Биоалуантүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану бойынша конвенцияның мақсаттары шеңберінде бірнеше бағыт ұсынылады. Бұл ерекше тіршілік ету ортасын қорғау – ұлттық саябақтарды, биосфералық қорықтарды және басқа да қорғау аймақтарын құру; организмдердің жекелеген түрлерін немесе топтарын шамадан тыс пайдаланудан қорғау; түрлерді ботаникалық бақтарда немесе гендік банктерде гендік қор ретінде сақтау; қоршаған ортаның ластануын азайту.
Биологиялық алуантүрлілікті ұзақ мерзімді қорғаудың ең жақсы стратегиясы in situ, яғни жабайы табиғаттағы табиғи қауымдастықтар мен популяцияларды сақтау болып саналады. Тек осы жерде өзгеретін ортаға эволюциялық бейімделу процесі жүзеге асырылуы мүмкін. Экожүйелер мен табиғи мекен орындарын сақтау, сондай-ақ олардың табиғи ортасындағы түрлердің тіршілікке икемді популяцияларын сақтау және қалпына келтіру қажет. Түрлердің тіршілік ету ортасындағы қатынастардың құрылымын сақтауға ерекше назар аударылады. Қолға үйретілген немесе өсірілген формаларды өздерінің ерекше белгілерін қалыптастырған ортада сақтау маңызға ие.
Түрлерді сақтау тәсілдерін таңдау популяцияның жағдайына байланысты, сәйкесінше арнайы қорғаныс шаралар жүйесі қолданылады. Ex situ стратегиясы, яғни түрдің жойылу қаупі бар кезде, адамның бақылауымен жасанды жағдайда түрді сақтау үшін қолданылады. Бұл популяция санының қауіпті шамаларға дейін төмендеуі немесе барлық даралар қорғалатын аумақтардан тыс болған жағдайда болуы мүмкін. Тек қамауда сақталған жануарларды сақтаудың мысалы ретінде Давид бұғысы бола алады. Жеке бағыт – биоконсервация бағыты қалыптасты, бұл жеке даралардың популяциялық және түрлік генотиптерін олардың табиғи мекендеу орындарынан тыс сақтау арқылы, генетикалық және түрлік әртүрлілікті сақтауға бағытталған шаралар жүйесін білдіреді. Жануарларды сақтау зертханаларда, хайуанаттар бағында, арнайы фермаларда, аквариумдарда жануарларды қамауда өсіру бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. Аквариумдарда жабайы табиғатта ауланған шамамен 600 мың балық тіршілік етуі мүмкін деп есептелді. Кейінірек табиғатқа шығару немесе жабайы түрлерін аулау қажеттілігін азайту үшін, аквариумдарда сирек кездесетін балық түрлерін өсіру және ұстау технологияларын дамытуда. Океаниумдардың жойылып кету қаупі төнген киттәрізділерді сақтауда рөлі ерекше. Өсімдіктер ботаникалық бақтарда, дендрарийлерде және тұқым банктерінде сақталады. Тірі өсімдіктердің ең үлкен коллекциялары орналасқан 1600-ден астам ботаникалық бақтар бар: онда 80 мың түрге жататын 4 миллионға жуық өсімдіктер, яғни әлем флорасының шамамен 30 % кездеседі.
