Кәсіби оқу және концерттік академиялық орындаушылық халық арасында өз тыңдаушыларын қалыптастыра бастады. Баян өнерінің эстрадада, оқу орындарында жаппай таралғанына қарамастан, баяншылар мен кәсіби емес аудиториялар арасындағы байланыс үзілген емес. Баяншылардың орындаушылық өнері жыл өткен сайын жетіліп, көпшілік тыңдаушылар үшін өз әсерін күшейте түсуде.
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары музыкант өнерпаздардың шығармашылығы кеңінен дами бастады. Ауылдық жерлердегі халық шығармашылығы гүлдене түсті. Комсомолдың бастамасымен түрлі байқаулар, гармоншылардың слеттері мен конкурстар өткізіліп жатты. Бұл дәстүр одан әрі де өз жалғасын тапты. 30-шы жылдары кеңестер елінде ауылдық көркемөнерпаздардың олимпиадалары өткізілетін болды. Әрине, гармоника сол байқаулардың теңдесі жоқ аспабына айналды. 1939 ж. колхоздарда Бүкілресейлік музыка фестивалі өтті. Гармоника – осы фестивальдің сүйіктісіне айналды.
Халық аспаптарында орындаушылық өнері бойынша аудандық, қалалық және облыстық байқау-конкурстары мен олимпиадалар комсомол комитетінің және Қазақстанның атқарушы билігінің әкімшілік органдарының қолдауымен жүйелі өткізіліп тұрған.
Осы секілді конкурстар мен олимпиадаларды көріп, қатысқан адамдардың өмірінен алынған деректер бойынша, олар біздің республикамызда да жиі өткізілетін болған. Шығыс Қазақстан облысының тумасы, өзінің өнер жолын гармоникамен бастаған, белгілі композитор О.С.Джанияровтың айтуы бойынша, 50-ші жылдары «гармоншы ретінде барлық конкурстар мен олимпиадаларға қатысып, үнемі бірінші орынды жеңіп алып отырған. Түрлі дәрежедегі грамоталары, оның ішінде Қазақстан ЛКСМ ОК-нен берілгендері соған дәлел бола алады. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, баян мен аккордеонда ойнауды шапшаң үйренген...».
Баян жаңа белестерге жетіп, концерттік эстрададан көріне бастайды. Осыған байланысты баянның репертуары да кеңи түседі. Ендігі жерде баяншылар классикалық шығармаларды батыл ойнайтын болады.
В.Новожиловтың жазғанына сүйенсек: «...Еліміздегі баян өнерінің тарихында 1935 жыл ірі оқиғамен есте сақталып қалған: 22 мамырда Ленинградта (Санкт-Петербургте), Қоғамдық камера музыкасының залында бірінші рет екі бөлімнен тұратын баяншының жеке концерті берілген. Онда И.С.Бахтың Чаконасы, Г.Ф.Гендельдің Пассакалиясы, В.А.Моцарттың «Фигароның үйленуі» операсына увертюра, Н.Римский-Корсаковтың «Полет шмеля», П.Чайковский, Ф. Шопен шығармалары орындалған. Павел Александрович Гвоздевтың осы концертінен бастап баянның жеке орындаушы концерттік аспап ретінде қалыптасу тарихы басталып, аталған аспапта орындаушылықтың жаңа камералық- академиялық бағыты қалыптасады» [71]. Осылайша П.А.Гвоздевтің атымен «демократиялық баян» алғаш рет әлемдік музыка әдебиетіндегі үздік шығармалардың қатарына еркін ене бастайды. Міне, осындай бастама аспапты концерттік эстраданың жеке аспабы ретінде бұрыннан да танымал өзге аспаптардың деңгейіне көтерді».
Соғыстан кейінгі, ХХ ғасырдың 50-90-шы жылдарында өздерінің клубы немесе мәдениет сарайында баяны жоқ колхоз немесе совхоздар болмаған. Осы клубтар мен мәдениет сарайларында міндетті түрлі көркемөнерпаздар үйірмелері жұмыс жасаған. Және сол көркемөнерпаздардың бәрі баянмен өнер көрсеткен. Баяншылар үйірмелері де көптеп ұйымдастырылған.
Баяндар өнерпаздар хорларында кеңінен қолданылатын сүйемелдеуші аспап қызметін атқарады. Халықтық хорлар соғыстан кейінгі жылдары көп тараған.
Баянның эстрадада, халықтық хорлар мен әншілерді сүйемелдеуге, халықтық оркестрлерге, фольклорлық би ансамбльдеріне қатысуы түрлі жанр-стильдік мәнерде ойнайтын музыканттардың қажеттілігін дәлелдей түседі.
Баяншы-аккомпаниаторлардың опера театрындағы, филармониялар, радио, теледидар, драма театрларындағы, қуыршақ театры, ән және би ансамбльдеріндегі, хор ұжымдарындағы, музыкалық лекториялардағы концертмейстерлік шеберлігі зор практикалық мәнге ие болып және баян орындаушылық өнердің ажырамас бөлігіне айналған.
Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында, кейіннен Қазақ концерт жанынан жылжымалы концерттік бригадалар ұйымдастырылған.
Осындай концерттік бригадаларды КСРО және Қазақ Халық әртістері Р.Бағланова, К.Байсейітова, Ш.Жандарбекова, Ж.Омарова, әншілер Р.Есімжанова, Х.Әбуғалиева басқарған.
Әрбір бригадаға концертмейстер және жеке орындаушы ретінде бекітілген баяншылар болған.
Бұл бригадалар өтетін түрлі мәдени бағдарламаларға белсене атсалысып, Кеңестік әскер жауынгерлеріне, өндірістік кәсіпорын жұмыскерлері мен ауыл тұрғындарына шефтік қызметтер көрсеткен.
