттеу Қазақстанда жұмыс бабымен жүрген әскери офицерлердің, саяхатшылар мен ғалымдардың этнографиялық жазбалары ретінде ғана болған. Өткен ғасырдың 1930-40-шы жылдарынан бастап қана қазақтың музыкалық фольклоры жүйелі түрде, толыққанды жоспарлана зерттеле бастады. Қазақ музыкасының мәдениеті саласындағы негізгі ғылыми-зерттеу еңбектерге белгілі музыкант-теоретиктер – А.В.Затаевичтің, В.Г.Ерзаковичтің, А.Қ.Жұбановтың, Л.А.Хамидидің, И.И.Дубовскийдің, Е.Г.Брусиловскийдің еңбектерін жатқызуға болады. Аталған тұлғалардың ізбасарлары П.А.Аравин, Л.И.Гончарова, В.П. Дернова, Б.Ш.Сарыбаев, Б.Г.Ғизатов және т.б. Қазақстанның музыкалық ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан жандар.
Жаһанданудың қарқынды дамып келе жатқан контекстінде этностың ерекше мәдениетін зерттеу және сақтау өзекті мәселеге айнала бастады. Музыка өнерінің жетекші тұлғаларының көмегімен ұмытыла бастаған халық аспаптары қайта жаңғыра бастады. Аталған бағытта ғалым-этнограф, профессор Б.Ш.Сарыбаев ауқымды, бағаланбас еңбек атқарды. Оның зерттеулерінің тәжірибелік нәтижесі деп республика территориясы бойынша жер-жерде құрылған фольклорлық ансамбльдер мен оркестр аспаптарының құрамының кеңейюі деп айта аламыз. Нақты мысал ретінде халық музыкасын сүйіп тыңдайтын жанкүйерлері арасында қазіргі таңның өзінде үлкен жетістікке қол жеткізген, 1979 ж. құрылған кәсіби фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» ұжымын келтіруге болады.
1. Қазақстанның халық музыкасы мәдениетінде сырнайдың алатын орыны
Халық музыкасы мен поэзиясындағы ең қызықты құбылыстардың бірі халық ақындарының өнері, олардың орындауындағы музыкалық аспап – сырнай («қағаз-сырнай»). Поэзиялық мәтінді (әуенді немесе өлең жолдарын) сырнай аспабының сүйемелдеуімен орындау кезінде кең таралған болса, бүгінгі күннің ақындары мен әншілері арасында бұл тәжірибе өте сирек кездесетін болды. Дегенмен, сырнай аспабын қолданатын әнші-ақындар өздерінің туындыларын орындауда көркемдік-бейнелік шырайды тыңдарманның құлағына жеткізуде дәстүрлі домбыра орындаушыларынан ешбір кем түспейді.
Осы мақаланы қарастырудың басты мақсаты әнші-ақындардың сырнай аспабымен сүйемелдеу ерекшеліктерін зерттеу болып табылады. Себебі, ХІХ ғ. ортасынан бастап қазақ халқының арасында сырнай әнді сүйемелдеуге арналаған аспап ретінде жиі қолданылып жүрді. Сонымен қатар, белгілі ақын-сырнайшылар жайлы, әсіресе, оңтүстік Қазақстан облысының ақындары жайында мәліметтер келтірілген. Мақаланы жазу барысында осы салада жиналған әдебиет көздерін және жер-жерді аралап жүріп жинаған фольклорлық материалдарды қолдандық.
