Қазақтың музыкалық шығармаларының ішіндегі ең ірі жанры, композициялық құрылымы жағынан халық музыкасының күрделі бір саласы – күй өнері. Күйлердің мазмұны халықтың басынан кешірген қасірет-тауқыметі мен әділсіздікке қарсы күресіне, азат өмірді аңсаған асыл арманы мен қуанышы мерзіміне негізделіп терең толғаныспен өрнек-бояуын тауып отырады. Күйлерде (тарихи, әлеуметтік, лирикалық) қазақ халқының басынан кешірген тарихи оқиғалары, туып өскен жердің табиғаты, күнделікті тіршілік қаракетінің түрлі жақтары, қоғамдық өмір құбылыстары және өнерге деген көзқарасы, сондай-ақ сол өнердің адамның эстетикалық сезіміне, талғамына ықпалы бейнеленеді. Музыка мектептерінің оқу бағдарламаларына толықтырулар, жаңалықтар енгізіп, оқушыға ұлттық тәлім-тәрбие беру, жалпы білім беретін мектептерде музыка сабақтарын жаңа технологиямен оқытуда қазақ өнерінің, соның ішінде күй өнерінің маңызын оқушыларға жеткізе білсек олардың өнерге деген ынталарын арттырып, отансүйгіштік сезімін жетілдіре түсетініміз сөзсіз. Музыка мектептерінің және жалпы білім беретін мектептердің музыка сабақтарына қазақтың ұлттық және қазіргі заман әдіскерлерінің еңбектері арқылы оқушыларға күй өнерін және музыкалық-эстетикалық талғамын насихаттау музыка мұғалімдерінің басты міндеті. Қазақтың күй өнерінің дамы жолдарын, күйдің мақсаты мен құрылыстық ерекшеліктерін, іс-тәжірибе жүзінде тиімді қолдану жақтарын анықтау және күйдің көркемдік-идеялық жақтарының терең шығуы үшін шығарманың тақырыптық өткірлігін және орындау шеберлігін меңгеру болашақ жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруде үлкен рөл атқарады. Мектептерде күй өнерінің құрылымын қарапайым түсініктерден бастап, күрделі ұғымға дейін жас ұрпаққа біртіндеп меңгертсе, онда жас ұрпақтың ұлттық өнерді қадірлеуі, сыйлап, құрметтеуі артып, оның бойында ұлттық отансүйгіштік сезімдері қалыптасады. Халық күйшілік дәстүрін, тарихи деректерін, күй шығармашылығындағы орындаушылық дәстүрін мектептерде қарапайымнан күрделіге қарай меңгерту ұстанымдары бүгінгі музыка мамандарының алдына қойған басты талаптарының бірі.
Соңғы жылдары күйлерді баянға лайықтап, өңдеп үлкен музыкалық туындылар жазып жүрген К.Ошлаковтың, Ф.Легкунецтің, В.Басаргиннің, В.Холопайненнің, Н.Николаидидің, А.Илюхиннің, Д.Гусинцовтың, М.Қонысбаевтің, С.Сейтхановтың, О.Абдуллаевтің, Д.Тұяқбаевтің, А.Гайсиннің, З.Смақованың, В.Демченконың, Б.Раеваның, М.Балтабаевтің т. б. еңбектерін атауға болады. Қазіргі кезде қазақ музыкасын баянға арнап лайықтап, өңделген шығармалар жинақтары еліміздің көптеген баспаларынан басылып шығып, оқу орындарына, аспапта орындаушыларға таралуда. Күйлерді баянға лайықтап, өңдеулер оқу орындарының жоспарына және орындаушылардың репертуарларына енгенімен, әр күйдің өзіндік дыбыс құрылымын, мазмұнын, домбырада орындаушылық ерекшеліктерін баянда орындағанда ескеріп барып лайықтап, өңдеудің маңызы зор. Себебі көптеген күйлер тек домбырада жеке орындағанда ғана өз тақырыбын, мазмұнын аша түседі. Домбырашылардан үлкен орындаушылық техникасын талап етеді. Қазақтың күйлерін, әндерін, әуендерін баянға лайықтау, өңдеу, аранжировкалау оқу орындарының әдістеме сабақтарында аз өтілуіне, жеке орындаушылардың сол шығармаларды түсініп орындауларына осы тақырыптарға жазылған әдістемелік мақалалардың, оқулықтардың аздығы себеп болуда. Соңғы жылдары осындай оқулықтар шыға бастады. Мысалы: Д.Тұяқбаев, З.Смақованың «Пособие по аранжировке казахских кюев для баяна» оқулықтарында осы тақарыпқа толық түсінік береді. Бұл жинақ арқылы авторлар болашақта жас музыка мамандары, баянда орындаушылар қазақ музыкасының, күйлерінің, әндерінің тақырыбында үлкен музыкалық шығармалар, әдемі өңдеулер жазып, баян аспабының елімізде өркендеуіне және баян аспабының орындаушылық әдістеріне, ұлттық музыканы баянға аранжировкалау жолында үлкен табыстарға жететіндеріне сенімдерін білдіреді. Қазіргі кезде баянға арналып өңделген, лайықталған қазақ музыкасы ұстаз-баяншылардың, балалар музыка мектептерінің оқытушыларына, орта және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған жинақтарда, хрестоматияларда, оқулықтарда жарық көруде. Осы басылымдардың өте аз таралыммен таралуы оқу жүйесіне, оқытушылардың, студенттердің күнделікті жұмысына және орындаушы-баяншылардың сахналық, т.б. жұмыс тәжірибелеріне қиындық келтіруде. Баян аспабын оқытатын әрбір ұстаз өзінің оқу жоспарына, сабағына қазақ халқының тамаша күйлерін, әндерін, әуендерін және халықтың кәсіпқойлық музыкасын енгізумен қатар, өздері де халық музыкасын баянға лайықтап жазуға, өңдеуге ұмтылуы, үйренуі керек.