Концерттік мекемелердің көптеген әртістері, оның ішінде баяншылар қарулы күштерге көрсеткен қызметтері үшін, төс белгілерімен, әскери бөлімшелердің құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақ концерт әртістерінің шалғайда жатқан жайлаулар мен қыстауларға баянның сүйемелдеуінсіз концерт қояды деген ұғым ешкімнің ойына да келмеген болар?!
Әртістер жұмыс алаңдарына ауыл шаруашылық жұмыстарының қызу қайнап жатқан уақытында келіп, жұмысшыларға қуаныш сыйлап отырған.
Айталық, концерттердің қой қырқатын пунктте, малдың шалғайда жатқан жайлауында, егістік басында, клубтар мен киіз үйлерде болған уақыттары аз емес.
Әрине, мұндай жағдайда қойылған концертке ешкімнің де фортепиано аспабын талап етпесі түсінікті. Сондықтан барлық әншілер мен жеке орындаушылар өз өнерлерін тек баянның ғана сүйемелдеуімен орындаған. Баян кез келген шығармашылық және концерттік ұжымның сүйікті аспабына айналған. Аз уақыт ішінде, бірер дайындық жасап-ақ концерт бағдарламасын толықтай меңгеріп, ойнап шығатын баяншыларға ерекше құрмет көрсетілген. Өйткені жеке орындайтын әншілер фортепианоның сүйемелдеуімен ән айтуға үйренгендіктен, олардың өзге аспапқа бейімделуіне ықпал ететін баяншы ғана болды.
Арнайы музыкалық білімінің бірнеше салалы, көп сатылы болғанына қарамастан, кез келген баяншының жақсы концертмейстер бола алмауы заңдылық.
Жеке орындаушының шығармашылық күйі, көңіл күйі, әртістік сергектігі көбінесе сүйемелдеушіге, шығарманың дәл интерпретациялануына да байланысты болады.
Пианистпен салыстырғанда, баяншы-аккомпаниатор шығармашылық бағытта кең тынысты, фортепиано партиясын қайта өңдеуге, естіген күйінде жеткізу, үндестіруге, ойдан суырып салып қосуға бейім, қабілетті болуы тиіс.
Баяншыдан концерт кезінде алдын ала дайындықсыз, есту қабілеті арқылы ілесе сүйемелдей білуі міндетті түрде талап етілген. Жақсы концертмейстерлер шапшаң бейімделген, орындаушының дауыс ырғағына сай ыңғайланып, өзінің жоғары кәсіби шеберлігін байқатып отырған.
Осындай баяншылардың концертмейстерлік тәжірибесінде жиі кездесетін бірнеше оқиғаны оқушыларымызға ұсынуды жөн көрдік.
АҚШ пен Қазақстан елдері елбасыларының Ақ үйде болып жатқан кездесуі кезінде, алдын ала жоспарланбаған, оқиға орын алған. Рояль жоқ залда аспапта ойнаудың реті келіп қалады. Аспапта орындаушы ҚР Халық әртісі, «Әлем әртісі», Ұлттық музыка академиясының ректоры, әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева. Оны ешбір дайындықсыз, кәсіби биік деңгейде сүйемелдеген баяншы Алексей Ефременко болды.
1973 ж. И.Нүсіпбаевтың басшылығымен, концертмейстер Ғ.Тамендаровтың сүйемелдеуімен «Құрдастар» телеарналық хабарында балалар хоры құрамында кішкентай Мақпал Жүнісова да өнер көрсеткен. Ол кез алдын ала жазылып түсірілмей, бағдарламалардың тікелей эфирден берілетін заманы. «Құрдастар» хабарынан кейін Роза Бағланованың концерті жүреді екен. Бірақ оның концертмейстері сырқаттанып қалуына байланысты, концертке келе алмаған. Эфирге дейін бірер минут уақыт қалғанда әнші Ғалымжан Гиреевичке келіп: «Айналайын, құтқар!» деп, жағдайды түсіндірген екен. Өзіне таныс емес көне қазақ әнінің үндестігі мен ритмін ғана сұрап үлгерген Ғалымжан әншінің ерін қозғалысы мен дауыс ырғағын мұқият қадағалай отырып, оның әнін тамаша көңілмен сүйемелдеп шыққан. Одан кейін айтылған әйгілі «Ах, Самара-городок» әні дайындықсыз болса да сүйемелдеуде ешқандай қиындық туғызбаған. Осындай таныстықтан соң, КСРО Халық әртісі Ғалымжан Тамендаровқа қолпаштау, мақтау айта жүріп, өз әндерін сүйемелдеу үшін жиі шақыртатын болған.
1940-1962 жылдар аралығында Алматы Қазақ радио комитетінің жеке орындаушысы және концертмейстері болып қазақстан баян мектебінің көшбасшысы К.К.Ошлаков саналған.
Алғашқы концерт эфирден 1940 жылдың 17 қыркүйегінде берілген. Экраннан Константин Кириллович Аданның «Когда я был королем» увертюрасын, «Рюи Блаз» увертюрасын, Ф.Шопен «№14 Вальс», Даргомыжскийдің «Русалка» операсынан «Цыган биі» орындаған.
Концерттер студияда жазылатын. Сондай-ақ, өнерпаздар республикамыздың аудандары мен облыстарындағы колхоздарды, тың игеру өлкелерін аралап жүріп, концерттер берген. Концерттерде әртістер Бабочкин, кинофильмдердегі солдат әндерімен Б. Чирков, скрипкашы Е.Антокольский, виолончель орындаушы Пеккер, Үлкен театрдың жеке орындаушысы Е.Иванов, Н.Куклина, А.Пикайзен, А.Матвеев, А.Курганцев, Ю.Померанцев, Б.Славиковский, балерина Н.Байкова, Қазақ драма және опера театрінің әртістері өнер көрсеткен.
Жеке орындаушылығынан бөлек Константин Кириллович Қазақ драма театрының штаттағы және шақыртылған әртістерін де сүйемелдеген. Сол кездерде өнер көрсеткен әртістердің қатарында Р.Қойшыбаева, Ү.Тұрдықұлова, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Б.Досымжанов, Е.Өмірзақов болған еді.