Қазақ халқының арасында сырнай аспабын қолдану орыс пен қазақ халықтарының арасындағы экономикалық және мәдени байланыстың арқасында іске асты. Бұл елдер арасындағы достастық Қазақ хандығының Ресей империясының құрамына ресми түрде енген уақытынан бұрын басталған. Одақ құрған екі ел арасындағы байланыс ХІХ ғ. одан әрі жанданып дами түсті. Орыс елі мекендеген жерлерде шырқалған халық әндері, қалалық романстары қазақ музыканттарының көңілін аударды. «Олар қазақ халқының нақышына мазмұны мен үндестігі жағынан жақын шығармаларды ерекше шеберлікпен кірістіре бастады» [49]. Сол үндестік пен ладтық ұқсастықтың арқасында қазақ тыңдаушылары орыс музыкасын жеңіл және тез қабылдады. Жаяу Мұса Байжанов, Майра Шамсұтдинова сынды көптеген қазақ әншілерінің репертуарында орыс халқының әндерінің болуы қалыпты жағдайға айналды. Қазақстан тұрғындарын орыс халқының әндері ғана емес, сонымен қатар, әнді орындау кезінде сүйемелдеген ерекше музыкалық аспаптар да қызықтырған [35].
Ресей елінен енген музыкалық аспаптар балалайка, гитара, скрипкалардың арасында сырнай да болды. Салыстырмалы түрде енгеніне жиырма-отыз жылдан аспаған уақыт ішінде бұл аспап қазақ халқының арасында кең таралып, ерекше әйгілі бола бастады. Сонымен, Қазақстан жерінде сырнайдың пайда болу уақытын ХІХ ғ. ортасына жатқызамыз. Сырнай аспабының жергілікті тұрғындардың арасында кең етек жайып дамуына себеп болған екі ел арасындағы сауда-саттық қатынастар болды. Әртүрлі жәрмеңкелер мен базарлардың сөрелерінен ұнаған аспабыңды емін-еркін сатып алуға болатын. Бұл туралы мәліметтерді зерттеушілердің еңбектерінен, жазбаларынан табуға болады. Мысалға, М.И. Иваниннің 1864 ж. жазылған мақаласында «қазақтар жап-жаңа сырнай аспабын көптеп сатып алуда және сол аспапта ойнауды өте қатты жақсы көреді» деген » [45, 27 б.].
Б.Г.Ерзаковичтің «Қазақстанның халық музыкасы» атты қазақ музыка фольклорының ревалюцияға дейінгі кезеңіне арналған ғылыми жұмысында, сол уақытта танымал болған музыкалық аспаптардың арасында (домбыра, қобыз, сыбызғы, дауылпаз) сырнай жайында да жазбалар бар «ХІХ ғ. екінші жартысында екі қатарлы гармоника кең етек жая бастады, қазақша атауы «сырнай» немесе «қағаз-сырнай» [35, 6 б.].
ХІХ ғ. аяғында Қазақстан жерінде сырнайдың шығыстық түрі пайда болды. Аккордеон және баян тарихын зерттеуші А.И.Мирек белгілегендей аспаптың осы түрін «...өткен ғасырдың соңғы ширегінде Еділ мен Кавказ халықтары» жасай бастады [71]. Сондай аспаптардың ішінде Қазақстан жерінде ең танымал әрі кең тараған, құрылысы жағынан бір типтік «татар сырнайы» деген атау алған аспап болды. Бұл аспаптың оң жақ пернетақтасы 12, ал сол жағы 3 пернеден құралған. 1930-40 жж. Қазан қаласында татар сырнайын көптен шығара бастады. Бұл аспаптың диатоникалық дыбысқатары құрылысы жағынан қазақ әндерінің ладтарына сәйкес келеді. Оның үстіне, оң жақ пернетақтаның бір қатарлы 12 пернесі және сол жағындағы «ауа» клапанына қосылған батырмамен жалғасқан бар-жоғы үш-ақ түйме аспапта ойнауды үйренуді барынша жеңілдетеді. Қазақ халқының арасында орыс емес татар сырнайының кең етек жайып таралуының бірден-бір себебі осы болар. Осылайша, Қазақстанда сырнай аспабының пайда болып, ел арасына кең таралғанына жүз елу жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт аралығында Қазақстан жерінде әлеуметтік-саяси, экономикалық, ғылым мен мәдениет салаларында болған түбегейлі өзгерістерге қарамастан, сырнай аспабы қазақ халқының музыкалық өмірімен ешбір үзіліссіз байланысын жалғастырып келеді. Мәселен, А.Жарасова Қазақстанның заманауи фольклоры жайлы еңбегінде, біріншісінде, «фольклорлық қабат ... дамуға байланысты Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі жергілікті стильдік ерекшеліктерді байытатын бұқаралық байланыс және ақпарат, өзара байланысқа әкелетін үрдістер бар екенін көрсеткен» [36, 102 б.]. Ауызша музыкалық дәстүрдің кәсіпқойлығы туралы аталған мақалада ол бұрынғы қалпында қалғанын айтады «(атап айтқанда, Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерінде).