Оқушылардың қазақ музыкасын баянға арнап өңдеу және лайықтап жазу кезеңін 4 кезеңге бөлеміз:
Музыкалық шығармаларды басқа музыкалық аспаптардан баянға лайықтап жазғанда сол орындалатын музыкалық шығармалардың түпнұсқасын, негізгі әуенін бұзбай, өзгертпей жеткізу орындаушылардан үлкен шеберлікті талап етеді. Мысалы: Фортепианоға арналып жазылған қазақ әндеріндегі, күйлеріндегі, әуендеріндегі кварта-квинталық сүйемелдеу аккордтары баянда орындалғанда домбыраның екі дауысты фактурасына жақындай түседі. Бұл жерде баянның сол жақтағы дайын аккордтарын пайдалану қазақ музыкасының ұлттық ладының құрылымын және ұлттық колоритті бұзып жіберуі мүмкін. Сол себепті, қазақ музыкасын баянға лайықтап жазғанда баянның сол жақ партиясын өте мұқият үйлестіру керек. Терулі баяндармен қазақ музыкасын, әсіресе күйлерді, әндерді, әуендерді орындағанда сол қолмен гармониялық фигурацияларды және кварта-квинталық аккордтарды орындауға өте ыңғайлы болып келеді де, қазақтың ұлттық әуенділігін сақтауға мүмкіндік береді. Оқытушы сол қолдағы арпеджиолардың, аккордтардың оқушының орындауына ыңғайлы болуларын қадағалап, саусақтарын қойып отырулары керек.Осы әдістер қазақ музыкасын баянға лайықтап жазудың 2 түрлі қағидасын талап етеді: терулі баянның сол жағымен орындау музыкалық шығарманың түпнұсқасын, әуенін, гармониясын бұзбау; баянға арналып лайықталған қазақ музыкасы оқушыға, тың- даушыға жағымды естілетіндей әуенді, сазды болуы;
Осы әдістер жеңіл қазақ музыкасын баянға лайықтап жазудың, өңдеудің негізгі қағидалары болады. Қазақ елі өркениетті елдер қатарына қосылып, жаңаша дамыған кезеңде білімді, ұйымдастыру қабілеті бар, ой-өрісі жан-жақты дамыған мамандар әзірлеу ұстаздардың басты міндеті. Олар шәкірттерін эстетикалық бағытта тәрбиелеп, олардың Отанға, туған жеріне деген талғамдарын арттыра түседі баян аспабында орындаушылық және оқыту кезеңінде оқушылардың жоспарлы, жүйелі өсуіне өте мән беру керек. Жас маман өздерінің кәсіби шеберліктерін оқу орындарының талап-тілектеріне сай жетілдіру жолында білімдерін, орындаушылық шеберліктерін ұштай түсу үшін ұстаздың оқушымен жеке жұмысының маңызы зор. Осы көрсетілген орындаушылық әдістер, оқушылардың мінез-құлқын терең зерттеу, дұрыс, жоспарлы сабақ өзкізу, өз беттерімен әзірліктерін ұйымдастыру болашақта шәкіртінің саналы, жақсы маман болып шығып, алар да оқу орынын бітірген соң өз шәкірттерін дұрыс бағытта дайындатынына ұстаздың сенімі болуы шарт.