Қазақ филармониясында ұзақ жылдар бойы шебер жеке баян орындаушылар мен баяншы-концертмейстерлер қызмет атқарған: Кузьма Щеглов, Евгений Чупров, Андрей және Иван Мазиндер, Сейдль Шарипов, Евгений Рыжов, Геннадий Шутов, Садык Каримбаев, Александр Краснов, Николай Васильев, Евгений Лапин, Вячеслав Синяков.
Дәл осы адамдар қазақстандық үздік әншілерге, КСРО мен Қазақстан Халық әртістеріне қазақ халқының ән өнерін, әлемдік классикалық шығармаларды өз тыңдаушыларына қаймағын бұзбастан жеткізуге қолдау көрсеткен дарынды мамандар. Е.М.Рыжов айтқандай, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының 50-60-шы жылдары республикада баян орындаушылық өнерінің гүлденіп, дамып келе жатқан кезі. Алматыда жақсы баяншылар көп болған. Солардың ішіндегі үздігінің бірі - Щеглов Кузьма Федорович еді. Ол аспапты өте керемет, техникалық жағынан жоғары деңгейде меңгерген, тыңдаушыларын бірден баурап алатын, саусағынан өнері тамған орындаушы болған. Оның орындаушылық мәнері Иван Паницкийге ұқсайтын. Репертуарында авторлық музыкалық шығармалар мен өңдеулер көптеп кездесетін. Олар: «Проводы комсомольцев на целину», «Ах, ты, степь широкая», «Трепак», «Вот мчится тройка почтовая», «Сиротинушка» және басқалары. Музыкалық тұрғыдан оның фортепианоның сүйемелдеуімен баянда орындауға арналған «Концерт» шығармасы өте ыңғайлы болатын. Әрбір кәсіби баяншы өз репертуарына осы шығарманы қосуға тырысатын [13].
Кузьма Щеглов қазақ музыкасына көп көңіл бөліп, нәтижесінде төмендегідей баян транскрипциялары пайда болған: «Біржан мен Сара» операсынан би, «Қыз Жібек» операсының музыкасына «Колхоздағы той», домбыраға арналған күйлердің өңделген нұсқасы, қазақ халық әндеріне жазылған попурри.
В.С.Басаргин әзілмен Кузьма Федорович Щегловты былай деп еске алатын – «...эстрадалық әртіс, ондаған шығармаларды тамаша орындаушы, әсіресе халықтық тақырыпқа арналған вариацияларды, кез келген уақытта, кез келген (масаң) халде де ойнайтын дарын».
Баяншылар өз Кузясын сүйіп тыңдайтын, оның орындаушылық мәнері мен дағдысын үйреніп, кейіннен өздеріне тән ерекшеліктерін қосуға тырысатын.
К.Щеглов ұзақ уақыттар бойы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының орындаушы-баяншысы және аккомпаниаторы болды. Ол кезде филармония қабырғасында А.Жұбанов, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Н.Төлебаев, Е.Брусиловский, Б.Байқадамов секілді отандық мәдениеттің марқасқа қайраткерлері жұмыс жасаған. Олар Кузьма Щегловтың музыкалық орындаушылық қабілетін өте жоғары бағалап, оны жауапты концерттік шараларға үнемі шақыртып отырған.
Евгений Дмитриевич Чупров – жарқын тұлға, баянға ғашық, дарынды музыкант. Жастайынан орындаушылық қасиетімен ерекшеленген. Чупров ұзақ уақыт Алматы филармониясында жеке орындаушы, концертмейстер болып жұмыс жасаған. Қазақстанның жетекші әртістерін, оның ішінде КСРО Халық әртісі Р.Бағланованың, ҚазСРО Халық әртісі Қ.Жандарбековтың және басқаларды баянмен сүйемелдеген. Ұлы Отан соғысы жылдарында концерттік бригадалар құрамында майдандағы жауынгерлер алдында өнер көрсеткен.
Ұзақ жылдар бойы филармонияда баяншы Александр Краснов жұмыс жасады. Ол Жамал Омаровамен гастрольдерге жиі шығып тұрған. Шалғай қазақ ауылдарында конферансье алдымен әншінің атын, одан кейін баяншының атын «Ахмет Кызылбаев» деп хабарлаған. Сол кезде Александр Краснов шығып, Қазақстанның символына айналған әншіні сүйемелдеген.
Қазақстан композиторлық мектебінің ірі тұлғаларының бірі Анатолий Бычков, баян мамандығы бойынша орта арнаулы білім алған соң, әйгілі әншілерді сүйемелдеген. Ол да баяншы-аккомпаниатор ретінде Жамал Омаровамен бірге Қазақстанды өнер сапарымен шарлаған.
Евгений Михайлович Рыжов Алматыға соғыс аяқталған соң келген. 1947 ж. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында баяншы-аккомпаниатор болып жұмысқа тұрады. Ол кезде филармония директоры атақты жазушы Ильяс Есенберлин болды. Евгенийдың аспапта шебер ойнайтының байқаған Е.Брусиловский мен симфониялық оркестрдің дирижері «Березы в степи» кинофильміне түсуге баяншыны шақырады. Рыжов баяншы рөлін сомдайды. Осыдан бастап оны Кеңес Одағы бойынша гастрольдік сапарларға үзіліссіз шақыратын болған. Ол Қазақстанда және одан тыс жерлерде өтетін түрлі концерттерде қазақстан өнерінің атақты қайраткерлері Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Ш.Жандарбекова, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Е.Серкебаев, У.Тұрдықұлова, Ж.Омарова, С. және И.Коган, Ришат және Мұрат Абдуллиндер, Б.Жылысбаевпен бірге концерттер берген.
