Алғашқы кәсіби ұжымдар КСРО-да өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында пайда болған.
Он төрт жыл бойы, яғни 1943 жыл мен 1957 жылдар аралығында, К.К.Ошлаков жетекшілік еткен Алматы музыка училищесінің баяншылар оркестрі өте танымал болған. Оркестрдің орындауында М.Глинка, М.Мусоргский, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Е.Брусиловский, К.Ошлаков және өзге де композиторлардың шығармалары орындалып, концерттер Қазақ радиосына жазылатын. К.К.Ошлаковтың сол кезеңде қосқан зор үлесі классикалық шығармалар мен халық әуендерінің өңдеулерін баян ансамбльдері мен оркестрлеріне лайықтауы болып табылады.
1950-62 жж. Ә.Қашаубаев атындағы музыка мектебінің жанынан баяншылар оркестрі құрылады. Оркестрдің репертуарына П.Чайковский, Л.Хамиди, Е.Брусиловский шығармалары, К.Ошлаковтың баян оркестріне арналған өңдеулері кірген.
50-ші жылдары Алматы қалалық тұрғын басқармасының жанынан да баяншылар оркестрі құрылды. Оның құрамында клубтар мен Қазақ зағиптар қоғамының Н.Островский атындағы Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары өнер көрсетіп, тек Қазақстан шеңберінде ғана емес, одан да тыс жерлерде де танымал болған. Мүмкіндіктері шектеулі жандардың зор толғаныспен, музыкаға беріле және үйлесіммен ойнауы өте таңғалдыратын. 60-шы жылдардың соңына дейін оркестрге К.К.Ошлаков, одан кейін оның шәкірті - Разия Хорошева жетекшілік еткен. Р.Хорошеваның жетекшілігімен оркестр 1981 ж. «Халықтық» атағын иеленген. Оркестрдің репертуарында классик композиторлардың шығармалары мен халық музыкасының өңдеулері қамтылған. Баяншылар оркестрі Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Бішкек және Қазақстанның көптеген қалаларында өнер көрсеткен. Оркестр туралы телерадиобағдарламалар жазылған. Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасымен 1981, 1985 жылдары екі грам- пластинка жазылған.
Өскемендегі Орталық ББМ-нде ұзақ жылдар бойы баяншылар оркестрін Владимир Шульгин, музыка училищесінде Геннадий Базанов басқарған.
1957 ж. Алматы қаласында өткен Қазақстан жастарының Бірінші фестивалінде бірінші дәрежелі дипломды баяншылар Р.Заиров пен О.Мұхамеджанов алған. Кейін 1958 ж. екеуі Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнері декадасында кәсіби баянда орындаушылық жанр бойынша өнер көрсеткен. 1961-66 жж. Қазақ қыздар педагогикалық институтында студенттік баяншылар оркестрі құрылып, көптеген концерттері, теледидар арқылы көрсетілген.
Баян орындаушылық өнері республикамыздың мәдени және музыкалық өмірінде үлкен орын алады. Қазіргі уақытта қазақ халық аспаптар оркестрлерін баян-сырнайшылар тобынсыз елестету мүмкін емес. Қазақ халық аспаптар ансамбльдерінің басым бөлігінің құрамында сырнай аспабы айшықты орын алған. Міне, осындай ұжымдар жарты ғасырдан артық уақыт бойы халықтан шыққан әншілерді, қазақ еліне және шетелдерге де танытты.
1936-37 жж. Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында өткен Қазақстан декадасы кезінде, музыкалық қоғам қазақ халық музыкасына назарын аударды. Республиканың музыка мәдениеті халықтық-ұлттық негізде дами түсті. «Жалбыр» мен «Қыз Жібек» операларының өзі халық әндері мен күйлерінің негізінде құрылған болатын. Қазақ музыка мәдениетінің қарқынды өсуі, әдеттегіден тыс шығармашылық үдеуі, зиялы қауымның пайда болуы мен дамуына Мәскеуде бірнеше рет өткен қазақ мәдениеті декадасының да әсері болмай қоймады.
Қазақ мәдениетінің дамуына ел ішіндегі қаймағы бұзылмаған ұлттық музыканың рөлі зор болды. Ауызша таратылатын халықтық музыка дәстүрі жазбаша түрде меңгеріліп, кейіннен әлемдік классикалық мұраға айналды. Оның бәрі халық ішінен шыққан дала ақындары, күйшілері, әнші, жыршыларының еңбегі болатын. Ауызша дамып тараған кәсіби ұлттық шығармашылық негіздегі күйлер мен әндер көшпелі халық дәстүрінен ауысып, үлкен концерттік эстрада сахнасынан орын ала бастады. Ауызша тәсілмен сақталған ән-күйлер оркестрлік дыбыстармен толығып, жаңартылып, теледидар мен радиодан беріліп, қалың тыңдаушыларын Қазақ халқының дәстүрлі өнерімен сусындатты.