ХІХ ғасырда музыкалық-поэзиялық шығармашылықтың негізгі бағыттары анықталды. Өзі ойнайтын әуенді өзі жазатын музыкант-аспапшыны – күйші; түрлі эпостар мен аңыздарды айтатын адамдарды – жырау немесе жыршы; әнді орындаушыларды – әнші немесе өлеңші; ертегі айтатындарды – ертекші деп атайтын болды. Аталғандардың ішінен ерекше бөлініп шығатындары – суырып-салма ақындар. Олардың өлеңдері өздерінің сүйемелдеуімен, қарапайым халықтың арасында ең өзекті, жандарына жақын тақырыптарды қозғау барысында ақыл-ойының өткір болғаны үшін, ойлау қабілетінің ұтқыр болғаны үшін ең үлкен құрметке ие болды.
Р.О.Бердібаев өзінің зерттеулерінде: «айтыс – суырып-салма ақындары үшін ең үлкен, ең абыройлы және ең қатал импровизация мектебі, бұл сайыстар әнші-ақындардың біліктілігі мен білімінің, дағдылары мен тіл өткірлігін танытатын жер» екендігін көрсетеді. Көшпелі өмір жағдайында осындай жарыстар Қазақстанның барлық жерлерінде дерлік ұйымдастырылды және «ақындарды аттестацияалаудың» жалғыз нысаны болып саналды [17, 287 б.].
Тарихта көптеген әйгілі ақындардың атаулары сақталып қалды. Көптеген ондаған жылдар бұрын жазылып, бізге жеткен өлеңдері мен әндері бүгінгі күні шын мәнінде көркем туындылар ретінде қабылданады.
ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. бірінші жартысында әйгілі ақындардың арасында көптеген ақын-сырнайшылар да болды. Олардың арасынан ең танымалдары – Жаяу Мұса Байжанов, Майра Шамсұтдинова, Нартай Бекежанов болды.
2. Ақындардың сырнайды сүйемелдеуші аспап ретінде қолдану ерекшеліктері жайлы сипаттама
Қазақтың халық әншілерінің әнді сырнай аспабымен сүйемелдеу орындаушылық шеберлігінің негізінде дәстүрлі домбыра мен қобызда ән шырқау, ойнау машықтары жатыр. Қазақ халқының қанында ғасырлар бойы қалыптасып қалған музыкалық аспаптардан өзінің дыбыс шығару табиғаты мен ойнау техникасымен ерекшеленетін сырнай аспабын қолдану, біріншіден, әндерді сүйемелдеу барысында ұлттық музыкалық ой-сана мен рухқа сәйкес келетін; екіншіден, әнді сүйемелдеу барысында сырнай аспабының техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін сүйемелдеу партияларын іздестіруге тура келді.
Шығыс сырнайының ойнау техникасының сапасы жалпы қарағанда музыкалық материалды дамытудың монодтық принципі негізінен туындаған Орта Азия мен Қазақстан халықтарының музыкасының ерекшеліктеріне сәйкес келеді.
Сырнай аспабының оң жақ пернетақтасының дыбыс реттілік ладтық құрылымы шығыс музыкасының мелодиялық құрылымына сәйкес келуі жайдан-жай емес, сондай-ақ оның жеке дыбыстарының дауысын күшейте алады (әдетте, осындай аспаптар «төрт дыбыстық», арасында «бесдыбыстық» болып кездесе береді).