Е.Рыжов қазақ халық әндерінің аккомпаниаторы болып Жамбыл қаласына барған гастрольдік сапарында КСРО Халық әртісі Күләш Байсейітованың барлық бригада әртістеріне көрсеткен ілтипаты мен құрметін жиі еске алған. Филармонияда және Қазақ концертте жұмыс жасаған 18 жыл уақыт ішінде Евгений Михайлович 1 категориялы әртіс-баяншы дәрежесіне көтеріліп, аттестациядан өткен.
Дарынды композитор-баяншы Садық Кәрімбаев өз әндерімен радио және теледидардан жиі өнер көрсетіп отырған. Оның әндері танымал қазақ әншілерінің репертуарына еніп, халық арасына кеңінен таралған. Оның «Алматы таңы» әні қазақ бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың орындауында, бүкіл қазақ даласына таралып жатты.
Әбуғалиева Хафиза дүниеге келмес бұрын оның әкесі 1925 ж. жәрмеңкеден гармон-тальянка сатып әкеледі. Әкесі атақты Майраның өнерін көріп, қызды болуды, оның да Майра секілді әнші-гармоншы болуын армандап жүретін. Әбуғалиева Хафиза Әбуғалиқызы 1929 ж. Павлодар облысының Иртышск ауылында дүниеге келді. Хафиза мен оның ағасы Хасен гармонда ойнауды ерте бастаған. Әбуғалидың үйінде қонақта болған, даланың ұлы ақындары Иса мен Шашубай Хафизаға Майра әндерін үйретеді. Солардан бата алған дарынды қыз үнемі мектепте өткен концерттерге қатысып, өнер көрсетіп, өз ауданына танымал әнші-гармоншыға айналады.
1940 ж. 10 жастағы Хафиза мен оның ағасы өздерінің әйгілі жерлестері Естай Берікмбаевпен ілесіп республикалық олимпиадаға келеді. Алматыдағы Жас көрермендер театрының сахнасынан Естай өзінің «Қорлан» әнін, ал Хафиза ағасының бір қатарлы гармонда сүйемелдеуімен ұлы әнші Күләшқа еліктей отырып, «Гакку» әнін орындайды.
1945 ж. Алматыға екінші рет келгенде дарынды қыз Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясындағы Шара Жиенқұлованың ансамбліне өзін аккордеон мен сүйемелдей алатын солист-әнші болып қабылданады. Кейіннен Бақытжан Байқадамов жетекшілік ететін әйелдер ансамбліне ауыстырылады.
Жаңа «Қазақ концерт» мекемесінің құрылуына байланысты, 1960 пен 1987 жылдар аралығында Х.Әбуғалиева жұмысын әнші-аккордеонист болып жалғастырады. Хафизаның музыкант ретінде қалыптасуына Б.Байқадамов, Ж.Омарова, Ш.Жиенқұлова, Ж.Елебеков, Ш.Аймановтың сіңірген еңбегі зор.
Хафиза 1953 ж. «Жамбыл» кинофильмінде ақынның немересі Алманың рөлін сомдайды. 1956 ж. Алматы музыка училищесін (К.К.Ошлаковтың баян класы, А.С.Мизоновтың вокал класы) аяқтап, жеке орындаушы-вокалист дипломын алады. Концерттік топтың құрамымен бірнеше рет шет елдерде өнер көрсетеді. Кеңес Одағы әртістерінің 1950 ж. ҚХР-на алғаш барған сапарында, әнші-аккордеонист Хафизаның тамсандырған өнері жергілікті газет-журналдарда жарық көре бастайды. 1956 ж. Моңғол республикасына барған әртістер тобының құрамында болды.
1960 ж. кеңестік әртістердің құрамында Делиде өткен Дүниежүзілік халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне барады. Хафиза көрмеге Қазақстанның атынан жалғыз өзі қатысқан еді. 40 күн ішінде Кеңес одағының павильондарына келушілер үшін 65 концерт береді. Дүниежүзілік көрменің соңғы күнгі жабылу концертінде көрсеткен тамаша өнері мен жоғары орындаушылық шеберлігі үшін, Хафизаға Үндістанның бірінші премьер-министрі Джавахарлал Неру өз қолымен естелік медаль тапсырды.
Табиғи лингвистикалық қабілеті жоғары ол шығармашылық қызметі барысында 14 елдің тілінде ән шырқаған. Өзінің гастрольдік сапарларында міндетті түрде сол елдің, республиканың тіліндегі әндері орындайтын болған.
Мәскеу қаласындағы Одақтар үйінің Колонна залында және Ресейдің басқа да қалаларында өткен «Қазақстан әдебиеті мен өнері күндерінде» (1958), Өзбекстанда (1971), Балтық теңізі жағалауындағы республикаларда (1972) қазақстандық әртістердің құрамында жеке өнер көрсеткен.
Декада кезінде Калугадағы музыкалық аспаптар комбинатындағы концерті кезінде, Хафизаға арнайы ақ концерттік аккордеон сыйға тартылған. Архангельск, Мурманск, Коми АКСР-нде Союзконцерттің құрамында гастрольдік сапармен жүргені үшін, Әскери-теңіз флотының медалімен марапатталған.
1974 ж. ҚазКСР Мәдениет министрлігінің шешімімен З.Әбуғалиева гастрольдік топтарға жетекшілік етеді. Ол жетекшілік еткен концерттік бригада малшылар, егіншілер, механизаторлар, шахтерлер алдында зор табыспен өнер көрсетіп, көпшіліктің алғысына бөленген. Ол күмістей сыңғырлаған әсем үнімен тыңдаушыларының жүрегіне жол таба білген. Хафиза тек өз халқымыздың махаббаты мен құрметіне бөленіп қана қоймай, өзге де халықтың да сүйікті әншісіне айналған. Қазақстан, Қарақалпақ, Өзбекстан республикаларының көрермендері оның концертінен кейін өмірге келген қыз балаларына Хафиза есімін бере бастаған екен. Онын әсем тұлғасы, сұлу келбеті, талдырмаш нәзік денесі, халық әндерін орындағандағы әдемі қоңыр дауысы «Майраның ізбасары» деген атаққа лайық еді.
