А.Қ.Жұбанов: «Қазақтың халық музыкасы болашақта үлкен кәсіби өнерге айналады, оған бай негіз бар. Тек өзінің барлық жанрда дамып, гүлденіп, кемеліне келетін кезеңін күтуде» [40], – деген көрегендік сөзі жалғасын тауып, Қазақстанның музыка мәдениеті даму жолында. Қысқа мерзімде композиторлар қазақтың халық музыкасынан бастап, дамыған еуропалық жанрларды (опера, балет, симфония, кантата, оратория т.б.) меңгеріп, шығармалар жазуда. Қазіргі қазақтың халықтық музыкасының жетілуіне музыкалық аспапта жеке орындаушылықпен қатар жаңа форма – ансамбльдерде және оркестрлерде орындаушылықтың дамуы да үлкен әсер етуде. Музыкалық аспапта жеке немесе ұжымдық ансамбльдерде, оркестрлерде орындаушылыққа негіз болған күй жанры. Күй қазақ халқының ертеден келе жатқан, дамыған аспаптық, шығармашылық, музыкалық-импровизациялау түрі болып келеді. Күй – философиялық, эстетикалық тақырыптар арқылы халықтың өмір тарихын, өмір танымын жеткізетін музыкалық шығарма ретінде маңызды.
Қазақ музыкасының тақырыбынан фортепианоға арнап шығармалар жазған А.В.Затаевичтің еңбегі өте зор. Мысалы, 1925-30 жж. шыққан, бес сериялы қазақ музыкасының тақырыбына жазылған, фортепианоға арналған пьесалар жинағын алуға болады. Ол алғаш рет бір дауысты халық музыкасын, полифониялық көп дауыстықтан бөлек, көп дауысты фактураға жазып, күрделі гармониялық құрылымды және дамыған форманы пайдаланды. Композитор қазақ музыкасын фортепианоға өңдеп жазғанда аккордтық техниканы, фортепиано аспабының әртүрлі регистрларын пайдалану арқылы әдемі дыбыс үйлесімдерін, дыбыс әуенділігін көрсете білді.
Күйді басқа музыкалық аспаптарға лайықтау.
А.В.Затаевичтен бастап қазақ музыкасын және күйлерді фортепианоға лайықтап жазуды қазақстандық композиторлар А.Қ.Жұбанов, Б.Г.Ерзакович жалғастырды. Қазақ музыкасы Ғ.А.Жұбанова, Е.Рахмадиев, Н.Меңдіғалиев, А.Исақова, Т.Қажығалиев, Ж.Дастенов, А.Серкебаев, С.Еркімбеков, А.Бестібаевтың шығармашылықтарында орынды пайдаланылған [99].
Соңғы жылдары халық аспаптарына арналған өңдеулерде күйдің формасының толық ашылу әдістемесі, музыкалық фактурасының және интонациялық даму жағы жетіле түсті. Аспапта орындаушылардың репертуарларында қазақ музыкасын, әсіресе күйлерді өңдеумен қатар, басқа аспапқа лайықтап жазу да дами түсті.
Күйді басқа аспапқа лайықтауда И.Коган скрипка мен фортепианоға, К.Андарбаев және Ж.Баспаевтар – виолончельге, Айбек Бектаев ксилофонға арналған концерттік транскрипциялар жазды. Ансамбльдерге, оркестрлерге өңдеу, лайықтаулар жасаған күйлер тыңдаушылардан жақсы бағасын алуда. Күйлерді оркестрлерге арнап жазуда А.Жұбанов, Л.Хамиди, Н.Тілендиев, Ш.Қажығалиев, А.Мырзабеков, М.Әубәкіров, Т.Әбдірашев, Қ.Ахмедьяров, А.Жайымов, Р.Ғабдиев, О.Жауыров т.б. еңбектері өте зор. Домбыра музыкасына арналған Е.Рахмадиевтің «Дайрабай», Ғ.Жұбанованың «Мерекелік күй» және «Жігер» симфониялық поэмасы жарық көрді. Құрманғазының «Көбік шашқан», «Қайран шешем» күйлері хор ұжымының орындауында жаңаша дыбыс ерекшелігімен естілуде. Ұлт аспаптар оркестрлері мен фольклорлық ансамбльдерде күйлер қазақ халқының ескі аспаптарымен орындалуы себепті толық дауысты аранжировкалармен орындалуда.