Биоконсервация бүгінде генетикалық және түрлік биоалуантүрлілікті қорғаудың соңғы желісі ретінде қарастырылады. Өсімдіктердің гендік ресурстары жөніндегі халықаралық кеңес (IBPGR) әлемнің 30 елінде 40 негізгі әлемдік коллекциясы бар гендік банктер желісін ұйымдастырды. 100 елден 500 000-нан астам өсімдік түрлері жиналды, бағаланды және қоймаларға орналастырылды. Болашақта жоғалғандарды қалпына келтіру мүмкіндігі бар болу үшін (мысалы, клондау арқылы), жойылып кету қаупі төнген түрлердің генетикалық деректер банктерін жүргізу ұсынылды. Жануарлардың криоколлекциялары жасалады, онда гаметалар, тіпті эмбриондар мұздатылған күйде сақталады, өсімдіктер мен жануарлар ұлпалар өсінділерінің қоймалары ұйымдастырылады. Адамзат күрделі ғылыми және техникалық мәселелерді шеше отырып, ғылымға белгілі қазіргі биотаның шамамен 10 %-н ұрпақтар үшін «консервациялады». Алайда, түрді қалпына келтіру және оны табиғатқа қайтару болжанбайтын салдары бар өлшеусіз күрделі мәселе. Табиғатқа «сынауықтан босатылған» түр жыртқыштар үшін оңай олжа, аурулар үшін субстрат, паразиттер үшін қорек болуы мүмкін. Немесе, керісінше, ол жергілікті флора мен фаунаның түрлерін агрессивті түрде ығыстыра бастайды және қарқындап қоныстанады.
Ex situ және in situ сақтау элементтерін біріктіру кезіндегі аралық стратегияға шағын қорғалатын аумақтардағы сирек және жойылып кету қаупі төнген түрлердің популяциясын қарқынды бақылау және басқару кіреді. Бұл жағдайда адам табиғи тіршілік қалпын бұзбауға тырысып, олардың жабайы популяцияларының азаюына жол бермеуге тырысады.
Бұл бағыттарды іске асырудың қажетті элементі халықаралық және ұлттық бағдарламалар мен конвенцияларды әзірлеу болып табылады, өйткені түрлер мен экожүйелердің жойылу қаупімен байланысты, көптеген жаһандық мәселелерді шешу, өз ауқымы бойынша халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Оларға ғаламдық климаттың өзгеруі, атмосфераның ластануы, қышқыл жаңбырдың түсуі, шамадан тыс балық аулау және т. б. жатады. Түрлердің таралу аймағы ұлттық шекараларға сәйкес келмейді, ал құстардың қоныс аударуы құрлықаралық сипатқа ие. Өзендердің кең бассейндері бірнеше мемлекеттерді қамтуы мүмкін, мысалы Дунай өзен бассейні, сондықтан оларды басқару трансшекаралық халықаралық келісімдерді талап етеді. Табиғи өнімдердің халықаралық саудасын реттеу үшін, жалпы ортақ жұмыс жасау қажет, өйткені нарық қажеттіліктері түрлердің шамадан тыс пайдаланылуына әкелуі мүмкін. Биоалуантүрлілікті сақтау мүмкіндіктері кедейлік мәселесімен де байланысты және әлемдік қауымдастықтың қолдауынсыз көптеген елдер бұл мәселелерді шеше алмайды. Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша жұмыс тек бірнеше ерекше бай экожүйелерді (мысалы, тропикалық ормандар немесе маржан рифтері) қорғаумен шектелмейді.
Биоалуантүрлілікті сақтау, оны тұрақты пайдаланумен қатар, құқықтық, ғылыми, ұйымдастырушылық, қаржылық, этикалық, тәрбиелік іс-шаралардың бүкіл жүйесімен байланысты, күрделі және кешенді мәселе болып табылады. Соңғы онжылдықтарда биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері экологиялық саладан әлеуметтік-экономикалық мәселелер жағына ығысуда. Мысалы, Африка, Азия, Океания және Латын Америкасының тропикалық аймақтарында флора мен фаунаның жойылуының негізгі себептерінің бірі – халықтың кедейлігі. Өмір сүру және тамақтану үшін, олар тропикалық ормандар мен саванналардың қалдықтарын дақылдар мен жайылымдарға кесіп, өртеп, браконьерлікпен айналысуға мәжбүр.
Биоалуантүрлілікті сақтау стратегияларын әзірлеудің негізінде ғылыми құрамдас бөлік: шешім қабылдау процедураларын рәсімдеу, биоалуантүрлілік индикаторларын іздеу, биоалуантүрлілік кадастрларын құру, мониторингті ұйымдастыру жатыр.