Хафиза Әбуғалиева екі мәрте Фрунзе аудандық кеңесінің депутаттығына (1948, 1957) сайланған, «Құрмет белгісі» орденімен (1959), «Делидегі Дүниежүзілік көрмеге белсене қатысқаны үшін» (1960), «Ерен еңбегі үшін» (1971), Моңғол республикасының «Урлаг» медальдерімен марапатталған. Төс белгілері: «КСРО Қарулы күштеріне мәдени жетекшілік ету ісінің үздігі» (1962), «Үздік жұмысы үшін» КСРО Мәдениет министрлігі (1967), «Қазақ-моңғол достығына қосқан үлесі үшін», «Қазақстанның өз еркімен Ресейге қосылғанына 250 жыл», «Социалистік жарыстар жеңімпазы» (1974, 1976, 1978), «В.И.Лениннің туғанына 100 жылдығына орай ерікті еңбегі үшін» (1970), «Майра Уәлиқызының туғанына 95 жыл» (1991), «Алыс сапары үшін», «Әскери-теңіз флотының үздігі». Құрмет грамоталары: КСРО министрлер кеңесі және ВЦСПС ОК (1952), ВЦСПС ОК (1954), ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің президиумы (1955), ҚазКСР Мәдениет министрлігі (1957) және тағы басқалар. Шығармашылық қызметі туралы «Кеңестік Қазақстан мәдениеті» (1957), «Наши сестры» (1962), «Қазақстан» фотоальманахта (1960), ҚХР, МХР, Үндістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанның журналдары мен газеттерінде Қазақстанның орталық және облыстық БАҚ-нда жиі жарияланған.
Концертмейстерлік өнердің қас шебері Шутов Геннадий Гаврилович бес жасынан бастап гармониканың әр түрінде (кировская, саратовская, ливенка, татарская, башкирская, хромка) ойнай бастаған. Он жасқа толған соң, Новосібір қаласына гармоншылар мен баяншылардың І конкурсына жіберіліп, ІІ орын иеленіп, сыйлыққа велосипед алған. Аккордеонды меңгере келе, аспаптан мүлде ажырамастай болады. Аккордеонын Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да жанынан тастамаған. Геннадий Гаврилович шайқастан кейін үнемі аккордеонында ойнап, жауынгерлердің рухын көтерген.
1948 ж. Алматы музыка училищесіне түскен уақыттан бастап үнемі әйгілі әртістер Роза Бағланова, Фатима Балғаева, Клара Жандарбекованың концерттеріне аккордеонист-концертмейстер ретінде шақыртылатын болған. Училищені аяқтаған соң жарқын орындаушылық шеберлігі үшін, Шутовқа әртіс-аккордеонист квалификациясы беріледі. Ол Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына бірден жұмысқа қабылданады.
Филармонияда жеке орындаушы, концертмейстер-аккордеонист болып 30 жылдан астам уақыт (1983 жылға дейін) үздіксіз атқарған еңбегі барысында, Геннадий Гаврилович Қазақ радио және теледидар эстрадалық оркестрінің құрамында бұрынғы КСРО елінің түкпір-түкпірін аралаған, Мырзабековтың жетекшілік етуімен Данияға барып, Моңғол елінде өткен Қазақстанның мәдени күндеріне қатысқан. Жамал Омарова, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Мұрат және Рашид Мұсабаевтардың әндерін сүйемелдеп, гастрольдерге жиі шыққан.
Геннадий Гаврилович Қазақ радио және теледидар эстрадалық оркестрінің жеке орындаушы-аккордеоншысы болып, Қазақ мемлекеттік капелласын сүйемелдеп, тың жерлерді игеру кезіндегі жылжымалы концерттерге белсене атсалысып, атқарған еңбегі үшін, медальдармен, Коммунистік партияның Орталық Комитетінің, Үкіметтің, Мәдениет министрлігінің, Қазақстан кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
1950 жылдан бастап филармонияда музыкалық лекторий ұйымдастырылып, Г.Г.Шутов үздік аккордеонист-концертмейстер атанды. Ол үнемі скрипкашы А.Байсақаловты, қобызшы Ғ.Молдакәрімованы, гусляр Г.Кононовты, вокалистер М.Мұсабаевты, Г.Никифорова, Г.Ересько, А.Жарқынбаева, Ж.Махамбетов, В.Стрельцовты сүйемелдеген. Ұзақ жылдар бойы ҚазСРО Мемлекеттік хор капелласында аккордеонист Г.Г.Шутов сүйемелдеушілік қызмет атқарған.
Осындай атақ пен беделді иеленген, ҚР Еңбек сіңірген артисі, Шымкент филармониясының лекториясындағы баяншы-аккомпаниатор Павел Сапожников.
Көптеген баяншылар Балалар музыка мектептерінде, музыка училищелеріндегі педагогикалық жұмыстарымен қатар, көркемөнерпаздар үйірмелерінде жұмыс жасаған. Міне, осындай ортада еңбек ете жүріп шығармашылық ой-өрісін, орындаушылық мүмкіндіктерін дамытқан. Талапқа сай музыкалық білімінің болуы көркемөнерпаздар үйірмелерінде баяншылардың кәсіби деңгейін шарықтата түскен. Баяншылардың қатысуымен өнер көрсеткен көптеген шығармашылық топтар «Халықтық» атағын алды.
Стуров Алексей Яковлевич – кәсіби концертмейстер-баяншы. Алғаш еңбек жолын 1956 жылдан бастап Ф.Дзержинский атындағы трикотаж фабрикасындағы хор және ән-би ансамблінде бастаған.
