1970-80 жж. Алматы консерваториясында жоғары кәсіби маман Оскар Яковлевич Готман жетекшілік еткен шағын құрамдағы орыс халық аспаптар оркестрі жұмыс жасаған. Ұжымның негізгі ұйытқысы болып, мұнда келгенге дейін музыка училищелерінде балалайка, домра-прима аспаптарында қосымша оқыған баяншылар болған. Домра-прима мен баян партияларын мамандар орындаған. Қалғандары: екінші домра-прима, домра-альт, домра-бас және барлық балалайкашылар тобы баяншылардан құралды.
Петропавл музыка колледжінің орыс халық аспаптар оркестрі дарынды баяншы, керемет педагог және ұйымдастырушы В.И.Верещагиннің басшылығымен Қазақстан музыка училищесі оркестрлері ұжымының арасында өткен республикалық конкурстарда үш рет қатарынан лауреат атанған (1984, 1988, 1992). Осы оркестрдің атқарған үлкен концерттік қызметі Қазақстан және Ресей баспасөздерінің тарапынан өзінің жоғарғы бағасын алған. КСРО Халық артисі, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының профессоры Ермек Серкебаевтың да оркестрге сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Е.Серкебаевтың қатысуымен Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша бірнеше рет концерттер берілген.
А.С.Зацепилов 1967 жылдан бастап Теміртау музыка колледжінде, ал 1977 жылдан Қарағанды өнер колледжінде орыс халық аспаптар оркестріне жетекшілік жасап келген. Халықтық шахтерлар ансамблінде, «Скань» халық аспаптар ансамбіліне жетекшілік жасап, оркестрмен жеке орындаушы ретінде өнер көрсеткен. Оркестр барлық облыстық және республикалық конкурстарға, жыл сайын Қарағандыда халық аспаптар бөлімінің бастамасымен өткізілетін облыстық және аймақтық фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Қарағанды музыка училищесінің орыс халық аспаптар оркестрі Александр Сергеевич Зацепиловтің жетекшілігімен 1979 және 1986 жылдары республикалық конкурста 1 және 2-ші орындарды иеленді.
Ф.Ш.Мансуровтың оқушысы А.В.Канунников 1967 жылдан бері Алматы музыка училищесінің жанынан құрылған орыс халық аспаптар оркестріне жетекшілік жасаған. Халық аспаптар оркестрлерінің арасында өткен I және II қазақстан конкурстарында ІІІ дәрежелі дипломды (1978 ж., Алматы қ.; 1986 ж., Өскемен қ.), халық аспаптар оркестрінің І аймақтық конкурсында – ІІ дәрежелі дипломды (1993 ж., Алматы) иеленген.
Өскемен музыка училищесінің орыс халық аспаптар оркестрі (жетекшісі И.А.Сумароков) 1986 ж. I республикалық халық аспаптар оркестрі конкурсында 1 орынға ие болып, лауреат атанды. Семей қаласында өткен II республикалық конкурста оркестр Харьков мәдениет институтының түлегі А.Л.Тимошенконың жетекшілігімен I-ші орынды жеңіп алды. 1999 жылдан бері оркестрге В.П.Зубов жетекшілік етеді. Осындай жоғары нәтижелерге И.А.Сумароков пен А.Л.Тимошенконың жоғары кәсіби және ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында қол жеткізілді. Мұндай табысты істің негізін салушы оркестрдің алғашқы жетекшісі болатын. 1972-79 жж. оркестрге дирижерлік қызмет көрсеткен әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының түлегі Т.В.Яговкина болды. Оның музыкалық зердесі жоғары, темірдей қатал тәртібі оркестрдің орындаушылық деңгейін өсірді. Тамара Владимировна көптеген өнер саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. Олардың қатарында бүгінгі таңда БММ, орта, жоғары оқу орындарында және Қазақстанның, жақын, алыс шетелдің концерттік ұжымдарында жұмыс жасап жүрген, республикалық конкурстардың лауреаттарын атауға болады. Т.В.Яговкина оркестрге бұлжымас орындаушылық дәстүрді дарыта білді.
Рудный музыка колледжінің орыс халық аспаптар оркестрі А.М.Гребенщиковтың жетекшілігімен 1992 ж. Қазақстан музыка училищелері оркестрлерінің арасындағы республикалық конкурста дипломант атанған. Рудный қалалық орыс халық аспаптар оркестрі «Карусель» А.М.Гребенщиковтың басшылығымен 1994 ж. Петропавл қаласында өткен халық музыкасы І республикалық конкурсының лауреаты атанып, диплом және ҚР Музыка қайраткерлері одағының Құрмет грамотасымен марапатталған.
1981 ж. Алматы қаласы Бостандық ауданының балалар және жастар шығармашылығы орталығында Е.И.Простомоловтың жетекшілік етуімен орыс халық аспаптық балалар оркестрі құрылған. Оркестрдің алғашқы қадамының өзі оқушыларды музыкаға кешенді даярлау жұмысынан басталды. Оркестрдегі сабақтар қатарынан бірнеше аспапты – домбыра, балалайка, баян немесе аккордеон және фортепианоны меңгерту бағытында жүргізілген. 1989 ж. оркестр жанынан музыкалық студия ашылып, Қазақстанда жаңа үлгідегі алғашқы оқу орны статусын иеленген.
Оркестр – көптеген қалалық және республикалық конкурстар мен фестивальдердің лауреаты: «подснежник» (1999 ж., Алматы қ.), «Айналайын», «Бөбек» республикалық қорының дипломын иеленген, Я.Ф.Орланский-Титаренкоға арналған халық аспаптарда орындаушылардың халықаралық фестивалінің лауреаты (1992 ж., Бішкек қ.) – І дәрежелі диплом.
Оркестр қалалық Білім беру басқармасының, Білім беру министрлігінің, Мәдениет министрлігінің грамоталарымен марапатталған. Оркестрдің сүйемелдеуімен ҚР Еңбек сіңірген әртісі Лариса Политиди ән айтқан. 1988 ж. оркестр Ресей халық әртісі Геннадий Заволокин мен оның «Частушка» ансамблімен өткен концертте өнер көрсеткен (Алматы қ., Орталық концерт залы).
Музыка-оркестр студиясы да дарынды түлектерсіз емес. Олардың қатарында Сергеева Елена, Заводин Александр, Ганиева Венера, бұрынғы оркестр мүшесі, қазіргі уақытта баян-аккордеон, теория және сольфеджио класының педагогі, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің түлегі Утенкова Татьяна Евгеньевнаны атауға болады.
С.Ф.Снурницын «Сладка ягода» атты әншілер ансамблінің музыкалық жетекшісі болған. Ю.П.Яковлев, республикалық конкурстардың көптеген баяншы-лауреаттарын даярлай жүріп, 1968 жылдан Рудный қаласындағы орыс халық аспаптар оркестрін басқарған. Оркестр музыка колледжінің концерттік қызметіне мол үлес қосқан.