Мәселелердің бірі биоалуантүрлілікті сақтау бойынша әзірленген шараларды іс жүзінде жүзеге асыру болып табылады, бұл сөзсіз табиғатты пайдалануды нормалаумен және оның механизмдерін іске асырумен байланысты. Бұған тыйым салу және шектеу жүйесі ретінде әкімшілік механизмдер кіреді. Атап айтқанда, бұл мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейде жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін аулауға тыйым салу; бақылау жүргізу және табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін, қатаң жауапкершілік шараларын қолдану. Бұл шаралардың тиімділігі басқару аспектісімен, яғни мемлекеттік және коммерциялық мекемелерді, мемлекеттік емес бірлестіктерді, жергілікті халық пен бүкіл жұртшылықты бірлескен іс-әрекетке тарту арқылы, ынтымақтастықты құрумен байланысты. Өз кезегінде, бұл құқықтық негізді әзірлеуді – биоалуантүрлілікке байланысты анықтамалар мен ұғымдарды барлық тиісті заңнамалық нормаларға енгізуді, биоалуантүрлілікті сақтауға құқықтық қолдау көрсетуді талап етеді.
Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша жұмыстың нәтижелілігі шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық мүдделерін түзететін экономикалық механизмдерді енгізумен (салық салу); аралас үлгідегі (лицензиялау, сертификаттау) механизмдерді пайдаланумен байланысты. Биоалуантүрлілікті елдің макроэкономикалық көрсеткіштеріне қосу және биоалуантүрліліктен түсетін мүмкін экономикалық кірістерді бағалау қажет. Бұл – тікелей кірістер (медицина, селекцияға арналған шикізат пен материалдар және т. б.) және жанама (рекреация және т. б.), сондай-ақ шығындар – бұзылған биоалуантүрлілікті қалпына келтіру. Атап айтқанда, қорық аумақтары мен сирек кездесетін түрлерді қорғауға қосымша қаражат алу үшін, ұлттық саябақтарда шетелдік туризмді дамытуға, экологиялық негізделген квота шеңберінде арнайы аңшылық қорықтарында аң аулау үшін, лицензияларды сатуды жүзеге асыруға болады. Экономикалық мотивация, биоалуантүрлілік туристік ресурс ретінде қарастырылған кезде, экотуризмді дамыту перспективасымен байланысты болуы мүмкін. Бұған табиғи нысандардың әртүрлілігі, саяхатқа қолайлы климаттық жағдайлар, ыңғайлы көлік байланыстары ықпал етеді. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің мекендейтін жерлерін қоса алғанда, бірегей ландшафттар мен жоғары биоалуантүрлілік маршруттарды әзірлеу үшін табиғи нысандардың ең бай жиынтығын қамтамасыз етеді. Қалың гидрографиялық желі су туризмін дамытуға көптеген мүмкіндіктер береді. Экотуризмді дамытудың ынталандырушы негізі ретінде, оның халықаралық саясатта, халықтар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынан мойындау болып табылады.
Биоалуантүрліліктің құндылығын анықтау этикалық және эстетикалық факторларды қоса алғанда, көптеген факторларға байланысты. Биоалаунтүрлілікті сақтау проблемасының әлеуметтік компоненті біліммен, мәдениетпен, ағартушылықпен, әлеуметтік құрылыммен анықталады. Болашақта биоалуантүрліліктің сақталуы әлеуметтік-педагогикалық қызметке де байланысты, егер барлық деңгейлердегі қоғамның хабардарлығы мен жауапкершілігі, осы бағыттағы іс-әрекеттің қажеттілігіне деген сенімділігі үнемі артып отырса, ол тұрақты бола алады. Сондықтан, ең маңызды міндет халықтың экологиялық біліміне, биоалуантүрлілікті қорғау идеяларының таралуына байланысты экологиялық-ағартушылық қызмет болып табылады, онда мектеп шешуші рөл атқарады.