1958 жылдың сәуір айында өткен конкурс арқылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне алғашқы сырнайшылар қатарына қабылданған. 1958 жылдың желтоқсан айында Алексей Яковлевич оркестр құрамында Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен өнері декадасына қатысқан. 1969 ж. Алматы консерваториясын аяқтап, 1970-1994 жылдар аралығында «Зори Семиречья» халық хорының жетекші-концертмейстері болған. Осы жылдар аралығында А.Я.Стуровтың жоғары сапалы концертмейстерлік қолдауының арқасында хор 10 мәрте «Халықтық» атағын алған. Ұжым үкіметтік және өзге де деңгейдегі түрлі концерттерде өнер көрсетті. Шығармашылық деңгейлері көркем өнерпаздық тұрғыда болғаны мен, атақтары шартарапқа тараған ұжымның жетекшілері өнер және мәдениет майталмандары Мазина, Э.И.Шиллер, Шароватов, Моисеенко, В.Э.Шиллер, Сидоров болды. Құрамы 35-40 адамнан құрылған хорды дарынды баяншылар А.Стуров, Б.Федянин, А.Илюхин сүйемелдеді.
Галимжан Гиреевич Тамендаров КСРО Халық әртістері Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Р.Бағланова, А.Абдуллин; ҚР Халық әртістері М.Ералиева, Р.Мұсабаев, М.Жүнісова; ҚР Еңбек сіңірген әртістері Б.Ибрагимов, Ш.Шағалимов, А.Жаңбырбаев және тағы басқаларды баянмен сүйемелдеген. Татар халық музыкасының жарқын өкілі Г.Тамендаров әрістестерін өзінің әр қырлылығымен таңғалдырған. Ол Солтүстік Қазақстандағы экстрадалық ансамбль құрамында: баян, гитара, труба, саксофон, контрабас, дауылпазда ойнаған.
Галимжан Гиреевич Тамендаров Алматы «Горный гигант» мәдениет үйінің жанынан құрылып, Мәскеудегі Съездер сарайында бірнеше рет өнер көрсеткен «Юность» би ұжымын сүйемелдеген. Билердің жетекшісі және қоюшысы тамаша прима-балерина Мансурова Ғалия Шакировна болған. Ол керемет дарынды және БММ аккордеон класы бойынша бітірген, атақты дирижер Фуат Мансуровтың туған әпкесі еді. Ал Г.Тамендаровтың кәсіби тұрғыда өсуіне Г.Ш.Мансурованың да ықпалы аз болмады. Одан әрі ол танымал балетмейстер және қоюшы, «ҚР Еңбек резервтері» концерттік ұжымын басқарушы Распопин Борис Всеволодовичпен, тамаша баяншы Синяков Вячеслав Васильевичпен жұмыс жасады.
60-шы жылдардың соңына қарай Г.Г.Тамендаров композитор И.Нүсіпбаевпен бірлесіп №4 облыстық қазақ мектеп-интернатының жанынан «Балдырған» балалар хорын ұйымдастырады. Галимжан Гиреевич 200 баладан құрылған осы хордың көркемдік жетекшісі және тұрақты сүйемелдеушісі болады. Осы хордың үлгісімен барлық қазақ мектептерінде хор ұжымдары ашылып, солардың репертуары пайдаланыла бастайды. Мектеп хорларының концертмейстерлері негізінен баяншылар болған. Тамендаров хордың негізінде «Бұлбұл» фольклорлық ансамблін құрып, оған да баянмен сүйемелдеушілік қызмет көрсетеді.
Концерттік ұжымдарда жоғары дәрежелі баяншылар ойнаған. Ұзақ жылдар бойы Жамбыл атындағы мемлекеттік филармония жанынан құрылған ән-би ансамблінде дарынды композитор-баяншы Александр Илюхин ойнаған. А.Илюхин хор мен биге арналған шығармаларды өңдеп, баянға түсірген.
Эдуард Грегорян да кереметтей дарынды орындаушы еді. Ол Г.Лисица жетекшілік ететін радио және ТВ эстрадалық оркестрінде аккордеонист болған. Халықаралық конкурстардың лауреаты Э.Митченко гастрольдік сапарда жүргенде Грегорян оған қазақ әні «Қамажайдың» баянға арналып өңделген көнцерттік нұсқасын берген.
Қосымша кәсіби баяншылар туралы бірер сөз...
Белгілі баяншы В.С.Басаргиннің орындаушылық стилі тындаушыларың мінсіз талғамға, академизм мен қиялдың биік шыңына жетелейді. Орта Азия әскери округі шекара әскери бөлімшесінің ән және би ансамблі Алматы қаласында құрылған күннен бастап, оның штатында баяншылар болған. Осы күнге дейін аталған ұжымда В.С.Басаргиннің өз қолымен баян партияларың өңдеп-түзеткен, белгілі композиторлардың оркестрлік шығармалары ойналады.
Кез келген орындаушының жақсы концертмейстер болмауы мүмкін. Бірақ екі түрлі музыкалық қасиеттің де бір адамның бойынан табылып жатқан ғажап сәттері де баршылық. Мысалы, белгілі баяншы-орындаушы, Алматы консерваториясының профессоры Досмұхамед Тұяқбаев опера театрының белді жеке орындаушы-вокалистері ҚР-ның Халық әртістері Нариман Қаражігітов, Әлібек Дінішев, Ғафиз Есімов, Роза Бағланова, Хорлан Қалиламбекова, Шора Үмбеталиев, Нұржамал Үсенбаева, Бибігүл Төлегеноваға сүйемелдеушілік қызмет көрсеткен.
Баяншылар В.Цулин, А.Травков та асқан орындаушылық шеберлігімен ерекшелген музыканттар. Үздік аккомпаниатор-баяншы М.И.Клепацкий шекарашылар училищесінің әскери ансамбльдерінде ойнаған. Орта Азия әскери округіне қарасты ән-би ансамблінің концертмейстерлері, жеке орындаушы-баяншылар С.Остриков, В.Петров, В.Подолян, А.Мұхатжанов болған.