Музыкалық шығармаларды басқа аспаптардан лайықтау мен транскрипциялау көптеген аспапта орындаушылардың (скрипкашылардың, пианистердің, органистердің т.б.) репертуарларында орын алды. Бұрын күйлерді баянға лайықтап орындаушылар өте аз болды. Оның себебі, домбыраға арналған екі дауысты темаларды, тақырыптарды дайын аккордтары бар баянда өз деңгейінде жеткізе алмауы еді. Негізінен бидің характеріне келетін Құрманғазының «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Қос алқа», «Құдаша», халық күйі «Келіншек» сияқты оң қолда әуен, ал сол қолда сүйемелдеу аккордтары бар күйлер ғана баянда орындалып жүрді. Осындай баянға лайықталған күйлердің негізгі әуені, тақырыбы таза естілмей, бұрмалаушылық та болды. Көп тембрлі, көп дауысты, дайын-терулі баяндардың шығуы қазақ музыкасын баян аспабында орындағанда сол аспаптың (домбыра, қобыз, сыбызғы) дыбысына жақындатып орындауға, осы тақырыптарда музыкалық шығармалар жазуға мүмкіндік берді. Қазақ халқының аспаптық музыкасының орындаушылық жанры мен стилі өзінің көп қырлылығымен, көп бағытта дамуымен ерекшеленеді. Сол себепті көптеген күйлер мен әндер баянға лайықтауға келіңкіремейді.Қазақ музыкасын баянға аранжировкалау кезіндегі орындалатын негізгі талап, ол сол шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнын, орындалу ерекшеліктерін сақтау. Мысалы: Динаның «Бұлбұл», «Науысқы» күйлері тек домбырамен ғана орындалғанда өзінің үнін, әуенін бере алады. Құрманғазының «Төремұрат» күйінде тек домбыраның орындалуында ғана негізгі тақырыпты өте тез темпте, қиын орындалу техникасымен естіртуге болады. Осындай күйлерді баянда орындау өте қиын әрі ыңғайсыз. Кейбір баяншылар қазақ музыкасын аранжиловкалағанда тек нотадағы текстімен ғана жұмыс жасап, сол шығарманың негізгі әуенін, тақырыбын, орындалу техникасын бұзып алады. Қазақ музыкасын баянға аранжиловкалаған кезде ноталық текстімен танысқаннан кейін сол шығарманы терең зерттеп, орындалу ерекшеліктерімен, динамикасымен, тақырыбының даму жолымен танысып, басқа аспапта, немесе оркестрде орындалуын естіп барып жұмысқа кіріске жөн.
Күйдің формасы. Қазақ халқының аспаптық музыкасы ұстаздан шәкіртке есту арқылы жатталып, көпшілік алдында орындалу арқылы ғасырлар бойы дамып, бізге жетті. Сол себепті қазақ музыкасының өзіндік формасы сақталған. Алғашқы зерттеушілер күйлерді классикалық рондо, рондо-вариация формасына жатқызды. Бірақ күйшілердің сол шығармаларды өзіндік, еркін импровизациялап орындауларын да ескерген жөн. Күйлердің формасы көптеген бөлімдерден тұрады. Мысалы: бас-буын, негізгі-буын, орта-буын, кіші-саға, үлкен-саға болып бөлінеді. Осы әр бөлімге тән өзіндік функциялары, регистрлік және характерлік ерекшеліктері бар. Негізінен күйлер төменгі регистрлерден басталып, жоғарғы регистрлерге дейін көтеріледі.Қазақ күйлері орындалу ерекшеліктеріне, тұрмыс-салтына, көңіл күйге байланысты төкпе және шертпе күйлері болып екі мектепке бөлінеді. Батыс Қазақстан өлкесін төкпе күйдің отаны десе де болады.