Әйгілі 12х3 сырнайының сол жақ пернетақтасы «кеңейу» мен «сығу» кезінде кварто-квинталық дыбысталуы бір «бас» және екі «аккордтық» тетіктерден құралады. Бұл жағдай белгілі бір дәрежеде, ойынның бас-аккордтық сүйемелдеуінің оң жақ пернетақтаға бағынуының маңыздылығын көрсетеді. Сол қолдың пернетақта дыбыстарының өте сирек пайдаланылуы – бұл қазақ сырнайшы әншілерінің өнерлеріне тән құбылыс.
Олардың кейбіреулері ойнау барысында сол жақ пернетақтасымен мүлде қолданылмайды. Аталған жолдардың авторы суырып-салма ақындардың өнерін көрермен тарапынан өз көзімен көріп бірталай куә болған. Сонымен қатар, ақындармен олардың шығармашылығы туралы жеке сұхбаттар жүргізілді, орындаған шығармаларының кейінгі сараптамалық жұмыс жасау мақсатымен таспалы жазбалары жүзеге асырылды.
Орындаушылық өнер үлгілерін өзара салыстыру, сүйемелдеу партияларының музыкалық құрылымын зерттеу барысында барлық ақындарға тән жиі кездесетін орындау ерекшеліктері оқшауланды. Қазақ халық музыкалық-поэзиялық шығармаларын (немесе импровизация), жанрға (терме, дастан және т.б.) қарамастан, аспаптық кіріспеден, шығарма бөлімдерін (шумақтарын) әндетуден, аралық аспаптық эпизодтардан (проигрыш), әдетте дауыс пен аспаптың бірлікте орындалатын соңғы каденциядан тұрады. Әндетудің кіріспесі екі міндетті атқарады. Біріншіден, ақын-орындаушыны белгілі бір тональдық пен ладқа кірістіреді. Екіншіден, тыңдаушыны орындалатын туындының табиғатымен таныстырады.
Ақындар шырқайтын шығармалардың кіріспесі әдетте логикалық үшдыбыстықпен немесе негізгі тондағы «квинта» интервалымен аяқталатын 2-3, өте сирек жағдайда 4 және одан да көп мелодиялық құрылыстан құралады. Кіріспенің музыкалық құрылымы, әдетте, сырнайда ойнаудың техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін екі ең типтік элементтерден тұрады. Алғашқы элемент – бұл негізгі тональдық дыбыстың дыбыстарына негізделген әртүрлі фигуралар, кейбір кезде тональдық дыбыстан ауытқып ойналады. Мысалға, мажорлық ладтан минорлық ладтың ІІ сатысына ауытқу сияқты құбылыстар кездеседі. Фигуралық құрылыстар орындаушының қолының қалыбынан тыс шықпайды, олар бір дыбыспен, бір интервалмен немесе аккордпен аяқталады.
Ақын-сырнайшылардың кіріспе бөлімін ойнауда қолданылатын екінші элементері – аккордтар немесе интервалдар. Әдетте, белгілі бір тональдікке дайындап ұзақ шырқалатын аккордтар мен интервалдар бұрынғы конструкцияларды аяқтау ретінде ғана емес, сондай-ақ жеке, әсіресе, кіріспенің ең басында жеке дыбыстау болып ойналады. Кейбір кезде кіріспе бөлімінің аккордтарының арпеджиоланған орындауын естуге болады.
Ән айту барысында сүйемелдеу партиясы көмекші мағынаға ие. Сырнай аспабында ойнау барысында әуен дыбыстың дауысын қатайта келіп қайталанады. Егер, орындалатын мәтіндік материал дауыспен әндету арқылы айтылатын болса, әдетте, мұндай құбылыс суырып-салмалық «термеде» немесе көлемі жағынан ауқымды «дастандарда» кездеседі, бұл жағдайда әуеннің метроритмикалық құрылымының негізгі дыбыстары ойналады.
