3.1 Биологиялық ресурс ретінде Жердегі биоалуантүрлілік


Биологиялық алуантүрлілік (биоалуантүрлілік) – бұл гендерден экожүйеге дейінгі Жердегі барлық тіршілік иелерінің алуантүрлілігі. Оның негізінде түрлердің әртүрлілігі жатыр. Оған біздің ғаламшарымызда тіршілік ететін жануарлардың, өсімдіктердің, микроорганизмдердің миллиондаған түрлері кіреді. Алайда, биоалуантүрлілік осы түрлер құрайтын табиғи экожүйелердің бүкіл жиынтығын қамтиды. Осылайша, биоалуантүрлілікті организмдердің әртүрлілігі және олардың табиғи үйлесімі деп түсіну керек. Биоалуантүрлілік негізінде биосфераның және оның құрамдас экожүйелерінің құрылымдық және функционалдық ұйымы құрылады, бұл олардың тұрақтылығы мен сыртқы әсерлерге төзімділігін қалыптастырады.

Биоалуантүрліліктің үш негізгі түрі бар:

- генетикалық, түрішілік әртүрлілік және даралардың өзгергіштігімен айқындалады;

- түрлік, тірі организмдердің (өсімдіктер, жануарлар, саңырауқұлақтар және микроорганизмдердің) алуантүрлілігін айқындайды;

- экожүйелердің алуантүрлілігі, тіршілік ету ортасы мен экологиялық процестер, экожүйелердің түрлері арасындағы айырмашылықтарды қамтиды. Экожүйелердің әртүрлілігі тек құрылымдық және функционалдық компоненттері бойынша ғана емес, сонымен қатар биоценоздан биосфераға дейінгі масштаб бойынша да айқындалады.

Биологиялық алуантүрліліктің барлық түрлері бір-бірімен байланысты: генетикалық алуантүрлілік түрлердің әртүрлілігін қамтамасыз етеді; экожүйелер мен ландшафттардың алуантүрлілігі жаңа түрлердің пайда болуына жағдай жасайды; түрлердің алуантүрлілігін арттыру биосферадағы тірі организмдердің жалпы генетикалық әлеуетін арттырады. Әр түр алуантүрлілікке өз үлесін қосады және осы тұрғыдан алғанда пайдасыз немесе зиянды түрлер жоқ.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Биологиялық алуантүрлілік туралы конвенциясы (1992 жыл) жануарлар мен өсімдіктердің әртүрлі түрлерін және олардың тіршілік ету ортасын қорғауға және сақтауға бағытталған, оған 190 ел қосылды. Конвенция мемлекеттерді биоалуантүрлілікті сақтауға, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге міндеттейді және генетикалық ресурстарды пайдаланудан түсетін пайданы адал және әділ бөлуді көздейді. Оның Картахена хаттамасы генетикалық модификацияланған организмдерді қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Ол 2003 жылы күшіне енген, қазіргі уақытта оған 143 ел қол қойды.

1973 жылы қабылданған, Құрып кету қаупі төнген жабайы флора мен фауна түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенциямен жойылып кету қаупі төнген түрлерді қорғау қамтамасыз етілген, оны жүзеге асырумен ЮНЕП айналысады. Конвенцияға қатысушы; 172 мемлекет аулауға квота енгізу немесе оған толық тыйым салу жолымен қорғалуға жататын өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің немесе піл сүйегі сияқты өсімдіктер мен жануарлардан алынатын өнімдердің тізімін жаңарту бойынша мерзімді кездесулер өткізеді. 1979 жылғы Қоныс аударатын жабайы жануарлар түрлерін сақтау жөніндегі, Бонн конвенциясы және бірқатар байланысты келісімдер жер, су және ауа арқылы қоныс аударатын жабайы жануарларды және олардың тіршілік ету ортасын сақтауға бағытталған. 104 мемлекет осы Конвенцияның қатысушылары болып табылады.

ЮНЕСКО «Адам және биосфера» бағдарламасы жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар шеңберінде биологиялық алуаантүрлілікті тұрақты пайдалану және сақтау, сондай-ақ адамдардың бүкіл әлемдегі қоршаған ортаға қатынасын жақсарту үшін, негіздерді әзірлеу мәселелерімен айналысады. Бағдарлама тұрақты дамуды зерттеу үшін, тірі зертханалар ретінде биосфералық қорықтарды пайдалана отырып, пәнаралық зерттеуді ынталандырады.