Ұлы күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Абыл, Еспай, Есір, Дина, Сейтек т.б. халық композиторлары арттарында көптеген мұралар қалдырды. Олардың күйлерінде аттың шабысын, ерлікке, батырлыққа рух беретін (Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Кішкентай» күйлері) әуендермен қатар, ел басына түскен қасіретке, көңіл күйге, ата-анаға, табиғатқа, жан-жануарға, жеке тұлғаға арналған сезімді (Құрманғазы «Ақбай», «Көбік шашқан», «Аман бол шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Балқаймақ» т.б.) күйлері басым. Орталық, оңтүстік және шығыс Қазақстанға тән күйшілік өнері шертпе күйлер. Бұл күйлердің әуені өте әдемі, әндете, еркін дамиды. Негізінен орташа темпте, лирикалық әуенде орындалады. Күйлердің негізгі тақырыбы – табиғат әдемілігі, философиялық ой-қиял, көңіл күй, қыз-келіншектердің сұлулығы, т.б. Негізгі дыбыс шығару әдісі бас бармақ және ортаңғы саусақпен, кейде барлық саусақпен шертіп, сезіммен орындалады. Шертпе күйлер ән жанрына жақындау болып келеді. Семей өңірінде үш шекті домбырамен тартылатын үш дауысты күйлер де кездеседі. Мысалы: «Қазақтың би күйі», «Қалмақтың би күйі», «Сары өзен» т.б. күйлерді атауға болады.
Күйлердің фактурасы. Елімізде музыканы оқытатын оқу орындарының ашылуы, кәсіпқой орындаушылықтың дамуы, баян аспабының күй жанры көп орындалатын ұлт аспаптар ансамбльдерінде, оркестрлерінде тұрақты бір аспап түрінде танылуына, күйдің екі дауыстан гармониялық көп дауыспен дамуына және сахнадан жеке концерттік орындаушылыққа жол ашты.
Баян аспабының дайын түрінен терулі түріне дейін дамуы қазақ музыкасын, күйлерді баянға лайықтау кезіндегі фактурасын әртүрлі бағытта, өз әуенін, орындалу техникасын бұзбай орындауға мүмкіндік берді. Негізінен, екі дауысты күйлерді баянға лайықтаған кезде үш түрлі орындау әдісі қолданылады:
Күйлерді баянға транскрипция жасаған кезде екі дауысты домбыра күйлері көп дауыспен әдемі естіледі. Күйді баянға тек нотадағыдай екі дауыспен лайықтасақ күй өзінің әуенінен айрылып қалады. Сол себепті баянмен күйді орындағанда гармониялық көп дауысты пайдалана отырып, күйдің негізгі фактурасын сақтап, халық музыкасының, халық аспаптарының акустикасын беруге тырысу керек. Күйлердегі дыбыс техникасының дамуын баянға лайықтағанда сол орындалатын шығарманың мазмұнын, темпін, дыбыс ерекшеліктерін терең зерттеп барып көп дауысты, дайын-терулі баяндардағы регистрлерді пайдаланған жөн. Көптеген қобыз күйлері полифониялық фактураларға келеді. Ол шығармаларды баянға лайықтағанда әр дауыстағы дыбыс динамикасын, әуеннің даму ерекшелігін мұқият ескеріп, баянның әртүрлі регистрлері арқылы таза естіртуге болады. Мысалы: Ықыластың «Ерден» күйін баянға тамаша лайықтаған А.М.Гайсин сол шығарманың канондық имитацияларын, динамикасын, орындалу ерекшеліктерін бере алды.