Василий Васильевич Шупейкин 1973-1979 жылдар аралығында Алматыдағы Қызыл тулы Шығыс шекарашылар округі ән және би ансамбліндегі балет тобының жеке орындаушы-баяншысы және концертмейстері болған. 1984 мен 1989 жылдары «КВПО» ән және би ансамблінің басшысы болды. Ансамбль – КСРО шекарашылық ансамблі бүкілодақтық конкурсының дипломанты (1973, 1979, 1985) В.В.Шупейкин ансамбльдің баяншы-орындаушысы және дирижері ретінде Қазақстан, Қырғызстан, Ресей қалаларында концерттер берген.
Офицерлер үйінде Ю.Курбатов, М.Бердығұлов, Б.Тұяқбаев сынды білікті баяншылар жұмыс жасады. В.Лисица жетекшілік еткен округтік әскери ансамбль құрамында шебер баяншылар жұмыс жасаған. Олардың қатарында кейін өзін педагогикалық қырынан танытқан В.Брусинцов болған. Оның шәкірттері республикадағы үздік баяншылар. Көпшілігі Ресейдің жоғары музыкалық оқу орындарына оқуға түсіп, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары атанған. Лауреаттардың бірі А.Витущенконы атап айтуға болады.
«ҚР еңбек резервтері» ұжымында Вячеслав Синяков деген баяншы болды. Керемет орындаушы, дарынды композитор Иван Алейников мәдениет және демалыс паркінде баянмен жеке концерттер берген.
«Қызыл Ту» фабрикасының концертмейстері және жеке орындаушы-баяншылары Гнесиндер атындағы музыкалық-педагогикалық институттың түлектері Валерий Смирнов, пен тамаша импровизатор А.Кондратьев болған. Атақты орындаушылар А.Белоглазов, Владимир Каравасилиди, Николай Николаиди, Борис Федянин, Владимир Демченко, Ерболат Еркенов те өздерін жоғары деңгейде көрсеткен.
Жоғары орындаушылық мәдениет, мінсіз техника, ерен тұлға – Василий Евдокименкоға тән қасиеттер. Ол КСРО Халық әртісі Б.Төлегеноваға, ҚР Халық әртісі Б.Әшімоваға, К.Кенжетаевқа, З.Қойшыбаеваға, ҚР Еңбек сіңірген әртісі А.Байтуғаевқа аккомпаниаторлық жасаған. Үздік орындаушы Владимир Верещагин Мемлекеттік емтихан кезінде ойнап отырған баянының дауысының күштілігімен қақпағы ашық тұрған рояльдің дауысын «тұншықтырып» тастауымен, Алматы консерваториясының халық аспаптар кафедрасының тарихында қалған.
Драма театрының қойылымдарында заманауи оркестр интермедияларының орнына баян ойналған. Мұндай деректер Б.А.Мұстафиннің өмірдерегінде де кездеседі. Ол 60-шы жылдары Қызылорда облысының драма театрында сүйемелдеушілік қызмет атқарған.
Бірнеше жылдар бойы Е.И.Простомолотов Қуыршақ театрының концертмейстер-баяншысы болған. Негізгі міндеті – әртістермен вокалдық партияларды дайындаудан басқа, баяншының ең керек жері аудандарға гастрольдерге шыққан кезде болатын. Қойылым басталмас бұрын, әдетте, әртістердің сағатқа созылатын концерттері болған. Әншілерді Евгений Иванович сүйемелдеген. Кейінірек әртістердің қойылым кезіндегі вокалдық номерлері баяншылардың орындауындағы аспаптық шығармалар мен алмастырылған.
Е.И.Простомолотов Р.Бағланова, М.Мұсабаев, П.Кононов, А.Слурскийдің әндерін сүйемелдеген. Еліміздің солтүстік аймақтарында «Білім» қоғамының шеңберінде лектор, жеке орындаушы және концертмейстер-баяншы ретінде танылған. Бойындағы журналистік қабілеті оған қызықты лекция-концерттер ұйымдастыруға мүмкіндік берген.
Петропавлда белсенді концертмейстерлік қызметті Ю.Ф.Зайберт атқарған. Ол хор ұжымына, эстрадалық-би ансамбліне сүйемелдеушілік қызмет көрсеткен. Өзінің сүйемелдеуімен орындалатын жүзден астам әннің авторы. Петропавл облыстық филармониясында концертмейстер-баяншы Н.П.Пронин, Шығыс Қазақстан филармониясында – А.А.Павлов, В.Ф.Романюк, В.П.Зубов, В.К.Аксенов жұмыс жасады.
Қазақстандық жетекші орындаушылар концертмейстерлерінің қатарында Ю.П.Курбатов, Е.Е.Еркенов, В.Д.Кривенко, С.Т.Қожахметов, М.М.Бакиев сынды белгілі баяншы-орындаушыларды атауға болады.
Қазақстандағы баян класы бойынша үздік педагогтардың бірі – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ондасын Абдуллаев Қазақстан бойынша берілетін көшпелі концерттер кезінде Шара Жиенқұлова, Ермек Серкебаевқа сүйемелдеушілік қызмет көрсеткен.
Қызылорда облысының негізгі концертмейстер-баяншысы – Т.К.Каденов. Ол әншілер мен би ұжымдарын сүйемелдей отырып, концерттер берген.
Баянның Қазақстанда қаншалықты кеңінен сіңіп кеткені туралы Қазақстанның кинематография өмірінен байқауға болады. Құрамында Константин Ошлаков, Валентин Басаргин, Николай Васильев бар баяншылар триосы 50-шы жылдары Қазақфильмнің бірқатар киножурналдарын дыбыстаған.
Күйші-композитор, Атырау елінің тумасы Қилан Сәрсенбиев баян мен аккордеон аспабын шебер ойнап, кез келген әншіні қостап кететін. Өзінің шығарған авторлық әндерін шебер сүйемелдеп, беретін. Ол Алматы обылысының Жамбыл ауданында құрылған «Құлансаз» ән-би ансамбілінің жеке солист әншілері Дабыртай Сейполдаев пен Алтын Әліппаеваны ауыл сахналарында баянмен сүйемелдеп, концерттерді өзінің шебер ойынмен жандандырып жіберуші еді.