Шығарма бөлімдерінің (шумақтарының) арасындағы логикалық аяқталған (немесе салыстырмалы түрде аяқталған) интервалдар әртүрлі элементтерінің ойынымен толтырылады, олар кідірістің (паузаның) ұзақтығына және шығармаға беретін мінезінің көркем ойын дамыту маңыздылығына байланысты. Ән айту барысында кішкентай үзілістерінде бір семантикалық сілтемені екіншісінен ажырату мақсатында қысқа белгілі аккордтар орындалады.
Сырнайдың «ажырау» және «қосылу» қозғалысы кезінде бірдей аккордтардың ауысуы жиі қолданылады. Ұзақ уақыт үзілістерде, фигурациялау түріндегі мелодиялық құрылымдар орындалады. Сондай-ақ, неғұрлым елеулі үзіліс кезінде тональдықты бекітетін аккорддық фактураға ауысатын орындаушылық өнер сипатталады. Ірі бөлімдердің аралығында аталған «проигрыш» орындалады, ол құрылысы жағынан әнді орындау аралығындағы кішігірім үзілістерге ұқсас болып келеді. Бірақ олардан айырмашылығы, әуезділік сызықтар неғұрлым ұзағырақ, семантикалық мәні неғұрлым маңызды, аккордтық шешімдерімнің аяқталуы анағұрлым мағыналы болып келеді.
Ақын-импровизатордың жетістігі шығарманың соңғы каденциясын айтарлықтай дәрежеде қалай аяқтағанына байланысты. Каденцияда орындалатын мелодияның вокализы, әдетте сырнай ойынымен дәлме-дәл сүйемелденеді. Оның музыкалық матасы қысқа-қысқа аккорддтарға бөлініп, жеке-жеке жіктелінеді. Каденция аяқталған кезде шығарма толығымен негізгі тонның ұзақ дыбысталуымен, кейіннен аккордтық шешімнің бекітілуімен аяқталады.
Ақындар сырнай аспабын отырып ойнайды. Аспаптың салмағы сол жақ аяқтың жамбасына түседі. Сырнайдың оң жақ иық белдігі қолды шынтақтан жоғары ұстап тұрады, оң жақ алақанның бас бармағы аспапты тіреп тұрады. Оң жақ қолдың саусақтары сырнайдың сол жағындағы қысқа белдігінің астында орналасқан. Кейбір ақындардың сол жақ қолдың бас бармағы аспаптың сыртында, белдіктің үстінде орналасады. Бұндай әрекет сырнайдың артқы жағында орналасқан «ауа» клапанымен жалғасқан тетікті басу ыңғайлы болу үшін жасалатын шығар (12х3 татар сырнайында ойнаған кезде).
Ақындар өздерінің әндерін сырнайдың оқ жақ пернетақта дыбысқатарының төменгі регистрінде ойнау арқылы сүйемелдейді. Оң жақ қолдың ойнау техникасы позициялы. Орындаушының саусақтары пернетақтаның жететін жерлерін ғана басады. Егер саусақтардың шегінен ары шығатын дыбыстарды ойнау керек болған жағдайда саусақ позициясы өзгереді. Әр ақынның сырнай аспабында ойнау әдіс-тәсілдерінің де жеке ерекшеліктері болуы мүмкін. Мысалға, Құлжабай Төлеуов аспапты ашқан кезде барлық үзінділер мен кескіндемелерді ойнаған, ал аспапты жиырған кезде – аккордтарды басқан және аккордтармен бірге «ауа» клапандарының тетігін басқан [87].
Бірнеше онжылдықтардың аралығында жиналған тәжірибені өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үйрету тұрғысынан бүгінгі таңда қиыншылықтар туындап тұр, себебі, өз шығармашылығында музыкалық сүйемелдеу ретінде сырнайды пайдаланатын ақындар қазіргі таңда жоқтың қасы.