Домбыра және қобызға арналған күйлердің фактураларын баянға лайықтағанда қолданылатын әдістер:
Халықтың аңызға айналған және жан-жануарларға арналған күйлеріндегі сезімді әуендер баянда жақсы естіледі. Мысалы: Сүгірдің «Боз інгеніндегі» түйенің боздағанын Д.Х.Тұяқбаев баянға лайықтап, әртүрлі регистрлер, динамикалық, мех жүргізу әдістері арқылы естіртеді. Ал, Әшімтайдың «Қоңыр қазының» қаңқылын З.Н.Смақова баянның акценттік, қайталанатын аккордтары арқылы, Ықыластың «Ерден» күйіндегі қыл қобыздың залы үнін А.М.Гайсин баянның регистрлері, тембрлері, динамикалық әдістері арқылы тамаша бере алған. Сыбызғыға арналған «Сары өзен» күйінде Д.Х.Тұяқбаев домбырамен орындалатын флажолет әдісін оқтавалық форшлагтар арқылы баянда естірткен.
Қазақ музыкасын баянға лайықтағанда, өңдегенде мына қағиданы сақтаған жөн:
Күйлердің штрихтарын баянға лайықтау. Күйлерді баянға арнап өңдеп, лайықтағанда өте сақ болып, домбыра мен қобыздың дыбыс ерекшеліктерін, штрихтарын терең зерттеудің маңызы зор. Домбырашылар күйді екі қолдың әртүрлі орындалу әдістерімен, әсіресе оң қолдың қағыстары арқылы орындайды. Қазақ музыкасын, әсіресе күйлерді баянға лайықтағанда нотада жазылған штрихтарды бұзбай, баянның мех жүргізу техникасы арқылы орындалады. Ал, кей күйлерде штрихтар қойылмайды. Онда сол шығарманың басқа аспаптарда, оркестрде орындалуын естіп, нотаме салыстырып барып, штрихтар қоямыз. Жай күйлерде дыбыс, әуен ұзақтау естіледі, ал баянда сол дыбыстарды портаменто штриғымен келтіруге болады. Қобыздағы деташе штриғы да баянға орындауға келеді. Мысалы: А.М.Гайсинның өңдеуіндегі Ықыластың «Ерден күйіндегі» штрихтарды алуға болады. Шертпе күйлердегі негізгі орындалу әдістері бір немесе бірнеше саусақпен арпеджиоға ұқсатып, шертіп орындау. Ал төкпе күйлердегі күшті, қимылға толы динамикалық дыбыс шығару әдісіне мехпен орындалатын тремоло, рикошет әдістері жатады. Мех тремолосы сол орындалатын шығарманың артикуляциясын тиянақты, дыбыстарын анық, фразировкаларын бөлмей, музыкалық ойды таза, сенімді естіртуге мүмкіндік береді. Соңғы кездерде баянда мехпен орындалып жүретін рикошет әдісі күйлерді баянға өңдеп, лайықтағанда өз әуенін таза беруге көмектеседі.
Күйлерде кездесетін штрихтарды рикошетпен орындау әдісі:
Рикошет әдісі төкпе күйлердегі аттың шабысы сияқты динамикалық, штрихтық ерекшеліктерді жақсы орындауға, шығарманың мазмұнын дұрыс беруге мүкіндік береді. Мысалы: А.М.Гайсин лайықтаған Құрманғазының «Адай», «Байжұма» күйлерін атауға болады.
Күйлердің динамикасы. Күйлерді, әндерді баянмен орындағанда динамика үлкен әсер етеді. Баянда орындаушы динамика арқылы сол шығарманың әр бөліміндегі, сосын түгел шығармадағы эмоциялық кезеңдерді, шығарманың мазмұнын жеткізе алады. Сондықтан шығармадағы динамикалық дамуды күйдің формасымен байланыстыру керек.