Сондай-ақ осынау ән мен жырдың мекені аталған Жамбыл ауданында аккордеон аспабын шебер меңгеріп алғаш құрылған «Құлансаз» ансамбліне музыкалық жетекшілік жасаған жандардың бірі Әбсемет Әбсағиев еді Белгілі өнер қайраткері, ансамблді құрушылардың бірі – баяншы Болат Қабылбаев жас музыкантарға деген ақыл кеңесін әр кез аямайтын.
Жамбыл ауданында көп жылдар бойына Халық театрында еңбек етіп, музыканы жанына серік еткен жандардың бірі әнші-баяншы әрі актер Сағымбек Малтабаров. Ол сахнада түрлі кейіпкерлерді сомдай жүріп, белгілі ақындар Қ.Бұғыбаева, Ж.Жарқынбаева, Е.Жақыпбековтың өлең сөздеріне ән шығарған. Туындыларын әнші-актриса, жан-жары Базаркүл Әжіғожаева екеуі қосыла шырқап, ауылдық жердегі мәдениеттің гүлденуіне өз үлестерін қосты. Сағымбек баян аспабының үнің бүгінгі тәуелсіздік заманына дейін жеткізген өнерпаздардың бірі.
Жамбыл ауданындағы музыка мектебің үздік бітірген дарынды баяншы Данияр Құрамысов. Ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі. Әке жолын қуып, өз жанынан ән шығарып, композитор атанды. Онын орындауында әкесі Жолдасханның «Менің пірім Сүйінбай» атты әні радио, теледидардан жиі беріледі. Сондай-ақ, Данияр – шебер баяншы-сүйемелдеуші. Көптеген ән туындыларды бүгінгі заман талабына сай өңдеуші.
Жамбыл ауданында тұрып жатқан сан қырлы өнер иесі Қыдырбек Мәлібеков жайлы сыр шертілер болса, ол жастардың музыка өнеріне деген құштарлығын арттырып, оның ішінде баянды шебер меңгерген, белгілі композитор әрі әдіскер ұстаз. Республикалық «Жас Қанат», «Үкілі үміт» комозиторлар байқауының лауреаты. Қ.Мәлібековтың ақын Қанипа Бұғыбаеваның сөзіне жазылған арман мен сағынышқа толы, халық арасына кең тараған «Аққу арман» әнін белгілі әнші Шахизада Байпатшанова жиі орындап, жұртшылықтың көңілінен шығып жүр.
Елге танылған, көптеген өнер және мәдениет қайраткерлері кезінде баян-аккордеон аспабында ойнап, белгілі тұлғаларға айналған. Олардың қатарында: профессорлар Мұхтар Өтеуов, Кәрима Сахарбаева, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрінің әншісі Ермек Әбілдаев және т.б.
Е.Брусиловский мен Л.Шаргородский Евгений Рыжовты «Березы в степи» кинофильміне баяншының рөліне шақыртқан. Дмитрий Гусинцов Сатыбалды Нарымбетовтің «Жизнеописание юного аккордеониста» фильмінде басты кейіпкердің партиясын аккордеонда ойнап, жаздыртқан. Шығыс базарындағы дыбыстық картинаны «Даналық және байлық» мультфильміне арнап гармонға жазған музыкасында Нұрғиса Тілендиев ойнақы әуендермен тамаша жеткізген.
Баяншы-сүйемелдеуші, баяншы, жеке виртуоз орындаушы қазақстан мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тұлға Гусинцов Дмитрий Андреевич. Халық каһарманы, композитор, дирижер – Нұрғиса Тлендиевтің қарамағында «Отырар сазы» оркестрінде баяншы болып, қызмет еткен. Өзінің зайыбы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Кенжегүл Сыздықовамен бірлесіп, Қазақстанда және бұрынғы КСРО республикаларында қазақ ән өнерін насихаттаған. Жеке орындаушы-баяншы, сондай-ақ қазақ әндерін сүйемелдеуші ретінде филармонияда 40 жыл жұмыс жасаған. Сөйтіп қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген. Дмитрий қазақ музыкасын жақсы түсінген және сезінген, қазақ тілін білген.
Қайталанбас қоңыр дауысты қазақ әндерінің шебер орындаушысы және концертмейстерлік ойнау өнерін түбегейлі меңгерген жеке баяншы мен әншінің шығармашылық дуэті биік жетістіктерге қол жеткізді.
Дмитрий Гусинцов Киев консерваториясынан музыкалық білім алған. Ол жоғары квалификациялы орындаушы, композитор-өңдеуші және қазақ әндерінің мұрасын жинаушы. 80-нен астам белгісіз халық әндерін жинап, өнертанушлықпен айналысты. Дуэт репертуарында 200-ден астам халық әндері болған. Дмитрий Гусинцов – көптеген әндердің авторы атанып, өзі баянға түсіріп, өңдеген. Солардың ішінде: «Концерт для баяна с оркестром», «Баянға арнап өңделген 36 қазақ халық әндері», «58 қазақ мектебіне арналған балалар әндері» жинақтары, қазақ ақындарының сөздеріне жазылған 100-ден астам авторлық әндер, «Қазақфильм» режиссері С.Нарымбетовтің түсірген «Жас аккордеонистің өмірбаяны» кинофильміне арнап жазған музыкасы бар. Қалалық концерттерде өнер көрсететін жағдайы жасалған әртістермен салыстырғанда, аталған шығармашылық одақ ірі мәдени-ағартушылық қызметпен шұғылданып, шалғай ауылдарда, шекара аумақтарындағы қалың халықтың ортасына барып өнер көрсеткен. Әр концерттен кейін халықтың қошеметіне бөленген. Орындалған шығармалары Қазақ радио-теледидарының «Алтын қорында» бар.
1992 ж. ерлі-зайыптылар өз қаражаттарымен қазақтың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевқа граниттен ескерткіш орнатқан.