Дәстүрлі музыкалық аспап – домбырамен ән айту арнайы үйретіледі, арнайы кәсіби артисттерді дайындайды. Домбыра, қобыз және басқа қазақ музыкалық аспаптары музыка мектептерде, колледждерде және консерваторияларда арнайы оқытылады. Музыканың барлық білім беру белестерінде халық аспабы баянда ойнау сабақтары да беріліп жүр. Кезінде сырнай аспабының орнына келген баян академиялық орындау кезінде дыбыс шығару мүмкіншілігінің байлығымен алға суырылып шықты.
Қазақтың халық музыкалық аспаптары отбасының бірден толық мүшесіне айналған шығыс сырнайы Қазақстанның халық әні мен поэзикалық өнерінің даму жолдарынан алшақ қалып қойды. Сырнайдың осындай мүшкіл күйге түсуінің бірден-бір себебі, ол кәсіпкой-музыканттардың қате түсінігі болып келеді (олардың арасында ұлттық музыка шығармашылығын дамыту мен сақтау маңыздылығына тікелей қатысы бар ірі музыка қайраткерлері де бар), олардың пікірінше, сырнай аспабының заманы аяқталды, енді оның орнын барлық жағынан жақсы дамыған баян аспабы толық алмастыра алады деген бұрыс түсінік. Осылайша, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің құрамына қазақ халқының арасында кең етек жайып таралған сырнайдың орнына барлық жағынан жақсы дамыған сынды баян аспабы енгізілді.
Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің құрамында тембрлік сырнайлардың үнділік гармоника құралдары тұрғысынан симфониялық оркестр үшін өте қызықты болды, бірақ ол ұлттық нақыштан, табиғи шығыс сырнайы дыбыстарынан әлдеқайда алыстай түсті. Кейіннен, тембрлік сырнайлар заманауи дизайнды көптембрлі баянмен қайта алмастырылды.
Біздің ойымызша, қазақ ұлттық аспаптар оркестрі құрамына шығыс сырнай тобының немесе хроматикалық дыбысқатарынан құралған таңдамалы шығыс сырнай аспаптарының енуі өте орынды болушы еді, мүмкін оларды ұлттық нақышты композицияның бояуын есепке кіргізу мақсатында пайдалануға болар еді.
Ән орындау барысында өздерін сырнай аспабымен сүйемелдейтін халық әншілерін дайындау мәселесі де өзінің шешімін табуы керек. Себебі, домбырамен ән орындайтын әншілерден сырнай көмегімен орындайтын әншілер орындаушылық шеберлігі жағынан болсын, аспап быстарының әсерлігі жағынан болсын ешбір кем түспейді. Сол себепті республикамыздың колледждері мен жоғары оқу орындарында сырнай аспабында ойнауды үйренем деушілерге факультативтік тұрғысынан оқуды ұйымдастырып бере алатын мүмкіншілігіміз бар.
Жоғарыда келтірілген материалдар бойынша бірнеше қорытынды жасауға болады.
1. Орындаушылық шығармашылығында сырнайды сүйемелдеуші аспап ретінде қолданатын ұлттық ақын-импровизаторлардың сонау ХІХ ғасырдың өзінде қалыптасқан өзіндік шығармашылығын зерттеуге тұрарлық дүние.
2. Ақын-сырнайшылар жанрын қайта жаңғыртып, дамуы мен әрі қарай өмір сүруі үшін:
- шығармашылығын зерттеу;
- шығыс сырнайында ойнауды үйрету турасындағы сұрақтарды шешу;
- қазақ фольклор ансамбльдерінің құрамына шығыс сырнайын енгізу
- әнші-сырнайшылардың өнерін үгіттеу, сырнайда ойнауды үйрену.
Қорытындылай келе, аталған жұмыста қазақ ұлттық музыкасы өнерінде сырнайды қолдану жайлы көтерілген мәселелер қазақ халық мәдениетінің тереңіне бойлап кеткен бұл өнердің қайта жаңғырып, әрі қарай жан-жақты өркендеуіне өз септігін тигізеді деген үміттеміз.