Күйдің орындалу кезіндегі дыбыстың көтеріліп, төмендеуі де формадағы дамуға байланысты: бас буын – mf, негізгі буын – mp, орта буын – mp-mf, кіші буын – f-ff, үлкен саға – ff. Сонымен, күйлердің динамикасы әр бөлімде дыбыс күші әртүрлі болып келеді. Бірақ нотада көптеген күйлердің динамикалық дамуы толық қойылмайды. Күйлердегі кезедесетін канондық формаларды баянға өңдеп, лайықтағанда негізгі әуенді, музыкалық ойды жеткізуге тырысу керек. Төкпе және шертпе күйлердегі кездесетін әртүрлі жоқтау, толғау, ақжелең, қос басар, табиғат образдары, адамдардың әртүрлі көңіл күйлері, философиялық және би музыкаларының образдарында динамикалық даму өте сезімтал, әртүрлі бағытта орындалады.Сондықтан шығарманы естушіге дұрыс жеткізуге мүмкіншілік туғызатын күйлердің әр бөліміндегі динамикалық дамуын, штрихтарын, формасын өте сақ зерттеу, баянда соларды бере алу үшін керекті негізгі әдістер:
Соңғы кезде көп дауысты, көп тембрлі, дайын-терулі баяндардың шығуы орындаушы-баяншылардың қазақ музыкасындағы ұлттық колоритты баянның тембрі арқылы таза, өз деңгейінде орындауға мүмкіндік берді. Домбыра күйлерінің дауысына жақындататын фагот, фагот кларнетпен, орган, тутти т.б. регистрлерін орындаушылар жақсы пайдалануда. Баянның екі тембрі қосылған регистрлері көбіне сол шығарманың кульминациялық динамикаларының даму кезеңіндегі бөлімдерінде пайдаланылады, ал жеке тембрлер шығарманың басы мен орта бөлімдерінде орындалады. Шығарманың әр бөліміне әртүрлі тембрлі регистрлер пайдалану сол шығарманың мазмұнын, музыкалық ойын жеткізудегі эмоциялық ерекшеліктерін, контрастық образдарын, формаларын, фактураларын, динамикаларын толық жеткізуге мүмкіндік береді. Күйлердің көбіне бас буын және орта буындары қосарланған тембрлермен орындалады. Ал кульминациялық 1- және 2-сағалары көбіне төрт дауысты «тутти» регистрімен орындалады.
Тембр таңдау әдісі
Сонымен регистрлерді дұрыс, оймен пайдалану сол орындалатын шығарманың дыбыстық колориттерін байыта түсіп, әдемі дыбыстармен тыңдаушыға жеткізуге болады. Шығарманың фактурасындағы, динамикалық дыбыс шығаруындағы, жылдам темптегі ритмикалық дәлме-дәлдікті баянның мехпен орындалатын тремоло, рикошет әдістерімен және аралас тембр арқылы орындауға болады. Қобыз күйлерін баянға өңдеп, лайықтау кезінде қобызда орындалатын темпке бағынбайтын интонацияларды, флажолеттерді т.б. орындаушылық әдістерін зерттеп барып, баянға түсірген дұрыс.
Мысалы: А.М.Гайсинның өңдеуіндегі Ықыластың «Ерден күйіндегі» темпке бағынбайтын глиссандоларды фагот регистрінде тамаша пайдаланған. Негізінен, қобыздың, әсіресе қыл қобыздың мұңды дауысы фагот регистрінде жақсы естіледі. Баяншы-аранжировшылар күйлердің жеке және оркестрмен орындалатын түрлерін да баянға өңдеуге, лайықтауға ала береді. Тембрлерді дұрыс пайдалану, регистрлерді мезгілінде ауыстыру әдістері арқылы сол шығарманың оркестрмен орындалу кезіндегі әдістерін, динамикалық ерекшеліктерін жеткізе алады. Жоғарыда айтылған ладогармоникалық, метроритмикалық, фактуралық, шртихтық, динамикалық, тембрлік орындаушылық әдістерін дұрыс, таза пайдалану қазақ музыкасын баянға өңдеп, лайықтау кезінде орындалатын негізгі қағидалар.